Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
4517 0 пікір 25 Шілде, 2017 сағат 17:47

Қайырда жоғалып кеткен қазақ балалары табылды

 

Кешелі бері еліміздегі БАҚ бетінде аяқ асты жоғалып кеткендері туралы тосын хабар тараған қазақстандық 6 студенттің дерегі шығып жатыр. Оларды Қайыр қаласының құқық қорғау органдары ұстап отырған көрінеді. Бұл жайында ҚР Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Әнуар Жайнақов Фейсбуктегі парақшасында жазды.

"Біздің дипломаттарымыздан Мысырда жоғалған қазақстандық студенттерді іздестіру нәтижесі бойынша алдын ала ақпарат түсті, - деп жазады ҚР Сыртқы істер министрлігінің өкілі. - . Жаңа ғана сенімді көздерден алынған ақпарат бойынша аталған қазақстандық студенттерді Қайыр қаласында құқық қорғау органдарының қызметкерлері ұстап алған және олар осы елдің аумағында. Олардың өмір мен денсаулығына төнген қатер жоқ".   Өкілдің хабарлауына сүйенсек, Қазақстанның Мысырдағы Елшілігі тап осы уақытта Мысыр тарабынан біздің азаматтарымыздың ұсталуы, қазіргі орны мен жағдайлары туралы ресми жауап талап етіп жатқанға ұқсайды.

«Таяу арада Қазақстан елшісі Мысыр Сыртқы істер министрінің орынбасарымен осы мәселеге байланысты кездесу өткізбек. Қосымша ақпарат Мысыр тарабымен келіссөздер нәтижесі бойынша хабарланатын болады. Осы мәселе Қазақстан Сыртқы істер министрлігі басшылығының ерекше және үнемі бақылауында болады», - деді әлеуметтік жазбасында ҚР Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Әнуар Жайнақов.

Естеріңізге сала кетейік, Египет Ислам Республикасында қазақ жастары көп ретте ислам дінін тереңдетіп оқытатын ЖОО-ларда оқиды. Соның бірі - әл-Азхар университеті. Бүгінгі Мысыр мемлекеті ислам дінінің хизбут-тахрир ағымының отаны болып табылады.

Абай-ақпарат 

 

0 пікір