Сенбі, 20 Сәуір 2024
Күбіртке 6203 31 пікір 20 Қыркүйек, 2017 сағат 10:47

Руза Бейсенбайтегі облыс әкімі Болат Боқауовты сотқа бермек

17 қыркүйек күні Abai.kz ақпараттық порталында «Боқауов мемлекеттік тілді қорғамағаны үшін тарихта қалады» атты мақала жариялаған еді. Бұл мақалада Павлодар қаласындағы қоғамдық көлікте «мемлекеттік тілді талап етемін» деп жәбір көрген Руза Бейсенбайтегінің мәселесі сөз болған-ды. Біз аталған мәселеге қатысты облыс басшылығынан пікір алып, Руза Бейсенбайтегінің жағдайына алаңдаған оқырман қауымға толымды ақпарат беретінімізді ескерткенбіз. Міне, екі күн болды, Павлодар облысы әкімінің баспасөз хатшысы Азамат Бәйтенов біз жазған хатқа әлі жауап қатқан жоқ.

Ресми басшылықтан жауап болмағандықтан біз Руза Бейсенбайтегіне қайта хабарластық.

Руза Бейсенбайтегі, тіл жанашыры:

– Мен өткенде бұл жолы ешкімді де кешірмейтінімді айтқанмын. Трамвай басқармасы мемлекеттік тілде хабарлама жасамай, маған тіл тигізген қызметкерлерді (үш адам) жұмыстан шығарды. Бұл мені қанағаттандырмайды. Трамвай басқармасының басшысы Айташев деген азаматпен сөйлестім. Ол кісі арнайы бір азаматты қаладағы трамвайларға жіберіп, қай жүргізушінің мемлекеттік тілде хабарлама жасамағанын астыртын тексертіп жүргенін, шамасы келгенше жұмыс жасап жатқанын айтты. Ол кісі расында солай жұмыс жасап жатса, рахметтен басқа айтарым жоқ. Бірақ, бұл Павлодар облысындағы тіл мәселесі түпкілікті шешілді деген сөз емес.

Бүгін тағы бір оқиға болды. Кондуктор қазақ қызы тек орыс тілінде билет сатып жүр екен, мен оған ескерту жасап жатыр едім, орыстың етжеңді бір әйелі маған дүрсе қоя берді. Тіпті, мені жұлқылап жіберді. Менің онымен алысуға шамам жоқ болғандықтан полиция шақыруыма тура келді. Бұрынғыдай емес, полицей тым тез келді. Бұл кезде ол әйел трамвайдан түсіп қалған еді. Мен берген суретті алып, полицейлер ол әйелді іздеп кетті.

Бұл бүгін ғана болған жайт. Мен күнделікті өзімнің елімде, өзімнің мемлекетімде жүріп, осындай жәбір көріп жүрмін. 2006 жылдан бері міне, 11 жыл болды. 11 жыл бойы естімеген сөзім, көрмеген қорлығым жоқ. Ал, облыс, қала басшылығы мен секілді қазақ тілді қауымның құқығы аяққа басылып жатқанына селт еткен емес. Бүкіл Қазақстан шулап, менің күресімнің дұрыс екенін айтып жатса да, олардың тарапынан бір серпіліс болған жоқ.

Бұл нені білдіреді? Бұл бүгінде облыс әкімдігін басқарып отырған Боқауовтың да, қаланы басқарып отырған Әшімбетовтің де мемлекеттік тілді қолдамайтынын, оларға мемлекеттік тіл үшін жәбір көріп жүрген азаматтың жанайқайы масаның ызыңындай әсер етпейтінін көрсетеді.

Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Балашов Андрей Борисұлы мен Павлодар облысы әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаевқа соңғы үш күн бойы телефон шалып, ала алмай отырмын. Олар менен қашып жүр. Сонда не, қазақтілді азаматтар оларға екінші сортты адам ба? Мен өзімнің жеке басымның мәселесін емес, мемлекеттік тілдің жайын айтпақпын. Мен секілді азаматтарды тыңдамау арқылы олар облыстағы қарапайым азаматтардың ашу-ызасын тудырып жатыр. Мұның соңы жақсылыққа апармайды.

Қазір мені «Павлодардың бас ұлтшылы» деп әркім келемеж жасайды. Әлімжеттік көрсетеді. Бірер жыл бұрын мені облыс жанындағы тіл комиссиясының мүшесі етіп қабылдап еді. Ол кезде кез-келген тілге қатысты мәселеге бел шеше кірісуіме құқығым болды. Қазір ол комиссияға да мүше етпей отыр.

Жалпы, қазір менде 2006 жылдан бері жиналған мемлекеттік тілге қатысты көптеген құжаттар бар. Павлодарда аттаған жерде заңбұзушылық орын алады. Мұны облыс басшылығына жеткізе алмасам, олар мені тыңдаудан қашқақтай берсе, менің Боқауовты сотқа беруден басқа жолым қалмайды.

Редакциядан:  Руза Бейсенбайтегі 2006 жылдан бері Керекуде мемлекеттік тілді қорғау, ұлттық мәселелерді шешудің жолын іздестіріп белсенділік танытып келеді. Осындай белсенді қазақ қызының шырылына құлақ түрмеген Павлодар облысының әкімі Болат Боқауов, Павлодар қаласының әкімі Нұржан Әшімбетов мырзалардың не ойлағаны бар? Облыста мемлекеттік тілді дамыту барысында олар не істеп жатыр? Көшеде көрінгеннен жәбір көріп жүрген Рузаға неге көмек қолын созбайды? Жоқ, әлде оларға мемлекеттік тілдің қажеті жоқ па?

Боқауовтың жиындарда бір минут мемлекеттік тілде сөйлеп, қалған уақытын ресми тілге арнайтынын, тіпті 1920-1933 жылдардағы Сталин билеген Совет өкіметінің қазаққа қасақана жасаған геноцидінің құрбандарын еске алу жиынында құран оқытпай қойғанын жазған едік.

Боқауов "Құдайы мен тілінен безді" деуге әлі де ертерек. Десе де...

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

 

 

31 пікір