Жұма, 19 Сәуір 2024
Билік 5691 4 пікір 19 Қазан, 2017 сағат 15:00

Алма Кәкішева: «Мен өз Мағжанымды сахналадым»

 

Алма Кәкішева – «Жүз жылдық махаббатты» ғана емес, «Көшкін­ді» де, «Империядағы кеш» пен «Таңсұлуды» да қойған режис­сер. Режиссер қойған әрбір спек­такль­дің көтерген жүгі әртүрлі.
Солардың арасында «Жүз жылдық махаббаттың» жүгі режиссер үшін ауырлау болып тұр. Драматург пен режиссердің арасында келісім болды ма? Режиссер автор айтқан сын-ескертпелерге қалай қарады? Спектакль өзгеріске тү­се ме? Көңілімізді күпті еткен сауал­дарымызды режиссердің өзіне қойдық.

– «Жүз жылдық махаббат» спектаклін қой­дыңыз. Бірақ спектакльдің екінші актісі автордың көңілінен шықпады. Драматург Дулат Исабеков «Сөздерімді өзгертті, оқиға мүлдем басқа» деген сын айтуда. Пьеса неге ауытқып кетті?

– Дулат ағаға Мағжанды пьеса ретінде жазып алып келгені үшін ризамын. Пьеса бөлек нәрсе, ал Мағжанның сахналық бей­несі – мүлдем басқа дүние. Мәселен, киім ди­зай­нерін алып қарайықшы. Оған бір көйлектен бірнеше киім шығару қажет. Ол үнемі бір ғана киім үлгісімен өмір сүрмейді. Әрдайым өзге үлгілерді дайындауға әрекет етеді. Сол сияқты менің де екінші актім бі­рінші актідегіден мүлдем бөлек. Спек­так­ль­дің басынан аяғына дейін Зылиханы сөйлете бермеймін ғой.

– Пьеса бойынша екінші актіде негізгі басымдық Зылихаға берілу керек пе?

– Екінші актіде де Зылиха болуы керек. Оның бәрін іс-әрекет арқылы шығаруға тырыстым. Онсызда оқиғаның бәрі Зылиха арқылы өрбиді. Дулат аға «Мағжанның өлеңдері көп оқылды» деп кінә артады. Мағжан туралы спектакль қоямын да, өлеңдерін қалай оқытпаймын?!

– Автор екінші актіде «Мағжанның диплом алу кеші көрсетілу керек еді» дейді. Сіз дуэльді көрсетуге күш салғансыз. Не себепті?

– Пьесада Горький Брюсовтан «Бұл кім?» деп сұрайды. Сонда Брюсов «Ол ұзақ әңгіме» деп бастайды. Сол ұзақ әңгімені Брюсов Горькийге айтып беруі керек. Бірақ мен сол ұзақ әңгімеден қаштым. Негізі, сахнада әңгі­менің көп болғаны дұрыс емес. Көрерменді жалықтырып жібереді. Сахна көбірек іс-қимылға құрылса, оның нәтижесі де жақсы болады. Спектакль көрерменмен бірге жүруі керек. Сонда ғана спектакльдің ғұмыры ұзақ болады. Әрі іс-әрекет арқылы берілсе, Мағ­жан көрерменнің есінде ұзақ сақталады. «Ақын да бір бала ғой, айға ұмтылған». Зыли­ха неге осылай дейді? Өйткені Мағжанның мықты екенін біледі.

– Көрермен ретінде бізге де ұнамаған тұсы – жастардың Мағжанды мойынға мінгізіп алып, сахнаға шыққаны болды. Мағжанды мойынға көтеру арқылы оның бейнесін арзандатып алған жоқпыз ба?

– Мағжанның жиырма жетіге дейінгі тағдырын жақсы білеміз. Қалған өмірінің бәрі түрмеде өтті. Мағжанның бейнесі көбірек Зылиханың аузымен айтылады. Бірақ оның бәрін Зылиха бірінші актіде айтып қойды. Оны екінші актіде тағы айтқыза бермейміз ғой. «Мағжанды неге мойынға мінгізіп алған?» дейсіз. Осы арқылы Мағжан бейнесін аспанға көтергім келді. Біз оны көзі тірісінде төбемізге көтере алмай кеткен шығармыз. Сондықтан оны халқы мойнына салып, әлдилесін дедім. Есениннің өлеңінің орнына Сәкеннің әнін айтқыздым. Бұл да менің Алаш арыстарына жасаған ерекше құрметім еді. Есенинді де жақсы көрем. Өлеңдерін көп оқыдым. Ол туралы түсірілген фильмдердің бәрін қарап шықтым. Алайда маған алаш арыстарының өлеңдері, әндері қымбат. Сол себепті де, өлеңді де оқыттым, әнді де айтқыздым.

– Спектакль алғаш көркемдік кеңеске ұсынылған кезде пікір екіге жарылды ма?

– Көркемдік кеңестің бірнеше мүшесі бар. Олардың көпшілігі спектакльдің көр­кемдік деңгейіне жоғары баға берді. Сенсеңіз, олар­дың ешқайсысына барып, «менің спек­таклім мықты» деп айта алмаймын ғой. Олар­дың өздерінің берген бағасы. Спектакль үш рет қойылды. Әрбір қойылым аншлагпен өтуде.

– Көрермен Мағжан үшін спектакльге барғанын жоққа шығара алмаймыз ғой. Қалай ойлайсыз?

– Әрине, көпшілік Мағжанды көруге келеді. Мағжан болмаса, Зылиха да болмас еді. Спектакльді көргелі бері көрерменнің арасында ақынға деген ерекше құрмет, ерекше ықылас пайда болды. Қазіргі жас­тар­дың көбі кітап оқи бермейді. Тіпті олардың арасында Мағжанның өлеңдерін оқымаған­дары да бар. Спектакльді көргеннен кейін, өлеңдерін тыңдағаннан кейін ақынның кітап­тарын іздей бастады. Мұның өзі – үлкен жетістік. Мағжан Горькийден оқыса, оның өмірі басқа өрбитін еді. Оның соры да, бағы да Брюсовтан оқығанында болып тұр ғой. Мағжан – өзінің тағдырын болжап қойған ақын. Жалпы, алаш қайраткерлерінің бойында бір ғана арман болды. Ол – тәуелсіз алаш елін құру. Сол азаттық жолында күресті. Ғұмырларын сарп етті. Мен неге Мағжанды қойғым келді? Бірінші спектакль қабыл­дан­бай қойғаннан кейін, намыстандым. «Мағ­жанды неге қоя алмаймыз?» деген намыс болды бойымда. Тағы да қайталап айтам, Мағжан болмаса, Зылиха да болмас еді. Әрине, Зылиха да осал әйел емес. Әрқай­сымыз Зылиханың алдында бас июге тиіспіз. Ол – Мағжанды ерекше сүйген, ерекше қадір тұтқан жан.

– Премьерадан кейінгі автордың сізге қойып отырған талаптары қандай?

– Автор маған, «Брюсовтың сөздерін өзгертіңіз» деп отыр. Оны өзгерту қиын емес. Бұл спектакльде Брюсовтың болуы да заң­дылық. Мағжанның Брюсовтан оқығандығы маған да қатты әсер етті. Интеллигенция өкіл­дері өздерінің қоғамда құбылыс бола­тынын ерекше сезеді. Брюсов те – қоғамның өзгеретінін алдын ала сезген адам. Дворян­дық әлемнің бітіп, басқа қоғам келетінін білсе де, олар Отанын сатқан жоқ. «Есть что-то позорное в мощи природы». Брюсовтың осы сөзі маған қатты ұнайды.

– Спектакльде Брюсовтың сөздерін неге орысша алдыңыз?

– Дулат ағаның пьесасының мәтінінде де орысша тіркестер бар. «Горе от ума», «Горе от безумства». Мен оны ойлап тапқам жоқ. Брюсов, Цветаева, Есенин – орыс әдебие­тінің классиктері. Брюсов қандай мықты адам болған?! Дүние-мүлкі жетіп тұрған жан неге шетелге кетіп қалмады? Оның өлімі де белгісіз. Өз үйінде өлген деседі. Бірақ қан деген бар емес пе? Қан ешқайда жібермейді. Мағжан да солай. Ол орысшыл ортада оқып, білім алғанымен, қазақы ортасынан алыстап кете алған жоқ. Бүкіл өлеңдері қазақ топыра­ғына арналды.

– «Дулат Исабековтің емес, өзімнің Мағ­жанымды қойдым» дейсіз. Бір кездері Саты­балды Нарымбетов өзінің Мұстафа Шоқайын қойып еді. Сонда халықтың Мағжанын кім қояды?

– «Менің Мағжаным» делінгенімен, елдің, халықтың Мағжаны ғой ол. Оны жеке-дара бөлшектеп, «менікі» деп айтуға болмас.

– Әрине, Мағжанды қою кез келген ре­жиссерге оңай тимесі анық. Көпшіліктің тара­пынан осындай сын болатынын сездіңіз бе?

– Көрермен тарапынан маған сын айтыла қойған жоқ. Көпшілік мен қойған Мағжанды әзірге жылы қабылдауда. Автор тарапынан ғана айтылған сын бар. Оның өзі мәтінге қатыс­ты айтылып отыр. Менің режиссер ре­тін­де міндетім – спектакльді жасау. Сахнада мизансценалар сөйлеу керек. «Образды көру» деген болады. Мәселен, көшеде ағаш құлап жатыр. Сіз құр құлаған ағашты көресіз. Ал мен одан басқа дүниені елестетуім мүмкін ғой. Сол сияқты, пьесадан да режиссер бір­нәрсені аңғарады әуелі. Сол өзі байқаған, өзі аңғарған дүниесін сахнаға алып шығады. Сахнаның өзінің тілі бар. Сол үнді мен шы­ғаруым керек. Ол іс-қимыл арқылы, музыка арқылы сөйлеуі мүмкін. Театр – синтездік өнер. Мысалы, алып бәйтеректі мәдениет деп алайық. Оның бірнеше тармағы бар. Оның бір тармағы – өнер. Бір тармағы – әдебиет, бір тармағы – БАҚ. Өнердің өзі бірнеше бөлікке бөлінеді. Ол – балет, ол – театр, ол – би, ол – опера. Бәрінің өзінің тілі бар. Театрдың әдебиеттен бөлектігі де осында, яғни сахна тілінде сөйлеуінде. Ал мен болсам, сол театрды өз тілінде сөйлеткім келді. Іс-әрекетсіз, мизансценаларсыз сах­наны қалай сөйлетем?! Бұл жерде басты рөл пьесада ғана тұрған жоқ қой. Әуелгі қойылған спектакль іс-әрекеттен гөрі, әңгімеге көбірек құрылған еді. Онда қимыл-қозғалыс аз болғандықтан, көркемдік кеңестен өтпей қалды. Ал біз іс-әрекетке көбірек көңіл бөліп едік, тағы да сынға ұшырадық. Микеланджело бір күні базардан өтіп бара жатып, дүкеннің алдындағы үлкен бір тасты көреді. Суретші тасты тамашалап, ұзақ тұрып қалады. Дүкен­нің сатушысы суретшінің жанына келіп: «Осы тасты ешкім алғысы келмейді. Егер сіз алар болсаңыз, мен тасты тегін берейін. Үйіңізге алып кетіңізші» дейді. Микеланд­жело тасты үйіне алып кетеді. Бір жыл өткен­нен кейін ұлы туындысын жасап шығарып, үлкен алаңға әкеліп қояды. Мүсінді көруге елдің бәрі жиналады. Арасында әлгі сатушы да бар. Сонда сатушы: «Ешкім алмаған тасты сен алып, қалайша мынандай өнер туынды­сын жасап шығардың?» деп сұрайды. Сонда Микеланджело: «Тастың қасына келіп тұрғанымда, маған Иисус келіп: «мені мына тастан шығаршы» деп сыбырлады» дейді. Сол сияқты спектакльді қоймас бұрын, пье­са­мен танысып отырғаныңызда, көз алдың­ыз­ға жаңа бір дүниелер пайда бола бастайды. Спектакльді ойша жобалай бастайсыз. Ол Мағжан бола ма, ол әлде басқа кейіпкер ме, оны ести білу керек. Творчествоның құнды­лығы да осында. Жайдан-жай ештеңе тумай­ды. Мағжанның бірінші қойылымы көр­кем­дік кеңестен өтпей қалғаннан кейін, менің намысым оянғаны рас. Мағжанға ерекше махаббатым оянды. «Жүз жылдық махаббат­ты» шын жүрегіммен, ерекше махаббатыммен қойдым. Мен мұны ашық айта аламын.

– Мағжанға дейін де бірнеше спектакль қойғаныңызды білеміз. Режиссерлік мектепте ұстазыңыз кім болды?

– Мен өзімді Әзекеңнің, Әзірбайжан Мәмбетовтің шәкіртімін деп мақтанышпен айтамын. Режиссерлікке бата берген Әзекең. Режиссерлік жолға оңай келгем жоқ. Әуелі ассистент болдым. Біраз уақыт режиссердің көмекшісі болып қызмет атқардым. Актриса да болған кезім бар. Әзекең әрбір спектакль­ден кейін қасына отырғызып алып, бізбен бірге талқылайтын. Ешқайсымызды да бала­сынған емес. Пікірімізді ашық айтқанымызды қалайтын еді. Ол кісі үнемі маған «Орын­даушы болма, суреткер бол!» дейтін. Бізге режиссерлікті емес, суреткер болуды үйретті. Оның кемеңгерлігі де, данышпандығы да осында.

– «Көшкін», «Империядағы кеш», «Таң­сұлу» қойылды. Бұл режиссерлік жұмы­сың­ыздағы алғашқы сыныңыз ба?

– «Империядағы кешті» қойғанымда Серік Асылбеков хабарласып, «Пьесаны осылай көргенің ұнады маған» деп өз пікірін айтып еді. «Империядағы кешті» актерлерім шын жүрегімен сезініп, қуанып ойнайды. «Таңсұлуда» да солай. Кез келген шығарманы қою қаншалықты азап болса, ол спектакль біткеннен кейін саған соншалықты творчест­волық ләззат сыйлайды. Кейбір қиындық тудыратын сәттер болады. Оның өзі уақыт өткеннен кейін мойындала бастайды. Мен соған анық сенемін.

– «Жүз жылдық махаббат» сахнада әзірге үш рет қойылды. Келесі қойылымда драматург­тың көрсеткен кемшіліктерін түзеп, қайта қоясыз ба?

– Оған менде қазір уақыт жоқ. Қазір Йонас Вайткус спектакль қойып жатыр. Әубәкір Рахимовтың қойылымы әзірлік үстінде. Әрі өзгертетін де артық дүниені көріп отырғам жоқ. Драматургтың сын-ескерт­пелерін қарап, мәтінге өзгеріс енгізілуі мүмкін. Оның өзінде Брюсовтың сөзіне ғана түзетулер жасалатын шығар. Мұның бәрі бір күнде жасалатын шаруа емес. Оның музыка­сын қосуың керек, әрлеуің керек дегендей. Бұл қосымша жұмысты талап етеді.

– Режиссер ретінде Птушкинаның, Вай­т­кус­тың репетициясына қатысып көрдіңіз бе?

– Театр бір қазанда қайнай бермеуі керек. Өзге ел режиссерлерінің де қойылымдарын кө­руіміз керек. Ол өзіңізді салыстыруға жақ­сы. Олардың қойылымдарының деңгейі қандай, сіздің қойылымдарыңыздың деңгейі қандай? Міне, осы тұрғыдан келгенде, неден биік екеніңізді, неден төмен екеніңізді бай­қайсыз.

– Қазақ режиссерлеріне шетелдерден ұсыныс түсе ме? Мәселен, сізге өзге театрлар­дан шақырту болды ма?

– Конияға барғанымызда, ТҮРКСОЙ-дың төрағасы Дүйсен Қасейінов ұсыныс жасаған еді. Ол кісі Иран-Ғайыптың «Қор­қытын» Конияда қоюымды өтінген. Әзірге ұсыныс қана. Бұл болашақтың еншісіндегі дүние деп ойлаймын.

– Кейде спектакльдің сәтсіз шығуы режис­серге ғана емес, актерлерге де байланысты деген пікірлер бар. Бұған қалай қарайсыз?

– «Спектакльге көңілі толмапты» деп жиі айтады. Осы сөз маған ұнамайды. Спектакль­дің сәтті болуы актердің де көңіл күйіне бай­ланысты емес. Ол көрерменнің де өзіне тіке­лей байланысты. Кейбір көрермен театрға көңілсіз келуі мүмкін. Оның нашар көңіліне спектакль аса жақсы әсер ете қоймасы бел­гілі. Жақсы көңіл күймен келіңізші, спек­такль­ден ешқандай кемшілік байқамай­ты­ныңызға серт беремін. Сондықтан «ана спектакльге көңілі толмады, мына спектакль нашар екен» деп біржақты пікір айтқандармен келіспеймін. Әрі бір ғана премьераны көріп, баға беруге болмайды. Бір қойылымды бірнеше рет тамашалаған абзал. Сонда ғана спектакльдің мәнін ұғасыз, сонда ғана нақты баға бере аласыз.

Әңгімелескен Гүлзина Бектас

Дереккөзі: «Айқын» газеті

4 пікір