Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Күбіртке 23994 38 пікір 2 Қазан, 2017 сағат 08:36

Құрбанәлінің адамдары ұлымды тартып алып өзбек жасап жіберді                        

 

Мен Айсугурова Ханыгуль Джанжигитовна (11.10.1956. ЖСН: 561011401518. Жеке куәлік саны: 039275658) – Атырау облысы, Жылыой ауданы, Құлсары қаласы, 1-ші ықшамаудан, 17 үй, 55 пәтер тұрғынымын. Ұлтым – қазақ! Жалғызбасты жанмын. Қолымда асырап алған жалғыз ұлым бар. Ұлым 2000 жылы қыркүйектің 2-жұлдызында осы Құлсары қаласында дүниеге келген болатын. Мен баланы 2001-ші жылы қаңтар айының 30-шы жұлдызында Жылыой аудандық сотының шешімі бойынша асырап алып, балаға Айсүгіров Иман деген есім беріп, 2001 жылы ақпанның 22-ші жұлдызында Құлсары қаласы, АХАЖ бөлімінен «Бала асырап алу туралы куәлік» алдым. (Куәлік дәлел ретінде қолымда. Және де туған анасының баладан бас тартқандығы туралы дәлелдеме қағаз да қолымда).

Демек, Иман – менің заңды, жалғыз ұлым! Ұлым 1-ден 4-ші сыныпқа дейін (2009-2012 жылдар аралығында) Құлсары қаласындағы М.Сатыбалдиев атындағы №18-ші жалпы орта білім беретін мектепте оқыды (дәлел ретінде мектеп басшысы берген анықтама қолымда). Ендігі ұзын сөздің қысқасы былай болып тұр. Құлсарыға 1990-91-ші жылдан бері Өзбек елінің азаматы, руы Қожа, Ахметов Құрбанәлі деген сопы, дін уағыздаушы келе бастады. Өңірге әбден үйреніп, халықтың әдет-ғұрып, салт-сана, әлсіз тұстарын түбегейлі зерттеген соң ол кісі Құлсарыға сопылықтың туын тікті. Қанша адамды отбасынан айырып, аяғын сүйгізіп, соңынан соқыр етті. Бұлардың ұстанғандары жолдары қазіргі таңда секта екендігі әбден әшкереленді. Құрбанәлі бір кездерде елден қуылып, 4 жылдай шетелдерде бас сауғалап жүрді. Кейін, бұл кісіні «салафтың емі – сопы» деп, бір-біріне соғыстыру құралы ретінде пайдалану үшін мінбедегілер кері алдыртқан. Алайда, ҚМДБ бұл кісіні шәкірттерімен қоса «бұлар теріс ағымдағылар, адасқандар» деп пәтуа берді. Және сол кезде өзімен бірге «қари» аталатын Батырәлі деген шәкіртін осы жерге тыңшы ретінде бекітіп кетті. Батырәлі елге сіңгенше Құлсары мешіті ішінде қызмет етті. Имам Садиев Амантайдың тұсында Батырәлінің асығы алшысынан түсіп тұрды. Бұл да халықтың әлсіз тұстарын жіті меңгергеннен кейін халық арасына өзінің сұм идеологияларын жүргізе бастады. Дем салу, жын шығару, жаназа шығару, дуалау, т.с.с денеге күш түсірмей ақша табу жолымен әбден семіріп, кей надан халықтың ортасынан ойып тұрып орын алды. Атағы шықты, абыройы асқақтады, кәсібі жанданды, семірді, көлікті болды, қазақтан қос-қостан қатын алды. «Соқыр тауыққа бәрі жем» дегендей, тіпті кәлимасын білмейтін қарияларға дейін «кари, кари» деп ұлықтап әлгі неменің артынан шапты. Бұлардың саясатында қазақ ұлтын жою, ұстанымын басқа арнаға бұру, бытырату, ары қарай қазақты өзбектендіру жатыр. Батырәлі де бір кезде Құлсары шаһарынан күнәһарлығы себепті қуылған болатын, дегенмен де, уақыт бәрін ұмыттырады екен...

Хош, деңіз. Ал, мен сіздерге дәл қазіргі уақытта Құлсары қаласындағы 3-ықшамауданда пәтер жалдап тұрып жатқан, Құлсарыға қайта оралған, қылмысын қайта жалғастыруға белсене кіріскен сектант, қари, өзбек Батырәлінің маған жасаған қастандығы туралы сөз етпекпін. 2010 жылы шілденің аяқ жағында өзбек Батырәлі менің жоғарыдағы айтқан Иман деген ұлымды «Қари қыламын, Құранды түгел жатқа білетін ғұлама қыламын» деп, менен Курамбаева Сандугаш Абубакировна арқылы (21.06.1983, жеке құжат нөмірі №023274009, берілген күні 31.10.2008 жыл, ЮМ ҚР, Оңтүстік Қазақстан  облысы, Сайрам ауданы, Манкент селосы, Қорғаншы көшесі, № 13 үй) сенімхат алып, Оңтүстік Қазақстанға оқуға алып кетті. (Дәлел ретінде сенімхат қолымда). Құран оқитын, намаз оқитын адамға имандай сеніп, еш күмәнсіз ауылда қала бердім. Сенген өзбегім менің ұлымды бір өзбекке апарып тапсырған. Мені жалғызбасты, қорғаны жоқ, білімсіз деген оймен, екі сұм астыртын ұйымдасып, менің ұлымды өз бауырларына тартып, ұлтын өзбек деп жаздырып, құжат жасатып қойыпты.

Ұлымды күні кеше 2017 жылы қыркүйекте зорға алып келдім. 7 жыл ішінде ұлымды менімен 1-2 мәрте ғана кездестірді. Менің қазақ ұлымды өзбек Батырәлі өзбек қылып жіберді. Соған қарап осы біздің елде әлсіз қазақтарды қытай саясатын басшылыққа ала отырып өзбектендіру үрдісі жүріп жатыр ма деп ойлаймын. Қазір менің баламның құжатында тегі (фамилиясы) Савурбеков, аты Иман, әкесінің аты (отчество) Тажиматұлы, ұлты өзбек болып жазылған. (Дәлел ретінде жеке басты куәландыратын құжаты қолымда). Сонда менің ұлымның әкесі – Савурбеков Тажимат Эминтаевич (07.04.1967. ИИН: 690407302040) болып шықты. Ал шешесі: Савурбекова Назакат Байташевна (16.08.1971. ИИН: 710816401851) болып шықты. Бұл ерлі-зайыпты екеу қайдан пайда болды, салбырап көктен түсті ме? Бұлар қалайша құжаттары түгел, дәлелдемелері, айғақ, куәлары бар 100 пайыз қазақ баласын жекешелендіріп алды? Бұларға кім рұқсат берді? Қалайша құжаттарды анасының рұқсатынсыз рәсімдеді? Бар мәселені ақша шешіп кетті ме? Жалған құжат жасаумен айналысқан, қазақ ұлтын өзбекке айналдыру жұмысымен айналысқан алаяқ қылмыскерлерге тоқтау бола ма?  Айдың аманында, тапа-талтүсте, мамыражай, бейбіт өмірде мынандай қатыгездікке барған жандар еш қорықпастан: «Баратын жеріңе бар, жазатын жеріңе жаз, мың жерден сотқа бер» деп, мені келеке мазақ етіп отыр. Ұлым Иманның ұялы телефонына күнде қоңырау шалады. «Құлсары жаман жер, халқы наркоман, қыздары жезөкше, ұлдары зинақор, ұры, т.с.с» деп ұлымды азғырып Манкентке шақыруда. Бұл мәселеден Құлсары мешітінің имамы Арман Исаев 100 пайыз хабардар. Ол бірақ: «Өздерің жәй келіссеңдерші» деген сөзден артық ешнәрсе жасай алмай отыр. Ұлымды 7 жыл бойына ұрып-соғып құлдық жүйеде ұстағанға ұқсайды. Ұлымның аздап басы кеміп кеткен секілді. Кейде әрпі-тәрпі сөйлейді. Дәл осы күндері мені біреулер арқылы «аттырып тастаймын» деп қоқан-лоқы көрсетіп, қорқытып отыр. Ұлым бәрін айтып бере алады, қазір ұлым қоңыраудың зәрлі үнінен әбден мезі болып телефонын өшіріп тастады. Мен ұлымды жалынып жүріп, алдап зорға алып кеттім. Себебі, ұлыма жалған құжат жасатқаннан кейін заң бойынша ол менің ұлым болмай қалды. Ауылға пойызбен әкелу үшін, ендігі кезекте мен олардан сенімхат алдым. (Дәлел ретінде сенімхаты қолымда). 2010 жылы менің сенімхатыммен Құлсарыдан Манкентке кеткен ұлымды 2017 жылы мен қайдағы жоқ біреудің сенімхатымен Құлсарыға әкеліп отырмын ғой. Осы жағдаят мені қатты мазалап, еріксіз қолыма қалам алдырды. Ендігі сіздерден сұрайтыным, ұлымды бұрынғы өз атына аударып, ұлымды өзбек ұлтына айналдырған өзбек Батырәліге қылмыстық іс қозғап, қатаң жазалап, қатаң шара қолданып, бас бостандығынан айыруыңызды сұраймын!

Ханыгүл Айсүгірова

Abai.kz

38 пікір