Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3582 0 пікір 30 Қараша, 2010 сағат 05:24

Тоқтарәлі Таңжарық. Әруақтан, Алаш жұрты!

Қарашаның соңғы аптасында Астана төрінен Алаш баласын әруақтандырар сүйінші хабар жетті. Бұл -  мисс мырзалар мен сэм ағайлардың басын қосып, айдай әлемге сауын айтқан Саммит десеңіз, қателесесіз. «Толғауы тоқсан, толғағы мың-сан» қазақ мәдениетінің тым тереңдегі иірімдерін паш ететін, алмағайып заманалар мен алапат ғасырлардан қоңыр үні аман-есен бүгінге жеткен, қасиетті қара шанағынан ұлтымыздың шері мен шемені, қайғысы мен мұңы, қуанышы мен шаттығы қатар саулаған қарт домбыра туралы ізгі хабар. Астанадағы Л. Н. Гумилев атындағы Ұлттық университеттің «Түркітану және Алтайтану» кафедрасының директоры, тарихшы Қаржаубай Сартқожаұлының осы аптада «Дала мен Қала» газетінде «Атадомбыра» атты мақаласы жарық көрді. Ғалымның алаш баласынан сүйінші сұрайтындай жөні бар екен. Сонау V ғасырда «Бастылыны еңкейтіп, тізеліні бүктірген» бабаларымыз қолына алып талай күйлерді күңіренте шерткен қара домбыра түркілердің бағзы атақонысы алтынды Алтай тауының шығыс қапталындағы бір үңгірден табылыпты. Ғалым Қ. Сартқожаның айтуынша, бұл домбыраны 2008 жылы қазіргі Моңғолиядағы Алтай таулары сілемінің бірі Жарғалант-Қайырқан шыңдарына қарасты «Өмнөхөн аман» деген жеріне орналасқан «Үңгіртас» мекенінен жергілікті шопан Н. Дандар тапқан.

Қарашаның соңғы аптасында Астана төрінен Алаш баласын әруақтандырар сүйінші хабар жетті. Бұл -  мисс мырзалар мен сэм ағайлардың басын қосып, айдай әлемге сауын айтқан Саммит десеңіз, қателесесіз. «Толғауы тоқсан, толғағы мың-сан» қазақ мәдениетінің тым тереңдегі иірімдерін паш ететін, алмағайып заманалар мен алапат ғасырлардан қоңыр үні аман-есен бүгінге жеткен, қасиетті қара шанағынан ұлтымыздың шері мен шемені, қайғысы мен мұңы, қуанышы мен шаттығы қатар саулаған қарт домбыра туралы ізгі хабар. Астанадағы Л. Н. Гумилев атындағы Ұлттық университеттің «Түркітану және Алтайтану» кафедрасының директоры, тарихшы Қаржаубай Сартқожаұлының осы аптада «Дала мен Қала» газетінде «Атадомбыра» атты мақаласы жарық көрді. Ғалымның алаш баласынан сүйінші сұрайтындай жөні бар екен. Сонау V ғасырда «Бастылыны еңкейтіп, тізеліні бүктірген» бабаларымыз қолына алып талай күйлерді күңіренте шерткен қара домбыра түркілердің бағзы атақонысы алтынды Алтай тауының шығыс қапталындағы бір үңгірден табылыпты. Ғалым Қ. Сартқожаның айтуынша, бұл домбыраны 2008 жылы қазіргі Моңғолиядағы Алтай таулары сілемінің бірі Жарғалант-Қайырқан шыңдарына қарасты «Өмнөхөн аман» деген жеріне орналасқан «Үңгіртас» мекенінен жергілікті шопан Н. Дандар тапқан. Ал мұның құдіреті неде дейсіз ғой, естеріңізде болса қазақтың абыз ақсақалы, биыл жазғытұрым өмірден өткен этнограф-ғалым Жағда Бабалық Алатаудың баурайынан сонау жылдары домбыра мен билеп жүрген адамдардың бейнесі қашалған тасты тапқан болатын. Жұрт бұл суретті кемінде 4 мыңжылдық тарихы бар дескені есімізде. Оны Алматыдағы  ҚР Орталық мемлекеттік мұражайға өткізген ақсақал, кейіндеп сол тастың жоғалып кеткенін ашына айтып, қапаланып еді. Жуырда сол тас мұражайдың әлдебір елеусіз заттар қоятын бұрышында шаң басып жатқан жерінен табылыпты деп естідік. Оған да шүкір... Айтпағымыз бұл емес. Жағда атамыз қазақтың домбырасының тарихы сонау жыл санауымыздан бұрынғы мыңжылдықтарға шеру тартатынын дәлелдегісі келгенімен, көпшілік онша зер сала қоймаған. Ал мына домбыра сол кісінің уәжін нақтылай түсетіні кәміл. Себебі, домбыраны жан-жақтылы зерттеген моңғол ғалымдары мен Қ. Сартқожаұлы шамамен V ғасыр мөлшерінде түркі қағанатының шеп жайып, ұлы сахараны билеуінің алдында әлдебір түркі күйшісі ұстаған домбыра деп тұжырымдап отыр. Қаржаубай Сартқожаұлы бұл домбыраның ең үлкен құндылығы - домбыраның мойнында бір жол байырғы түркілердің бітік (руна) жазуы барлығында дейді Онда не деп жазылған дейсіз ғой.  Оқыңыз: «Жұпар күй әуені бізді сүйіспеншілікке бөлейді!». Ғалым байырғы түрік бітігінің грамматикасы реформаланбай (552-570 жылдары реформаланғаны тарихтан мәлім) тұрғанда жазылған жазу екенін айтады мұның. Оқу үшін біраз ізденістерге барғанын дәлел-дәйегімен келтіріпті. Сыртқы бетіне бұғының, бұланның суреттері салынан домбыраның шанағы, тиегі, пернелерінің орыны сол күйі сақталған. Тағы бір айта кетерлігі, үңгірден бір адамның қаңқасы, қазақы ер-тұрман, садақтың одқтары, қайқы қылыш, тағы басқа заттар қазып алынған.

Сонымен, қазақ мәдениеті тағы бір бағзы байлығымен толықты. Себебі, Қаржаубай Сартқожаұлы қазіргі мәдени жаңалықтарға сүйене отырып, бұл домбыра дүниежүзі шертпе аспаптарының ең көнесі екенін айтып отыр. Ал ол кезде түркілер әлдеқашан қара домбырасын қолына алып, «жұпар күй әуеніне» балқып, ұлы да ұлық мәдениетін паш етіп үлгірген. Демек, біздің домбыраның тарихы сонау ерте ғасырлардың керуенінен сыр суыртпақтайды. Жыл санауымызға дейінгі мыңжылдықтар көкжиегінен домбыраның үні саулағанына бұл бұлтаптпас дәлел. «Қазақ ХХ ғасырдың басында Кеңес одағының зорлығымен ұлт болып қалыптасқан» деген мәңгүрт тұжырым,  яки, «ХV ғасырда аяқастынан пайда болған жабайы халық» деген көзқамандық көзқарас, «Түркілер жыл санауымыздың VI ғасырында пайда болған тағы тайпалар одағы» дейтін қасаң қағида, «бұларда мәдениет болған жоқ, мәдениеттің белгілері ғана болды» деп ұрандататын топас түсініктің қаншалықты аянышты екені осыдан-ақ белгілі.

Абыз домбыра, аңыз домбыраның үніне құлақ түр, Алаш баласы! Сенің киең де, иең де, ұмытылған өткенің де сонда. Сол үнмен сен жоғалтқаныңды табасың, өшкеніңді жандырасың. Себебі, сенің мәдениетіңдей ұлы мәдениет, сенің өркениетіңдей ұлы өркениет жоқ ғаламда! Сенің ата-бабаң Атадомбыраның шанағынан мыңдаған күйлерді бебеулетіп, сары даланы әнге масайтып жүргенде, әлдекімдер сақалы сапсиып Сібірдің сызды ормандарында жалаңбұт безіп, Жаратқаннан тек тірі жүруді ғана сұрайтын еді. Сенің жаужүрек арғы аталарың Күлтегін мен Тоныкөктің көкмәрмар тастарға ойған жазуынан рухын іздеп, қайырылмас жылдарға қарт домбырамен басу айтқанда, жалаңтөс баһадүрлері шүршіттерді талқандап, Ұлы Даланы бірлікке келтіруге қайтадан сан мәрте ұмтылғанда бәзбіреулер орманнан шықпақ түгілі, бұттарына жапырақ байлақ, бірін-бірі «қуалап» әлі жүргенді сол орманда. Шыңғысханды «Ақсақ құланымен» егілтіп, басын идіргенде, бәзбіреулер әлі де сол қаратүнегінде қамалып, шығарға жол таба алмай сандалған-ды. Тоқтамыстың қолы топалаңын шығарып, атты әскеріміз Сібір ормандарын кесіп өткен тұста, бәзбіреулер шылбырымызға жабысып, үзеңгімізді сүйгені де күні кеше еді-ау... Сол бір жылдардағы рухыңды қайта тап, қайраттан, қазақ оғландары!

Домбыраң не дейді, сен не дейсің?! Ойлан да, толған!.. Оның тілін ұқ, өз діліңді тап!

«Абай-ақпарат»

 

0 пікір