Сенбі, 20 Сәуір 2024
Арандату 12761 42 пікір 23 Маусым, 2017 сағат 11:08

Путин Қазақстан әскерін соғысқа айдап салмақ

Жақында Ресей мен Түркия президенттерінің өкілдері кездесті. Сөйтіп, Сириядағы соғыс жағдайын талқылап, ақырында Асад басқаратын елдегі деэскалация аймағына Қазақстан мен Қырғызстаннан әскер жіберуді ұсыныпты. Ұсынысты Ресей тарабы жасаған.

Кешелі-бері про-кремльдік БАҚ-тың таңдайындағы тақырып: "Ресей Үкіметі Сирияға Қазақстан мен Қырғызстаннан әскер жібермек болды" (Россия предложила отправить в Сирию военных Киргизии и Казахстана).

Мысалы, "Мk.ru" сайтының жазуынша, Идлибтегі 1 миллионнан астам сириялыққа бақылау жүргізу үшін Қазақстан мен Қырғызстаннан 300-500 сарбаз керек екен. Бұл мәселелер, алдағы Астанадағы кездесу кезінде талқыланбақ көрінеді.

Ресей Думасының Қорғаныс комитетінің басшысы Владимир Шаманов кеше мәлімдеме жасап, Сирияға әскер жіберу туралы Қазақстанмен келіссөздер жүргізіліп жатқанын айтыпты.

«Қазір келіссөздер жүріп жатыр. Сирияда тұрақтылық орнату үшін әскери полиция жіберу мәселесі қарастырылып жатыр. Тіпті, Қазақстан мен Қырғызстаннан да әскер жөнелтілуі мүмкін», - дейді Шаманов. Ал, біздің сарапшылар не дейді? Қараңыз:

Соғысқа біреуді жіберетін болса, әуелі өздерінің балаларынан бастасын!

Айдос Сарым, саясаткер:

- Мен біздің сарбаздарды Сирияға жіберу дегенге үзілді-кесілді қарсымын. Біріншіден, бұл адам шығынына алып келеді. Бұл әскери-полициялық операция. Демек, жергілікті тұрғындармен тікелей байланысқа негізделген. Ресей бұл былыққа өзі кірді, енді өзі шықсын. Путин бұл мәселені ҰҚКҰ-ға мүше елдермен келісті дегенге сену қиын. Сондықтан бүйтіп тәжірбие жинауға болмайды.

Екіншіден, бұл Қазақстанның өз ішінде терроризмнің жаңа толқынын тудырады. Қазақ әскерінің бөтен елдің соғысына араласуын терроризм идеологтарының ігтей тілеп отырғаны даусыз. Оның ақыры неге алып келетіні айтпаса да түсінікті. Сонымен қатар, бұл әлем алдында Қазақстанның бітімгерлік миссиясының талқанын шығарады. Себебі, әскери-полициялық миссия Асад режімін қолдайтындықтан Халықаралық ұйым алдында еліміздің беделі түседі.

Үшіншіден, бұл біздің сунниттік елдермен ара-қатынасымызды күрделендіріп жібереді. Ал бұл өз кезегінде біздің Батыспен байланысымыздың сууына алып келетін фактор. Яғни, изоляция, құрдымға құлдырап бара жатқан Ресейдің етегінен ұстап кетуге бастайтын қадам деген сөз.

Төртіншіден, бұған логикалық түсініктеме жоқ.  ҰҚКҰ шарты бойынша ұжымға мүше елдердің біріне шабуыл жасалған жағдайда әскери көмек қолын созуға міндетті боламыз. Ал енді дәл қазір Ресейге ешкім шабуыл жасап, соғыс ашып отырған жоқ. Керісінше, Ресей бөтен мемлекеттің территориясына кіріп отыр. Сондықтан, біз бұл соғысқа араласуға міндетті емеспіз.

Және айтарым, егер керек болса, бұл тақырып бойнша ашық дискуссия жасайық. Парламентте де ашық дауысқа салынсын. Егер Сирияға соғысқа біреуді жіберу керк болса, шенді шекпенділер әуелі өз балаларынан бастасын!

Геосаяси тартыста біз Ресей мен Иран жағына шығып кеттік

Әзімбай Ғали, саясаткер:

- Ресейдегі орыстар тұрмысының нашарлағанына, әлеуметтік теңдіктің, әделеттіліктің жоқтығына наразы. Орыс халқы коррупцияның өршігеніне де наразы. Сол наразылықты Алексей Навальный  ерттеп мініп, пайдаланып, Президент Путинді ысырып, билікке Президент сайлауы арқылы келуге әрекеттенуде.

Ресей қатарынан екі соғыс жүргізіп отыр. Сирия мен Шығыс Украинада.  Екі майданда да адам шығыны бар. ҰҚКҰ (ОДКБ) Қазақстанды да Ресейдің Сириядағы әскери авантюрасына тартқысы бар. Сөзсіз, бізге Сирия соғысына қатыспағанымыз жөн.

Ал Мәулен Әшімбаев БҰҰ мандатымен Сириядағы бейбітшілік миссиясына қатысуға болады дейді. Бұл идея бір ойдан дұрыс болып көрінгенімен, бұрыс позиция. Біз Астананадағы диполоматиялық миссияға АҚШ пен Сауд Арабиясының қолдауынсыз іліктік. Астанадағы бейбіт келісім  жасау миссиясы сыңаржақты болып шықты. Нәтиже берген жоқ. Бұл геосаяси тартыста біз Ресей мен Иран жағына шығып кеттік. Солардың "тарысын қуырып жүрміз". Түркияның Президенті Ердоған ұстанымы да тұрақсыз болып тұр.

Ресей мен Иранның позициясы АҚШ-қа және барлық суннит арабтарына қарсы. Ресей мен Иран Асадты қолдайды, ал Асад - шиит, Асадқа барлық сунниттік мұсылман мемлекеттері, Еуропалық Одақ пен АҚШ одақтастары да қарсы. Егерде біз БҰҰ мандатымен Сирияға кірсек, біз Ресейдің әскери базаларына да арқа сүйейміз. Олай болса, Ресеймен және Иранмен одақтас болуға мәжбір боламыз.Сондықтан "аш пәледен қаш пәле" принципі дұрыс. Ресейдің Сириядағы және Украинадағы соғысы неғұрлым созыла берсе, Ресей бюджетіне салмағы ауырлай түседі. АҚШ Президенті Д.Трамп өз қолымен Ресейді ыдыратады. Ресей ыдырап жатса, біздің жағдай не болмақ. Біз тыныс аламыз. Сол тұста алаңсыз саяси және құқықтық реформалар уақыт күттірмей қолға алынатын болады.Қытайдың ықпалы Ресейден асып түседі. Қара да тұр.

Нұрзат Тоғжан

Abai.kz

42 пікір