Жұма, 26 Сәуір 2024
Алаң 7434 3 пікір 25 Маусым, 2017 сағат 19:37

ЖПП-ға - бір, камераға - екі айыппұл төлейміз бе?

Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Асан Жақыпов «полиция – халық жауы» деп те ескертті, ал Жол-патруль полициясының қылмысты құрықтауда қауқары кетіп, тек жол көліктерін аңдумен уақыт өткізіп жүргендері салдарынан қылмыс 110 пайызға өскенін ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев жасырмай жария етті. Осыған ұқсас талай ескертулер орын алып, бүгінгі таңда ҚР ІІМ осы жылдан бастап полиция қызметінің халықаралық нормаларға өткенін алға тартқан болатын.

Біз білетін халықаралық норманың негізгі қағидасы – адам факторын, яғни жемқорлықты жою мақсатында полиция мен айыпталушы тұлғаның тікелей жолықпауын болдырмау еді. Осы қағиданы түсіндірген БАҚ өкілдері ендігі кезекте жол полициясы көлік жүргізушілерін тоқтатып айыппұлдар салуға асықпайтынын, олар  шынайы жол сақшылары ретінде  жол қозғалысын реттеуге, жол апаттары орын алған жерлерде, бағдаршам істемей тұрған қиылыстарда қызмет көрсететінін жарыса жазған болатын. Ал айыппұлдар көшедегі тіркеу камералары арқылы анықталып, жүргізушінің мекен-жайына тікелей хатпен жеткізіледі де, төленетін айыппұл жол полициясының араласуынсыз-ақ мемлекеттік қазынаға түсетін болған.

Алайда, осы жылдың басында қолданысқа енгізілген бұл халықаралық нормаларды жол полициясының өздері жиі бұзып келеді.

Басқа қалаларды қайдам, Қазақстанның үшінші мегаполисіне айналуға әзір тұрған Шымкент қаласында ЖПП қызметтік автокөліктері жол ережесін бұзатын жүргізушілерді әлі де аңдып жүр. Әлі де баяғыдай психологиялық қысым көрсетуден, құжаттарын қолдарына алған соң қайтарып бермей әуре-сарсаңға салатын, айыппұлдарды қолдан жазып беретін ЖПП қызметкерлері жиі кездеседі. Олар кез-келген жерден көлікті тоқтатып жолда кептелістер жасайды, жолаушыларға жайсыз жағдайлардың орын алуына ықпал етеді.

Ендігі ақылға сыймайтыны – халықаралық нормалар бойынша, адам факторын жойғымыз келетін болсақ, жан-жақта көшеде де, полиция көлігінде де тіркеу камералары орнатылып сол арқылы айыппұлдар мекен-жайымызға келетін болса, ереже бұзған жүргізуші қауым қолдан толтырылған полиция хаттамасымен бір айыппұл, ал камерада тіркелгенімен екі айыппұл төлеуге тиісті бе? Сонда бір бұзған ережесі үшін жүргізуші екі рет айып арқалайды ма?

Әрине, осыдан бір жыл бұрын, көлік жүргізу куәліктерін емтихансыз оңды солды сатқан ОҚО ЖПП қызметкерлері мықтап құрыққа түскенінен хабардармыз. Алайда сол сауатсыз жүргізушілер әлі де сол жемқор полиция қызметкерлерінің қалтасын қампайтып жүргенімен кімнің ісі бар?!

Сауатсыз жүргізуші - жемқор жол сақшысы үшін өте жақсы «майшелпек». Мұндай «майшелпектер» жол сақшысының төбесі көріне салысымен теңгесін алып, алдынан елбелектеп шыға береді. Шын мәнінде жол ережесін бұзған-бұзбағанын өзі де айыра алмас сірә.

Хош... жүргізуші сауатсыз делік, ал полиция өкілі ше, ол нағыз заңның бүге-шігесін білетін мемлекеттік қызметкер емес пе?. Жол сақшылары неліктен халықаралық нормаларды бұзады және неге халықты қанауын әлі де тоқтатпай келеді? Олар «халыққа қызмет ету өздеріне міндет» екендігін еске алатын күндері бола ма екен.

Қарапайым ел заң нормаларын өздерінен бұрын заң орындаушы қызметкерлердің, яғни полиция өкілдері ерекше құрметтесе екен деп тілейді. Заңды да, халықты да құрметтемейтін полиция қызметкерлері бүкіл құқық қорғау жүйесіне жағылатын қара күйе! Осындай жауапсыз форма киген құқық қорғаушылардың салдарынан барлық полиция өкілдеріне халық тіксіне қарайды. Бұл бүгінгі таңда жасыратын жайт емес. Егер полицияның халық алдындағы беделін қайтарып алғымыз келсек, жоғарыда айтқан заңсыз әрекеттерге баратын полиция өкілдерін алдымен құрықтауға тиістіміз.

Гүлжан Ізтай

Abai.kz

3 пікір