Сенбі, 20 Сәуір 2024
Дін мен тін 6106 18 пікір 1 Қыркүйек, 2017 сағат 08:36

Елбасы Құрбан айт мейрамымен құттықтады

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүкіл мұсылман жұртшылығын қасиетті Құрбан айт мерекесімен құттықтады, - деп хабарлайды Абай-ақпарат Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Біз Елбасының құттықтауын оқырман назарына ұсынамыз.

Құрметті отандастар!

Баршаңызды әлемдегі күллі мұсылмандар үшін қасиетті Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Құрбан айт – ізгілік пен мейірбандықтың, жақсылық пен қайырымдылықтың мейрамы.

Осынау айтулы күндерде жүрегіне иман ұялаған әрбір адам жақсы істер жасауға, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созып, айналасына қуаныш сыйлауға тырысады.

Біздің елімізде Құрбан айт әртүрлі этностар мен дін өкілдері арасында өзара сыйластықтың, достық пен бірліктің бірегей дәстүрлерін сақтауға және оны нығайта түсуге ықпал етеді.

Қазақстан халқының ұлттық бірегейлігін, игі құндылықтарын, сан ғасырлық мәдени және тарихи мұраларын сақтап, одан әрі дамыта түсуге септігін тигізеді.

Біздің елімізде осынау жарқын мейрамның алғашқы күні арнайы демалыс күні ретінде жарияланып, адамдардың құрбан шалуына, аллаға жалбарынып, ізгі тілектер тілеуіне барлық жағдай жасалған.

Баршаңызды бүгінгі қасиетті мейраммен құттықтай отырып, зор денсаулық, бақыт, тыныштық, амандық пен өсіп-өркендеу тілеймін!

Айт қабыл болсын!

Abai.kz

18 пікір