Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Дін мен тін 5465 0 пікір 22 Шілде, 2017 сағат 14:33

Дін және сенім мәселесі – барша адамның ар-ождан бостандығына тапсырылатын өте нәзік мәселе

Ислам адамзат игілігі үшін түсіріліп, он төрт ғасыр бойына ғылым мен өркениетте өзіндік өрнек қалыптастырып, тарихи тамыры тереңге бойлаған кемел дін. Сан-салалы ғылымның дамуына ерекше екпін берген хақ дін төңірегінде бүгінде дау-дамай көбейді. Задында, бейбітшілікті ұран еткен ислам қара жалау көтерген жендеттердің құралына айналды. Қастерлі ұғымды аяқасты еткен ДАИШ дүрбелеңінің пайда болуы және исламды «терроризм» деп түсіндірудің астарында не жатыр? Бұл туралы белгілі исламтанушы Алау Әділбаев жан-жақты тарқатып айтты.


исламды терроризмге телу тоқсаныншы жылдардағы әлемде орын алған саяси оқиғалардан кейін ғана қылаң берді. Сондықтан, бұл мәлім мәселеге көп тоқталып жатпай-ақ, әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарында және террористік қарулы күштердің арасында исламға қара күйе жағу үшін қолданылып жүрген «жиһад» және «халифат» секілді ұғымдарға тоқтала отырып, мәселеге үңілейік.

Қазіргі таңда исламды терроризммен байланыстыруға ықпал еткен себептердің бірі – Исламдағы «жиһад» ұғымының бұрмаланып көрсетілуі. Араб тіліндегі жиһад сөзі «алға қойған мақсатқа жету үшін күш-жігер жұмсау», «талпыну», «тырысу» деген сияқты мағыналарды қамтиды. Жиһад сөзі батыстық ақпарат құралдарында негізгі мағынасынан бұрмаланып дін үшін жасалатын «қасиетті соғыс» деп аударылып жүр. Бұл – біле тұра әдейі жасалып отырған бұрмалаушылық.

Ислам дініндегі жиһад – дін үшін жасалатын «қасиетті соғыс» емес. Ислам кез келген діни соғысқа қарсы. Дін және сенім мәселесі – барша адамның ар-ождан бостандығына тапсырылатын өте нәзік мәселе. Адамның діндарлығы жүректегі Аллаға деген ыстық ықыласына қарай бағаланады. Сондықтан, Құрандағы «Дінде зорлық жоқ» («Бақара» сүресі, 256-аят) деген қағида ешкімді күштеп иманға келтіруге болмайтынын шегелеп тұрып көрсетіп берген. Құранда адамдар арасындағы түрлі сенімдердің болуы Алла тағаланың қалауы ретінде қарастырылған. Мысалы, «Худ» сүресінде: «Егер Жаратқан Иең қалаған болса, адамдардың барлығы бір үмбет (бірдей сенімде) болар еді. Бірақ олар үнемі әртүрлі жолды ұстануда» («Худ», 118) десе, келесі аятта бұл шындық «Егер Жаратқан Иең қаласа, жер бетіндегі адамдардың барлығы тегіс иман келтірер еді» («Юнус», 99) деп баяндалған.

Сол себепті де, Құран Кәрімде ислам дінін өз еркімен қабылдағысы келмеген адамдарға «Сендердің діндерің – өздеріңе, менің дінім өзіме» («Кафирун» сүресі, 6-аят), «Қалаған иман келтірсін, қаламаған иман келтірмесін» («Кәхф» сүресі, 29-аят) деген аяттармен қатар, пайғамбардың міндеті адамдарды дінге күштеп кіргізу емес, айтып жеткізу екеніне дәлел болар көптеген аяттар бар («Мәида» сүресі, 99-аят, «Ғашия» сүресі, 22-аят.)

Ал енді ислам тарихына көз салсақ, дінге зорлықпен кіргізу оқиғалары орын алмағанына куә боламыз. Яһудейлер өз дінінде, христиандар да өз дінінде қала берген. Мұсылмандар мемлекетінде тұратын кез келген азамат қорғауға алынды. Құлшылық орындарына тиіспеді. Бүгінде мұсылман елдерінде сонау ерте кезеңде салынған өзге дін ғибадатханаларының әлі күнге сақталып қалуы – ислам дінінің ар-ождан бостандығына қаншалықты мән бергендігінің бұлжымас дәлелі. Ал қазір өздерін «халифат» деп жариялап алып, қан көрмесе тұра алмайтын деңгейге жеткен озбырлардың зорлық-зомбылығы, өздеріне илікпегендерді шімірікпестен айуандықпен өлтірулері қай қиялдарынан туған «жиһад»? Бұл – Құдай жолында жасалып жатқан жиһад емес, Алланың дініне қарсы жасалып жатқан қиянат.

Жиһадты мұсылман ғалымдары негізінде үлкен және кіші жиһад деп екіге бөледі. Пайғамбарымыз (ﷺ) ауыр шайқастан қайтып келе жатып «Кіші жиһадтан үлкен жиһадқа келе жатырмыз» деген кезде сахабалар мұндай кескілескен, жаналысып, жан беріскен соғыстан үлкен қандай жиһад бар екен деп таң қалған еді. Шын мәнінде, мұндай соғыстар өткінші құбылысқа жатады. Үлкен жиһад деп адамның кемелдікке көтерілуіне кедергі келтіретін ең үлкен дұшпаны нәпсімен күресіне байланысты айтылған. Ал кіші жиһад көбіне материалдық тұстарды қамтиды. Сондықтан да, қолға қару алып күресу мағынасындағы жиһад «парыз-ғайын», яғни кез келген адам жасауы қажет парызға жатпайды. Ол парыз – кифая, яғни оны мемлекеттің қарулы күштері жасаса, өзге адамдардың оған қатысуы міндет емес. Ал нәпсімен болатын соғыс жан алқымға келгенге дейін бітпейтіндіктен, бұл үлкен жиһадқа саналған.

Қысқаша қайырсақ, мұсылманның өзгелермен қарым-қатынасында барлық амалдарын Алла тағаланың ризашылығы үшін жасауы осы ұғымның аясына кіреді, ал Оның ризашылығына бастайтын жолдар өте көп. Мәселен, адамзат өмірін жақсарту, қоғамда әділдікті орнату, мейірімділік таныту, білім алу, қажылыққа бару, т.б. ізгі әрекеттердің барлығы өз кезегінде жиһад саналмақ.

Бұл тұрғыдан қарасақ, қолға қару алып соғысу мұның азғантай бір бөлігі ғана. Ол діннің ең негізгі элементі емес. Оның өзінде де белгілі қағидалармен шектеліп, жүйеленген және оның басты мақсаты – зұлымдыққа қарсы тұру. Жалпы алғанда, соғыс жағдайында ешқандай құқық сақталмайтыны белгілі. Ал исламда соғыс жағдайының өзінде қатаң сақталуы қажет талаптар бар. Адамзат тарихында ислам дінінде ғана соғысқа күрделі шектеулер қойылды. Құран Кәрімде: «Әй, мүміндер! Алла үшін куәлікте туралық пен табандылық танытыңдар. Және бір қауымға деген өшпенділік сендерді әділетсіздікке жетелемесін. Әділ болыңдар. Сол тақуалыққа жақынырақ және Алладан қорқыңдар. Күдіксіз Алла не істегендеріңнен толық хабардар» («Мәида» сүресі, 8-аят) деген аят жаудың өзіне әділдік таныту қажет екенін ескертеді. Ал, «Өз­деріңмен соғысқандармен Алла жолында соғысыңдар да шектен шық­паңдар. Негізінен Алла Тағала шектен шығушыларды жақсы көрмейді» («Бақара» сүресі, 190-аят) деген аяттан мына маңызды мәселелерді аңғарамыз:

«Өздеріңмен соғысқандармен» деген тіркесте тек қолында қаруы бар адамдармен ғана шайқасып, қолында қаруы жоқ бейбіт халыққа қарсы қару көтермеу керектігі анық айтылады.

Жасалатын соғыс «Алла жолында» болуы қажет. Яғни, өзге елдерді күшпен басып алу, табиғи байлықтарға иелік ету т.б. деген секілді дүниелік мақсаттарды көздемелмейді.

Соғыс кезінде, яки біткеннен соң «шектен шықпау» қажет екендігі қатаң түрде ескертілуде.

Демек, қазіргі ДАИШ лаңкестерінің «жиһад» деп жар салған әрекеттерінен Құранның қойған осы шарттары мен мақсаттарын көре алмаймыз.

Ислам дінінде бейбітшілікті сақтауға ешқандай амал қалмаған кезде соғысуға рұқсат берілгенімен, соғыстың жалпы адамға ұнамсыз нәрсе екені мына аятта былайша баяндалады: «Сендерге ұнамаса да (керек кезде Алла жолында) соғысу парыз етілді» («Бақара» сүресі, 216-аят). Құран Кәрімде мұсылман баласына парыз ретінде бекітілген мәселелердің ішінде осы соғыс қана араб тілінде «курһ», яғни ұнамсыз деген сөзбен келген. Алла елшісі (ﷺ) бір хадисінде: «Дұшпанмен бетпе-бет келуді тілемеңдер. Алайда, дұшпанмен бетпе-бет келе қалсаңдар, сабыр етіп, табандылық танытыңдар» деген (Бұхари, Жиһад, 112, 156). Шариғат соғысты тілемеуді бұйырса, қазіргі террористер қанды қасап әрекеттерін барынша жарнамалап, жастарды арбаудан танар емес.

Пайғамбарымыз (ﷺ) хадис шәріптерінде соғысқа қатысты қатаң талаптар қойып, қолбасшыларына мынадай ескертулер жасаған: «Алланың атымен жолға шығыңдар. Алла жолында күресіңдер. Соғысатын адамдарыңмен араларыңда келісімдер бар болса, оны қадағалаңдар. Шектен шықпаңдар, соғыс кезінде өлтірген адамдарға «мүсле» (өлі денелерін тілгілеп, көздерін ойып, мұрындарын кесу) жасамаңдар. Балаларды, әйелдерді, қарт кісілерді, ғибадатханалардағы адамдарды өлтірмеңдер». Тіпті, жараланған жау әскерлерінің өзіне көмек көрсетуді бұйырып, ағаштарды, егін алқаптарын өртеуге тыйым салған (Ахмед ибн Ханбәл, Муснәд, 1/300. Әбу Дәуід, Жиһад, 82). Ислам дінінің бұл дәстүрін пайғамбарымыздан кейін келген халифалар мен мұсылман елдері басшылары қатаң ұстанып отырды. Шариғаттың осы заңдылығын ешкім алып тастаған емес. Бұл ерекше мән берерлік жәйт.

Ислам тарихындағы шайқастарға үңіліп қарар болсақ, көп адамның өлмегенін көреміз. Яғни, пайғамбарымыз зұлымдықты тоқтату үшін үлкен күш салумен қатар, бір адамның өмірін сақтап қалу үшін де өте үлкен күш-қайрат жұмсағанын көреміз. Ал қазіргі ДАИШ террористерінің бейкүнә адамдарды аяусыздықпен, өте жиіркенішті түрде қырып-жоюлары қай шариғаттан алынған?! Ақиқатында, лаңкестердің жасап жатқанының жиһад түгілі, исламға мүлдем қатысы жоқ. Олар – өздерін мұсылман санап, исламды мүлде тани алмаған сауатсыз, қараңғы, адасушылар.

Ал адам өлтіру арқылы жұмаққа кіремін деу бос қиял ғана. Бейкүнә адамдарды өлтіріп, Алла Тағаланың разы­лығына бөленемін деу барып тұрған азғын­дық пен үлкен қателік. Әрбір мұ­сыл­манның басты мақсаты – Алла Таға­ла­ның разы болатын игі істерді орындау.

Ислам соғысты барынша шектеп, әділдік пен бейбітшіліктің болғанын қалайды. Өзге адамдарды, мәдениеттерді жойып, жоқ қылуды тіптен көздемейді. Сөзімізге бұл дінді жеткізген пайғамбар Мұхаммед Мұстафа (ﷺ) мен оның ізін жалғаған ардақты сахабалардың өмірі куә. Пайғамбарымыз (ﷺ) қоғамда бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау үшін қуатты да әлсіз кезеңде де кез-келген келісім жасауға дайын тұрған. Мәселен, Хұдайбия келісімшарты қаншалықты ауыр болса да, мүшріктермен келісімге келген. Мәдинада күшті болып тұрған кездің өзінде яһудей және христиандармен келісім жасасқан. Мәдина келісімшарты – бұны дәлелдейтін ең маңызды және сонау ерте кезеңнің өзінде жазбаша түрде бекітілген құқықтық құжат.

Соғысты тек қана мемлекет жариялай алады. Кейбір құқықшылар формальді түрде ДАИШ ұйымында мемлекеттің белгілері бар деген пікірді алға тартқанымен, шындап келгенде, олардың күшпен басып алып, елді тонап, озбырлық және қорқынышпен ұстап отырған территориясы мемлекетке жатпайды. Олар өз озбырлықтарын заңды етіп көрсету үшін өздерін мемлекет, ал басшыларын «халифа» деп жариялаған.

Құран Кәрімде мемлекет билігі міндетті түрде халифат деп аталуы керек деген ешқандай бұйрық жоқ. Қала берді пайғамбарымыз (ﷺ): «Менен кейін халифалық отыз жыл ғана жалғасады. Ал одан кейін патшалықтарға айналады» деген. Демек, нағыз халифалыққа лайық кезең сол алтын ғасырдағы отыз жылдық кезеңмен шектеліп тұр.

ДАИШ-тың өздерін халифат деп жариялап, өзге мұсылмандарды бағынуға шақыруы ислам ұстанымдарына да, әлемдегі қазіргі жағдайға да еш үйлеспейді. Ислам шариғатында халифа ретінде Мұсылман үмбетінің бәріне ортақ бір өкіл саналады. мұсылман үмбеті келісу арқылы немесе жоғары деңгейдегі мұсылман ғалымдары, мұсылман мемлекетттері немесе үлкен мұсылман қауымдастықтары лайық деп тапқан жағдайда ғана халифалық жайында сөз қозғауға болады. Демек, өте жоғары маңызға ие халифаны күллі мұсылман үмбетінің шынайы жанашырлары ғана лайық көріп таңдайды. Ондай халифа таңдала қалған жағдайда бүкіл істерін Құран мен сүннеттегі Алланың бұйрықтарына сай, елді шура, яғни мұсылман үмбетінің мәселелерін шешуге лайықты тұлғалардан тұратын Кеңес арқылы басқаруы тиіс. Ал құрамында ешқандай ғалымы да жоқ, мұсылман үмбеті түгілі сол аймақта «халифат құрамыз» деп күрес жүргізіп жатқан түрлі топтардың өзі мойындамаған ат төбеліндей ғана содырлардың өздерін халифат санап, ойларына келгенін істеуі ислам шариғаты нормаларына мүлдем сәйкес келмейді. Сондықтан, ислам құқығында ерекше орны бар халифалықты террористік ұйыммен байланыстыру – исламға жасалған ауыр қиянат.

Ғалымдар халифалық міндетті атқаратын адамның бойында табылуы қажет кейбір мынадай ерекшеліктерді алға тартқан. Ол сипаттарға көркем мінез құлықты, ижтихад жасай алатындай дәрежеде білімді, жауапты міндетті алып жүре алатындай тән және жан саулығына ие, әділ болу жатады. Ал ұлты араб, құрайыш руынан, әхлі бәйттен, бейкүнә болу деген сипаттарға қатысты пікірлер біркелкі емес. Осы тұрғыдан алып қарасақ та, өз-өзін халифа жариялап алған әл-Бағдадидің аталған сипаттардың көпшілігіне мүлдем лайық емес екені анық көрінеді. Тіпті, оның осы бүліктерді шығару үшін арнайы дайындықтан өтіп, сол аймаққа жіберілген, сырттан басқарылатын «қуыршақ» тұлға екені де бәріне мәлім ғой. Қазіргі таңда Ирак пен Сирияда «жиһад» жариялап, қантөгісті басқарып жүргендердің кім екеніне қарасақ, мұның ислам игілігі үшін атқарылып отырмағанын байқаймыз. Көптеген сарапшы мамандардың пікірінше, бұл ұйымды бақылаушы һәм басқарушылар – исламның асыл мұратын елемейтін, ізгі мақсатын көздемейтін, исламға мүлде қатысы жоқ бұрынғы «Баас-тық» офицерлер.

Бұдан бөлек, Сириядағы әскери жағдай орын алмағанда, әлемдік БАҚ-та қасақана «сүннит-шиит соғысы» ретінде көрсетуге талпыныстары да болмас еді. Неге десеңіз, Хафез Асад пен Башар Асадтың кезінде де Сирияда сүнниттік ислам қысым көрген жоқ. Қайта ол жер сүннит ілімнің кең таралып, осы ғасырдың ең көрнекті ғалымдары шыққан ел еді. Бұл – мұсылмандардың арасына салынған от.

Қорыта айтарым, ДАИШ – мұсылман үмбетінің арасына арнайы салынған үлкен іріткі, исламға жағылған қара күйе. Сондықтан, «жиһад» деп сағым қуып кетіп жатқан жастар осы айтылғандардың бәрін ақыл елегінен өткізіп, салқынқандылықпен әрекет етуі, көрінгеннің қолжаулығына айналмайтын ақыл-парасатқа ие болуы қажет. Қазіргі таңда әлемге нағыз адамгершілікке негізделген, көркемдікке қазық қаққан шынайы исламды көрсете білу – ең ұлық жиһадтың нақ өзі.

Алау Әділбаев, исламтанушы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2253
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3516