Жұма, 29 Наурыз 2024
Анық 8000 6 пікір 13 Шілде, 2017 сағат 12:07

Айдос Сарым: Детоталитаризацияны жүргізу үшін мықты ақпараттық саясат қажет

Жақында елімізге Германия Президенті Вальтер Штайнмайер мырза келді. Ақордада ресми кездесу өткізіп, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен біраз мәселенің басын қайырды. Екі ел арасындағы саяси қарым-қатынас, экономикалық әм іскерлік байланыстар сөз болды. Екі Президенттің кездесуі позитивті болғандығын, емен-жарқын әзілдескенінен-ақ ұқтық.

Одан кейін Германия Президенті қазақстандық қоғам белсенділерімен де кездесті. Саясаткер Айдос Сарым мен Досым Сәтпаевтың әлеужелідегі жазбасынан байқағанымыз, қатып қалған қағидан, ресми протоколдан тыс еркін дискуссия болған екен. Германия Президенті мен қазақ саясаткерлері не туралы сөйлесті? Біз Айдос Сарым мырзаға хабарласып, білдік.

-Айдос мырза!  Естуімізше сіздер кеше Германияның президенті Франк Вальтер Штайнмайер мырзамен кездескен екенсіздер..

- Нұргелді, иә, рас. Германия Президентінің Қазақстанға іс-сапары барысында кездестік.

- Бұл кездесуде кімдер болды, ұйымдастырған кім?

- Кездесудің ұйымдастырушысы Германияның Қазақстандағы елшілігі. Жалпы алғанда Германия басшылығының жақсы бір мәдениетінің көрінісі деп айтса да болады. Кейбір елдердің басшылары елге келген кезде тек ресми билік өкілдерімен, бизнес-элитамен ғана кездесіп жатады. Штайнмайер мырза қажетті кездесулерін өткізе отырып, еліміздегі азаматтық қоғам өкілдерімен кездесуді де жөн санап, Қазақстандағы қоғамдық, саяси, экономикалық жағдай туралы жан-жақты ақпарат алғысы келетіндерін жасырмады. Кездесуге Қазақстанның азаматтық қоғамы өкілдері жағынан төрт адам болдық. Белгілі құқыққорғаушылар Евгений Жовтис пен Анар Ыбыраева, саясаттанушы Досым Сәтпаев пен өзім. Кездесу екі сағатқа жуық созылды. Германияның президенті Штайнмайер мырза Орталық Азиядағы жағдай туралы Еуропа басшылары арасындағы ең хабардар, Қазақстанға көп мәрте келген тұлға екені анық. Көптеген мәселелер бойынша хабары, түсінігі бар екенін айқын көріп отырдық. Кездесуге қатысқан азаматтарға нақты-нақты сұрақтар қойып, ақпаратын жаңартып отырды.

- Кездесуде қандай мәселелер айтылды?

-Барша азаматтар өздері айтып жатар, өз басым үш мәселе бойынша көзқарасымды, пікірімді айттым. Біріншіден. Қазіргі уақытта Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы жаңа стратегия жобасы әзірленіп жатыр. Менің ойымша, бұл құжат жаңа геосаяси жағдайды ескере отырып қабылдануы керек. Мысалы, бүгінгі Ресей мен Батыс арасындағы қырғиқабақ қатынастардың Қазақстанға теріс ықпалын, Ресей тарапынан бізге жасалынып жатқан саяси қысымды ескеруі тиіс. Осыған орай, Еуроодақтың Ресей насихатына қарсы төтеп беретін аймақтағы тың саясаты қажет дедім.

Екіншіден.  Германия басынан өткерген детоталитаризация сияқты үдерістерді біздер де басымыздан өткеруіміз қажет. Біздер тек декоммунизацияны ғана өткеріп жатқан жоқпыз, отарсыздану үдерісін де жүргізіп жатқан елміз. Бұған мықты ақпараттық, мәдени саясат қажет. Осыған Германия сияқты елдің тәжірибесі ауадай қажет.

Үшіншіден. Екі ел арасындағы қарым-қатынастар бүгін ғана пайда болған жоқ. Көне тарихтан бері екі арада қатынастар, дәнекер тарихи тұлғалар, ғалымдар, саяхатшылар болған. Мысалы, 1938 жылы сталиндік репрессия жылдары Алматыда атылып, Жаңалық зиратында жерленгендердің біразы осы Германияның азаматтары болатын. Қазақстан өз атын әлемге шығаруға, оның ішінде Германияға паш етуге мүдделі. Осы тарих айтылып, жазылуы керек. Соған екі жақты қоғамдық, мәдени қатынастарды еселеп күшейту қажет дегендерді айттым.

- Еліміздегі саяси қуғын-сүргінге түсіп жүрген азаматтардың жайы (әріптесім Жанболат Мамай бар, кешегі Жер дауы кезінде қамалған Талғат Аян мен Макс Боқаев т.б.) айтылды ма?

-Кездесуге қатысқан төртеуміз де осы мәселелерге нақты, ортақ пікірімізді жеткіздік. Қапаста отырған Мақсат Боқаев пен Талғат Аянды босату қажеттігін баса айттық. Сонымен қатар, бүгінде жазықсыздан-жазықсыз қудаланып, істі болып жатқан Жанболат Мамай бауырымыздың тағдырына алаңдайтынызды да жеткіздік. Бұл мәселелер туралы Германия басшылығы хабардар екендігіне көзімізді жеткіздік.

-Әңгімеңізге рақмет, ісіңізге сәттілік!

-Өздеріңізге де рақмет!

Сұхбаттасқан Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1569
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2264
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3559