Сенбі, 20 Сәуір 2024
Не дейді?! 10941 37 пікір 21 Шілде, 2017 сағат 11:50

Назарбаевтың "латынына" Атамбаев қарсы шықты

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың латын әліпбиіне өту туралы бастама көтеріп, Үкімет пен құзырлы органдарға 2025 жылға дейін нақтылы тапсырма бергенін білесіздер.

Қазақстан Президентінің бұл бастамасын Қырғыз Жоғарғы Кеңесінің депутаттары да құп ала жөнелген. Тіпті, латын әліпбиін түзу процессін қазақ-қырғыз ғалымдары бірігіп жүргізуі керектігін де қырғыз депутаттары айтты.

Ал Қырғыз Республикасының президенті Алмазбек Атамбаев болса, латынға өтуге қарсы көрінеді.

20 шілде күні өткен "Алтай өркениеті және алтай тілдік отбасының туыс халықтары" халықаралық форумында ол латын қарпіне өтуге қарсы екендігін мәлімдеді.

"Бөліп ал да, билей бер" дейтін пантюркизм қағидасы біздің халыққа қарсы Ресей империясында да, КСРО-да да қолданылған.  Мәселен, түркі халықтарының классификациясын топтар бойынша қарастырып көрейік. Олардың бірінде алтай, қырғыз, қазақ, қарақалпақ, тарат және башқұрт тілдері қыпшақ тобына жатады, оның құрамында хакастар мен шорлар бар, алайда қырғыздардың өзі жоқ. Негізі бұл халықтардың бәрі бір топта болуы тиіс, себебі сол тілдердің өкілдері өз тілдерінде бір-бірімен ешқандай аудармашысыз еркін сөйлесе алады", - дейді Атамбаев мырза.

... Осылай дей келіп Қырғыз Президенті Атамбаев Қазақ Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың латынға көшу туралы бастамасына байланысты қырын пікір білдірген.

"ТМД-ның латынға көшіп жатқан "кейбір" елдері жайлы: "Біреулер латын қарпі дамыған мемлекеттердің емлесі дегенді айтады. Бірақ Қытай мен Жапония латынсыз-ақ дамыды. Біз неге Ресейде тұрып жатқандарды - башқұрттарды, татарларды ұмытамыз? Олар кирилл қарпінде қала береді ғой. Дәл солармен біз тілімізді дамытып, өзара байыта алар едік", - деді Атамбаев "Алтай өркениеті және алтай тілдік отбасының туыс халықтары" халықаралық форумында.

Қысқасы, "кейбіреулер" мен "біреулердің" қазақ тілін қазіргі қолданыстағы кирилл әріпінен тазалау бастамасы Атамбаевқа жақпапты. Жақпағанда, Ресей Федерациясында тұрып жатқан түркітілдес халықтардың бізден бөлініп қалатынын алға тартып оты ол. Сіз бұған не дейсіз?

Нұрзат Тоғжан

Abai.kz

37 пікір