Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Туған жерге туың тік! 8050 3 пікір 26 Шілде, 2017 сағат 08:16

Ер Кейкі еліне сапар

Жалаулыдағы Кейкіге қойылған белгі

1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс басшыларының бірі Нұрмағамбет (Кейкі) Көкембайұлының Санк-Петербургтегі Кунскамера сақталған бас сүйегінің елге оралуы ел арасында елеулі оқиға ретінде бағаланды. Әсіресе, Тобыл-Торғай өңірінде ерекше аталып өтуде. Биыл Қостанай облысының рухани өмірінің өзегін шартты түрде «Кейкі батыр жылы» деп атауға да болады. Елімен қайта қауышқан Кейкі батырдың есімін ардақтау мақсатында облыс көлемінде ауқымды істер атқарылуда. Сондай істер қатарына батырға жаңа кесене тұрғызу, бас сүйекті жерлеу рәсімі, ғылыми-ағартушылық экспедиция ұйымдастыру, ғылыми-теориялық конференция өткізу жұмыстары белгіленген.

Экспедицияның эмблемасы

Сол жұмыстардың бір парасы ретінде шіліңгір шілде айының орта шенінде қатысты ел арасында сақталған деректерді жинау, аты аңызға айналған батырдың туған, қайтқан жері, халық көтерілісінің айтулы оқиғалары өткен өлкеге сапар жасау, даңқты тұлға қатысты елімізде, облыс көлемінде жүргізіліп жатқан іс-шаралардың мән-маңызын түсіндіру мақсатында құрылған ғылыми-ағартушылық экспедициясы Қостанай облысының оңтүстік өңіріндегі Наурызым, Аманкелді, Жанкелді аудандарына сапар жасады. Экспедиция Қостанай облысы Ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен қолға алынған «Ұлы Дала тұлғалары» жобасының шеңберінде жүзеге асырылды. Жоба Елбасы Н,Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында міндеттелген мақсаттады жүзеге асыруды көздейді.

Экспедиция құрамы Қостанай облысының жоғары оқу орындарының белгілі ғалымдары мен ғылым жолындағы ізденуші шәкірттерінен, танымал өлкетанушы тұлғалардан жасақталды. Экспедиция Кейкі батырға қатысы бар тарихи мекендерді аралап, Торғай өңірінің жұртшылығымен жүздесті. Жүздесудің басы Кейкі батырдың туған өлкесінен бастау алды.

Экспедиция құрамы жол алдында

АМАНТОҒАЙ - ТАСТЫ. Амантоғай – жолайрықта тұрған кент. Қостанайдан немесе Арқалықтан Торғай бағытына тартылған күрежол осы кент тұсында екіге айырылады. Қостанай жақтан келгенде, жолдың бір бағыты жасампаз Арқалыққа, екіншісі қарт Торғайға қарай бұрылады. Ал Арқалықтан келгенде, Торғайға бағытталған жолдан Қостанайға қарай бүйірден бағыт шығады. Арқалық-Амантоғай бағытындағы жолда кездесетін Тасты өзенінің бойы - Кейкінің туған жері.

Амантоғайда экспедиция мүшелері өлкенің тарихын терең білетін Мұхтар Қоден ақсақалмен арнайы кездесіп, сұхбат алды. Мұхтар ақсақал –  кезінде ел басқарған қызметкер кісі. Ол Аманкелді бастаған ұлт-азаттық көтеріліс және оның басшыларының бірі Кейкі батыр туралы мол мағлұмат берді. Ақсақал – даланың тарихын көкірегіне тоқыған, жадына сақтаған  шежіре қарттардың соңғы тұяғы сынды тұлға екен. Оқиғаларды сай-саласымен саралап, баппен, жүйелеп сөз саптайды. Мұқтар ақсақалдың әңгімесінеңғ ұзын сонары мынадай: Кейкінің шын есімі – Нұрмағамбет. Мұрны (танауы) қайқы болғандықтан жеңгелері «Қайқы, яғни Кейкі» атап кеткен. Енді біреулер оны аңшылық желігімен елден жырақ кетіп, сайғақ жүріп «кісі киіктеніп» кеткендіктен Кейкі атанған деседі. Анығы лақап есім бұл кісіге жеңгелерінен ауысса керек. Өйткені батыр елден жырақ кеткенге дейін-ақ Кейкі мерген деген лақаппен даңқы шыққан. Кейкі батыр - азаматтық соғыстың салдарынан туындаған тағдыр тәлкегінің құрбаны. Аманкелдінің – ең сенімді серігі. Сардардың мергендер тобын басқарған. «Аманкелді – көз мерген, Кейкі - қол мерген» деген сөз қалған. «Қол мерген» дегені, Кейкі көздемейді, қолын бағыттаса болды - атқан оғы нысанаға дәл тиеді екен. Халықтың қамын ойлаған, мұңын жоқтаған Ер Кейкі елге тізесі батқан кісілерге «ақ», «қызыл» деп айырмай, қаруын кезеп, кек алуға ұмтылған. Сол себепті ол жаңа орнаған кеңес үкіметі тарапынан «бандит», «қарақшы» деген кесім шығарылып, қудалауға ұшырап, елден жырақ кетіп, бірнеше жылдар бой тасалап жүреді. «Қарақшы», «бандит» атанады. Ақырында Әліби Жанкелдин кезінде көтеріліске белесене қатысқан, Аманкелді мен Кейкінің қандыкөйлек жолдасы, қарулас досы А.Токарев деген кісіден Кейкіге хат жазып, оған өз еркімен кеңес үкіметіне берілген жағдайда кешірім жасалынып, оның ел қатарында өмір сүруге болатындығын айтады.  А.Токарев - Торғайда туып өскен, қазақшаға судай орыс кісі. Кейкі батыр келісіп, онымен бірге Торғай бекінісіне қарай бет алады. Жолда, Торғайға 30 шақырымдай жер қалғанда, Нұршабайдың Әбдіхалықы деген ауқатты кісінің үйіне қонады. Әбдіхалық Кейкіге: «Токараевтің сөзіне бекер сеніп бара жатырсың, Торғайға барған Аманкелдінің тағдыры не болғанын білесің? Сені түрмеге жабады, болмаса атып тастайды»,- деген сөздерді айтады. «Батыр аңғал» деген, Кейкі Торғайдағы кеңес үкіметінің кеңсесіне бару ойынан бас тартып, ұйықтап жатқан Токаревті атып тастап, сахараға қашады. Оның артынан қуғыншы отряд шығып, аңдып жүріп, Жыланшық өзенінің маңында Сүтемгеннің Жакені  деген кісінің қыстауын паналап жатқан Кейкіні қоршауға алады. Екі ортада болған атыстың салдарынан Кейкі қатты жараланады. Батырдың басын кесіп алып, Торғай бекінісіне алып кетеді. Денесі сол Жыланшықтың бойында қалады. Кейкінің тірліктегі ерлікке толы ғұмыры осылайша аяқталады.

Ал Ер Кейкінің ерлік ғұмыры басталғанға дейінгі балалық, жастық шағы Тасты өзенінің бойында өткен. ХХ ғасырдың басында Торғай өңірінде алты болыстан қыпшақ және арғын рулары, бір болыс найман елі жайлаған. Тастыға жақын жерде Найманның Бағаналы атасынына тарайтын Құтан әулиенің мазары бар. Батырдың жары Ақжан Найман руының қызы болған деседі. Тастының бойына батырдың Кейкі батырдың қос мазары бар. Бірі – ертеректе кеңес дәуірі тұсында Кейкінің ағайын ұрпақтары тұрғызған көне мазар, екіншісі - Кейкінің елге оралған бас сүйегін жерлеу мақсатында жаңадан салынып жатқан сәулетті кешен.

Көне кесенеде Кейкінің қилы, ауыр тағдырынан хабар беретін мазмұнды, мағыналы жыр шумақтары жазылған белгітастар бар. Ескі мазардан қол созымдай жерде жаңа мазар салынып жатыр. Жоспар бойынша, жаңа кесененің биіктігі 15 метрге жуықтайды. 16 бағанадан тұратын, алды төрт бұрышты, артқы жағы дөңгелек пішінді күмбезді ғимарат. Он алты бағана - көтеріліс болған 1916 жылдың рəмізі. Иншалла, мазар еңселі, сəнді болғалы тұр екен. Кейкі батырды бас сүйегімен қосып қайта жерлеу шараларын ұйымдастыруға дем беріп жүрген облыс əкімі Архимед Мұханбетовтің атқарып жатқан істерінің бір парасы - бұл.

Мұқтар Қоден ақсақал

Кейкіге тұрғызылып жатқан жаңа кесене

БАТПАҚҚАРА. Батпаққара - қазіргі Аманкелді кентінің тарихи атауы. Мұнда 1916 жылы патшаға қарсы ұлт-азаттық күрестің оты тұтанып, 1929 жылы кеңес үкіметінің  коллективтендіру саясатына қарсы толқулар болады. 1932-1933 жылы солақай саясаттың салдарынан орын алған ашаршылыққа Батпаққараға ерекше әсер етіп, өңір жергілікті тұрғындардан босап қалады. Оңтүстікке босыған аш-жалаңаш жұрт Сыр бойына жеткен кезде кісі етін жейтіндей халге ұшырайды. Мұны Сыр бойының тұрғыны, ашаршылықты өз көзімен көрген нағашы әжем Кашима Құлтайқызынан естіген едім (Мархаббат: Зұлмат жылдар куәгерінің әңгімесі // http://abai.kz/post/17001).

Аманкелді кентінде тарихи деректер мен естеліктерді көкірегіне "тоқыған" қария-ақсақалдармен сұхбаттасу мүмкіндігі туындады. Ақсақалдармен болған әңгіме барысында мынадай деректерді зейін,  зерде кестесіне тоқи алдық:

  1. Аманкелді мен Кейкі - көтерілістің басшылары. Оларды бөліп-жармай, о бастан бірге дәріптеу қажет еді. Өкінішке қарай, кеңестік солақай саясат бірін дәріптеді, екіншісін қаралады;
  2. Кейкі батыр қазақ ауылдарына зорлық еткен, тізесін батырғандарға оларды "ақ" немесе "қызыл" демей, қаруын кезеген, жазаға тартқан. Сол үшін "бандит", "қарақшы", "басбұзар" атанып, қудаланып, елден жырақ жүрген;
  3. Кейкі - көзі тірісінде аңызға айналған тұлға. Оның ел-жұртына деген жанқиярлығы халықтың сүйіспеншілігіне бөленіп, түрлі нұсқадағы көптеген аңыз әңгімелер туындаған. Тіпті, көне көз қариялар аузынан айтылған кейбір аңыздарда "Кейкі өлмеген, жазалаушы отрядтың өлтіргені батырдың інісі екен, иншалла, батыр елге оралады" деп те айтылып келіпті.

Аманкелді ауылының іргесіндегі қорымда ХІХ ғасырда өмір сүрген Сатыпалды ишан Ғабдоллаұлының мазары тұр. Сатыпалды ишан Бұқара, Түркістан, Сайрам жағында 10 жылға жуық діни білім алып, Торғай өлкесінде мұсылмандық білім-ілім жүргізуге көп еңбек сіңірген. Оның ұрпақтары кеңес дәуірінде қуғынға ұшырайды: бірі атылады, бірі қуғындалады. Осы тұста бір айтып кететін мынадай мәселе бар: Аманкелді батырдың туған жері Үрпектегі көтерілісшілердің әскери штабы мешіттің ғимаратына орналасады. Демек, көтерілісшілерді дін өкілдері де қолдаған. Бұл көрініс өз кезегінде көтерілістің идеологиялық іргесін нығайтқаны, көтерілісшілердің рухын көтеріп, олардың азаттық үшін арпалысқан істеріне дем бергені сөзсіз. Үрпектің іргесінде көтерісшілел жеңіске жеткен атақты "Доғал соғысы» болған. Аманкелді Имановтың штабы орналасқан мешіт ғимаратының маңына кеңес дәуірі тұсында батырдың атқа мініп тұрған ескерткіші орналасқан үлкен панорамалық кескіндеме қойылып, батырдың атқа қонған ескерткіші "Доғал соғысы" орын алған жаққа бағытталған.

ҰЛЫ ЖЫЛАНШЫҚ - ЖАЛАУЛЫ. Кейкі батырдың денесі жатқан жер, жергілікті тұрғындардың айтуынша, Ұлы Жыланшыққтан шығатын Жалаулы өзекшесінің бойында. Оған бару үшін Үрпектен Ұлы Жыланшық өзеніне қарай бет алып, бұрынғы «Родник» («Рахмет») совхозынның орнын көктей өтіп, Жалаулыға шығу қажет. «Рахмет» аулы Аманкелді кентінен 110 шақырым жерде. Бұл совхоздың тұрғындары 90-жылдары орын алған экономикалық һәм әлеуметтік күйзеліс кезінде жан-жаққа көшіп, тарап кеткен. Көтеріліске дейін Кейкі батыр Шашанбайдың Рахметі деп аталған бай кісіге қызмет еткен.

Жыланшық-Жалаулы маңының спутниктен түсірген фотосы

Жалаулы өзекшесіне көктемде Жыланшық өзені тасыған уақытта су мол  жиналады. Өзекшенің Жыланшықпен қосылар құярлығында "Родник" совхозының қорымы бар. Қорымның жанынан Жалаулы өзекшесін жағалай шығатын қара жолмен 2 шақырымдай жүргенде, Кейкі батырға арнайы қойылған белгі, бейіт сынды қоршау кездеседі. Белгіні 1996 жылы ағайын-туыстары көтерген. Жанындағы қоршауда Кейкімен бірге қайтқан кісілердің аты жазылған құлпытас бар. Жалаулының бойы ойлы-қырлы, жықпыл-жықпыл сайлары бар, қашқан кісіге жасырынып жүруге қолайлы жер екендігі байқалады. Жалаулыдан ары қарай Ұлытау сілемдеріне шығып кетуге болады. Ұлытауда Кейкі жасырынған үңгір бар екенін ескерсек, Жалаулы-Жыланшық бойы батырдың бой тасалап жүруіне қолайлы мекен болған сынды. Осы жерде Сүтемгеннің Жәкені деген кісінің қыстауы болған деседі. Сол қыстауды Кейкі батыр аяғы ауыр, ай-күні жақын әйелі Ақжан және інісі Шұбар үшеуі паналап жатады. Бұларды қызыл әскер қоршап алып, екі арада қатты  атыс болады. Қанды атыста Кейкіге оқ тиіп, қайтыс болады. Жазалаушылар батырдың басын кесіп, жары Ажардың ішін жарып, інісі Шұбарды атып өлтіреді. Өлген кісілердің денесін тастап, кесілген басты Торғай бекінісіне апарып, кезінде патша армиясының әскери гарнизоны болған, сол тұста Ревкомның кеңсесі болған ғимараттың алдындағы темір бағанға іліп қояды. Патшаның қорлығына көнбей көтеріліске шығып, оның әскерін Торғай бекінісінен қуып шықпақ болған Кейкі батырдың басы кесілген күйі патшаны құлатқан кеңес үкіметінің үкімімен 2-3 күн тұрады. Содан кейін жергілікті жұрт ызыланып: «бұл не сұмдық, адамды мұнша қорлауға болады ма» деген әңгіме шығараған соң қайсар батырдың басын Орынборға қарай аттандырады.

Торғай жұрты Кейкінің басы ілініп тұрған темірдің орнын әлі күнге дейін ұмытпаған. Жазалаушы отряд Кейкінің кесілген басын аттың қанжығасына қайысты бастың езуінен салып, құлақ шекеден шығарып байлап әкеліпті, содан жұрт арасында «аузы кере қарыс Кейкі» деп аталып кеткен деседі-мыс.

ТОРҒАЙ. 1916 жылы Аманкелді мен Кейкі батыр бастаған көтерісшілердің Торғай әскери бекінісіне шабуыл жасағаны да тарихтан белгілі. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бекініске шығыстан Аманкелдінің әскері, батыстан Шолақ Оспанның қолы шабуылдаған. Аманкелдінің сарбаздары құрамын қыпшақ руы құраса, Шолақ Оспанның әскерінің негізін Арғын рулары құраған. Жалпы, Торғай бекінісінің солтүстік шығыс жағын қыпшақ рулары жайласа, оңтүстік-батысын арғын рулары мекендеген. Ел басына күн туғанда екі рудың азаматтары бірігіп, ортақ жауға тізе қоса отырып күрескен. Торғай бекінісіне жасалған шабуыл нәтижесіз аяқталғанмен, соғыс ісімен кәсіби тұрғыда айналыспайтын көтерілісшілердің қаһармандық ерліктері патша үкіметінің үрейін алады. Торғайдағы көтерілістің ақыры 1917 жылы патша үкіметінің құлауына ұласқаны тарихтан белгілі. Аманкелді батыр большевиктер жағына өтіп, Торғайда кеңес үкіметін орнатуға ат салысады. «Ақ» пен «қызыл» болып шабысқан сол тұста, яғни 1919 жылы Аманкелді Торғай бекінісінде қайтыс болады. Жолдасынан әрі туысынан айырылған Ер Кейкі өздері армандаған азаттықтың қарапайым халыққа ешқандай пайда келтірмегеніне күйініп, аласапыран заманның алай-дүлей болып соқан «дауылымен» күресуге бел буады. Бекіністен кетіп, сахараға, қазақ ауылдарына қарай бет түзейді. Туған халқын қорлық пен езгіден құтқаруды, алысып жүріп азаттыққа алып беруді армандаған батырдың іс-әрекеті дала аңызына айналады...

 

Торғай - тарихы терең шаһар. "Шаһар" деп көлемі мен тұрғындар санына қарап емес, осы бір шағын ауылдың тарихы мен тағылымының мазмұнына сай мағынаға орай атауға лайықты. Торғайда тағылымы терең талай оқиғалар өткен. ХІХ ғасырдың орта тұсынан ауа бастаған кезеңнен бастап, ХХ ғасырдың 20-30 жылдары бұл өлкеде отаншылдық, патриоттық сезімдері жоғары пассионар тұлғалар өмір кешті. Қазақ балаларына мектеп ашуды ұйымдастырған Ыбырай Алтынсарин, Алаштың көрнекті қайраткерлері Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатовтар осы өлкеде туып-өсіп өмір сүрді, қазаққа қызмет етті. Бүгінгі Торғай - Қазақстанда бірнеше музейлер тоғысы түйіскен жалғыз кент.

Тарихы терең, шежіреге бай Ер Кейкі елінде экспедиция жүргізу барысында ғалымдар мен ізденуші шәкірттердің қойын кітапшасына, заманауи фотоқұралға, аудио-видео жазбаларға түсірілген деректер жиналды. Ендігі мақсат сол материалдарды ғылыми негізде қорытып, халықтың рухани сұранысына лайықты дүниелерді шығару міндеттері тұр.

Алмасбек Әбсадық, «Ұлы Дала тұлғалары: Кейкі батыр ізімен» ғылыми-ағартушылық экспедициясының жетекшісі, филология ғылымдарының докторы

Abai.kz

 

 

3 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1559
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2250
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3499