Жұма, 19 Сәуір 2024
Құйылсын көшің 5464 1 пікір 2 Шілде, 2017 сағат 18:20

Қазақстанға қазақ керек!

 

Біздің елі­мізде көші-қон мәсе­лесінің сөз болуының басты себебі,  алғаш Тәуелсіздік кү­ні­нің қарсаңында Мем­­­­ле­кетіміз шетел­дегі эт­­ни­калық қа­зақ­тарды тарихи Отанына қайтару жөнінде қаулы қабылдады. Елбасы ең алғаш осы идеяны көтеріп, өзі үндеу жариялаған болатын.

Содан бері қарай қарап отырсақ, бірнеше рет заңдар қабылданды, Үкіметтік ережелер шығып жатыр. Ол да бірнеше кезеңдерден тұ­рады. Бұл идеяны, мен айтар едім, біздің Қа­зақстандағы ең маңызды салиқалы сая­сат деп. Өйткені, Тәуелсіз мемлекет құрған екенсіз, сіз ұлтыңыздың тарихына жауаптысыз және болашағына бей-жай қарамауыңыз керек. Сонда ғана бұл нағыз қазіргі мағынадағы, ұлттық сипаттағы мемлекеттің саясаты, стратегиясы болады.

Біздің мемлекетімізде сондай стратегиялар жасалып, заңдар қабылданған. Бұның ар жағында түрлі себептер бар. Басты себеп, ол әлеуметтік-экономиканың тапшылығынан емес.  Бұл пейілдің тарылуы, әрине, мен айтар едім, біздің өзіміздің ұлттық тұрғымыздан емес, белгілі бір көмескі күштердің ықпал жасап жатқанынан болуы әбден мүмкін.  Өйткені, Қазақстанның қазіргі болашағында қандай мемлекет қалыптасады, ұлттық мемлекет пе әлде азаматтық қоғам ба деген мәселелер талқыдан түскен емес. Ең басты мәселе – 5 жылдан бері қарайғы, Үкіметтің қабылдаған қаулыларында шетелдегі этни­калық қазақтардың Отанына оралуына шектеу қойылуы кедергі болып отыр. Осы кедергілердің салдарынан сол 5 жылда біз­дің елімізге «оралам», «келем» деп, өзін «қа­зақпын», «мен қазақпын», «Қазақстан үшін еңбек етемін» деген жасы бар, қарты бар, бәрінің келуіне үлкен кедергі болды да, көші-қон тоқтап, қаңтарылып қалғаны белгілі.

Әлемде жағдай өзгеріп жатыр. Бір ғана ақиқат бар: «көп қорқытады, терең батырады», – деген. Демек, мемлекет құрушы ұлттың халқы сол мемлекетте негізгі басымдыққа ие болмайынша, ол мемлекетте Тәуелсіздікті орнықтыруға кепілдік жасау өте қиынға түседі. Бұл тарих дәлелдеген факты, ақиқат.

Өткен жолы ғана қабылданған Заңды қай­тадан қарап, өзгерістер енгізді, көптеген қоғамдық сала өкілдерінен пікір алынды, ұсыныстар қабылданды. Қазіргі заңымызға біраз жігіттер ат салысқанының арқасында, этникалық қазақтардың елімізге келгені бар, келейін деп жатқаны бар, ойланып жатқаны бар, солардың арыз-армандарын айту нәти­жесінде қазіргі жоғарыға танымдық өз­геріске байланысты, жаңа Заңның көптеген тиімді жақтары бар.

Елбасымыз біздің бас­ты идеологиямыз «Мәңгілік ел құру» деп айтты. Әзіргі мәселе, осындай «Мәңгілік елді» қалай құрамыз? «Мәңгілік ел» менің түсінігімде, бүкіл дүниежүзіндегі қазақтарға ортақ арман, ортақ міндет болу керек. Осы «Мәңгілік ел» үшін елде және шетелде тұрып-ақ еңбек етуі тиіс. Әрине ең жақсысы еліне келіп тоғысу арқылы, еліне келіп елдесу арқылы

Қазақстанның әлеуметтік-экономикасы мен тәуелсіздігін нығайтуға үн қосу керек деп есептеймін. Өзін қазақ деп таныған болса, бәрімізде қазақ деген таным болса, қазақтардың бір ғана Тәуелсіз мемлекеті ол Қазақстан деп таныған болса, осы Қазақстанда мен өмір сүрем, еңбек етем деген арманы болса оны неге қабылдамасқа. Демек, мұндай танымға келудің өзі үлкен мәселе. Әзір шыны керек, біздің қоғамда халық заты қазақ болғанымен, шын ниетімен «қазақпыз» деуден әлі де намыстанатындар бар.
Жөні келсе, біраз қаржысы болса, пәлендей мемлекетте өмір сүргісі келе­тіндер жоқ емес. Ал, соған қарағанда, елім деп еңіреп, келем дегенге неге жол ашпасқа. Әзір әлемдік жағдай тіпті күрделі. Әзіргі әлемде түрлі дағдарыстан босқындар көбейді. Көптеген болжамдар бар, Қазақстанды игеру үшін аз дегенде 60 млн. адам керек. Ал, 60 млн. адамды қайдан біз жеткіземіз. Мұндағы мәселе ол 60 млн. ба? Ол қандай мақсатта жасалды? Қандай ниетте жасалған үгіт-насихат? Әзірге оның жөні бір басқа.

Ең маңыздысы, қазіргі кезде қазақтарға бірігу, тұтастану, ұлттық бірегейлік керек. Сонда ғана біз еліміз бен жерімізді сақтай аламыз, Тәуелсіздігімізді нығайта аламыз, әлемдік экономикамызды дамыта аламыз. Ол абсолютті ақиқат. Олар келем деп тұр, әзірге ешқандай квота, экономикалық көмек сұрап жатқан жоқ. Тек қана кішкентай мәселелерді шешу ғана қалды.

Не үшін этникалық қазақтар Қазақстанға келуі керек? Бірінші кезекте, біздің Қазақстанға Тәуелсіздікті нығайту үшін, әлеуметтік даму үшін, біртұтас ел болу үшін, «Мәңгілік елдің» негізін қалау үшін керек. Осындай стратегиялық маңызы бар тұрғыдан қарайтын болсақ, келем дегендерге кең жол ашу керек. Енді, қазіргі жағдайда сіз келмесеңіз басқалар келеді. Өзің келмесең, басқа сенің орныңды басады, ертең жағдай басқаша болады. Ол түрлі тәсілдерменен жүзеге асырылады. Сондықтан, бізде бос орын болмай, шекара аумағындағы ауылдар қаңырап қалмауы керек. Оны біз әзірге жоғарғы ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан, мемлекеттің стратегиясы тұрғысынан ойланатын, түсінетін кез келді деп есептеймін.

Нәбижан Мұқамедқанұлы

Abai.kz

1 пікір