Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
EXPO - 2017 6798 13 пікір 25 Қыркүйек, 2017 сағат 09:55

«ЭКСПО-2017»-ден кейінгі әрекет

Елімізде ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі аяқталағанына көп бола қойған жоқ. Алайда көпшілігіміз халықаралық көрмеден кейін күнделікті күйкі тірлікке түсіп кеткен тәріздіміз. Ал, шын мәнісінде аталған көрменің мәні мен маңызы ас ішіп, аяқ босату емес еді. Яғни, ЭКСПО-дан кейін елімізде жасыл энергиядан қуат алатын жобалар іске аса бастауы керек болатын. Міне сондай ауқымды жобаның бірі Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Отырар ауданында жүзеге аспақшы.

Нақтылап айтсақ, Облыс орталығы Шымкент қаласынан шалғай жерде орналасқан Отырар ауданында Күн көзінен электр энергиясын алатын стансасы салынбақ. Отандық кәсіпкерлер Қытайдан инвестор тартып, ауқымды жобаны іске асырмақшы.

Жуырда өңір басшысы Жансейіт Түймебаев «Джан Су Нью Энерджи Технолоджи» компаниясының өкілі Ге Дженсон, компанияның акционері әрі директоры қандасымыз Хамит Мұхамедкөксеген, техникалық директор Ермек Қариев және комерциялық директор Бақыт Әлімқұловты қабылдап, екіжақтылы мәмілеге келді.

Енді Отырар ауданында, осы келісім-шартқа сай, қазан айынан бастап құрылыс жұмыстары қарқын ала бастайды. Жалпы кәсіпкерлердің аталған ауданға қызығушылық танытуы тегін емес. Өйткені бір жылдың 300 күні ыстық болатын ауданның табиғи жағдайы күн электр стансасын салуға өте тиімді. Сондықтан да инвесторлар 150 млн. АҚШ долларын құйып, Үкіметтің «Жасыл экономикалық» ұстанымына сай, жұмыс атқармақ.

Ал Жансейіт Қансейітұлы Ге Дженсонның жергілікті тұрғындарды жұмысқа тарту туралы бастамасына қолдау білдірді. Сондықтан да ол  жергілікті билік тарапынан жер телімі беріліп, қосымша жеңілдіктер қарастырылатынын жеткізді.

– Жобаларыңыз көңілге қонымды. Өйткені біздің өңірдің табиғи жағдайы күн сәулесінен электр энергиясын алуға өте қолайлы облыс болып саналады.  Сондықтан да екі тарапқа да тиімді жобаны тезірек жүзеге асыруға асығу керек.  Мәселен біз қажетті жер телімін бөліп беріп, қолдау көрсетуге әзірміз, – деді облыс әкімі Жансейіт Түймебаев.

– Біз алдағы қазан айында құрылыс жұмыстарын бастауды жоспарлап отырмыз. Станцияны іске қосып болғаннан кейін электромобильдерді құрастыру жұмыстарды бастаймыз. Мәселен, тоқпен жүретін мотоциклдердің құрал жабдықтарын әзірге қытайдан тасымалдап осында құрастыру жоспарланып отыр. Егер жоба сәтті жүзеге асса, жеңіл көлік пен қоғамдық көлік құрастыруды қолға аламыз. Күн электр станциясын салу барысында біз жергілікті жас мамандарды тартуды көздеп отырмыз. Өйткені станция іске қосылғаннан кейін жас энергетиктер онда жұмыс жасап, отбасын асырайтын болады, – деді облыс басшысымен кездесуінде Ге Дженсон.

Компания өкілдерінің айтуынша, Отырар ауданындағы жоба 6 жылда өзін өзі анықтайды.  Сондықтан да Үкімет «Жасыл» энергияны дамытуға үлес қосып отырған кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп отыр.

 

Үкімет жасыл энергияны дамытуды көздеп отыр

 

Жалпы бұл шет елдік инвесторлар үш бірдей жобаны қолға алып, іске асыруға мүдделі болып отыр. Екі араға дәнекер болып жүрген қандасымыз  Хамит Мұхамедкөксегеннің айтуынша, 50 млн. АҚШ долларына күн сәулесі батерияларын шығаратын зауыт пен электромобильдер құрастыру жоспарланып отырғанын атап өтті.

Қазіргі таңда баламалы энергия алу әлемнің дамыған мемлекеттерінде жүзеге асып жатыр. Мысалы Германия, Чехия, Америка, Қытай, Автралия сынды дамыған мемлекеттерде баламалы энергия алу жақсы жолға қойылған. Сондықтан да бізде өркениетті елдерден қалыс қалмай күн сәулесінен сағатына 100 МВТ тоқ алатын жобаны қолға алып отырмыз. Бұл мақсатта бізге аталған ауданның Шәуілдір ауылынан 245 гектар жер бөлінді. Осы жерге біз күннен энергия алатын панельдер орнатамыз деп отырмыз. Бұл тоқты «КЕГОК» Акцинонерлік қоғамына сатамыз. Өйткені Үкімет «жасыл» электр стансаларын салған компанияларға жеңілдіктер жасаған болатын. Яғни, бұл жобаның операторы отандық «Дала Солар» ЖШС компаниясы болып саналады. Біз Қытай тарапынан инвестиция тартып, жұмыс жүргізіп жатырмыз, – деді ол.

Хамит Мұхамедкөксегеннің айтуынша, кәсіпкерлерге Елбасының инвесторлар үшін жасаған «Бір терезе» қызметі қолайлы болып отыр. Себебі компания осы қызмет арқылы Инвестиция және даму министрлігіне қарасты инвестициялар комитетімен тығыз жұмыс жасап, оң нәтижеге қол жеткізген.

Ел Үкіметі баламалы энергитикаға байланысты 2009 жылы арнайы заң шығарған болатын. Аталған заңға 2014 жылы өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, «жасыл тариф» іске қосылды. Осыған байланысты Үкімет күн энергиясын 34 теңге 61 тиынға,  жел энергиясын 21 теңгеге, био-газды 32 теңгеге, ал судан энергия алуды 16 теңгеге сатып алады. Яғни, аталған заңға байланысты 15 жыл бойы біздің өндірген электр энергиямызды Үкімет сатып алып отырады. Бұл жеңілдік ретінде қарастырылған көмек. Мәселен қазіргі нарықта электр энергиясының киловаты 25, тіпті 15 теңге болса, ал Үкімет күн энергиясын қымбаттау бағамен сатып алады. Неге 15 жыл бойы Үкімет кәсіпкерлерге көмектесіп тұрады. Өйткені 15 жылда күннен шығатын энергия мен күнделікті тұтынып жүрген тоқтың бағасы теңеседі. Оның үстіне, бұл жобаға шет елдік инвесторлар қыруар қаржы шығарады. Ал бұл қаржыны шығарып алудың бірақ жолы бар. Инвестордың шығарған энергиясын қазіргі бағамен сатып алатын болса, онда оларға тиімсіз болып кетеді,дейді ол.

Сондай-ақ ол елімізде баламалы энергия өндіру бойынша жақсы жұмыстар жасалып жатқанын айтады. Мәселен, бұл сала жағынан біздің ел іргеміздегі Ресей сынды көрші мемлекеттерің алдында тұр.

 

Стансаның қуаты қарқынды

 

Жалпы компанияның күн энергиясын алу үшін Оңтүстік Қазақстан облысын таңдап алуы тегін емес. Өйткені басқа өңірлермен салыстырғанда осы облыста күннің климаты ыстық болып келеді. «Dala Solar» компаниясының техникалық директоры Ермек Қариевтың айтуынша, ауа-райы салқын аймақта күн энергиясын алу көрсеткіші төмен болып келеді.

Негізі күннен энергия алу ауа-райына байланысты өзгеріп отырады. Мәселен жаздың кезінде 100-120 МВТ энергия өндірілсе, ал қыста 80, 70 ары кетсе 50 МВТ-қа дейін түсіп кетуі мүмкін. Әйтсе де жаздың күні қыста жіберген есемізді қайтарып аламыз. Яғни, қалай болған күннің өзінде орта есеппен сағатына 100 МВТ тоқ алынады. Әйтсе де Оңтүстік Қазақстан облысында көп болса 2 ай ғана ауа-райы бұлтты болады. Сондықтан да бізге бұл облыстың табиғи жағдайы қолайлы болып тұр. Оның үстіне қарапайым азаматтарға да Отырар ауданында күн электр стансасы ашылғаны тиімді. Өйткені сатанса іске қосылатын болса шамамен 50-60 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Ал құрылыс жұмыстарын жүргізуге кемінде 500-ге жуық азамат атсалысады. Ал күн панельдерін шығаратын завотта бір ауысымда 29 адам жұмыс жасайтын болса, үш ауысымда 100-ге жуық азамат қызмет ететін болады, – дейді Ермек Манатұлы

Отырар ауданында ашылатын күн электр стансасы Шымкент қаласының 25 пайызын тоқпен қамтамасыз етуге қауқарлы. Мәселен тұтас Шымкент қаласында сағатына 400 МВТ тоқ пайдаланылады екен. Ал компания өндіретін 100 МВТ тоқ соның 25 пайызын қамтамасыз ете алады. Мысалы бір үйге 3 киловат тоқ кететін болса, компания шығарған 100 МВТ тоқпен 30 мың үйге энергия беруге мүмкіндік бар.  Сондай-ақ ол Шардара су электр стансасы жаңартылғаннан кейін 125 МВТ тоқ береді деп жоспаранып отырғанын айтады. Бірақ та оның 4 бөлігі іске қосылмағандықтан қазіргі таңда аталған сатанса 80-90 МВТ тоқ беріп жатыр.

 

Компания шаруаларға панельдер орнатады

Компания Отырар ауданынан бұрын бірнеше ірі жобаларды іске асырып, жұмыс жүргізген. Компанияның комерциялық директоры Бақыт Әлімқұловтың айтуынша, бұл іспен отандық «Атамекен қуат» ЖШС айналысып жатыр.

Кезінде Шымкент қаласы су арнасына қуаттылығы сағатына 1 МВТ тоқ беретін станса құрған болатынбыз. Сөйтсек, біз еліміз бойынша ең бірінші болып күннен энергия алатын станса салған екенбіз. Сондай-ақ біздің компания Сайрам ауданындағы «Ақсу энерго» компаниясына 2013 жылы сағатына 1 МВТ тоқ беретін станса орнатты. Төрт жылдан бері аталған станса жақсы жұмыс жасап жатыр. Сондай-ақ жекеменшік үйлерде күннен энергия алатын панельдер орнатуға ниетті болып отыр.  Оның үстіне шалғай жерде фазенасы бар шаруаға Үкіметтің тоқ тартып беруі тиімсіз. Өйткені тоқ тартып шығындалғанша күннен энергия алатын тақтайшалар орнатып берген өте тиімді, – дейді Бақыт Әлімқұлов.

Мәселен құны 1,5 миллион теңге болатын күн сәулесі стансасының арқасында жарықтан бастап, теледидар, тоңазытқыш сынды әртүрлі тұрмыстық бұйымдарды іске қосуға болады. Аталған тақтайшылараға компания 20 жылға дейін кепілдік береді. Алайда өзіңіз әдейлеп панельді сындырсаңыз оны компания жөндеп бере алмайды. Әйтсе де тақтайшаның ішіндегі бір нәсе күйіп кетсе оны қалпына келтіріп беру компанияның мойнында.

Шыны керек елімізде күннен энергия алатын тақтайшаларға сұраныс жоғары деп айта алмаймыз. Өйткені қарапайым халықтың шамасы қымбат тақтайшаны орнатуға жетпейді. Алайда қалтасы қалың азаматтар панельдің пайдасын түсініп, әрекет ете бастады. Себебі, тақтайшалардың шығыны 5-8 жылдың ішінде ақталады, міне содан кейін электр энергиясына қыруар қаржы шығарудың қажеті жоқ. Әйтсе де мұндай мүмкіндікке екінің бірі ие болып отырған жоқ. Ал, ең тиімді жол – Шымкентте электро панельдер шығаратын зауыт ашу. Сонда ғана тақтайшалар қол жетімді бола түседі.

Серік Құдайбергенұлы

Abai.kz

 

13 пікір