Сәрсенбі, 17 Сәуір 2024
Құйылсын көшің 8134 2 пікір 27 Қыркүйек, 2017 сағат 09:48

Жанарында мөлтілдеп жас, Құлжада қалды қарындас...

Кеше.. ХІҮ ғасырға дейін Жібек жолы – өркениет жолы болғаны рас. Ол кезде керуенмен шығыстың мақта, мата, оқу-сызу, білім-ғылым, сәулет-өнер, жеміс-жидек тасылып, жапырақ жамылып жүрген жабайы еуропаны киіндіріп, жуындырып, білім-ғылымға жеткізген еді.

Бүгін... Сонымен Батыс Қытай – Батыс Еуропа күре жолымен Қытайдың сапасыз бір-ақ рет киетін киімдері мен бір айдан аспай істемей қалатын техникалық тауарлары тасылып, асығы алшысынан тұрды. Қытай үшін; Қазақстан жолда жатқан пөстек, Ресей естек, Еуропа жемтік болып, кедендік одақ ұлт тамырына балта шабады. ХХІ ғасыр өркениет емес, қазақ ұлты үшін қасірет жолы болмақшы.

Шекараның арғы жағы...

«Жунго» (Қытайды жергілікті қазақтар осылай атайды) мемлекетінің бір аймағы, Іле Қазақ автономиялы облысының орталығы – Құлжа қаласы. Ауа райы біздің оңтүстік өңірмен бірдей. Бұл өлке – Сайрам тұщы көлі, Сайын, Сақаралы, Нарат жайлауы, таулы, қыратты, топырағы құнарлы, шөбі шүйгін, не ексең сол шығатын құтты мекен. Іле Қазақ облысы бойынша 4 миллион 400 мың халық өмір сүрсе, соның 35 ұлттан тұратын 450 мыңы Құлжа қаласында тұрады. Жаңадан бой көтерген фарфор, құрылыс материалдары, ащытқы, кафель зауыты мен тағы басқа өндіріс ошақтары, түзу көшелері, гүлзәр бақтардың әсем көркі, бірінен соң бірі салынып жатқан тұрғын үй мөлтек аудандары мен мыңдаған жылдарды артқа қалдырған қайнаған базары қаланың бойына нәр беріп тұр. Жаңаша технологиямен дамып жатқан Құлжа өлкесіне ішкі өңірлерінен көшіп келіп жатқан хансулар (қытайлар) үшін болашағы зор. Осы зәулім үйлерге ауылдардағы қазақтарды емес, ішкі Қытайда қара құрттай құжынаған қытайларды көшіріп әкеліп жатыр. Мұның бәрі тамаша ғой, бірақ қазақ мүддесінен қарағанда – қасірет. Құлжаның қазақтары қытайға сіңіп жылдан-жылға азайып барады. Өйткені, жергілікті қалың қазақ отырған жерлердің өзінде мектептер тек хансу тілінде өткізілетіндіктен он бес жасқа дейінгі қазақ балалары шала қазақтанып, қытайша ойлап, қытайша сөйлеп жүр. Оның үстіне «Бәріміз бір ұлт болайық», «Партия мен дін бір емес» деген сияқты мемлекеттік саясат машинасы ондағы қазақтарды тілсіз, дінсіз, ділсіздендіріп, көп ұзатпай сіңіріп жіберетіні айдан анық. Бұл үшін Жунго мемлекеті мен хансу халқын кінәлауға болмайды. Бұл – әрбір мемлекетте болатын заңдылық. Бізде қазір қазақ тілі мен қазақ мектептері үшін күресіп жатырмыз. Ұлтын сақтағысы келетін әрбір қазақ тек қазақ жерінде ғана салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тілін, дінін, ділін, ұлттық мәдениетін сақтап қазақ бола алады. Жунгодағы қазақтарды «неге көшіп келмейсің?» деп кінәлау оңай. Әр мемлекеттің ішкі саясаты, ішкі әлеуметтік жағдайы бар. Олардың да жаппай қозғалып кете алмауына осы екі себеп әсер етіп отыр. Кеше ғана Ресей өз отандастарына: «Көшіп келіңдер. Бүкіл жағдайларыңды жасаймыз, ананы береміз, мынаны береміз», – деп үйіп-төккен уәделеріне біздегі орыстар міз бақпай, көшпей отыр емес пе? Бұл басқа әңгіме. Сондықтан қазіргі таңдағы күлдібадам, сөнген шоқтың күліне піскен шикі күлше сияқты көші-қон туралы заңды қайта қарамаса, бүгінгі биліктегі қазақ үкіметінің атқа мінерлері, ертеңгі ұрпақтың алдында аттары аталып, тектері түгелденіп қараланғанда, олардан тараған ұрпақтар жерге қарайтын болады. Осы саясатпен кете берсек шекараның арғы жағында қалған қазақ бауырларымызды 15-20 жылдан кейін саусақпен санап алатын жағдайға жетеміз. Қытай үкіметі тез арада қазақ еліне қалың қытай қаптап кіретін күре жол – батыс қақпасы, қазақтың шекарасы «Қорғас» кеденіне дейін төрт қатарлы көлік пен темір жолын салып тастағалы қашан. Өңеші мен жұтқыншағы бүлкілдеп алты басты айдаһар қазақ еліне қарай аузын арандай ашып, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» күре жолы қашан бітер екен деп күтіп жатыр...

Ал, қазір Алтайдың аржағында жүректері елжіреп, көздерінде мұң, көкіректе шер, ет-бауыры езіліп, алып иірім жұтып бара жатқан бауырларым еске түскен сайын көкірегім қарыс айырылып, күлкім сап тыйылып, ішіп жатқан асым тамағыма тығылып, ойым әлем-жәлем күй кешеді...

Алыста ауыр азап шеккен бауырым,

Қуарған бәйшешектей кепкен бауырым.

Қамаған қалың жаудың ортасында

Көл қылып көздің жасын төккен бауырым.

Алдыңды ауыр қайғы жапқан бауырым,

Өміріңше жапа шеккен жаттан бауырым.

Түксиген, жүрегі тас жауыз жандар,

Тірідей терің тонап жатқан бауырым...

Мағжан

 

Жанарында мөлтілдеп жас, елге қарап жәутеңдеп, Құлжада қалды қарындас... Төс қағысып, табысар күн болар ма екен, бауырым?!

Жанарында мөлтілдеп жас, Құлжада қалды қарындас...

Тоғайбай Нұрмұратұлы

Abai.kz

 

2 пікір