Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Осы ғой енді... 6878 8 пікір 3 Қазан, 2017 сағат 20:26

Қасымовтың қай бұйрығына бағынамыз? 

 

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің 2015 жылғы 4 желтоқсандағы №992 бұйрығының 10 тармағына  (негізі, 6)-тармақшасына) «(ҚЫТАЙ ХАЛЫҚ РЕСПУБЛИКАСЫ АЗАМАТТАРЫНЫҢ ЭТНИКАЛЫҚ ҚАЗАҚТАРЫН ҚОСПАҒАНДА, ЕГЕР ӨЗГЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ШАРТТАРДА КӨЗДЕЛМЕСЕ);» - деген  толықтыру енгізіліп, ескертпе қосылғанын, сөйтіп тұрақты тіркеуге тұруда ҚХР-дан келген қандастарымыздан «Соттылық туралы» анықтама талап етілмейтінін естіп, қуанғанымыз кеше ғана болатын (http://abai.kz/post/59237 ).

Бүгін Темірбек атты азамат Арқа төсінен телефон соғып, Ақмола облысының аудандық Көші-қон полициясы бөлімдері "Шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарды тiркеу және оларға Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беру", "Азаматтығы жоқ адамдарға куәлiктер және Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдiктердің тұруына ықтиярхат беру", "Қазақстан Республикасының азаматтығын алуды және одан шығуды тiркеу" және "Қазақстан Республикасында босқын мәртебесін беру және ұзарту" мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттарын бекіту туралы» деген Қазақстан Республикасы Ішкі министрінің 2015 жылғы 7 сәуірдегі №315 бұйрығын (http://adilet.zan.kz/kaz/docs/V1500011203 ) кесе көлденең тартып, тұрақты тіркеуге тұруға өтініш білдірген ҚХР-дан оралған қандастарымыздан әлі де «Соттылық туралы» анықтама талап етіп отырғанын жеткізді.

Аталған бұйрықты ақтарып көрсек, айтты-айтпады, №315 бұйрықтың  «Мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін көрсетілетін қызметті алушы болу орны бойынша ішкі істер органдарына мынадай құжаттар ұсынады:» деген 9-тармағында «азаматтығы тиесілілігі және (немесе) тұрақты тұратын мемлекетте соттылығы (соттылығының болмауы) туралы тиісті мемлекеттің құзыретті органы берген құжат;» деген 7)-тармақшаның еш өзгеріссіз, ескертпесіз, сіресіп тұрғаны рас екен.

Көші-қон қызметі полициялары соны сылтауратып, қандастарымыздың тұрақты тіркеуге тұруға ұсынған құжаттарын қабылдамай, тістей қатып отырған көрінеді...

Ал, біз болсақ, «ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТІРІ Қ.ҚАСЫМОВТЫҢ ҚАЙ БҰЙРЫҒЫНА БАҒЫНАМЫЗ?!» деп, басымыз қатуда..!

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

8 пікір