Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жалқы сұрақ 8407 12 пікір 26 Маусым, 2017 сағат 12:24

Жерді бермесек инвестиция келмей қала ма?

 

Редкциядан: ҚР Парламенті Мәжілісінің Аграрлық комитетінде талқыланып жатқан жер ресурстарын басқаруға қатысты заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасына қатысты қоғам белсенділері мен заңгерлердің ұсынысын жалғастырып беріп отырмыз. Басы мына сілтемеде: http://abai.kz/post/54988 . Құрметті, оқырман, аталған заң жобасына қатысты айтар ойыңыз бен ұсыныс - тілегіңіз болса, сіз де ортаға салыңыз, жариялауға әзірміз.

 Ең алдымен заңды өзгертпей және сол заңның толықтай орындалуын қатаң қадағаламай жерді қорғап, сақтап қалу мүмкін емес екені белгілі.

Сонау 2003  жылы қабылданған ҚР Жер кодексі бүгінге дейін 85 рет өзгеріске ұшырап, соның салдарынан қазақ жері ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатқаны мәлім.

Сондықтан, ҚР Парламенті Мәжілісінің Аграрлық комитетінде талқыланып жатқан жер ресурстарын басқаруға қатысты заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасына ұсынған өзгерістерімізді ел болып, жұрт болып одан әрі талқыға салайық.

Өткен аптада ҚР Жер кодексінің 23-бабының 4-тармағын өзгерту туралы ұсынысымызды назарларыңызға ұсынған болатынбыз. Бүгін соны одан әрі жалғастырайық.

Қолданыстағы ҚР Жер кодексінің 23-бабының 4-тармағының 2- абзацында «Қазақстан Республикасының шекаралық аймағында және шекаралық белдеуінде орналасқан жер учаскелерін шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға және шетелдік заңды тұлғаларға жеке меншікке беруге жол берілмейді.» (Не допускается предоставление земельных участков, расположенных в пограничной зоне и пограничной полосе Республики Казахстан, в частную собственность иностранцам, лицам без гражданства и иностранным юридическим лицам.),-деп жазылып тұр.

Біз бұл бапты былай өзгерту туралы ұсыныс жасап отырмыз:

«Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлер, пайдалы қазбалар, кен орындары шетелдіктерге, азаматтығы жоқтарға, шетелдік заңды тұлғаларға, сонымен бірге Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құрылған шетелдіктердің үлесі бар заңды тұлғаларға жеке меншікке және жер пайдалану құқығына (жалға беру) беруге жол берілмейді» (Не допускается предоставление земельных участков, сельскохозяйственного назначения, месторождений полезных ископаемых, Республики Казахстан, в частную собственность и на праве землепользования иностранцам, лицам без гражданства и  иностранным юридическим лицам, а также созданные в соответствии с законодательством Республики Казахстан юридическим лицам  с  иностранным участием).

Шетелдік жеке немесе заңды тұлғаларға, азаматтығы жоқтарға қазір де ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер жеке меншікке берілмейді. Бірақ, Ақмола облысында жалғыз құрылтайшысы ретінде Германия азаматы Роберт Шумахер тіркелген  «Ақ құлын» серіктестігіне 34 155 гектар жерге пайдалану құқығы беріліп, оның біраз бөлігі жеке меншікке өтіп кеткенін, Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданында «Бәтуа» серіктестігі жалға алған 91 432,5 гектар жердің біраз бөлігін жеке меншікке сатып алғанын білеміз. Ол жерде негізгі мәселе - серіктестіктердегі жерлердің шетелдіктердің үлесінің болуында.

Себебі, шетелдіктердің үлесі бар, бірақ Қазақстанда тіркелген заңды тұлғаларға заңды айналып өтудің түрлі құйтырқы жолдары жасалған. Біз бұған тосқауыл қоюға тиіспіз.

Бұл жерде ҚР «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» заңына да өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттілігі туындайды.

Сонымен бірге билік кен орындарын да шетелдіктерге жалға бермесек шетелдік  инвестициядан қағыламыз деген уәж айтуы мүмкін. Шетелден инвестиция тарту үшін міндетті түрде жерді жалға беру керек пе? Жерді бермесек инвестиция келмей қала ма? Биліктің уәжіне қандай қарсы пікір айтуға болады?

Бұл жағдайда бәлкім кейiнгi жер пайдалану (қосалқы жалдау) құқығын беруді ұсыну керек шығар?

Осы мәселені жан-жақты талқылап, пікір білдірулеріңізді сұраймыз. Жерді қорғау мен сақтауға бағытталған заңдарды өз аузымызбен талқылап, өз қолымызбен өзгертейік. Сол арқылы әрқайсымыз жерді қорғауға, сақтауға өз үлесімізді қосайық!

Құрметпен,

Мақсат Нұрыпбай   

Уәлихан Қайсаров

Айдын Егеубаев

Қайырлы Омар

 Abai.kz

 

 

 

12 пікір