Жұма, 29 Наурыз 2024
Абай.tv 13399 10 пікір 13 Қыркүйек, 2017 сағат 10:58

«Даладағы қуғын» даладағы қырғынның басы ма?!

«Мұрныңнан тесіп жетектегенмін», «сағат тоғыз жарым», «сағат сенікі, бесатар менікі» секілді сөздерді айта бастасаң, тәуелсіздікке дейін туған буын бірден «Бандыны қуған Хамит па?» деп есіне түсіре қояды. Бұл фильмнің халық арасындағы екінші аты осылай. Шамасы, орта мектептің әдебиет пәнінде С.Сейфуллиннің осы аттас туындысы болғандықтан шығар. Титрда көрсетілмесе де, киноның негізгі идеясы осы әңгімеден алынғаны жасырын емес. Фильмнің режиссері – Абдолла Қарсақбаев, музыкасын жазған – Нұрғиса Тілендиев. Актерлік құрам да кілең «сен тұр, мен атайын» дейтін Д.Жолжақсынов, Ә.Шоқыбаев, Б.Омаров, Г.Дусматова сынды таланттардан тұрады. Қай жерінен көрсең де, соңына дейін тапжылмай отырып тамашалайтын ғажап кино еді. Табиғаты тылсым Шарын шатқалы, атақты банды Құдіре, онымен атысып, алысып жүрген қызыл өкімет өкілі Хамит – осының бәрі, енді ойлап отырсам, қазақ киносының тұңғыш та соңғы вестерні екен ғой.

Арада біраз жыл өтті. Қоғамдық құндылықтар ауысты. Кешегі жаман деп атын атауға қорқып жүрген адамдарымыз елінің қамын жеген ұлдары екен. Кешегі жақсы деп әспеттеп жүргендеріміз отарлаушы елдің итаршылары екен. Бір сөзбен айтқанда, санамыз төңкеріліп түсті. Идеологиялық тұрғыдан жарамсыз деп тапты ма, аталмыш фильмді соңғы 25 жылда көгілдір экраннан мүлде жоғалтып алдық. Осы киноны өткенде интернеттен тауып алып, көріп шықтым. Көрдім де, ғаламның жұмбағын ашқан адамдай қайран қап отырып қалдым. Сосын халқының біртуар ұлы Абдолла Қарсақбаев ағамыздың рухына басымды тағы бір мәрте ие отырып, осы мақаланы жазуға тура келді.
Картинаның қысқаша сюжеті былай: буыны әлі бекімеген Кеңес өкіметін Құдіре бастаған жергілікті бандылар тобы мойындамайды. Дүркін-дүркін шабуыл ұйымдастырып, жергілікті атқарушы өкілдерге қысым көрсетеді. Жергілікті үкіметтің аймақтық бастығы ойлана келе, бандыларды бір тоқтатса осы тоқтатар деп, Құдіреге лайықты қарсылас ретінде қызыл әскер Хамитті жібереді. Хамит батылдығы мен табандылығының арқасында тапсырманы бұлжытпай орындап, Құдіренің көзін жойып қана қоймай, соған астыртын көмек көрсетіп, дем беріп отырған Ақан шалды да құрыққа түсіреді. Бас-аяғы осы. Былай қарасаң, қызыл империяның сойылын соғатын нағыз кеңестік кино. Режиссері Абдолла Қарсақбаев ұрда-жық ұранға қосыла бермейтін, халқының арғы-бергі тарихын зерделеп пайымдаған, ұлтының адал ұлдарының бірі екен. Оған дейін түсірген «Менің атым Қожа», «Алпамыс мектепке барады» фильмдерінде саясаттың сойылын соғып, кеңес билігіне алғыс айтқан жері болмапты. Енді түсіргелі отырған фильмі мынау. Азаматтық ұстанымынан аттай алмаған ағамыз бірден Құдіре жағына шығыпты. Оны фильмнің өн бойынан, Құдіренің сөздері мен істерінен байқауға болады.
Әуелі Хамит образына келсек, Досхан Жолжақсыновты халыққа танытқан – осы рөл. Бұл образ бір қарағанда сүйкімді әрі тартымды. Адал, батыл, қайсар. Жалаңдаған қызыл әскер. Намыс пен идея үшін өлімді қасқайып қарсы алатын нағыз ерге тән мәрт мінезі бар. Бірақ адалдығы жалпы адамзатқа деген адалдық емес, басқарушы үкіметіне ғана берілген адалдық, батылдығы мен қайсарлығы ұрда-жық, әсіребелсенділік пен әпербақандыққа ұласқан адам. Оны фильмдегі Хамиттің ең бірінші сөздерінен байқауға болады.
БАСТЫҒЫ: Соңғы рет қашан жадырап күліп едің?
ХАМИТ: Есімде жоқ. (!)
БАСТЫҒЫ: Ал соңғы рет қашан жыладың?
ХАМИТ: Он үш жасымда. Асау атты үйретем деп жығылдым. Етімнің ауырғанына емес, намыстан жыладым.
БАСТЫҒЫ: Аудандық үкіметтің өкілі Сейсенбаев банды Құдіренің аяғына домалап, жылапты.
ХАМИТ: Құдіре оны атып тастап па?
БАСТЫҒЫ: Ақан шалды аяды ма, қонақ салтын сыйлады ма, әйтеуір, тиіспей кетіпті
ХАМИТ: Онда Сейсенбаевты атып таста.
Байқадыңыздар ма, Хамиттің образы осы диалогтан-ақ ашылып тұр. Жадырап күлмейді. Намысқой. Жендет. «Күн көсем» Ильичтің өзі бастап, жолын көрсетіп берген, сәбет өкіметінің сүйікті ісі – қит етсе сұраусыз атып тастау тәсілін жете меңгерген қызыл жендет.
Келесі көрініс. Хамит Құдірені іздеп, бір ауылға келіп тұр.
ХАМИТ: Совет өкіметі сендерге теңдік алып берді. Совет өкіметі сендерге жер алып берді. Совет үкіметі сендерге мал алып берді. Ал сендер Совет өкіметін бандыға сатасыңдар.
КӨПШІЛІКТІҢ АРАСЫНАН БІРЕУ: Сенің Сәбет өкіметің Құдіренің аяғына домалап, қатынша жылады.
ХАМИТ: (Ашуланып) Бұл қайсың?!
КӨПШІЛІКТІҢ АРАСЫНАН: Мен айттым. Саттар. Осында туып-өскем. Осында бала-шағамды асырап жүрмін. Ал сен кімсің?
ХАМИТ: Мен Совет өкіметінің өкілімін.
САТТАР: Сейсенбаев та сәбет өкіметінің өкілі болатын. Одан сенің артық жеріңді көре алмадық.
ХАМИТ: (көмекшісіне иек қағып) Тұтқынға ал!
Ату және қамау. Ұнамағанды ату, қарсы сөйлегенді қамап тастау. Міне, саған сәбет өкіметі!
Тағы бір көрініс. Хамит Ақан шалдың үйіне кіреді. Босағадан аттай бере айтқан сөзі: Сейсенбаев осы үйде жылады ғой!.. – Үлкенмен амандасу, бөгденің үйіне кіргенде рұқсат сұрау атымен жоқ. Қазақтың мыңдаған жылдар бойғы сақталған салт-дәстүріне большевиктердің түкіргені бар. Кез келген үйдің есігін теуіп, жүре сөйлеп кіреді. Ең қызығы, дәл осы үйге банды Құдіре де тура осылай кірген еді. – Маған аудандық өкіл Сейсенбаев керек! –деп. Символикалық тұрғыдан Ақан шалдың киіз үйін сол кездегі қазақ даласы деп алсақ, бұл үйге біресе қырып-жойып банды Құдіре кеп әңгіртаяқ ойнатып кетеді, енді, міне, әкіреңдеп қызыл әскер Хамит кеп тұр. Бандың да бір, қызыл өкіметің де бір. Бірінен бірі өтеді. Режиссер барлығын дұрыс түйіндеп тұр.
Енді, міне, Ақан шалдан Хамит жауап алып отыр. Екеуі де әр сөзін астарлап сөйлеп, арбасып отыр. Маған осы жерде Ақан шалдың қатты ұнайтын бір сөзі бар: «Сендер Құдірені жеңе алмайсыңдар, ол сәбет өкіметі секілді бөтен жерде жүрген жоқ», – дейтұғын. Түсіне білген адамға, міне, сөз! Сәбет өкіметі, қанша тыраштансаңдар да, сендер бізге бөтенсіңдер. Бөтеннің аты – бөтен, ол бөтен болып қала береді. Банды болса да Құдіре – біздің өз баламыз, – деген ойды Ақан шалдың аузымен режиссер айтқызып отырғанына күмәнім жоқ. Өйткені режиссер сценарийді қалауынша өзгерте алады. Шындығында, Кеңес өкіметі қазақ халқы үшін бөтен болып орнады, қашан да өгейлігін істеп отырды, ақыры бөтен болып қаңсып қала берді.
Енді Құдіреге келейік. Қырғыз актері Әшір Шоқыбаев келістіре сомдаған бұл образ осы фильмді бір көрген адамның мәңгі есінде қалатыны даусыз. Құдіре асқақ. Құдіре мәрт. Құдіре, өзі айтқандай, еркін даланың батыры. Шын мәнінде оны бағындыратын өкімет жоқ. Хамит сәбет өкіметі үшін жанын қиюға әзір қызыл әскер болса, Құдіре еркіндігі үшін өліп кетуге бар даланың бөрісі сияқты. Көрдіңіздер ме, қазіргінің жансыз да жасанды кинолары сияқты емес, бұл фильм қалай шиеленіседі, кесек образдар бір-біріне қалай қарсы тұрады десеңізші. Бүгінгі көзқараспен қарасақ, Құдіре – кешегі Кенесарының арманын ту еткен, еркін даланың ессіз батыры. Құдіреге керегі жалғыз нәрсе. Ол – еркіндік. Ол – тәуелсіздік.
Құдірені бәрі «банды» дейді. Кино басталғаннан-ақ «Құдіре» деген атқа «банды» деген сөз жалғанып айтылады. Банды Құдіре. Енді қараңыз, бас-аяғы бір жарым сағатқа созылатын осы фильмде Құдіре банды болып елге қоқан-лоқы жасағаны былай тұрсын, (саяси қарсыласы Сейсенбаевты қорқытқаны болмаса) тышқан мұрнын қанатпайды-ау жарықтық. Халықты қанамайды, елді тонамайды, басқа кезде білмеймін, біз көрген бір жарым сағат уақытта адам өлтірмейді. Азық-түлік пен оқ-дәріні Григорий деген бай орыстан алады. Былайғы момын жұртта шаруасы жоқ. Өзімен өзі. Ақан шалдың сақалын сыйлап Сейсенбаевқа тиіспей кетеді, ауылдың бір мыжырайған шалының сөзіне тоқтап, уысында тұрған Хамитті босатып қоя береді. Ойпырмай, бұл неғылған адамгершілігі мол, парасатты банды деймін? Мұндай адамның аңсағаны тәуелсіздік емей, не енді? Құдіренің көп сөзі цензураның қатал сүзгісінен қалай өтіп кеткеніне таңым бар. Жаман кейіпкер болған соң мән бермеген болар, әйтпесе Құдіренің барлық сөздері ақиқат. Фильм Ақан шалдың үйінде қонақ боп отырған аудандық уәкіл Сейсенбаевты іздеп, Құдіренің кіріп келуінен басталады. Құдірені алғаш көрсететін осы кадрдан-ақ режиссердің Құдіреге іштартуын байқауға болады. Құдіренің бейнесін көрсеткен сәттен бастап ерлік пен қаһармандықтың музыкасы ойналады. Бұған қоса, камераның төменнен түсіруі онсыз да бойы биік Құдірені асқақтатып жібереді-ақ. Салыстыру үшін айтайық, Хамиттің алғаш көрсетілуі бұған мүлде кереғар. Хамит жалаңаш денесімен құдықтың мұздай суына шомылып тұрады. Музыка жоқ. Камера алыстан алады. Хамиттің жүріс-тұрысы Чарли Чаплинге келіңкірей ме, қалай... Аздап күлкілі әуелі. Сонымен, Сейсенбаевты іздеп, Құдіре кіріп келеді. Сейсенбаев Ақан шалдан пана сұрап жылайды.
АҚАН ШАЛ: Қонағым ғой, Құдіре, қайтесің...
ҚҰДІРЕ: (тістеніп) Қонағым де! Қожаңдап билеп-төстегісі келеді, Сәбет өкіметімен!
Шынында, қонақтың қожаңдап билеп-төстеуі өзін «қазақпын» деген азаматтың әлі де болса зығырданын қайнататыны жасырын емес. Ендеше, Құдіреде не кінә?! Туып-өскен жеріңе бөтен біреулердің қожаңдағаны Құдіре сияқты ер-азаматқа ауыр тимегенде қайтеді?.. 90-жылдардағы аласапыран замандарда келімсектерді өз орнына қойған сол кездегі қылмыс әлемінің серкелері бүгінде халық алдында батыр саналып жүр. Ендеше, сол батырлардың алды Құдіре емес деп кім айтады? Солар осы киноны көріп өсті. Құдірені пір тұтпады деп кім кепілдік бере алады?
АҚАН ШАЛ: Шашымның ағын сыйласаңшы.
ҚҰДІРЕ: (сәл ойланып) Қымыз ішкім кеп тұр.
Шаштың ағын сыйлап, сөзге тоқтауы – қазақ жігітіне тән мәрттік пен тектіліктің көрінісі.
ҚҰДІРЕ: (қымыз ішіп болған соң) Жарайды. Бір жолға аядым сені. (Кетіп бара жатып бұрыла қап, дастархандағы кесені атып түсіреді. Сейсенбаев жылайды.)
ҚҰДІРЕ: (қарқылдап күліп) Өкіметтің жылағанын көрсем рахаттанам. Бейшаралар! Жылайды.
Құдіренің осы бір күлкісі мен мазаққа толы табалаған сөздері арқылы Абдолла ағамыз іштегі шерін бір шығарған секілді.
Құдіренің: «Сенен мен мықтымын», – деп Хамиттің мұрнынан қысып, басын бұлғақтатқызып, мазақ етуіне немесе «Сәбет үкіметі менің жетегімде жүреді», – деп қызыл әскер Хамитті ат құйрығына байлап, жалаңаяқ тентіретуіне не деуге болады? Әрине, бұл – режиссердің іштегі қыжылы. Құдіре – намыстың адамы. Фильмнің орта тұсына таман сатқынның кесірінен Хамиттің қолына түсіп қалатын жері бар. Хамитке өзін атқа отырғызып апаруын бұйырады. «Өңгеріп апарам» деп жауап берген Хамитті қол-аяғы байлаулы тұрғанына қарамастан, баспен ұрып сұлатып түсіретініне риза болмасқа шараң жоқ.
Фильмде сәтті шыққан көріністің бірі – бандылармен байланысы бар Григорий деген орыстың Хамитпен диалогы. Жаман ұлт жоқ, жаман адамдар бар. Дегенмен әр ұлттың өзіне тән мінезі бар екені ақиқат. Мысалы, орыс адамдарының кез келген уақытта астамсып өктем сөйлеуі, қырсыға жауап беретін қисық мінезі бар екені жасырын емес. Қарсы мінез көрсетіп, орнына қойған соң бірден жуаси қалатыны да белгілі.
Осы бір құбылыс режиссердің де назарынан тыс қалмапты. Үйіне кіріп келген Хамитті менсінбей сөз бастайды.
– Бейтаныс біреу үйіне баса-көктеп кіріп келсе, қожайын оған не істеу керек екенін білесің бе? Хамит мылтығын оқтап, «атам» дегенде ғана есі шығып, бар шындықты жайып салады.
Осы секілді айтар ойы ар жақта жатқан фильмнің ұтымды тұстары өте көп. Орыстың қазақ даласында «қожайын» боп кергіп отырғанын қалай дәл көрсеткен десеңізші. Ең қызығы, сол «қожайындарды» қалай орнына қойып, тәубесіне түсіруді Абдолла ағамыз бізге ишаралап айтып кеткен сияқты.
Фильмнің соңында Құдіре тұтас әскерімен қақпанға түседі. Өзі жаяулай қашып, тау төбесінен аса бергенде Хамит тапаншасымен атып түсіреді. Құдіренің өлі денесі етекке домалаған күйі Хамиттің аяғына келіп бір-ақ тіреледі. Ел мен жердің қамын жеп, алды ел тәуелсіздігі үшін, арты жеке бастың еркіндігі үшін күрескен талай ерлеріміздің барлығының дерлік өлі денесі осылай етекке домалап, қызыл әскер табанының астында тапталды емес пе? Бас көтерер ердің бәрін оққа байлаған даладағы қуғын осымен бітеді. Енді алда Хамит секілді қызыл әскерлер құрған сәбет өкіметінің қазақ халқы үшін әдейі құрған үлкен торы тұр. Ол – ашаршылық. Бес қазақтың төртеуін жалмаған бұл ұлы нәубетте Абдолла Қарсақбаев бірге туған бауырларының бәрінен айырылыпты. Қарсақбайдың он алты ұлынан тірі қалғаны жалғыз осы Абдолла екен. Содан да болар, режиссердің қазақ даласындағы алапат аштық туралы мәңгі халық жадында қалатын өшпес туынды түсіруді өмір бойы армандап өткені. Бір өкініштісі, өзі түсірген «Балалық шақтың кермек дәмі» фильміндегі (Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» повесінің желісі бойынша) аштық туралы кадрлар түгел қырқылып кеткен деседі.
Ашаршылық нәубетінен ғайыптан аман қалған Абдолла бұл қырғынға Хамит секілді ұрда-жық әсіребелсенділердің өкіметі кінәлі екенін білмей қалған жоқ. Сондықтан:
– Өкіметтің жылағанын көрсем рахаттанамын! Жылаңдар, бейшаралар! – деп Құдіренің рахаттана күлуі не болмаса Құдіренің «қызылдың сілімтігі» деп таптап тұрып айтуы Абдолла ағамыздың еркіне салсаң, қазақ халқын түгел қырып жіберуге бар қарғыс атқыр қызыл империяға деген іштегі қыжылы мен аштықтан өлген бауырларының кегі емес деп кім айтады?
Өмірінің соңғы жылдарында Абдолла ағамызға түсіруге кино бермей, мысын құртыпты. «Басым киноға толып кетті», – деп шарқ ұрып шырылдайды екен жарықтық. Тоталитарлық режимнің кесірінен кино әлемінде еркін самғай алмаған қайран режиссер бар-жоғы 56 жасында Алматы көшесінде сәкіде отырған күйі жүрек талмасынан жүріп кетіпті...

Жәнібек САУДАНБЕКҰЛЫ

"Жас Алаш" газеті 

Жәнібек Сауданбекұлы талдаған фильмді Abai.tv айдарынан көріңіздер!

10 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1582
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3616