Жұма, 29 Наурыз 2024
Бетбұрыс 7340 9 пікір 31 Қазан, 2017 сағат 13:15

Жаңа әліпби – рухани дамудың кепілі

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы 26 қазанда қабылданған жарлығын толық қолдаймыз. Себебі ол қазақ халқының рухани дамуына жол ашады және ел егемендігінің нышаны болып табылады.

Қазақстан тәуелсіздік жарияланғаннан кейін қазақ тілін латын графикасына көшу мәселесі қолға алынды. Бұл 1929 жылғы біртұтас түркі әліпбиін латын  графикасына ауысы туралы Құрылтай шешіміне қайта оралу болды.

1992 жылдың мамыр айында Түркия Республикасы үкіметінің бастамасымен Анкара қаласында барлық тәуелсіз түркі мемлекеттерінің өкілдері жиналып, латын әріпінің негізінде жаңа әліпби жасау мәселесін талқылады.

Бұл ғылыми шараға Түркия, Қазақстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғызстан және Солтүстік Кипр Түрік Республикасы делегациялары қатысты. Олардың құрамында тіл мамандары, филологтар және ресми үкімет өкілдері болды. Қазақстан тарапыннан Тіл білімі институтының директоры, Ғылым академиясының академигі Әбдуәли Қайдаров бастаған ғалымдар және Үкімет тарапынан ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары ретінде мен қатыстым. Түрік ғалымдары латын графикасына негізделген жалпыға ортақ түркі алфавитін және жеке қазақ, қырғыз, өзбек, қарақалпақ, түркімен, әзербайжан әліпбиінің жобасын жасап, талқыға салды. Бір аптаға созылған маңызды басқосу барысында барлық тәуелсіз түркі мемлекеттерінің өкілдері кириллицадан латын әрпіне көшуге келісті. Алматыға оралған соң біздің делегация латын әрпінің негізінде жасалған қазақ әліпбиінің жобасын Қазақстан үкіметіне тапсырды. Содан бері қазақ ғалымдары жаңа әліпбиге көшу жолында жұмыс атқарып келді.

Түркияда өткен ғылыми мәжілістің нәтижесінде Өзбекстан, Түркіменстан, Әзербайжан латын алфавитіне көшіп алды, ал Қырғызстан үкіметі де бұл жобаны бекітті. Алайда қаржы мәселесіне байланысты қырғыздар әлі латын әрпіне көшкен жоқ.

Ендігі кезек Қазақстанға да келіп, жаңа әліпби дайындағанда біз жоғарыда аталған мемлекеттердің тәжірибесін пайдаланып, оларда орын алған кемшіліктерді ескеріп, латын әрпінің негізінде қазақ әліпбиін жасадық. Президенттің бұл үлкен бастамасын бүкіл халық қолдады. Егер де біз кириллица әрпінде қала берсек, бүкіл түркі әлемінен алшақтап кетер едік. Сондықтан да латынға көшу түркі халықтарының бірлігін сақтау, ғылым, білім, өнер саласында өзара жақындасуына зор үлес қосады. Және мұның үлкен саяси мағынасы да бар, біз тәуелсіз мемлекет екенімізді көрсете білдік.

Көп әліпби жобаларының ішінен таңдалып алынған жаңа әліпбидің ұтымды жерлері өте көп. Жазуды қиындатпай, қазақ тілінің төл дыбыстарын диаграфтан (қосарланған әріптен) бас тарттық. Оның орнына «ә» (A’ a’), «ғ» (G’ g’), «и», «й» (I’ i’), «ң» (N’ n’), «ө» (O’ o’), «ш» (S’ s’), «ч» (C’ c’), «ү» (U’ u’), «у» (Y’ y’) дыбыстарын әріптерге ноқат қосу арқылы белгіленді. Ал қазақ тілінде пайдаланылмайтын орыс тілінен енген «ц», «я», «ю», «ё», «щ» әріптерінің жаңа әліпбиге енбегені тура болды. Сонымен, қазіргі кириллицаның 42 әрпінің орнына 32 дыбысты 32 әріппен белгілеу қазақ тілінің оқу, жазу тәсілдерін жеңілдетті.

Ия, бұл реформаның енуі үшін біраз қаражат пен уақыт қажет. Жаңа әліпбиді оқыту, оқулықтар, әдебиет шығару, баспасөзді латыншаға ауыстыру көп еңбекті талап етеді. Алайда қазақ халқының келешегі үшін, рухани дамуы үшін, Мәскеудің күштеп енгізген әрпінен құтылу үлкен қоғамдық-саяси мағынасы бар. Егемендігімізді нығайтуға, тәуелсіздігімізді сақтауға жол ашып отыр. Оған дәлел, Ресейдегі шовинистік күштер, қазақтарды «русский мир» шеңберінен шығарғысы келмей отырған күштер біздің жаңа латын әліпбиіне көшкенімізге наразылық танытып отыр.

«Көз қорқақ, қол батыр» демекші, үлкен қадамға бет алдық. Біздің аталарымыз латын әрпінде оқыған. Осы уақытқа шейін кітапханаларда сол жылдары лашынша шыққан еңбектер бар. Бүгінде жастарымыз ағылшын тілі арқылы латын әріптерін біледі. Енді бүкіл халық болып жаңа бекітілген Латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін меңгеру және дамыту жолында жұмыла жұмыс істейік.

 Сайлау БАТЫРША-ҰЛЫ,

дипломат, профессор  

Abai.kz  

9 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1584
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2284
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3624