Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 4801 4 пікір 9 Маусым, 2017 сағат 12:13

Экс-кандидат 2 минутта түстеніп үлгере ме?

 

Соңғы уақта Ел Конституциясына едәуір өзгерістер енгізілді. Дәлірек айтсақ, Президент сайлауы туралы Заң қайта қаралып, оған қатысушылар екшеліп-текшеленетін болды.

Соның ішінде «Президент сайлауына әрбір Қазақстан азаматы қатыса алады» деген ескі Заңдағы ереже өзгерді.

Енді Президент сайлауына кез келген Қазақстан азаматы қатыса алмайтын болды. Қазақстанда тұрғанына және мемлекеттік қызметте 5 жыл болған, онда да саяси партияда мүшелікте бар адам ғана президенттіктен үміткерлердің қатарына енуі мүмкін.   Ал бұл декмократия қағидасына қаншалықты сай? Біз осы тұста бұрынғы ереже бойынша Президент сайлауына қатысқан экс-кандитат Тұрғын Ысқақұлы Сыздықовты еске алдық да, оның Парламенттің қара жұмысшылар палатасынан таптық. Кешегі кандидат бүгін Мәжіліс депутаты екен.

Парламенттің баспасөз қызметі бізге Тұрғын Сыздықовпен тек түстен кейін ғана хабарласуға болатынын ескертті. Оның себебі - депутат түске дейін Парламенттің пленарлық отырысында я болмаса басқа  жиында жүреді екен.  Сөйтіп, екі-үш күн бойы Сыздықов жолдасқа бірнеше рет қоңырау шалып, жарты ауыз сөзіне зар болып отыр едік, кеше Құдай оңдап, телефон тұтқасын өзі алды.

Содан екеуара былайша тілдесіп қалдық:

-Алло, Мен Abai.kz ақпараттық порталының журналистімін. Есімім Нұргелді. Тұрғын жолдас, сізбен аз-кем сөйлессек деп ек.

-Амансыздар ма, әңгіме не жайлы?

-Конституцияға енгізілген өзгерістер жайлы.

-Түстен кейін хабарласыңыз. Қазір «әбед» уақыты ғой. Сағат әлі 2 болған жоқ.

- ...

Депутат түстен кейін хабарлас дегенде сағат тілі тұп-тура 13:58-ді көрсетіп тұрған еді.

Сыздықов мырзаның өзі айтқандай түстен кейін бірнеше мәрте қоңырау шалып ек, телефон тұтқасын ешкім көтермеді.

Біз депутат Тұрғын Сыздықовтың бұл әрекетін емен-жарқын әңгімеден қашу деп түсіндік. Әйтпесе, кабинетінде отырып, телефонмен тілдескен депутаттың 2 минутта  «әбедке» барып келе қоюы қисынсыз ғой.

Тақырыбымызға оралайық. Президенттік сайлауға қатысты өзгеріске орай ресми органдар: «Әркім сайлауға қатыса алатын. Сөйтіп, сайлау сайқымазақ шоуға айналатын еді» деді. Рас, 2015 жылы сәуір айында өткен президенттік сайлауға коммунист Сыздықов жолдас пен эколог Әділғазы Құсайынов дейтін азаматтар кандидат болды. Тіпті, Телібеков бастаған біртүрлі адамдар: экстрасенстер, балшылар, қарташылар да  сайлауға үміткер ретінде ат салысты. Иә, олар сайлауалды доданың "сәнін" келтіріп-ақ бақты. Сайлаудың талабы өзгеретін болып жатса да, нағыз сайлауға дейін бұндай "көлденең көк аттылардың" әлі талайын көретін сияқтымыз. Соның бірімен сұхбат алайық деп едік, көрдіңіз бе, 2 минутты сылтау қылып әңгімеден қашты. Ал, біз 2 минутта экс-кандидат түстеніп үлгере ме деп таң қалдық.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

 

4 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2279
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3596