Жұма, 19 Сәуір 2024
Әне, көрдің бе? 5730 26 пікір 1 Қараша, 2017 сағат 10:55

Қырғыз билігі неге кешірім сұрай алмайды?

Қырғызстанда көмір бағасы көтіріліп, кінәлі Қазақстан билігі болып жатыр. Себебі Қазақстан көмірді көрші елге экспорттауды тоқтатқан әрі шекарадағы қиындықтан кейін, көмір бағасы шарықтап кеткен.

Бағаны реттейтін қырғыздың билік орындары көмір бағасының қымбаттау мәселесін қоғамдық талқылауға салып, қарпайым қырғызды қазақтарға қарсы қоюға әрекеттенуде. Экономика министрлігі соңғы бір ай ішінде көмір бағасы 20 пайызға өсіп кеткенін алға тартып отыр. Ал елдің солтүстігі Талас өңірінде көмір 25 пайызға дейін қымбаттаған деседі.

Қырғыз билігі көмірдің қымбаттауына Қазақстанның кінәлі екенін емеурінмен болса да білдірді. Айналайын қырғыздар, көмірдің бағасы қымбат деп жылай бермеңіздер. Сол қара алтынның бағасы бізде де жалына қол тигізбей тұр.

Алда қылышын сүйретіп қыс келе жатқанын Алмазбек мырза ойлауы керек еді. Бізді сынап несі бар? Біз ондайды көтере алмаймыз. Айтатын әңгіме құрып қалды ма? Демокртиялық құндылықты ту етіп көтерген башсы (осы жолы Атамбаевтың қаншалықты демократ екенін байқадық қой) ел халықтың тағдырымен бұлайша ойнамаса керек еді.

Меніңше, қырғыз билігінің көмірдің бағасының көтерілуін халықтың талқылауына шығаруы саясаттан хабары жоқ қарапайым қырғыздарды қазақтарға қарсы қоюдың амалы сияқты.

Әйтпесе, қырғыз билігі көмір бағасына қатысты мәселені қоғамдық талқылауға шығармай-ақ, Астанаға келіп, жалынып, жалпайып шешіп кетуіне болар еді ғой? Мұхтар Әбілязовты талай рет кешірген біздің Елбасымыз кек сақтамайтын, кешірімді жан екенін қырғыз билігі білмейді дегенге кім сенеді?

Қырғызстандағы қазіргі жағдай Ресей мен АҚШ-тың арасындағы дүрдараздықты еске түсіреді. Қырымды басып алған орыстар санкцияның астында қалған соң, қымбатшылыққа ұрынып, қатты күйзелген қара халыққа «мұның бәріне Америка кінәлі» деп қарқынды пропоганда жүргізіп жатыр. Сол сияқты қырғыз билігі де мәселені оңтайлы шешудің орнына көмір мәселесін талқылауға шығарып, қарпайым халық алыдында судан таза, сүттен ақ болып көрінуге тырысып жатыр. Бұдан нені аңғарамыз? Өз басым бұдан қырғыз билігінің туындаған дау-шарларды шешуге қабілетсіз екенін байқағандай болдым.

Нұрлан Жұмахан

Abai.kz

26 пікір