Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Не дейді?! 29164 28 пікір 24 Тамыз, 2017 сағат 13:14

«ДАИШ-тың мұнай министрінің» Бекболатпен қандай байланысы бар?

Жақында ғана ҚР Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан мырзаның Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның ұлы Біләл Ердоғанмен кездескені белгілі болды. «Кездескен шығар, онда не тұр деуіңіз» әбден мүмкін. Дұрыс айтасыз. Іскерлік кездесу болған шығар-ақ. Тек оқырман, Біләл Ердоған жайлы не біледі?  оСы сұрақтың жауабына келейік.

(Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан)

Жұрт білетін Бекболат Тілеухан

Әуелі, Бекболат Қанайұлы Тілеуханға тоқталайық. Қазақ Парламентінің ең іскер депутаттарының бірі. Өнерпаз ретінде қалың қазақтың сүйіспеншілігіне бөленген Бекболат Қанайұлы Мәжіліске қатарынан бірнеше рет депутат болды. Қазір де депутат. Жер дауы, тіл мәселесінде үнсіз қалған емес. БжҒМ-ның былыққа толы реформаларын сынап, шамасы келсе, әліппені мектеп бағдарламасына қайтару мәселесіне бел шеше кіріскенін білеміз.

Мұның сыртында Бекболат Тілеухан мырза ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығын тізгіндеп отыр. Жыл сайын өтетін «Алтын Тұлпар» аламан бәйгесі де Бекболат Қанайұлының бастамасымен жүзеге асып келеді.

Айтпақшы, Бекболат мырза туралы соңғы кездері алып-қашпа әңгімелер көп айтылып жүр. Дәстүрімізге жат, дүмше діннің (кейбір БАҚ сәләфизммен байланысы бар деп айыптайды) дағуатшысы екен дегенді де жиі естиміз. Бекболат Қанайұлы бұл туралы эфирлерден сөйлеп, өзінің тура жолда екенін, айтылғандардың тек өсек екенін бірнеше мәрте мәлім етті. Бірақ, депутаттың уәжінен гөрі, жұрттың аузындағы сөз күшейіп барады.

Мұхамеджан Тазабек сүйіншілеген ақпарат

Жә, әңгіме Бекболат Тілеуханның «тура жолында» емес.

Белгілі айтыскер, кезінде елдің де, Ермановтың да сүйіктісі болған, айтыстың жаңа Сүйінбайы атанған Мұхамеджан Тазабеков. Суретті «Инстаграммға» салған осы кісі. «Асыл арнаның» директоры, дін насихатшысы т.б. Мұхамеджанның да мәзхабына қатысты мың түрлі пікірлер айтылып қалады. Әсіресе, соңғы бір-екі күннің ішінде «Фейсбукте» «Мұхамеджанды ақтау науқаны» дейтін науқан жүріп жатыр дейді жұрт.

Сол Мұхаң - Мұхамеджан Тазабек Бекболат пен Біләлдің бірге жүрген суретін жариялады.

(Мұхамеджан Тазабектің "Инстаграммда жариялаған суреті")

Е, кездескен шығар. Онда не тұр?! Біздің Бекболат Тілеуханның да, Мұхамеджан Тазабектің де жеке басында еш шаруамыз жоқ. Біз Біләл Ердоған туралы айтпақпыз.

Біләл кім? Президенттің ұлы жемқор ма?

Түркиялық БАҚ Режеп Тайып Ердоған мен оның ұлы Біләл Ердоған туралы жиі жазады. Әсіресе, Біләл Ердоғанның есім-сойы 2013 жылғы жемқорлық рейді кезінде жиі аталды.

Ол кезде премьер, қазір Түркияның президенті Тайып Ердоған: «Үлкен пара» операциясының негізгі нысаны – менмін», - деген еді. (http://www.panarmenian.net/rus/news/174445/ ).

(Әкелі-балалы Ердоғандар)

2013 жылы Анкара мен Ыстамбұлда жүргізілген операция кезінде министрлер мен үлкен лауазымды шенеуніктердің балалары бастаған 52 адам тұтқындалған. Оның ішінде Біләл да бар еді. Кейін әкесі Ердоған антикоррупциялық операцияны жүргізген 350 полицейді қызметінен қуып жіберді.

Тіпті, түркиялық БАҚ-та әкелі-балалы Ердоғандардың телефон арқылы сөйлескен жазбасы жария болды. Онда Тайып Ердоған Біләлға нұсқау беріп, үйінде тұрған 30 миллион еуроның көзін жоюды, антикоррупциялық операцияның басталғанын және бірнеше министрдің балаларының тұтқындалғанын шұғыл жеткізеді (https://lenta.ru/news/2014/04/10/erdogan/).

(Біләл мен Режеп Тайып Ердоғанның телефон арқылы сөйлескені де жария болды)

Италия Проукратурасы Біләл Едоғанға қатысты қылмыстық іс қозғаған

Британиялық «The Telegraph» ақпаратына көз жүгіртсек, Италияның Болония прокуратурасы Біләл Ердоғанның үстінен қылмыстық іс қозғап, ұрлықы ақшаны жуып-шайды деген айып таққан болатын (https://utro.ru/articles/2016/02/18/1271585.shtml).

2015 жылы Ердоған отбасымен Болонияға барыпты. Баласы Біләл «Жон Хопкинс» университетінде Халықаралық қатынастар бойынша жоғарғы диссертация қорғап,  дәреже алмаққа келген екен. Ал «РИА Новости» (https://ria.ru/world/20160218/1376817257.html) мен «КП.ру» (https://www.kp.ru/daily/26495.4/3364035/)  Ердоғанның Италияға сапарын бөлек бағалапты. Ресейік БАҚ-тың жазуынша, ақшаны заңдастыру процессін дәл осы қалада жүзеге асырған. Сондай-ақ, алда-жалда қуғындалып кетердей болып жатса, бас сауғалау үшін саяси баспана іздеп келген-міс.

Біләл Ердоған ДАИШ-тың Мұнай министрі ме?

Бейресми ортада әм шетелдік БАҚ-та Біләлді ДАИШ-тың «мұнай министрі» деп атайды. ДАИШ Қазақстанда және көптеген мемлекетте тыйым салынған радикалды, діни әм террористік қозғалыс.

(Біләл Ердоғанның ДАИШ содырларымен түскен суреті. Твиттер.)

 

Ал Президент Ердоғанның «парақор» ұлы ДАИШ содырларымен суретке түсіп, оны ашық жариялады. Сирияның жарты бөлігін басып алған содырлардың ұрлықы мұнайын Түркия билігі сатып алып отыр деген ақпарат 2015 жылы пайда болған.

Біләл Ердоғанның иелігінде «BMZ» дейтін Халықаралық транспорттық фирма бар. Міне, дәл осы фирма, ДАИШ мұнайын шетелге тасымалдаумен тікелей айналысады екен. Бұл туралы Сирияның Ақпарат министрі Омран әз-Зауби айтты (https://www.caravan.kz/news/handelsblatt-syna-ehrdogana-nazyvayut-quotneftyanym-ministrom-daishquot-360211/).

Ол ол ма, Біләлдің әпкесі Сумая ханым Сирия шекарасы маңында госпитальға қожалық етеді екен. Бұл ДАИШ содырларын емдейтін орын дейді БАҚ(http://inosmi.ru/politic/20151207/234711171.html).

Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған болса, бұл ақпараттарды теріске шығарып, егер дерек дәлелденіп жатса, отставкаға кетуге әзір екендігін жеткізді.

Не керек, түрік, орыс, неміс, британ және италиян басылымдары Президенттің ұлын «парақор», «ДАИШ Мұнайының министрі» деп атады.

Ресей мен Түркия қарым-қатынасы

Ресей мен Түркия арасындағы ұшақ дауынан кейін екі елдің баспасөзінде ақпараттық соғыс қарқын алды. Ресей ұшағын атып түсірген Түркия Қарулы күштері еді. Түркия Премьер-министрі  Ахмет Дауытұлы сөз сөйлеп, Әуе шекарасын бұзып кірген Ресей ұшағын атудағы басты себеп, Сирияның шығысындағы түркімен ауылын қорғау болғандығын ресми мәлімдеген еді.

Осыдан кейін ресейлік ақпарат құралдары зерттеу жасап, Біләлдің террористермен байланысы туралы ақпараттарды жария етті.

Сонымен, ұққанымыз – Біләл Ердоғанның теңіз жолымен де ДАИШ мұнайын тасымалдап отырғаны белгілі болды. Біләлдің қожалығында Ливандағы Бейрут пен Түркиядағы Жейхан портында жеке тұрақ бар. Сол арқылы теңізде танкерлер арқылы мұнай тасымалдап отыр деген ақпаратты «Вести» таратты (http://www.vesti.ru/doc.html?id=2691179#/video/https%3A%2F%2Fplayer.vgtrk.com%2Fiframe%2Fvideo%2Fid%2F1453249%2Fstart_zoom%2Ftrue%2FshowZoomBtn%2Ffalse%2Fsid%2Fvesti%2FisPlay%2Ftrue%2F%3Facc_video_id%3D663649).

Біләлдің содырлармен байланысы туралы ақпарат кең тараған соң, екі тарап келісімге келген болуы әбден мүмкін деген болжам да бар.

Біләл мен Бекболаттың достығы

Сөйтіп, Мұхамеджан Тазабек жариялаған суреттен не ұқтық? Біләл Ердоған арнайы шақыртумен келген. 15-тамыз күні. Шақырған – Қазақстан ұлттық спорт түрлері қауымдастығы екен. Елордадағы «жамбы атудан» Халықаралық турнирге келіпті. Мұхамеджан мырза солай деп жазды.

(Мұхамеджан Тазабектің "Инстаграммдағы жазбасы")

Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан мен Біләл Ердоғанның кездесуі қаншалықты дұрыс? Немесе Мұхамеджан Тазабектің бұл суретті жариялауына не себеп болды? Бұндай сұрақ қоюымыздың себебі: Біләлдің биографиясы кісі қызығарлық емес екені анық.

Түркия Президентінің ұлы Біләл де ұлттық спорт федерациясына басшылық ететінін ескерсек, екеуара әңгіме дәл осы бағытта өрбуі мүмкін.

Біләл байдың баласы, бай бала. Ақшасы көп. Бәлкім, Бекболат Қанайұлы «Сирия мұнайының» ақшасынан спонсорлық сұраған болар...

Әрине, Ұлттық спортқа инвестиция тарту құптарлық қарекет.  Бәлкім, Бекболат Қанайұлы Біләлдің содырлармен байланысы туралы білмеуі мүмкін. Бек құрметті Бекеңнің «менеджерлері» Біләлдің ресми, бейресми өміріне анализ жасамауы да ықтимал. Жоғарыда айтқанымыздай, депутат Бекболат Тілеуханға өшттігіміз жоқ. Құрметтейміз, сыйлаймыз. Біздікі ескерту ғана.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

28 пікір