Жұма, 19 Сәуір 2024
Біздің шенеунік 6429 4 пікір 14 Маусым, 2017 сағат 15:14

Павлодар облысы бас идеологының ісін қалай түсінеміз?

 

Алматыдағы Жазушылар одағы  үйінде   белгілі ақын,  Қазақстан Жазушылар одағы  Басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалиннің  70 жылдық мерейтойының салтанатты кешіне   Павлодар облысы әкімдігінің  жауапты қызметкерлерінің бірі я  жергілікті ақын-жазушылардың өкілдері  емес,   бұларға  еш қатысы жоқ Мұхит Омаров (суретте) деген біреу барды!..

Облыс әкімінің идеология саласына жауапты орынбасары Мейрам Бегентаевқа (суретте) қоңырау шалып мәнісін сұрағанымда  М. Омаровты  Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы сияқтандырып  мадақтай жөнелді!  Облыстың бас идеологының журналистер филиалының басшысы ол  емес, басқа кісі екенін білмейтіні, журналистика мен көркем әдебиетті айыра алмайтыны  зығырданымды қайнатты! Ал Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының  міндетін атқарып жүрген Гүлзира Баширова болса:  «Мұхит Омаров «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы болып істеген жоқ па?..»  – деп өзіме сұрақ қойды...

Ау, айналайындар, «Егемен» қайда, Мұхаң қайда?!.. Мұхаң қайда, көркем әдебиет қайда?!..

Кеңестік кезеңде комсомол мен компартия ұйымдарында   қызмет  істеген Мұхит Омаровтың 1989 жылы облыс мәдениет басқармасының бастығы қызметіне келгенін білеміз.  Соның басшылығы кезінде  әйгілі жерлесіміз, әнші-композитор Майра Уәлиқызы тұрған тарихи  үйді күрделі жөндеуден өткізу үшін бөлінген  қомақты  қаржының із-түссіз жоғалып кеткені есімізде.  Облыстық  «Сарыарқа самалы» газетінің  бас редакторы болып істеген  жылдары «Нар тұлға» қоғамдық ұйымына біріккен соғыс және еңбек ардагерлерінің  ар-ұжданына тиетін материалдарды жариялағаны жадымызда. Бұл істердің жай-жапсары  БАҚ-та бірнеше мәрте айтылды, тіпті ҚР Президентінің аппаратына шағым түсірілді!  Облыстағы бас қазақ басылымын басқарып отырған адамның қазақша жазғаны қарын аштыратыны  және  шығармашылық ұжымды әкімшілдік-әміршілдік әдіспен басқаратыны туралы да айтылды,  жазылды.

Ақыры, М. Омаров зейнетке шыққан соң  дау-дамай басылған сияқтанды. Солай десек те,  ішкі саясат басқармасының сол кездегі бастығы Бауыржан Капеновтың қолдауымен 2012 жылы  жаңадан ашылған «Найзатас» журналының бас редакторы қызметіне бекітіліп кете жаздады!  Әйтеуір,  жергілікті  ақын-жазушылар  облыс    әкіміне әдебиетке еш қатысы жоқ адамның әдеби-көркем басылымның басшысы болуына қарсы екендігін айтып, наразылығын білдірген соң   кандидатурасы өтпей қалды.

Мұхит Омаров қазіргі кезде Ж. Аймауытов атындағы театрда қызмет ететін көрінеді.  Шамалауымша, әртіс емес. Сонсын,  бас редакторлық қызметпен әлдеқашан қош айтысқанына қарамастан, «Бас редакторлар клубы» аталатын қоғамдық ұйымды басқарады...

Дегенмен, Мұхаңа ренжитін жөніміз жоқ сияқты. Кеңестік қоғамда ат үстінде жүріп, кейін зейнетке шыққанынша тақ үстінде отырған ағамыз сол шақтарын көксейтін  болар.  Енді  Жазушылар одағында сөз сөйлеп,  өзін жазушы кейпінде көрсетуден де кет әрі емес шығар...  Бірақ төрінде ұлы Мұхтар Әуезовтың  іздері қалған  қазақ әдебиетінің қасиетті қара шаңырағына облыс әкімінің атынан  әлдекімді  жіберген Мейрам Бегентаевтың ісін қалай түсінеміз?

Өз басым әр жылдардағы  облыс  басшыларының  идеология саласына жауапты орынбасарлары: Рысты Жұмабекова, Әлия Ғалымова,  Арын Өрсариев,  Ғани Сәдібековпен ауызба-ауыз сөйлесіп, өзара тіл табысып түрлі мәселелердің шешімін тауып жүрдік.  Рас, кейбір мәселе бойынша тіпті қызу пікірталасқа барған  кездеріміз де болды. Бірақ  дәл осындай   өте ыңғайсыз  жайтты бастан өткерген емеспін.

PS: Облыс әкімі Болат Бақауов мырза өз орынбасарының ісіне түсініктеме беретін шығар деген үміттеміз.

 

Арман ҚАНИ,

Қазақстан Жазушылар одағы

Павлодар облыстық филиалының директоры,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері.

Abai.kz

 

4 пікір