Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Сәләфизм - дерт 7417 6 пікір 5 Шілде, 2017 сағат 15:05

Салафизм "ұлт" ұғымын жоққа шығарады

Дамыған елдердің алдыңғы қатарына қосылуды мақсат тұтқан Қазақстан соңғы ширек ғасырда биік белестерді ба­ғын­ды­рып, елдегі тыныштықтың арқасында мемлекетіміз өркендеп, ілгері дамып келе жатыр. Тарихи жадыға тиесілі адамзат тарихының өн бойына көз жүгіртер болсақ, тағдыр тауқыметімен қаншама ұлыс өкілдері қасиетті қазақ жерін пана тұтқаны белгілі. Сондықтан татулық пен ынтымақты ту еткен еліміз үшін өзге ұлт өкілдерімен достық қарым-қатынаста, біртұтастықта өмір сүрудің маңызы зор. Елбасы Н.Назарбаев Дүниежүзі қазақтарының екінші құрылтайында «Ең асылы – біз көп ұлтты бола отырып, халықтар достығын, ел байлығын сақтай білдік», – деген. Бүгінде еліміздегі әрбір ұлтқа салт-дәстүрлерін жаңғыртуға, мәдениеті мен әдебиетін дамытуға, тілінің жетілуіне жан-жақты мүмкіндіктер беріліп, қамқорлық көрсетілуде.

«Ұлт дегеніміз – рухани бірлік, адами ерліктің нәтижесі. Әр адамның рухани жетілу дәрежесі секілді, әр ұлттың да кемелдену сатылары болады: өтер өткел, кешер тайғақтары болады». «Ұлт – қоғамды ұйымдастырудың анағұрлым кең тараған бірлігі». «Ұлт дегеніміз – ортақ тілі, қалыптасқан мәдениеті, біріктіруші салт-дәстүрлері мен діні бір адамдардың әлеуметтік бірлестігі». Қарап отырсаңыз, «ұлт» терминін әртүрлі анықтауға болғанмен, оның әлеуметтік, тарихи тамырын, мәдени ерекшелігін сезінбеу мүмкін емес. Ұлттың ұлттан артықшылығы да, кемшілігі де жоқ, тек айырмашылығы ғана бар. Ал сол айырмашылықтан қайшылық көргісі келетін, «ұлт» деген ұғымды мүлдем жат санайтын ислам атын жамылған салафизм ағымы ұлттың рухани құндылықтарын, мәдениеті мен салт-дәстүрін жоққа шығаруда.

ҚР Конституциясы 14-бап 2-тармағында: «Тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкiмдi ешқандай кемсiтуге болмайды» деп жазылған. Тіпті, Құранның әл-Хужурат сүресінің                           13-аятында: «Ей, адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам, Хауадан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында Алланың қасында ең ардақтыларың тақуаларың» деп, ислам үшін «ұлт», «нәсіл», «тек» секілді ұғымдардың таңсық еместігі айқын көрсетілген. Ал исламның болмысы мен рухына жат дәстүрлі емес жолды ұстанатын салафилік ағым ұлт арасына жік салып, мемлекетіміздің тұтастығын бұзуды көздеп отыр. Тіпті мемлекетіміздің тұрақтылығына өз ықпалын тигізіп отырған ислам дінінің құндылықтарын  бұрмалап, ұлттың ата-бабадан жалғасып келе жатқан келіннің сәлем беруі, аруақтарға құран бағыштау, бейіт басына бару сияқты дәстүрімізді жоққа шығарып, оны «кәпірге» санап теріс насихаттап жүр. Сондықтан, қазіргі таңда елімізде ұлттық мүддеге қарсы салафизм ағымын ұстанушылар тарапынан жүргізіліп жатқан бұл үрдіс қазақ халқының ғасырлар бойы сақталып келе жатқан құндылықтарының тамырына балта шабуда. Осыған байланысты біз ұлттық дәстүріміздің дінге қайшы келмейтіндігін, керісінше олардың үндестігін көрсетуіміз керек. Бір шаңырақ астында ұлттың ұйытқысына себеп болып отырған негізгі фактор дін екендігін, діни бірлік болмай, ұлттық бірлік, ұлттық рух, ұлттық сана болмайтынын түсіну қажет.

Елбасы «Менің халқым өзге ұлттың түсіне кірсе, шошып оянатындай ауыр-ауыр тағдырларды басынан кешті» деп айтқандай, қазақ - тағдырдың ауыртпалығына қайсар­лық танытқан батыр халық, тағдыр айдап келген сан алуан ұлтты бауырына басқан қонақжай халық. Әрине, қазақстандықтардың діни санасын елдің салт-дәстүрлері мен мәдени нормаларына сәйкес қалыптастыру міндеті татулық пен тұрақтылық ел иесі ретінде, ең алдымен, қазаққа керек. 2016 жылдың 1 қаңтарындағы мәліметке сәйкес Қазақстандағы қазақтардың үлесі  66,4 % - ды құрайды екен. Бұған мемлекет басшысының: «Қазақ хал­қы — мемлекет құраушы, ұйыс­тырушы  ұлт»  деген сөзі де дәлел.

Жетпіс жыл бойы Кеңес үкіметінің бұғауында болған қазақ халқы ұлтсыздандыру саясатын әлдеқайда басынан кешіп, жерін, тілін, дінін намыс шүберегіне орап, қастерлеп, сақтап қалды емес пе?! Бүгін салафизм идеологиясын ұстанушылар мәдениеті­міз, салт-дәс­­түріміз, әдет-ғұрпымызбен сабақ­тасып өрілген ұлттық құндылықтарды жою арқылы ұлттың өзін жоймақ! Тамыры жоқ бірде бір ағаш болмайтыны сияқты адам баласы да өзінің ата-тегімен ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан рухани ұлттық құндылықтары арқылы байланысады. Ал шектен шыққан көзқарастарды ұстанатын идеологиялық ағымның ұлтаралық, дінаралық қатынастарға жік түсіріп, мемлекеттің тұтастығы мен тұрақтылығына қауіп төндіретіні айдан анық. Сондықтан мемлекетіміздің өзі бүгін дәстүрлі құндылықтарымызды қайта жаңғырту туралы алға тартып отыр.

Бүгінгі салафилер болса бұрынғы, бастапқы кезеңге ораламыз деп, мұсылмандар арасында бүлік туғызуды тоқтатар емес. Діни рәсімдердің барлығын Құран мен сүннетке негіздейміз деп салт-дәстүрге құрметпен қарайтын қазақ халқының дәс­түрлі сунниттік жолын жоққа шығарып, Ханафи мазхабының беделін түсірмек.

«Бөлінгенді бөрі жейді» демекші, «мен мұсылманмын, сен кәпірсің» демей, Елбасы Н.Назарбаевтің «Бір келешектің ұлты - біз, қазақстандықтар. Бұл сөзбен бәрі түсінікті болып тұр. Этностар арасында ешқандай айырма болмауы керек: біз - қазақстандықпыз» деген сөзін өзімізге ұран еткен дұрыс. Дін мен ұлттық мүддені аталарымыз ешқашан бөліп қарамаған. Енді ол ұстанымды бүгін бөлудің ешбір қажеттілігі жоқ. Керісінше, естілердің сөзін ескеріп өскен, тағдыр табыстырған ұлттар мен ұлыстарды бауырына баса білген қазақ ұлты бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, жат ағымдардың идеологиясына айбарлы тойтарыс бере білуі тиіс.

Қорытындылай келсек, ұлттық рух пен ұлттық сананың кемелденуіне, ұлттық салт-дәстүріміз бен тілімізді, мәдениетімізді сақтауға, жаңғыртуға әр азамат өз үлесін қосуы маңызды. Сонда ғана қазақ халқының дәстүрлі діни танымы мен рухани-мәдени болмысына шабуыл жасап отырған салафилерге қарсы төтеп бере аламыз. Салафизм ағымы өкілдерінің мемлекеттің заңдарына бағынбай, дәстүрлерді мансұқтау, зайырлы ұстанымды тәрк ету, ұлттық мәдениет, салт-санадан бас тартқызу бағытындағы әрекеттеріне тосқауыл бола аламыз.

Т.Ильясова, ҚР ДІАҚМ ДІК Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының  ғылыми қызметкері

Abai.kz

 

6 пікір