Жұма, 29 Наурыз 2024
Күбіртке 14454 55 пікір 17 Қыркүйек, 2017 сағат 12:38

Боқауов мемлекеттік тілді қорғамағаны үшін тарихта қалады

Кешелі бері тәуелсіз БАҚ пен әлеуметтік желінің назары Керекуге ауды. Заты тұрмақ аты әлі Павлодар аталып келе жатқан қаланың тұрғыны, белгілі қоғам белсендісі, тіл жанашыры Руза Бейсенбайтегі мемлекеттік тілде хабарландыру жасамағаны үшін трамвайдың жолын жаппақ болды. Ал, жергілікті әкім-қаралар белсендінің аузын жабу үшін қолынан келгеннің бәрін жасап жатыр.

Оқиға былай болған. Руза Бейсенбайтегі қаладағы 7 трамвай кондукторынан қазақ тілінде хабарлама жасауын талап еткен. Ал, 7 трамвайдың жүргізушісі "Қазақ тілі неге керек?" деп дүрсе қоя берген. Руза Бейсенбайтегі одан ауыр сөздерді де естігенін айтады. Бұған шыдамаған белсенді трамвайдың жолын жаппаққа әрекеттенеді.

Руза Бейсенбайтегі, қоғам белсендісі: 

- Мен кеше не істерімді білмедім. Трамвайдың жолын жаппақшы едім, мені қазаққа белгілі Рысбек Сәрсенбайұлы секілді тұлғалар райымнан қайтарды. Бұл бүгін ғана басталған іс емес. Мен ылғи да Павлодарда осындай әділетсіздіктің құрбаны болып келемін. 22 қыркүйекке қарай Астанадан, Алматыдан мені қолдайтын қоғам белсенділері келмек. Облыс, қала әкімдерімен солар да сөйлесіп, қаладағы тілдің жайына қатысты өз наразылықтарын білдіреді. 

Мені күйдіріп отырған мәселе мынау. Әкімдіктегілер "трамвайдың жолын жапсаңыз, Сіздің  үстіңізден қылмыстық іс қозғалады" дейді. Ал, енді "қазақтың тілі неге керек?" деп мемлекеттің заңын, мемлекеттің тілін пысқырмаған адамды, қала берді мекемені жауапкершілікке тартуға қауқарсыз. Мен өзімнің жеке басымның мәселесін айтып отырған жоқпын. Әкімдіктегілер мені кекетіп: "Тарихта қалғыңыз келе ме?" деді. Мен емес, тілін, тінін қорғай алмаған Павлодар облысының әкімі Болат Боқауов, Павлодар қаласының әкімі Нұржан Әшімбетов тарихта қалады. Осыны неге түсінбейді, олар. 

Әкімдіктегілер маған тағы хат жазыңыз дейді. Мен осы уақытқа дейін Керекудегі тіл мәселесіне қатысты 52 хат жазған адаммын. 53 хатты жазуға құлқым жоқ. Бәрібір ештеңе өзгермейді. 

Алматы, Астананың белсенділері кіріспей, бұл мәселе шешілмейтініне көз жеткіздім. 

Мені Трамвай мекемесі ертеңге шақырып отыр. Осыдан біраз уақыт бұрын осындай уақиға болғанда менен кешірім сұраған еді де, істі жылы жауып қоя салған. Бұл жолы да ана жүргізушіні қызметтен алып, менен кешірім сұрамақ ойлары бар сияқты. Енді кешірім жасай алмайды екенмін. 

Мен Рысбек Сәрсенбай секілді кісілердің сөзіне ғана тоқтадым. Қазақстанның белсенділері осы жолы Павлодарға келіп, өз ойларын ортаға салмаса, мен келер жолы ойыма алған істен тайынбаймын. 

Руза Бейсенбайтегі бізге осыны айтты. Батыр қыздың жанайқайына Боқауов пен Әшімбетов не дер екен? Солар басқарған елдімекенде қарапайым трамвай жүргізушінің өзі мемлекетке, мемлекеттің саясатына, мемлекеттің тіліне қарсы. Осы ушыққан жараның бетін ашқан Рузаны марапаттаудың орнына қылмыстық іс қозғамақ болып жүрген олардың не ойлағаны бар?

Біз ертең Боқауовтан пікір алуға тырыспақпыз. Оның да айтар ойын сайтымызда жариялайтын боламыз.

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

55 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1571
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2265
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3565