Жексенбі, 22 Қыркүйек 2019
Бұ не мазақ? 3724 1 пікір 7 Қараша, 2017 сағат 15:44

Жаңартылған бағдарламадағы олқылықтар

?????????????????

 

Қазіргі қолданыстағы жаңартылған бағдарламаны талдай келе, ондағы жалпы орта білім беретін мектептерде «Қазақ тілі» пәнін оқытудың мақсаты ана тілін қадірлейтін, қоғамдық мәнін түсінетін тұлға қалыптастыру, сондай-ақ қазақ әдеби тілі нормаларын сақтап, дұрыс қолдана білуге, еркін сөйлесуге және сауатты жазуға үйрету деген мақсатты жеткіліксіз деп таптық. Біздіңше, қазақ мектептеріндегі қазақ тілінің мақсаты әлдеқайда күрделі болады. Мұнда оқушының коммуникативтік дағдыларын жетілдіруге, кез келген санаттағы мәтіндерді талдауға, мәтін тудыруға, шығармашылыққа үйретуге және орта мектепке сай лингвистикалық білім беруге, тіл білімі терминдерін біліп, тіл бірліктерін түстеп тануға арналған типтік бағдарлама әзірленуі керек.

Біз өзге аудиторияға тілді үйрету мен қазақ тілін пән ретінде оқытудың бағдарламалары бір емес және бір-біріне мүлдем ұқсамауы тиіс деп есептейміз. Бірі тіл үйретеді, бірі лингвистикалық білім береді.

Қазіргі кезде жалпы тіл білімінде жұмсалымдық бағыттағы зерттеулер көбейе түсуде. Бұрынғыдай тілдің тұлғалық жағына баса назар аударып, дыбыстардан бастап күрделі құрылымға дейінгі құралдарды сипаттап, жүйелеу жеткіліксіз болып қалды. Тілдің табиғатын толық ашу үшін оны сипаттап, жүйелеумен қатар әрекет ету, жұмсалу механизмін де қарастыру қажет екендігі белгілі болды. Мәселен, орыс тіл білімінде жұмсалымды  грамматиканы әуелі орта мектептерде де оқытуды қолға алу керек деген көзқарастар бар. Мәселен, Т.В.Парменова «Функциональный подход к изучению грамматики в школе» атты мақаласында коммуникативтік тұлғаны қалыптастыру үшін мектеп бағдарламаларында да тілдік білім, тілдік мәдениет және тілдік тұлға деген мәселелерге баса назар аудару керектігін айтады.

Бұрын қолданылған дәстүрлі бағдарламада лингвистикалық білім былай оқытылатын еді: бастауышта   фонетика, лексика, грамматика бойынша жалпылай түсінік беру. 5 сыныпта лексика, фонетика, 6 сыныпта сөз таптары, 7 сыныпта сөз таптарының түрленуі, 8 сыныпта сөйлем, 9 сынып пунктуация, 10 сыныпта тіл мәдениеті, 11 сыныпта шешендік өнер. Ал, жаңартылған бағдарламада, өкінішке орай, ондай жүйе жоқ. Лингвистикалық білім үзіп-жұлынып әр жерден жүйесіз берілген. Мәселен, 5 сыныпта 10 сағат қазақ тілінің дыбыстық жүйесі, үндестік заңы мен орфографиялық нормалар; 10 сағат фонетикадағы ықпалдарға, 10 сағат сингармонизм заңына, 10 сағат сөздердің тура және ауыспалы мағыналары мен антоним, синонимге, 10 сағат жұрнақ арқылы жасалатын туынды сөздерге (сөзжасам мәселесі), 10 сағат зат есімнің түрлеріне, 10 сағаттан сын есім мен сан есімге, одан кейін 20 сағат төл сөз бен төлеу сөзге беріледі. 6, 7, 8, 9 сыныптарға арналған лингвистикалық білім де осылай жүйесіз, тақырыптың ауқымдылығына қарай сағат сандары ескерілмей, өлшеусіз және ретсіз берілген.

Әрине, оқушыға да, студентке де, магистрантқа да дәстүрлі грамматиканы (бастауыш пен баяндауышты) оқыта беру дұрыс емес. Жоғарылау мектептерде тек жүйені ғана емес, оның жұмсалу ортасын, қолдану заңдылықтарын қоса алып қарастыратын, оны адамның ойлау, шығармашылық әрекетімен байланыстыра қарайтын жұмсалымды грамматиканы оқыту қажет. Сол үшін бұл мәселе терең де жүйелі түрде қарастырылуы тиіс. Басқа пәндерді білмеймін, дәл осы қазақ тіліне қатысты бұл жаңартылған бағдарламада осы жүйелі лингвистикалық білім беру жағы дұрыс ескерілмеген. Тек оқу мақсаттарына көп көңіл бөлінген. Болашақ бағдарламада мұны теңдестіруіміз керек. Олай болмаған жағдайда қазақ мектептеріндегі оқушыны тіл білімінен мақұрым етеміз.

«Ғарышты игеру» «Қызыл кітапқа енген жануарлар», «Энергия ресурстары», «Театр, туризм, экотуризм, заң» және т.б. біздің қазақ тілі пәнінің ашатын тақырыптары ма? Орта мектепте бұл тақырыптарды оқытатын арнайы пәндер бар емес пе? Сол сабақтарда біз берген аз ғана шағын мәтін емес, көлгөсір мәтіндерді оқып, талдап, мазмұнын айтып, болжап, сұрақтарға жауап беріп, ғылыми рефераттар жазып, бүге-шігесіне дейін ақтарады емес пе? Онда біздікі не??? Неге қазақ тілі пәнін ойыншыққа айналдырып отырмыз?

Қазақ тілі пәні кейбір пәндер сияқты кеше пайда бола салған, орта жолдан қосыла қалған, баяғы кеңес дәуіріндегідей заманы кеткен соң, артынан өзі  қоса кететін уақытша жасанды пән емес. Бұл ғылыми пән. Мұның ғылыми аппаратын өткен ғасыр басында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы ұлттық негізде жасап, қалыптастырып кеткен. Бұл пән жалғыз бізде емес, бүкіл әлемде нақты ғылымдардың зерттеу әдісін алғаш қолдана бастаған қоғамдық ғылым түрі. Гуманитарлық ғылымдардың кейбір өкілдері тіл біліміне қызығушылықпен қарайды. Соңғы бір-екі ғасыр бойы адам және қоғам туралы ғалымдар нақты ғылымдар әлеміне кірмек тұрмақ, есігінен сығалауға болмайтын бейіш сияқты көріп келсе, тіл мамандары осы екі әлемнің ортасына көпір салып, жалғастырғандай болды. Олар коммуникация теориясы деген жаңа ғылыммен айналысатын инженерлермен техникалық ынтымақтастықты жүзеге асырды.

Нақты ғылымдарда нақтылық бар, мәселен, математикада қай деңгейде нені оқыту керек екендігі айқын, басы ашық мәселе. Бастауыш мектеп арифметика, орта мектеп алгебра, жоғарғы мектеп жоғарғы математиканы (выш.мат.) оқиды. Біздің тіл біліміне де осындай нақтылық керек-ақ. Өйткені тіл де формаға бағынады. Осыны ескеріп және жалпы адамзатқа ортақ философиялық, логикалық категорияларды темірқазық етіп ұстап, қазақ тіліне арнап болашақта ғылыми негізделген тұрақты бағдарлама әзірлеуді қолға алу керек.

Қай қоғамда қандай формация орнаса да, қазақ оқушысы үшін өзгермейтін өзегі бар қазақ тілі пәнін екінші, үшінші немесе шет тілі ретінде үйретілетін өзге тіл пәндерін қатарына қоюға, соның әдістемесіне салуға жол беруге болмайды

Бижомарт Қапалбек,

Мемлекеттік тілді дамыту институтының

атқарушы директоры,

филология ғылымдарының кандидаты

Abai.kz

1 пікір