Сенбі, 20 Сәуір 2024
Біздің шенеунік 9012 13 пікір 26 Қазан, 2017 сағат 16:13

«Жыртық тесікке күліпті» деген осы шығар...

 

 

Премьеріміздің Арменияда жасаған мәлімдемесіне қарап отырып, қазақтың «Жыртық тесікке күледі» деген мәтелі ойыма түсті.

Сонымен Арменияның астанасы Ереванда өтіп жатқан Еуразия экономикалық одағына мүше елдердің үкіметаралық кеңесінде ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев не деді? Былай деді: «ҚХР-дың 2016 жылғы мәліметтері бойынша, Қытайдан Қырғызстанға енген импорттық тауарлар 2,6 млрд доллар, ал Қырғызстанның дерегі – 900 млн доллар. Қырғызстан қытайдың киімдері мен аяқ киімдерін Қазақстан мен Ресейден гөрі көбірек әкеледі».

Ал, әкелсе не болыпты? Демек, Қытай мен Қырғызстан арасындағы сауда айналымы Қазақстан - Ресей - Қытай арасындағы тауар тасымалынан көп артық. Бұл – бір. Екіншіден, Қырғызстан мен Қытай арасындағы сауда-саттық – екі елдің мәселесі. Оған килігудің қажеті қанша?

«Тек Қырғызстанда ғана Қытай импортының динамикасы сақталып тұр», - дейді Үкімет басшымыз. Қазақстан мен Ресей ештеңе өндіре алмай отырса, Қырғызстанда ғана Қытай импортының динамикасы сақталмағанда қайтеді?.. Еуразиялық экономикалық одақ құрып, сол одақтың шеңберінде барымен бөлісе алмай, бірлесіп өндірісті жолға қоя алмай отырып, әлгіндей пікір білдіру – бұл енді сыпайылап айтқанда ұят мәселе.

Қазақ-қырғыз шекарасындағы қарбалас туралы айта келіп премьеріміз: «Қазақстан жағы салықтан түсетін түсімді кемітіп алмау мен контрабандалық әрекеттерді тыюдан өзге әрекетке барып отырған жоқ», -дейді. Ойбой-оу, мына сөзді кім айтып отыр өзі? Ау, контрабанданың көкесі бізде емес пе? Анау Қорғас пен Достық кеденінде күнде  ұрлық. Қытайдан тауарды басып алып, ыңыранып әрең өтетін автокеруендерге салынатын салықтың қаншасы мемлекет қазынасына құйылып, қаншасы ұры қалталарға кетіп жатыр? Осы бір жалқы сұраққа Сағынтаев Ереванда отырып сайрағанындай сайрап жауап бере ала ма? Қазіргі Үкімет басшысы «ғасыр қылмысы» аталған әйгілі «Қорғас ісін» ұмыта қоймаған шығар. Қылмыстық құжаты 150 том болған бұл оқиғадан Қазақстанның кедені сабақ алып, сабасына түсті деп айта алар ма екен біздің премьеріміз? Әй, қайдам... Сондықтан Қазақстан салықтан түсетін түсімді кемітіп алмау мен контрабандалық әрекеттерді тыюды алдымен өзінен бастағаны абзал. Әйтпесе, жыртықтың жыртаңдап тесікке күлгенінен ештеңе өнбейді.

Д. Қасенұлы

Abai.kz

13 пікір