Жұма, 19 Сәуір 2024
Дидар-ғайып 5968 2 пікір 26 Шілде, 2017 сағат 09:39

Ойлы қаламгер

Қаламы қарымды журналист, ойлы жазушы, ғалым, мерзімдік баспасөз жұмысының білікті ұйымдастырушысы, іскер басшы Жұмабек Омарұлы Кенжалин өмірден өтті... Оқыс қазасы қаламгерлер қауымының қабырғасын қайыстырып кеткен әріптесім хақында өз пікірімді білдірмекке бекінгенімде, менің  ойыма мыналар келді...

Жоспарлы экономика дәуірінде біршама алаңсыз өмір сүріп жатқан мерзімдік басылымдардың базар экономикасы табалдырықтан аттай бергенде-ақ қиындықтарға ұшыраса бастағаны мәлім. Мемлекеттік тәуелсіздікпен бірге экономикалық реформалар кезеңі туғанда газет-журналдардың тыныс-тіршілігі, қаржылық тұрғыдан қарағанда, күрт ауырлап кетті.  Мұны аңдап отырған үкімет (әрине, тиісті ведомство, министрлігі арқылы), жағдайды сауықтыру мақсатымен, баспасөз саласына бірқатар өзгерістер жасады. Әуелі жиырма бес басылымды іріктеп, мемлекет қамқорлығына алды. Оның соншалықты тиімді тәжірибе емес екені байқалғанда,  акционерлік қоғамдар құру мәселесін алға тартты. Сол шақта,  1999 жылы, «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», «Ұйғыр авази» газеттері мен «Жұлдыз», «Простор», «Ақиқат», «Мысль» журналдарын біріктірген «Қазақ газеттері» акционерлік қоғамы шаңырақ көтерді.  Кейінірек жауапкершілігі шектеулі серіктестікке айналдырылған осы ұйымды басқару Жұмабек Кенжалинге тапсырылған болатын. Бұл министрлік тарапынан өте дәл жасалған кадрлық тағайындау еді. Өйткені Жұмабек ауыртпашылығы шаш-етектен боп тұрған заманда уақыт талабына төтеп бере алатын жаңа ұжым құруға және оны қиындықтан алып өте алуға қабілеті жететінін соған дейін танытып үлгерген азамат қатарынан-ды.

Мен Жұмабекті республикамыздың бас газеті  «Социалистік Қазақстанда» (қазіргі «Егемен Қазақстан») 80-ші жылдардың орта шамасында бірер жыл қызметтес болған кезімізден білетінмін.  Ол «СҚ»-ға университетті бітірісімен келген. Ал билеуші партия ұйымының органына ол кезде кім болса соны, әсіресе жоғары журналистік оқуды енді ғана тауысып жатқан жас түлекті, алдын-ала жақсы білмесе, бірден қызметке қабылдай қоймайтын. Ал осынау сыпайы, мәдениетті, қаршадайынан ақырын сөйлеп, анық басатын, қаламы қарымды жас жігіт ересек ұрпақтың назарын өзіне студент шағында-ақ аудартқан еді. Ол қалам тербеуін мектеп шәкірті кезінде балалар газетіне шағын мақалалар жазып тұрудан бастаған екен. Журналист болуды балалық шағынан қалағаны анық. Бірақ журналистика факультетіне түсудің сәті бірден келмейді. Қайыңды мектебін тамамдап, кәмелеттік аттестат алған жылы конкурстан өте алмай қалады да, еліне оралып, екі жыл бойы түрлі жұмыс істейді. Қостанай облыстық газетінің ең қарапайым, техникалық қызметін атқарып байқайды, одан Арқалық ауданындағы туған ауылында шаруашылық жұмысшысы, электр-дәнекерлеушісі, сосын орта мектептің мұғалімі болады. Сонда жүргенінде әскери борышын өтеуге шақырылады. Содан тағы екі жыл совет әскері қатарында қызмет етеді. Сөйтіп, жоғары мектепке (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне) әскерден оралғаннан соң бір-ақ түседі. Аңсаған журналистік оқуға қолы жетісімен,  Жұмабек білім алу жолында ерекше құлшыныс танытыпты. Озат оқыған, қатарынан озық болған.  Жастар мен студенттердің түрлі форумдарына қатысу құрметіне ие боп жүрген. Сондай ерекшеліктерінің  арқасында университеттегі ең биік те бағалы шәкіртақы – лениндік стипендия алып тұрған көрінеді. Оқуға, өмірге, қоғамдық жұмысқа саналы да кемел көзқарас таныта білуі нәтижесінде, үшінші курс студенті Жұмабек Кенжалин Алматы қалалық халық депутаттары кеңесіне депутат боп сайланады.

Бұл сенім Жұмабекті одан сайын есейте түсті. Жаңа да жауапты мәртебесіне сай әрекет етуді үйренді. Студент-сайлаушылар аманатын орындау мақсатымен, қаладағы өкімет орындарына кіріп, жергілікті билік алдына қажет мәселелер қойып отырды. Өзінің депутаттық құқтарын орнымен қолдануы нәтижесінде, ол жоғары оқу орнындағы  әлеуметтік-тұрмыстық мәселелердің шешімін тосқан түйіндеріне, студенттердің материалдық және тұрмыстық жағдайына, университет маңын жағдайластыру қаекенжеттігіне биліктік назарын аударып, көңіл бөлдірді.  Жас депутат өзекті мәселелердің шешімін табуына осылай, кәдімгідей септігін тигізіп жүрген екен. Оқи жүріп осындай мектептерден өткен университет түлегінің журналистік еңбек жолын еліміздің нөмірі бірінші газеті редакциясында бастауы үлкен сәттілік болды. Ол мұндағы аға буын қаламгерлер арасында бес жылдай істеп, көп нәрсе үйренді, жазу шеберлігін шыңдады. Содан соң жастардың ғылыми-көпшілік «Білім және еңбек» (кейін «Зерде» деп аталған) журналында жауапты хатшы, бас редактордың міндетін атқарушы болды. Сосын тәуелсіздік қарсаңында ашылған тұңғыш та соңғы парламенттік орган – «Халық кеңесі» газетінің қаз тұрып, тез танымал болуына атсалысты. Ол мұнда бас редактордың орынбасары, бірінші орынбасары, бас редакторы лауазымында істеді. Бұдан кейін оған әуелі қоғамдық-саяси «Ақиқат» журналының, содан соң жазушылардың «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы тізгіндері сеніп берілді.

Міне, осы соңғы қызметінде істеп жүргенінде, оған жоғарыда айтылған серіктестікті құру және жұмысын жолға қою міндеті тапсырылған еді. Жаңа құрылым басылымдардың қаржы тапшылығы салдарынан жарыққа шығу мерзімі бұзыла бастаған, журналистердің еңбекақыға уақтылы қолы жетуі зар болған кезеңде дүниеге келген. Сол орайда Жұмабек Омарұлы Кенжалинге және ол жасақтайтын жаңа құрылымға артылған міндет те, сол міндет үдесінен шығу үшін атқарылуы тиіс ұйымдық жұмыс та шаш-етектен-тін. Жұмабек қиындықтан қаймыққан жоқ. Өзін байыпты, салмақты, әр қадамын ойланып жасайтын байсалды басшы ретінде таныта білді. Редакциялардың ішкі ұжымдық және шығармашылық жұмыстарындағы дербестігіне қол сұқпай,  олардың басқарылуы мен материалдық-техникалық базасының және қаржысының бір орталықтандырылуына қол жеткізді.  Түрлі мекемелермен, оқырмандармен жүйелі байланыстар жасап, кездесулер өткізіп тұру жолымен басылымдарды танымал ете отырып, тұрақты қаржы көзін көбейту және нығайта түсу шараларын жүргізіп тұруға ерекше мән берді. Қажырлы еңбек етудің арқасында, ол өзіне жүктелген ауыр жұмысты ойдағыдай шешіп шыға алды. Атап айтатын бір жәйт, Жұмабек «Қазақ газеттері» серіктестігінің үлкен ұйымдастырушылық қабілетті, қыруар жігер мен уақыт жұмсауды талап ететін  жұмысын басқара жүріп, қаламгерлік машығынан жаңылған жоқ. Аз жазса да, саз жазды, әрі қалам сілтесінен ғылыми ойға бейімдігі аңғарылып тұрды. Ол шынында да, негізгі жұмысымен қатар, ғылыммен шұғылдануға да уақыт таба білді. Бұқаралық ақпарат құралдарының отаншылдық сезім қалыптастырудағы рөлін терең зерттеп, ғылыми диссертация жазды. Диссертацияны ойдағыдай қорғап, саяси ғылымдар кандидаты сынды ғылыми дәреже алды.

Мен Жұмабек Кенжалинмен араға жиырма шақты жыл салып, екінші рет қызметтес болдым. Бұл жолы оның қарауында істедім деуім дәлірек шығар. Өйткені мен «Қазақ газеттері» серіктестігі құрамында жаңадан ашылмақ журналда жүмыс істеуге оның бас редакторының шақыруымен келген едім. Былай болған. Белгілі публицист, қоғам қайраткері, кеңес дәуірінде орталық партия комитетінің идеологиялық бөлімінде нұсқаушы, бөлім меңгерушісінің орынбасары және бірінші орынбасары тәрізді жауапты қызметтер атқарған, Көкшетау облыстық партия комитетінің хатшысы, Алматы жоғары партия мектебінің, тәуелсіздіктен кейін саясаттану және басқару жоғары мектебі атанған оқу орнының ректоры болған, философия ғылымдарының докторы, профессор Әбдеш Қалмырзаев  кейінгі он шақты жыл бойы серіктестік құрамындағы орыс тілінде шығатын қоғамдық-саяси журналды басқарып келе жатқан. Әбекеңнің зейнет жасына жеткендігі ескерілсе керек,  биліктің ұйғарымымен, оның бас редакторлық орны оппозициялық жұмыстардан бас тартқан жігіттердің біріне берілмек екен. Ал Әбекеңе тап сондай қоғамдық-саяси журналды қазақ тілінде шығаруға рұқсат етіліпті. Соған байланысты ол мені өзімен бірге жұмыс істеуге шақырып еді. Оның ұсынысын серіктестік басшысы қолдаған екен, мен сөйтіп, аты да, заты да жоқ жорымалы журнал басшысының орынбасары боп шыға келгенмін.  Ертеде «СҚ»-да қатар қызмет істеген журналист Жұмабекті мен сонда өзім үшін тың қырынан, салмақты да сабырлы, әр нәрсеге байыппен қарайтын, сындарлы, байсалды, білікті басшы ретінде таныдым. Серіктестіктің бас директоры Жұмабек Кенжалин әлі еш нұсқасы жоқ журналды жасап шығуы үшін Әбекеңе қолынан келген барлық жағдайды жасап тұрды. Әбекеңнің «Мысль» журналының бас редакторы лауазымында жұмыс істеп келген бұрынғы кабинетін қабылдау бөлмесімен, хатшы-машинисткасымен, қызмет көлігімен  өзінде қалдырды.  Және, әрине, бұрыннан алып келе жатқан айлығын сақтады. Соларға жұмсалатын қаржы көзін таба білді. Біз жаңа басылымға «Жаңа ғасыр» деген ат беріп, тиісті құжаттарын әзірлеуге кірістік. Жұмабек онымызды қуаттады, журналдың тіркеуден өтуіне қамқор болды. Министрлік тарапынан бөлінген қаржы түскенше, «Жаңа ғасырдың» дайындалған сандарының жарық көруіне жәрдем беріп тұрды.

Бұл кезде тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қызметкерлерінің еңбекақы алуы, басылымдарының жарық көруі мұң болып қалған «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Жұлдыз», «Простор» журналдары «Қазақ газеттері» серіктестігінің арқасында қайта қоңайған болатын. Сол шақта оларға Жазушылар одағы қожайын болғысы келетін ниет танытып, үлкен шу көтерді. Жұмабек Омарұлының білікті басшы парасатымен мәселенің қыр-сырын Жазушылар одағы хатшылығына түсіндіруге тырысқанын мен сонда көргенмін. Алайда аналар жөн сөзге тоқтайтындар қатарынан емес-тін. Өзімнің қаламгерлер ұйымында қызмет атқарған жылдарымдағы тәжірибеме байланысты,  менің бұған анық көзім жеткен. Жазушылар одағының жаңа басшылығы заман талабын дұрыс ұқпаған, ескіше өмір сүруден айрылғысы келмейтін, кеңестік дәуірдегі масылдық пайымда қалған қызметкерлер қатарынан еді. Совет заманында шылқып күн көрген одақ тәуелсіздік кезеңде де сондай болуға тиіс деп ойлайтын. Алайда нақты шындықтың басқаша екенін, өкімет базар экономикасын қабыл етті, ендігі тіршілікте жазушылардың да соған көндігуі әм бейімделуі керек дегенді түсіне қоймайтын. Уақыт алға шығарған жаңа талаптарға байланысты, тәуелсіздіктің алғашқы жылында-ақ, жазушылардың шығармашылық одағына үкіметтен, әдеби қорына орталық қордан құйылатын қаржы көзі тоқтаған. Сондықтан одақтың тәуелсіздік қарсаңында сайланған басшылығы алдымен, қаржылық тығырықтан оп-оңай шығып кетсек деген үмітпен, өзінің және әдеби қордың ғимараттарын коммерсанттарға жедел басқаруға берген. Әрине, қатты қателескен. Артынша түзетуге тырысты, бірақ бұл әрекет ұзаққа созылған соттасулар салдарынан, жарғылық қызмет ету мерзімін тұтас алды деуге болады. Ақыры, сот шешімімен коммерсанттардан ғимараттар қайтарылды. Одан арғы жағдай дұрыс өрбу үшін, жылжымайтын мүліктің бәрі әдеби қорға берілді. Одақ пен қор өзара қызметтестік келісімшарт жасады. Онда одақтың шығармашылық және қоғамдық шаруалармен шұғылданатыны, ал әдеби қордың шаруашылықты ұтымды жүргізу арқылы одаққа және жазушыларға материалдық, әлеуметтік-тұрмыстық жағдай жасауға тырысатыны белгілеген-ді. Алайда материалдық игілікті өз қолына алмайынша, атқарар жұмысының жөн-жобасын көзіне елестете де алмайтын жаңа басшылық оны мойындаған жоқ. Түрлі әдіс қолдану арқылы заңдылықты белден басып, әдеби қорды жойды. Есесіне коммерсанттармен бетпе-бет қалды да, өздерінің айтуы бойынша, олармен үш жарым жыл соттасты. Ең ғажабы, мұндай қиындыққа ұшырауларын олар өздерінің құқықтық тұрғыдағы сауатсыздықтарынан емес, өздеріне дейінгі одақ басшыларынан көрді. Жұмысты жазушылардың қос ұйымын сақтай отырып дамытудың орнына, заман туғызған құқықтық сана биігінен көріне алмай, өздерінің қайткенде бар билікті бір қолға шоғырландырған дөкей бастық болғысы келген қате пиғылы жетегінде әрекет етті. Соның салдарынан туған қате көзқарастарын жалаулатып, өздері ойлап тапқан жалғандықты аспанға көтере даурығумен жүрді. Басылымдар мәселесінде де тап соған ұқсас жағдай орын алып тұрған. Одақ кейінгі жылдары жағдайлары тұрақтанып, уақтылы шығып келе жатқан газет-журналдар енді «өзімізге қайтарылсын, ол баяғыдан біздікі болатын» деуге көшті. Бірақ оларды қайтіп қаржыландыратынына ой жүгіртпеді.  Іс жүзінде, материалдық тұрғыдан қарағанда, бұл газет-журналдар ешқашан одаққа тиесілі болған емес. Рас, шекелеріне одақтың органы екені жазылып қойылатын, бірақ оларды шығаруға, қызметкерлеріне еңбекақы беруге орталық партия комитетінің баспасы жегілген-тін, ал одақ бюджеттен қаржыландырылатын. Тәуелсіздік кезінде жағдай өзгерді. Жазушылар одағына қаржы әуелде тек ғимаратты ұстап тұру үшін ғана бөлініп, артынан ол да доғарылды. Содан одақ тек ғимарат бөлмелерін жалға беру жолымен күн көре бастады. Ал басылымдарды баспа министрлігі қаржыландырып, алғашқы кезде одақ пен редакция ұжымын министрлікпен қатар құрылтайшы етіп көрсетіп жүрді де, ұзамай одақты да, редакция ұжымын да, қосатын материалдық үлесі жоқ болуы себепті,  құрылтайшылықтан мүлдем алып тастады. Одан кейінгі кезеңде, жоғарыда айтқанымыздай, министрлік бірнеше басылымның басын қосып, дербес құрылым жасады. Жұмабек міне осыны – сол шақтағы жағдайды, жасалған өзгерістің мәнісін талапкерлерге түсіндіріп-ақ бақты. Арнайы өткізілген мәжілісте одақ басшыларына ұстамды түрде, салиқалы дәлелдер айтып, өзі серіктестік басшысы болып тұрған кезінде орынсыз өзгеріске жол берген жоқ.

«Қазақ газеттері» серіктестігіне кіретін басылымдардың бәрі мерзімдік шығу кестесінен ауытқымай шығып, ал қызметкерлері еңбекақылар уақтылы алып тұрды. Бұл тұрақты ахуал серіктестік басында тұрған жібек мінезді, байсалды, алға тартылған мәселелерді шешуде табандылық пен шыдамдылық көрсете білетін кәсіби білікті қайраткер Жұмабек Омарұлы Кенжалиннің арқасында орнады. Оның  «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры ретінде редакторлар кеңесіне де төрағалық еткені мәлім. Мен «Жаңа ғасыр» журналының алғашқы қадамдары кезінде өзімнің онымен шамалы уақыт бірге істеген уақытымда көргенімнен білем, ол газет-журналдардағы шығармашылық бағытты бақылап, жаңа ізденістер ауқымын кеңейту, оқырманмен байланысты түрлендіру жағын айтып, қадағалап отырды, бірақ басылымдар жұмыстарына цензуралық сипаттағы шектеулер жасаған емес. Айтулы даталар қарсаңында редакцияларды арнайы аралап, құттықтап шығатынын, қызметкерлерге ішкі жағдайды, серіктестіктің келешекте атқармақ істерін  баян етіп, жылы әңгіме айтып кететінін және сол қарапайымдығы үшін журналистердің оны қадірлейтінін мен өзім көргенмін. Серіктестікке жетекшілік қызметі өз алдына, қаламгер Кенжалин оқырман қауымға әр жылда «Желкілдеп өскен құрақтай», «Шындықты шырақ етіп ұстаңыз», «Ұлт рухын ұлықтаған ұрпақпыз», «Саяси менеджмент және баспасөздің жұртшылықпен байланыс мәселелері», «Ер Жәуке мінбегенмен алтын таққа», т.б.  кітаптарын ұсынған. Ұйымдастырушылық жұмыстары мен шығармашылық табыстары әрдайым оң бағаланып келді. Ол Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлығының, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері болған. Жақсы атақтары да бар: Қазақстан Журналистер академиясының толық мүшесі, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері. Мемлекеттік марапаттар да алған: «Құрмет» орденінің, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 20 жыл» медалінің  иегері.

Тамаша публицист, маңызды тақырыпты зерттеген ғалым, баспасөз саласындағы білікті жетекші Жұмабек Омарұлы Кенжалин жайында түйгендерімді оны білген барша замандастардың өзегін өртеген осы қайғылы күндері ортаға сала отырып, нұры пейіште шалқуын тілеймін. Қош, бақұл бол, қадірлі қаламдас, асыл азамат!

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ

Abai.kz

 

2 пікір