Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Құйылсын көшің 8643 5 пікір 30 Маусым, 2017 сағат 09:15

Өмірхан Алтын өтірікші болмасын десек...

Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Германиядан келген қазақ Өмірхан Алтын Елбасыға Қытай үкіметінің ондағы қазақтардың құқықтарын таптап жатқанын жеткізгенін өз көзімізбен көріп, өз құлағымызбен естідік.

"Қаны қазақ деп қайнаған Сізге бір мәселені айтқым келіп отыр. Қадірлі ағайын, осында отырған және сырттан келген ағайындардың көбісі өзінің байырғы ата мекенінде, ата қонысында өмір сүріп жатыр. Сол ата қонысында Алтайда, Үрімжіде, Құлжада, жалпы қазіргі Қытай елінің территориясында өмір сүріп жатқан ағайындарымыз соңғы уақыттарда аса қиын жағдайды басынан кешіп келеді. Қытай үкіметі өзінің негізгі заңына әрі халықаралық заңдарға, халықаралық адам құқықтарына қайшы ағайындарымыздың құқықтарын таптауда. Олар бастарынан қиын-қыстау кезеңді өткізіп жатыр. Ондағы ағайындарымыз шырылдап жатыр. Менің айтарым, осындай киелі жиында «ана жақтағы шырылдап жатқан ағайындарды еске алып қойсақ. Сіздерге айтарым осы еді. Қытай елінен біз көп нәрсе сұрамаймыз", – деді құрылтайда Өмірхан Алтын.

Ал, қандасымызды тыңдаған Елбасы бұл жағдайдан бейхабар екенін айтты.

"Бүгін Қытаймен қазақ елінің қарым-қатынасы өте жақын. Үлкен түсіністікте. Ол жердегі Синьцзянда болған неше түрлі жағдайлар бар. Терроризм де, сепаратизм де бар. Бірақ та қазақтарға жасалып жатыр деген қиянат менің құлағыма келген жоқ. Бар болса, елшілік арқылы біліп, Сыртқы істер министрлігі арқылы оған біз тиісті көңіл аударатын боламыз", – деді Елбасы.

Міне, содан бері бір жеті болды, бұл мәселе БАҚ пен әлеуметтік желі қолданушылар арасында қызу талқылануда. Тіпті, шетел ақпарат құралдары мен парламенті де алаңдап отырғаны мәлім болды.

Егер, Өмірхан Алтын айтқандай, жұрт арасындағы жалпылама ақпарды БАҚ бетінде дуылдата берсек, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне зардап шеккен жеке тұлғадан немесе оның заңды туыс-туғанынан (ақы иесінен) жазбаша өтініш хаттар түспесе, бұл мәселе дуылдап-дуылдап барып басылып қалуы әбден мүмкін. Азаматтардан айырым-айырым нақты дерек түспеген соң, Сыртқы істер министрлігі Елбасына «қазақтарға жасалып жатыр деген қиянат туралы бізге де жазбаша өтініш түскен жоқ, жағдай қалыпты!» деп мәлімет беруі бек ықтимал!

Өмірхан Алтынды өтірікші болмасын десек, одан да маңыздысы бұл мәселені оң шешім тапсын десек, ұлтшыл, белсенді азамттар «WhatsApp», «We Chat» т.б. желілерді пайдаланып, зардап шеккен (ҚХР Құқық қорғау органдары жағынан Төлқұжаты немесе ықтиярхаты заңсыз тартылып алынған, жазықсыз сотталған, зейнетақысы тоқтатылған, т.с.с) адамдардың жақындары ҚР Сыртқы істер министрлігіне жеке-жеке арнайы хат жазып, мәселені мәлімдеуі керек. Сөйтіп, істің шындығына көз жеткізгендері абзал!

ҚР Сыртқы істер министрлігіне шынайы мәліметтер түскен жағдайда, бұл мәселеге Елбасының Сыртқы істер министрлігі арқылы көңіл аударатынына сенімдіміз!

Ал, кеңірдек жыртқан құр айғайдан ештеңе өнбейді!

Ауыт Мұқибек

29.06.2017

Abai.kz

 

 

 

5 пікір