Жұма, 22 Қараша 2019
Жаңалықтар 1218 0 пікір 2 Қараша, 2010 сағат 20:24

ТОМАС Л.ФРИДМАН. Петросаясаттың әуелгі заңы

Иранның президенті Холокосты жоққа шығарды, Уго Чавес батыстың көсемдеріне мұрын шүйіріп отыр, Путин «қант-кәмпитін қамшыға ауыстырды». Неге? Өйткені, олар демократияның деңгейі мұнай бағасының деңгейімен шамалас болатынын жақсы түсінеді. Жаңа заманның табиғатын ашатын петросаясаттың әуелгі заңы, міне, осындай.

Парсы шығанағындағы елдердің соңғы бірнеше жыл ішіндегі ахуалын ойша шолып отырып, мен мынадай қорытынды жасадым: осы өңірдегі араб мемлекеттерінің ішінде тұңғыш рет әйел адамдарды қатыстыра отырып, еркін де әділетті сайлау өткізген, гастарбайтерлерге тәуелділіктен құтылып, өз азаматтарын жұмыспен қамту үшін еңбек заңнамасын толықтай қайта түзеген ел - Бахрейн. Айтпақшы, сол Бахрейндегі мұнай қоры шығанақтағы өзге елдерден бұрын таусылатын көрінеді. Ал осы өңірде алғашқылардың бірі боп АҚШ-пен еркін сауда-саттық туралы келісімге қол қойған да - осы Бахрейн. «Мүмкін бұл жай ғана сәйкестік шығар?» деп ойлағам мен. Ақыры, араб әлеміндегі аужайды зерделей келе, ливандық демократтардың өз елінен сириялық әскерлерді қалай қуып шыққанын көріп, мен өзіме тағы бір сұрақ қойдым: «Араб әлеміндегі жалғыз демократиялық елде бір тамшы мұнайдың болмауы кездейсоқтық па?».

Иранның президенті Холокосты жоққа шығарды, Уго Чавес батыстың көсемдеріне мұрын шүйіріп отыр, Путин «қант-кәмпитін қамшыға ауыстырды». Неге? Өйткені, олар демократияның деңгейі мұнай бағасының деңгейімен шамалас болатынын жақсы түсінеді. Жаңа заманның табиғатын ашатын петросаясаттың әуелгі заңы, міне, осындай.

Парсы шығанағындағы елдердің соңғы бірнеше жыл ішіндегі ахуалын ойша шолып отырып, мен мынадай қорытынды жасадым: осы өңірдегі араб мемлекеттерінің ішінде тұңғыш рет әйел адамдарды қатыстыра отырып, еркін де әділетті сайлау өткізген, гастарбайтерлерге тәуелділіктен құтылып, өз азаматтарын жұмыспен қамту үшін еңбек заңнамасын толықтай қайта түзеген ел - Бахрейн. Айтпақшы, сол Бахрейндегі мұнай қоры шығанақтағы өзге елдерден бұрын таусылатын көрінеді. Ал осы өңірде алғашқылардың бірі боп АҚШ-пен еркін сауда-саттық туралы келісімге қол қойған да - осы Бахрейн. «Мүмкін бұл жай ғана сәйкестік шығар?» деп ойлағам мен. Ақыры, араб әлеміндегі аужайды зерделей келе, ливандық демократтардың өз елінен сириялық әскерлерді қалай қуып шыққанын көріп, мен өзіме тағы бір сұрақ қойдым: «Араб әлеміндегі жалғыз демократиялық елде бір тамшы мұнайдың болмауы кездейсоқтық па?».

Осы сұрақтар төңірегінде қанша бас қатырсам да, арасалмақ туралы бір пайымның төңірегінен шыр айналып шықпай қойдым. Нақты есеп пен талдаудан тұратын кәдімгі арасалмақ: мұнай бағасының деңгейі мен белгілі бір елдердегі экономикалық, саяси бостандықтардың деңгейі арасындағы арасалмақ.

...Әлбетте, менің мақсатым осы тақырыпты бүге-шүгесіне дейін қазбалап, диссертация қорғау емес, болжамды тексеру, пікірталас туғызу. Ал, мұнайдың бағасы мен демократияның дамуы арасындағы арасалмақты таразылау тіпті де жөпшеңкі іс емес. Әсіресе, мұнай бағасының бұдан әрі өсуі болашақтағы халықаралық қарым-қатынастардың айқындаушы факторына айналарын ескерсек, оның әлемдік саясатқа қалай әсер ететінін де зерделеуге тиіспіз.

Біз жасаған графиктер мұнайдың бағасы мен бостандықтың арасында ажырағысыз байланыс бар екенін көрсетеді. Осы себепті де мен өзім екшеген Петросаясаттың бірінші заңы жайлы пікірімді ортаға салып отырмын. Ол былай: мұнай бағасының деңгейі мен мұнайға бай мемлекеттердегі бостандықтың деңгейі бір-біріне қарайлас, тәуелді.

Петросаясаттың бірінші заңы бойынша мұнай шикізатының орташа әлемдік бағасы өскен сайын, бұл мемлекеттердегі сөз, баспасөз бостандығының аясы тарыла береді, әділетті сайлау институты, заң үстемдігі, соттар мен саяси партиялардың еркіндігі шектеледі. Мұндай келеңсіз үрдіске себепші болатын тағы бір фактор бар: мұнай бағасы шарықтап өскен жағдайда мұнайлы мемлекеттердің жетекшілерін өздері туралы әлемдік қауымдастықтың не ойлайтыны алаңдатпайды. Және керісінше, сол заңдылыққа сәйкес, мұнай бағасы құлдыраған сайын мұнайлы мемлекеттер саяси, қоғамдық құрылымды одан әрі жетілдіруге, оппозициямен санасуға, азаматтардың (әйел, еркек деп бөлмей-ақ) теңқұқылы бәсекелестігіне мүмкіндік жасауға, ағартушылық, құқықтық жүйені қалыптастыруға, кәсіпкерлікке қолдау көрсетуге, инвестициялар тартуға мәжбүр болады. Мұнайлы мемлекеттердің жетекшілерін де өз іс-әрекеттеріне шетел қалай қарайды деген сауал ойланта бастайды.

Экономист-мамандар табиғи ресурсын үріп ішіп, шайқап төккен елдердің  экономикасы мен саясатында келеңсіз жайттардың да болатынын айтады.

Ол феноменді «голланд ауруы» немесе «шикізат қарғысы» деп атап жүр. «Голланд ауруы» термині шикізат экспортынан түсетін ақшаның астында қалған елдердегі индустрияның мешеуленуін меңзейді.

Бұл анықтауыш ең алғаш 1960-жылдары, Голландияда табиғи газдың мол қоры табылған уақытта пайда болған еді. «Голланд ауруын» жұқтырған елдерде ұлттық валютаның бағамы әп-сәтте нығаяды. Ол, әлбетте, мұнайдан, алтыннан, газдан, алмастан, өзге де шикізат көздерінен түскен қаражаттың арқасы. Соның нәтижесінде ол елдердегі экспорттық өнеркәсіп тауарлары бәсекелестікке төтеп бере алмай, импорт арзандайды. Қалтасын ақшаға қампитқан азаматтар жаппай импорттық тауарларды пайдалануға көшеді, отандық өнеркәсіп болса, тұралап қалады. Индустрияның мешеулігі дегеніміз, міне, осы. «Шикізат қарғысы» термині де жоғарыдағы гәпке тікелей қатысты. Шикізат ресурстарына басыбүтін тәуелділік елдің саяси, инвестициялық, ағартушылық  өміріне де әсер етеді. Мұндай жағдайда тиімді бәсекелестікті қамтамасыз ету, инновация, жұрттың қыжалатын өтейтін өнім өндіру басты нәрсе емес. Басты мәселе - мұнай «кранын» кім бақылайды және одан кім қанша үлес алады деген гәп.

Әрине, мұнай байлығының қоғамды демократияландыруға тигізетін кері әсері туралы өзге де теориялар бар. Солардың ішіндегі өзіме етене жақын, терең еңбек деп Калифорния университетіндегі саясаттанушы Майкл Л.Росстың зерттеуін айтар едім. Ол 113 елдің 1971-1997 жылдардағы статистикалық деректерін зерделей келе, былай дейді: «Мұнайды экспортына ғана арқа сүйеу әдеттегідей мемлекеттегі демократиялану үрдісіне тосқауыл болады. Қызығы, мұндай құбылыс басқа өнім түрлерінің экспортына тіпті де қатысты емес. Мұндай құбылыс Араб жартыаралына, Таяу Шығыс пен Сахараның оңтүстігіндегі Африкаға, тағы да басқа шағын мемлекеттерге тән.

Меніңше, Росстың зерттеулеріндегі ерекше бағалы нәрсе - шектен тыс мұнай кірісінің демократияға қалай әсер ететінін жіпке тізіп көрсетіп бергені. Біріншіден, ол «салықтың әсерін» бөле-жара айтады: мұнайға бай елдердің үкіметтері қазынаға түскен қаражатты алдымен әлеуметтік шиеленісті басуға жұмсайды. Өйтпеген жағдайда қоғам мемлекеттен есеп беруді немесе билік құрылымдарындағы халықтың өкілеттігін арттыруды талап ететіні белгілі ғой. Мен осы тезисті былайша түзер едім: Америка революциясының ұрындарының бірі «Өкілдіктердің бақылауынсыз ешқандай салық салынбасын» болды. Мұнайлы авторитарлық елдерде мұны керісінше қолданады: «Салықты реттеп алмай, ешқандай өкілдіктер болмайды». Мұнайға бай елдерде азаматтарды салықтың астында қалдыру да кейде қажет емес. Ол өз жөнімен, экспорттық кірістің есебінен жасалады. Есесіне ондай үкіметтер халықтың пікіріне құлақ аса бермейді, халықтың мүддесімен санаспайды.

Росстың пайымынша, мұнайдың демократияға бөгесін болатын екінші тетігі - «мемлекеттік кірістердің әсері». Мұнайдан түсетін ақша мемлекеттің әлеуметтік шығындарды ұлғайтуына мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде демократияға жақ болған көңіл-күйдің қысымын әлсіретеді. Үшінші тетік - «әлеуметтік-топтық әсер». Мұнайлы мемлекеттің үкіметі өз елінде саяси құқықтар талап етуге құмар, тәуелсіз әлеуметтік топтардың ұя салуына мүмкіндік бермейді. Мұнай кірісінің көбеюі «репрессивтік әсерге» алып келуі де мүмкін: билік демократиялық қозғалыстарды талқандау үшін полиция мен арнаулы қызметтерге аямай ақша төгеді.

Соңында, Росс «антимодернизаторлық әсер» жайлы айтады. Мұнай құятын қаражат кәсіби мамандану, урбанизация, ілім-ғылым деңгейінің көтерілу үрдістерін тежейді. Ал бұлар экономикалық өрлеуге алғышарт жасайтын, азаматтардың сана-сезімін оятатын, олардың өзара ұйымдасуына, ұжымдық талап қоюды үйренуіне, сондай-ақ қоғамда экономикалық жағынан билікке тәуелсіз  ықпал орталықтарын құруына сеп болатын үрдістер екені белгілі.

Міне, Петросаясаттың бірінші заңы осы тұжырымдарға орныққан, алайда мұқият зерделесек ол мұнай мен саяси процестердің байланысы жайлы біздің түсінігімізді тіпті тереңдете түседі. Аталған заңды алға тарта отырып, мен мына нәрсеге көңіл аудартқым келеді: мұнайға басыбайлы болу елдің дамуына ғана кері әсерін тигізбейді. Тағы да қадап айтайын, мұнай бағасының біресе көтеріліп, біресе түсуі мен мұнайлы елдердегі демократия тікелей байланысты. Бұл - тірі байланыс. Біз жасаған графиктердің өзі де көрсетіп отыр: мұнай бағасы жылдам көтеріле бастаса, бостандықтың аясы да жылдам тарыла бастайды.

 

Мұнай белдеуі

 

Мұнайдың бағасы мен бостандықтың таралу қарқынына назар аударуымыздың тағы бір себебі - біз қазіргі уақытта шикі мұнайға деген бағаның үздіксіз өсуін көріп отырғандаймыз. Егер осы рас болса, көтерме баға әлсіз, авторитарлық мемлекеттердің саясатына әлі біраз уақыт ықпал ете береді. Бұл өз кезегінде Қырғи-қабақ соғыстан кейінгі әлемді адам танымастай өзгертіп жібермек. Басқаша айтсақ, мұнай бағасы АҚШ-тың қаржы министрінің ғана емес, мемлекеттік хатшысының да басын ауыртуы тиіс.

11 қыркүйектен кейін мұнай бағасының деңгейі 20-40 доллардан 40-60 долларға шырқап шықты. Әрине, ол бір жағынан Ирактағы, Нигериядағы, Индонезия мен Судандағы зорлық-зомбылық пен қақтығыстарға да байланысты.  Десе де, осы құбылысты мен «әлемнің тігісін жатқызу» деп атаймын, ол Қытайдан, Бразилиядан, Үндістаннан және бұрынғы кеңес империясынан әлемдік нарыққа «қотарыла салған» 3 миллиард тұтынушыға байланысты. Олардың бәрі де үйлі-баранды болуды, көлік мінуді, тоңазытқыш пен микроволновка сатып алуды армандайды. Олардың қуат күштеріне деген сұранысы орасан һәм күн өткен сайын өсіп барады. Солар мұнай бағасына қысым жасаудың тетігіне айналды. Егер Батыс өзінің қорын сақтап қалу жолында радикалды әрекеттерге бармаса, егер органикалық отын көзіне балама табылмаса, болашақта мұнай бағасы 40-60 доллар емес, одан әрі шарықтай бермек.

Мұндай жағдай, саяси тұрғыдан алғанда, бостандықтың түбірімен жойылуына, жемқорлықтың асқынуына, өзге де автократиялық, антидемократиялық іс-әрекеттерге апарып соғады.  Бұл әлжуаз институттары немесе авторитарлық үкіметтері бар мұнайлы елдердің біразына қатысты. Ол елдердің жетекшілері кірістен түсетін қаражаттың үлесі тоқтаусыз өсе беретін біледі. Кіріс қаражаты қарулы күштерді жасақтап, күшейтуге, қарсыластарды сатып аулға, сайлаушылардың дауысын немесе қоғамдық қолдауды сатып алуға жұмсалады және халықаралық ереже, тәртіптерді көзге ілмеуге кепілдік болады. Ондай үрдістің қазірдің өзінде бар екеніне көз жеткізу үшін бір мәрте баспасөзді шолып шықсаңыз да жетеді.

Мұнайлы елдердің саясаты құбырдың маңында ғана өрбімейді, қоғамның өзінде қалыптасқан жағдай туралы жаңсақ түсініктер пайда болады. Егер халқы қайыршы, билеушілері бақуатты болса, ол мемлекет білімді, инновацияны, заң үстемдігі мен кәсіпкерлікті жетілдіре алмай жатыр деген сөз емес. Ол - біреулер мұнайдан нәпақа тауып отыр, біреулер аш-жалаңаш отыр деген сөз. Ондай қоғамда адамдар баю үшін білімді, кәсіпкерлікті, инновацияны дамытатын қоғам құрудан гөрі, мұнайды ұрлап жатқандарды тоқтату керек деген ойдың жетегінде жүреді.

Жоғарыда айттық қой, мұнайдың бағасы мен бостандықтың таралуы арасындағы байланыс ажырағысыз дүние. Тіпті ең кемел, көреген дейтін жетекшілердің өзі мұнай бағасы тұрақсыз болса, экономикалық, саяси реформалардың жолынан аунап түсуі кәдік. Бахрейнді еске алыңыз. Өздеріндегі мұнайдың түгесілетінін білген соң, қуат көздерінен түсетін кірістің қысқаруы реформаларға бастау болатынын дәлелдеп отыр. Бірақ олардың өзі бағаның уақытша өсуіне шыдас бере алмады. «Бағаның уақытша өсуінен ғой, қазір бізде бәрі жақсы. Бұл шенеуніктердің тоғышарлығына апарып соқтыруы мүмкін, - дейді Бахрейн университетінің экономикалық зерттеулер бөлімінің басшысы Ясим Хусейн Али,  "Gulf Daily News" газетіне берген сұхбатында. - Ол өте қатерлі үрдіс, өйткені мұнайдан келетін кіріс ала-құла, тұрақсыз. Бәлкім, Парсы шығанағындағы стандарттарға салсақ, Бахрейн өз экономикасын біршама диверсификациядан өткізіп те алған шығар. Бірақ халықаралық стандарттарға лайықты емеспіз». Тегеранда қыдырып жүргенде жас иран журналисінің мына айтқан сөзі де есімде қалыпты: «Егер бізде мұнай болмағанда, біз Жапония сияқты болар едік».

 

Геология идеологиядан жоғары

 

Рональд Рейганды қанша қадірлесем де, Кеңес Одағын сол жойды дегенге сене алмаймын. Кеңес Одағының күйреуіне себеп көп болған шығар, алайда 80-жылдардың аяғы мен 90-жылдардың басындағы мұнай бағасының кілт төмендеп кетуі шешу роль атқарғанына күмән жоқ. (1991 жылғы Рождество күндері, Кеңес Одағы өз өмір сүруін тоқтатқанда бір баррель мұнайдың бағасы 17 доллардың шамасында болатын).

Бағаның одан әрі төмендеуі Борис Ельциннің посткоммунистік үкіметін заң мен тәртіпті сақтауға, сыртқы әлеммен ашық саясат жүргізуге, әлемдік инвесторлардың көңілінен шығатын, солар талап етіп отырған заңнамалық құрылымды жасауға итермеледі.

Одан кейін билікке Владимир Путин келді. Ал, енді, Путиннің кезеңін, яғни мұнай бағасы жиырма доллардан алпыс долларға дейін көтерілген кезеңді ойша шолып шығыңызшы.

Мұнай 20-40 доллар болып тұрғанда билік құрған президентті мен «Путин Бірінші» деп атар едім. 2001 жылы Джордж Буш бірінші кездесуінен кейін-ақ, «мен Путиннің жанына үңілдім, ол сенуге тұратын адам» деп салды. Егер Буш бүгінгі Путиннің - «Путин Екіншінің», «Путин - барреліне 60 доллардың» жанына үңілсе, оның жанының қаншалықты қара екенін, мұнай тәрізді қара екенін көрер еді.

Ол Путиннің аяқ астынан табыла кеткен аста-төк байлықты «Газпром» секілді ресейлік алып мұнай компаниясын, көптеген газеттер мен телевизиялық станцияларды, ресейлік түрлі кәсіпорындар мен тәуелсіз институттарды жұтып қоюға пайдаланғанын көрер еді.

90-жылдардың басында, мұнай бағасы төмендеп кеткен уақытта Кувейт, Сауд Арабиясы, Египет сияқты мұнайлы араб мемлекеттерінің өзі экономикалық реформалар туралы әңгіме айта бастап еді, тіпті саяси реформаларға тәй-тәй қадам жасай бастаған. Баға өсіп кеткесін реформалар қайырлап қалды, әсересе саяси кеңістікте.

Мұнайлы елдердің байлығы еселеп өскен сайын, енді олар Қырғи-қабақ соғыс саясатынан кейінгі халықаралық қарым-қатынастар жүйесіне және әлемдік құрылымның өзіне шындап ықпал ете бастамақ.

Берлин қабырғасы құлаған шақта еркін нарық пен демократияның дамуы қайтып қайырылмайтын даңғыл жолға түскендей болған. Соңғы он жылдағы еркін сайлаулардың әлемде кең қанат жаюы да осы процестің әбден мүмкін екенін көрсеткендей еді.

Бірақ бүгінгі таңда ол бареліне 60 доллар тудырған мұнай авторитаризмінің қарсы толқынына қарсы келіп отыр. Аяқ астынан ирандық, нигериялық, ресейлік, венесуэлалық режимдер деморкатияланудың жолын кесіп бағуда. Осы елдердегі халық сайлаған билеушілер жаңбырша жауған мұнай долларларын тақта мығым отыруы үшін, қарсыластары мен жақтастарын сатып алу үшін, жеке секторды алқымынан алып, қылқындыру үшін пайдаланып жатыр.

Бәрі де мәңгілікке кеткен сияқты еді. Өкінішке қарай, Берлин қабырғасынан басталған демократияның жылы ағысын мұнай авторитаризмінің қара толқыны көміп кетті. Рас, мұнай авторитаризмі Батысқа коммунизм тәрізді стратегиялық, идеологиялық қатер төндіре алмас. Сонда да болсын, ол халықаралық тұрақтылықтың іргесін шайқалтары анық. Осының арқасында әлемдегі кейбір режимдер қосымша қаржы-қаражат көздерін ашады әрі ұзақ уақыт бойы қарам тірлікпен айналысуды кәсіп етеді. Ал Үндістан, Жапония секілді елдер Иран, Судан сияқты мұнайлы диктаторлардың дегенін істейді. Өйткені, олардың өмір сүруі де мұнайға тәуелді. Халықаралық тұрақтылық үшін мұндай аужайдан түк те пайда жоқ.

Мен бір нәрсені тағы да қайталап айтқым келеді. Мен жеткізген пайымдаулардағы байланыс атаулы жетілген, кемел дүниелер емес, әрине. Көптеген оқырмандар көптеген дәйектерді алға тартып, тұжырымдарды жоққа шығаруы да мүмкін. Бірақ мен пайымдауларымда күнделікті хабарларда беріліп жүрген ортақ үрдістерді таразыладым: мұнай бағасының өсуі көптеген елдердегі бостандықтың таралуына тікелей бөгесін болады. Ал ондай елдердің қарасы көбейіп алған соң, олар әлемдік саясатты да қолшоқпарға айналдырады.

Біз кез келген елдің мұнай тасымалына ықпал ете алмаймыз. Ал егер тұтынған энергияның көлемі мен типін өзгертуге күш салсақ, біз әлемдік мұнай бағасына ықпал ете аламыз. «Біз» дегенде мен жалпы әлемдік энергияның 25 пайызын пайдаланатын АҚШ-ты және мұнайды импорттайтын елдерді айтып отырмын.

Қуат көздерінің құрылымын өзгерту, пайдалану туралы ойлар қоршаған ортаны қорғаушылардың мейірбан тірлігі немесе әлдебіреулердің арының ісі емес. Бұл қазіргі уақытта ұлттық қауіпсіздіктің өзегіне айналуы тиіс.

Осы ойларды қорытсақ, мұнай бағасын түсірудің яки мұнайға балама табудың сауатты, ұзақмерзімді жоспарын жасамайынша, демократияны алға жылжытудың америкалық стратегиясы дегеніңіз құр қияли нәрсе және одан тек қана жеңіліс табамыз.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Аударған Талғат Ешенұлы

(Томас Л.Фридман, The New York Times шолушысы, Пулитцер сыйлығының лауреаты)

 

0 пікір