Сенбі, 20 Сәуір 2024
Осы ғой енді... 8117 8 пікір 1 Шілде, 2017 сағат 08:50

«Тоспа су» толассыз сөйлейді, сөйлегенде бүй дейді

БАС ПРОКУРОР ЖАҚЫП АСАНОВ,

ЖОҒАРЫ СОТ ТӨРАҒАСЫ

ҚАЙРАТ МӘМИ МЫРЗАНЫҢ НАЗАРЫНА!

Біздің 2014-жылы 11-қазанда сатып алған үйімізді қызыл сызық үстіне салынған деп Алматы қаласы «Тоспа Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының (әрі қарай-«Тоспа Су») бас директоры Н.Жарболов 2017 жылы 20-қаңтарда біздің жер теліміндегі кәріз құбыры желісін өз қаражатымызбен басқа жаққа шығаруымызды талап етіп Алматы қ. Алатау аудандық сотына әйелім екеуіміздің  үстімізден  талап-арыз түсірді. Мақсаттары құрылысты бір тиын төлемей сүруге жіберу. Себебі, құбыр желісін басқа жаққа шығаратын жол жоқ. Маңайдың бәрі өзгенің меншігіндегі жерлер. Олар оны біледі. Нәтижесінде құжаттарымыз толық әрі «Әділет министірлігінде ресми тіркелгенін», заң бұзуға біздің қатысымыз болмағандықтан, сот олардың талап-арызын қанағаттандырусыз қалдырды. Сотқа дейінгі және сот барысындағы жалған айғақтар мен жалған құжаттар, құқық бұзған заңсыздықтары негізінде «ҚР азаматтық кодексі», 9-бап, 1-ші, 4-ші тармақтарына жүгініп, 2 жыл 8 айдан бері мазамызды алған «Тоспа Судың» үстінен моральдық шығын талап етіп, 25-мамырда Бостандық аудандық сотына талап арыз түсірдік. Дәлеліміз толық әрі нақты. Сөзім дәйекті болу үшін төменде «Тоспа Судың» тарапынан жасалған заңсыздықтар тізбегіне тоқтала кетейін.

  1. Бізге жүктелмейтін жауапкершілікті мойнымызға ілу үшін сотқа жалған арыз түсірді. «2016-жылдың 31-қаңтарында инженерлік коммуникациясын тексеру барысында «Тоспа Су» иелігіндегі кәріз құбыр желісі орналасқан Фадеев к. 2«б» мекен-жайында ҚР заңына қарама-қайшылықты таптық» – дейді де, біздің 20.07.2015-жылғы жазған өтінішімізге 31.07.2015-жылы өздері жазған жауап хаты сотқа тапсырған. Бізде бұдан басқа да олар жазған оннан аса жауап хаттар тұр. «Тоспа Су» біз осы үйді сатып алардан 2 жыл 7 ай (31.01.2016-жылдан 3 жыл 10 ай) ілгері осы үйдің бұрынғы меншік иелерінің атына 2012-жылы 15-наурызда АКТ жазған. Осы айғақтың бәрі өздері көрсеткен уақыттан бұрын бұл құрылыстарды білетініне дәлел.
  2. «Тоспа Су» сотқа түсірген арыздарында: «Қалалық кәріз желісінің Д=150мм үстіне тұрғын үй тұрғызылған...», – деп жазып, үй астынан өтіп жатқан құбырдың картасын арызбен бірге сотқа тапсырған. Біз:«Олай болса, құнын төлесеңдер, сүруге қарсы емеспіз» дедік. Олар ақша төлеуден қашып, жер асты құбырын тек уақытша баспананың (времянка) астынан өтіп жатқан етіп қайта өзгерткен.
  3. 3. Сот жүріп жатқанда, яғни, 2017 жылы 31-наурыз күні «Тоспа Судың» инженерлері келіп, тағы бір АКТ жазды. АКТ бізге жаза тұра, қол қойдырып алған соң көшірмесін бермей кетті. Сөйтсек, АКТ-те жазылған «жилой дом» деген сөзді, «не жилой дом» деп өзгертіпті. Сот барысындағы жалған сөздерін дәлелдеу үшін, АКТ-ке тағы бірнеше сөйлем қосыпты. Қанық көк сиямен жазылған жазулардың соңына ашық көк сиямен жазылғаны айқын білініп тұр. Сот барысында дәлелдемелерді бұрмалау «ҚР қылмыстық кодексі», 416-бап, 1-тармағына қайшы әрекет.
  4. 2015-жылдың қаңтар айында «Тоспа Судың» инженері С.Инчаков келіп:«Бұл құрылыс заңсыз салынған. АКТ жазамын. Қол қойып беріңдер. Құрылыстың бәрін сот арқылы сүруге жібереміз. Егер 1 миллион теңге берсеңдер қалғанын өзіміз реттейміз», – деді. Кәріз желісін бірінші рет естіп тұрған біз АКТ-ге қол қоюдан бас тарттық. «Бұрынғы иелеріне неге АКТ жазбағансыңдар» дегенімізде:«оларға да АКТ жаздық» деді. Біз: «көрсет» дедік. Арада көп өтпей «мына АКТ» деп бір АКТ алып келді. Қарасақ, «2014г» деген цифрды 2012 деп қолмен өзгертіпті. «2014 неге 2012 деп жазылған» деген сұрағымызға: «бұрынғы жазылған АКТ-ны таба алмадық. Бұл тіркеуге алынған АКТ. Сол уақыты бойынша дубликатын жасап әкелдім» деді. Сотта ол осы АКТ-ты өзі жазғанын мойындады. Алайда, «Тоспа Судың» өкілі Надыркулова:«Мұндай АКТ тіркелмегенін айтып, бұл АКТ-ны мойындамаймыз» деп отыр. Міне, бұл бізді қыспаққа алу үшін «Тоспа Судың» инженері өз бетінше жалған АКТ жасағанына тағы бір дәлел.   
  5. 2016-жылы 9-наурыз күні үй құжаттарын алып, шиеттей бала-шағамызбен «Тоспа Судың» бас директоры Н.Жарболовқа бардық. Көп балалы отбасы екенімізді, болып жатқан жайды айттық. Үй құжаттарын көрсетіп, «құрылысты сүргіземіз десеңіз, шығынын төлеңіз»,– деп балалардың құқын таптамауын өтіндік. Бірақ, ол сендерге көк тиын төлемейміз, келіспесеңдер сотқа береміз. Сотта сөзсіз біз жеңеміз деп сөзімізге құлақ аспады. Бала құқы туралы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 1989 жылғы 20 қарашада қабылдаған конвенциясының 3-бап, 1-тармағына, ҚР «Баланың құқықтары туралы» Заңының 6-бабы, 2-тармағына, осы 2-тармақтың 1-тармақшасына, 45-бабына, 50-баптың 1-тармағына қайшы әрекет жасап, Халқаралық конвенцияға, ҚР заң актілеріне қарсы балаларымыздың құқын бұзды.
  6. Қайта-қайта мазамызды алып, жұмыс жасауымызға кедергі келтіріп, отбасылық табысымыздан айырды. Балаларымыздың баспанасына алаңдап, 2015-жылы 1-қазан күні жұмыс орнымнан өз еркіммен кетуге мәжбүр болдым. Қазір жұмыссызбын. Жалға беріп, азды-көпті кіріс кіргізіп тұрған времянкамызды да қыр соңымыздан қалмай қойған «Тоспа Судың» шуынан қорқып бос қалдырдық.
  7. «Әділет министірлігінде» тіркелген заңды меншік құқымызға заңсыз араласып, заңды мүддемізді бұзды және оны жүзеге асыруға кедергі келтіріп, заңсыз міндет жүктеп, бізді сотқа негізсіз сүйреп, заңсыз жауапқа тартып, «ҚР азаматтық процестік кодексі» 293-бап, 1-тармағына қайшы әрекет жасап құқымызды таптады.
  8. Бұл үй біздің атымызға 30.10.2014 жылы «Әділет министірлігінде» ресми тіркелген. Ал, бұрынғы меншік иелерінің атына 09.08.1989-жылы тіркелген. Заң бойынша алғашқы заңдық күшіне енген мүлікті кейінгі заңмен жоққа шығаруға болмайды. Демек, «Тоспа Судың» сотта, ҚР Ұлттық экономика министірлігінің 2015-жылғы 28-ақпандағы № 163 бұйрығын көлденең тартуы заңға қайшы.
  9. ҚР «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заң», 17-бап, 4-тармағына сәйкес, құрылыстағы қателік үшін құжат берген мекеме жауаптылықта болады. Ал, «Тоспа Су» құрылысқа құжат берген мекемеге ескертіп, құрылыстың салынуына дер кезінде тосқауыл қоймаған. Бұл үйдің 28 жыл тұрған бұрынғы меншік иелеріне заң бойынша шара қолданбаған. Сотқа тартса, Алматы қалақұрылыс басқармасын немесе бұрынғы меншік иелерін тартуы керек. 1974-1999-жылдары аралығында салынған құрылыстың астында көрінбей жатқан құбырды білмей, үйді 2014-жылы ғана сатып алған бізді сотқа сүйреуі ауыр құқық бұзушылық. Өзгенің жауапкершіліктерін біздің мойнымызға қисынсыз қиып салу, жала жабу.

Ал, қазір жүріп жатқан сотта «Тоспа Су» нақты айғақтарды елемей, «мемлекеттік мекемеміз» деп сот барысында бастан-аяқ мемлекеттің атын жамылып, тіпті, сұратқан құжаттарымызды толық әкелмей, жауап берсін деген адамдарымыз келмей отыр. Қазір жүріп жатқан сотта біздің талап-арызға қарсы жазған 5 беттік жауабының өзінде сотқа «құлағыңа алтын сырға» дегендей осы сөзді он неше мәрте қайталаған. Мемлекеттік мекеме болсын, жеке тұлға болсын заң алдында бәрі тең. Өздерінің өрескел өктемдігін көрсететіндей кімнің көлеңкесінде кекие кердеңдеп, көсіле сөйлеп отыр?! «Тоспа Су» десе бүкіл халықтың шулап:«Кәріз құбыры жоқ елді сотқа сүйреп, төлемақы төлететін «Тоспа Суға» тосқауыл жоқ. Жолама, жалған құжатпен жалмаңнан түсіреді» деген сөздерін енді түсіндім. Мемлекеттік мекеменің атын жамылуы халық пен билік арасына сына қағатын қатерлі қадам. «Тоспа Су» ылғи да осындай қоғамдық арандату тудырып келеді. Жалған «дәлелдемеге» сүйеніп, кәріз желісі жоқ заңнан сауаты төмен талай елден сот арқылы төлем ақы төлетіп алғанын бір ғана Алатау ауданының өзінен қаншама отбасы айтып отыр. Олар маған:«Сіз көмектесіңіз, істі ақпарат құралдары арқылы жоғарыға жеткізіп беріңіз. Сот шешімін қайта өзгертейік»,–дейді. Бүкіл қала бойынша осындай опық жеген жандар қанша екені әзірге белгісіз.

Мемлекеттік мекеменің атын жамылып тайраңдаған «Тоспа Судың» тосын «сыйы» ЭКСПО-да елдің және Елбасының беделіне көлеңке келтіретін келеңсіз көріністердің бірі болмасын деген оймен ашық хат жазып, алдын алуды өтініп отырмын. Осы істің соңы көзге көрініп тұрған дәлелге қарамастан қате шешім қабылдауға әкеліп соқса, қарап қалмайтыным анық. Азаматтық сотта ақпарат құралдарын заңды пайдалануға азаматтық құқымыз бар. Оған менің қаламымның қарымы да, қабілетім мен қайратым да жеткілікті. Себебі, мен отбасымның, бала-шағамның құқын заң аясында қорғауға міндеттімін. Заң аясында құқымызды қорғау дегеніміз – заңды қорғау деген сөз. Заңды қорғау – Отанды қорғау болмақ. Мемлекеттік мекеме болсын, қарапайым халық болсын бәрі ҚР Заңының қорғауында. Мемлекеттің басты байлығы – халық. Ендеше, заң бәріне ортақ.

Құрметті Бас прокурор, құрметті жоғары сот төрағасы,  Елбасымыздың 2017 жылдың 31 қаңтарында «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» жолдауында құқық үстемдігіне және баршаның заң алдында теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған реформалар, жеке меншік құқығын қорғауды күшейтуге қатысты бүкіл заңнама ревизиясын жүргізуді басым бағыт ретінде белгілегенін ескере отырып, «ҚР азаматтық кодексі» 9-бабы, 1-тармағындағы және 4-тармағындағы негіздер бойынша біздің азаматтық құқымыздың заң аясында қорғалуына ықпал етіп, сот залында көріне бастаған «Тоспа Судың» тайраңдауын тоқтатып, істің өз мәнімен әділ қаралуын қамтамасыз етуді сұраймын! ЭКСПО-дай әйгілі шарада әлем алдында әділ билеріміз салып кеткен әділеттіліктің әпсана емес, ақиқат екенін аңғартсақ деген асыл арманымды да азаматтық арыммен алдарыңызға ақтарып отырмын.

Құрметпен: Бірлік ТОҚАЙ, теолог, ақын-журналист.

Abai.kz

8 пікір