Жұма, 29 Наурыз 2024
Анық 11395 45 пікір 7 Қазан, 2017 сағат 15:56

Бақытбек Смағұлов: Ағайын алаң болмасын!

 

Бізге бүгін Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұлов мырза хабарласты. Депутат неше күннен бері Abai.kz ақпараттық порталының бас тақырыбынан түспей тұрған 251 жанның тағдырына қатысты мақаланы оқып, оқып қана қоймай, мәселеге барынша мән беріп, тиісті орындарға қоңырау соғып жатқан көрінеді. Аталған мақала шыққан күні ол Ішкі істер министрлігінің Көші-қон полициясы комитетіне хабарласып: «251 отбасын кері қайтарып қойып қарап отырамыз ба?» деп сауал тастапты. Комитеттегі жауапты тұлғалар депутаттың сауалына: «Біз Abai.kz сайтында шыққан мақаланы оқыдық. Қандастарымызға жалған құжат жасап бергендер ұсталып, қазір жауапқа тартылып жатыр. Істің барысы толық анықталғанша үндемей отырмыз. Бұл іспен өткен ақпан айынан бері ҰҚК қызметкерлері де айналысуда. Алдағы күндердің бірінде бәріне көз жеткізетін боламыз, сосын кесімді сөзімізді айтамыз. Ал, алыстан көшіп келген ағайынның бір де бірін кері қайтармаймыз. Олар қайткенде Атажұрты Қазақстанда қалады», - деп жауап беріпті. Нар тұлғалы, балуан жоталы, батыр депутатымыздан әлгіндей жылы лепесті естіп «Бәрекелде!» дестік. Содан кейін дүние жүзіндегі қазақтың жоғын жоқтап, барын түгендеп отыруға тиіс қауымдастыққа, қауымдастықтың жұмысына бірден бір жауапты адам Зауытбек Тұрысбек мырзаға «Астананың қай қуысына тығылып қалдыңыз?» деп іздеу салған едік. Зәукеңді Дәукеңнің – Дәурен Қуаттың сайты іздеп жатқанын көре қалған депутат Смағұлов бұл жолы да әбжілдік танытып, Тұрысбекке тура қоңырау шалыпты.  Қоңырау шалып, мәселенің мән-жайын айта бастаған екен, Зауытбек Тұрысбек те сөзге келместен: «Қауымдастық 251 қандастың хал-жайына қатты алаңдап, қарап отыр. Қолынан жетелеп келтірмесек, келген қазағымызды кері итеретін ел біз емеспіз. 251 ме, одан көп пе, ықтияр хаттың әуіре сарсаңына түсіп қалған қазақ баласын жаутаңдатпаймыз. Мәселе оң шешемін табады», - дегенді айтыпты. Бұғанда «Бәрекелде!» дейміз. Осындай көңіл тоғайтатын жылы сөздерді жеткізген депутат Бақытбек Смағұлов: «Abai.kz порталы арқылы ағайынға алаң болмасын айтамын. Қосүрейленіп, қорқудың қажеті шамалы. Сондай-ақ бұдан үлкен мәселе тудырудың да керегі аз. Заңсыздық болған екен, енді шешімін табады. Елім, жерім деп келген қаракөз қандасымыздың бір де бірін жат қолына бермейміз. Олардың жағдайы жақсы болады. Атажұртында өсіп, өркендейді, тамырын тереңге сіңіреді. Қысқасы, ағайын алаң болмасын!» - деді.

Бізге де керегі – осы. Abai.kz ақпараттық порталы арзан сенсация қуып, арзымайтын атақтың соңынан ерген емес. 250-дің мәселесі дұрыс шешемін таба ма? Ендеше, біз сол дұрыс шешімді алдымен сүйіншілейміз. Дұрыс шешімін таппай ма, онда тағы да бұл жайтты күн тәртібіне қоямыз. Бірақ, сең қозғалған сияқты. Ылайым солай болғай!

Abai.kz  

45 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1582
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3616