Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
46 - сөз 8559 8 пікір 25 Қыркүйек, 2017 сағат 08:52

К.....ке кіру немесе к......н аңду көрінісі

Кеше Сырым атамыздың 275 жылдық тойы туған жерінде дүркіреп өтті. Салтанатты шаралар, ат жарыс, палуандар күресі, арқан тартыс дейсіз бе бəрі бар, əр жерде жиылған халық өзіне керек қызықты тамашалап жатты. Айтайын дегенім ол емес...

Түс кезінде қасымдағы қонақтармен бірге туған ауылым тіккен киіз үйге қарай аяңдадым. Барсақ адам лық толы. Қашанда қонақжай ауыл адамдары өздері ала шаңға көміліп есік алдында тұрып қызмет етіп, келген меймандарға құрмет көрсетуде. Не басымды ауыртайын, кейін келерміз дегенімізге қарамай ауыл əкімі бізді де ішке кіргізді. Айнала бас изеп амандасып, ишарат білдіріп жатырмыз. Көзім төр жақта отырған облыстық бір басқарманың басшысымағына түсті. Ойбуй, енді отырысы паң. Бəрін жапырып жіберердей. Алатауды айырып, Қаратауды қайырып кететіндей зілденіп, теңселіп қояды. Қасында өзінен бір мүшел, мүмкін екі мүшел үлкен, көз таныс ағамыз. Ағамыздың қолында аппақ орамал. Бастығының маңдайы терлесе сүртіп алуға, ауа жетпей киіз үй ысыса желпітіп жіберуге дайын отыр. Ыммен ғана иек қағып еді, зып етіп сөмкесін əперді. Шамасы бюрократ тəтесі ауыл шаңын менсінбеді ме, күнге киер көзілдірігін алып көзіне баса киді. Əркім сөзін, тілегін айтып жатыр.

Рет-ретімен əн айтылды. Бір сəтте əлгі бастық қарнына ел қонды ма, басқа да ауылдар шақырды ма, кетсем деп ыңғайлана бастап орнынан тұрды. Ауыл əкімінің рұқсатынан соң сыртқа беттеді. Жалғыз өзі шығып еді, жанында отырған тағы бір кəртəміс жалпылдағы əлгі орамалмен "сүрткішке" қарап "жүр, жүр, басекеңді шығарып саламыз" дегені сол еді, ана байғұс есі шығып омақаса жүгірді. Бұл көрініс енді мен ғана емес, жанымдағы досыма да ыңғайсыз көрінді ме, басын шайқап "мынау əкім не министр болса ана не істер екен. Үп-үлкен бастарымен ана ағаларымыздікі не жүріс? Бірақ өмір осы ғой..." деді.

Қайтесің, өмір осы.

Қайран Есақамның мына өлеңі осындай сəтте туған шығар:

Есенқұл Жақыпбеков

Торығу

Жата-жата іш әбден пысығасын,
Бірдеңе айтып, үйіңнен сытыласың.
Барасың бір ортаға, барасың да,
Бірдеме айтып одан да құтыласың.

Беделі бар болсаң да пысық ақын,
Жас баланың, өзіңнен мысы басым.
Қылмысы көп қоғамда осы күнгі,
Қылмысың жоқ болғанға қысыласың.

"Сүйре" дейсің мені де, "ескер" дейсің,
Жұрт жеткенге мені де жеткер дейсің.
Өзгересің, өзің де безденесің,
Жек көретін нәрсені жек көрмейсің.

Жылайтұғын жерлерде жыламайсың,
Сынайтұғын жерлерде сынамайсың.
Жоғалады күлкіңнің күміс даусы,
Баяғыдай күлкіден құламайсың.
Сені бәрі клоун санаса да,
Оңашада қалғанда "ұлы Абайсың"

Зая кетіп өлеңің, тер мен еңбек,
Көріне алмай жүресің елге жөндеп.
Көрінейін десең бір, тұрып алар,
Көтені үлкен біреулер көлденеңдеп.

Өліп-өшіп еңбегің еленгенше,
Көтке бөстек жасайды, сенен көрпе.
Қай көтеннің дәуірі туды екен деп,
Көтен аңдып өтесің, өле-өлгенше.

Көтен арман, күнде бір көтен-үміт,
Адам бола алмайсың жеке жүріп.
Бір-ақ уыс боп қапты өз көтенім,
Көрінгенді жүргенде "көке" қылып.
Бұл заман да өзгегер бір жағына,
Сенің көтің біткенше көтеріліп.

Бауыржан Халиолла

Facebook-тегі парақшасынан

8 пікір