Жексенбі, 22 Қыркүйек 2019
Жаңалықтар 3042 0 пікір 30 Қыркүйек, 2010 сағат 17:54

М.Тынышбаев. Қазақ тарихына қатысты материалдар

Қоңыраттар

Моңғол тарихшысы Санан-Сесеннің куә­лік етуінше, қоңыраттар «көк-моңғолдар» тұ­қымынан тарайтын «ұлы моңғолдар» тобынан шығады. Шамасы «көк» сөзін мынадай мағына­да түсінуге болады, мысалы Шыңғыс хан Керей ханы Ван ханға­ (1) жазған хатында қоңыраттар­ды, қатағандарды, дүрмендерді көк сирақты тырналар деп атайды. Алайда «көк» сөзінің «ас­пан» деген екінші мағынасы бар. Біздің қо­ңыраттардың арасында «көктің ұлы» деген ру тармағы бар. Бұл киіз үйдің шаңырағына түнде түскен нұрдан Алангоа жесірдің бала тауып, Шыңғыс ханның бабасы жаралғаны сияқты қоңыраттардың бабалары да кәдуілгі адамдар емес деген емеурін сияқты. Бұл патшалар мен батырларды құдайдан тарататын грек ми­фологиясын еске түсіреді. Дәл осындайды пат­шаларын «көктің ұлы» дейтін қытайлардан да кездестіреміз. Қоңыраттардың ерекше әу­лет­­тен шыққанын Шыңғыс ханның өзінің ше­шесі қоңырат екенінен, атақты Жошының, Шаға­тайдың, Үгедейдің және Төленің шешесі, Шың­ғыс ханның бірінші әйелі Бөртенің қоңырат екенінен көреміз. Қоңыраттардың көсемі Меңлеке 13 жасар жетім Темучинді* бірінші болып маңдайынан сипады, оның шешесіне, яғни өзінің қоңыратына үйленді. Кейіннен Шыңғыс ханның ордасында Меңлекенің елдің бәрінен жоғары отыруы осымен түсіндіріледі. Меңлекенің ұлы, әйгілі шаман Көкше «Бұт-тәңірі» яғни құдайдың көлеңкесі деп аталады.

Қоңыраттар

Моңғол тарихшысы Санан-Сесеннің куә­лік етуінше, қоңыраттар «көк-моңғолдар» тұ­қымынан тарайтын «ұлы моңғолдар» тобынан шығады. Шамасы «көк» сөзін мынадай мағына­да түсінуге болады, мысалы Шыңғыс хан Керей ханы Ван ханға­ (1) жазған хатында қоңыраттар­ды, қатағандарды, дүрмендерді көк сирақты тырналар деп атайды. Алайда «көк» сөзінің «ас­пан» деген екінші мағынасы бар. Біздің қо­ңыраттардың арасында «көктің ұлы» деген ру тармағы бар. Бұл киіз үйдің шаңырағына түнде түскен нұрдан Алангоа жесірдің бала тауып, Шыңғыс ханның бабасы жаралғаны сияқты қоңыраттардың бабалары да кәдуілгі адамдар емес деген емеурін сияқты. Бұл патшалар мен батырларды құдайдан тарататын грек ми­фологиясын еске түсіреді. Дәл осындайды пат­шаларын «көктің ұлы» дейтін қытайлардан да кездестіреміз. Қоңыраттардың ерекше әу­лет­­тен шыққанын Шыңғыс ханның өзінің ше­шесі қоңырат екенінен, атақты Жошының, Шаға­тайдың, Үгедейдің және Төленің шешесі, Шың­ғыс ханның бірінші әйелі Бөртенің қоңырат екенінен көреміз. Қоңыраттардың көсемі Меңлеке 13 жасар жетім Темучинді* бірінші болып маңдайынан сипады, оның шешесіне, яғни өзінің қоңыратына үйленді. Кейіннен Шыңғыс ханның ордасында Меңлекенің елдің бәрінен жоғары отыруы осымен түсіндіріледі. Меңлекенің ұлы, әйгілі шаман Көкше «Бұт-тәңірі» яғни құдайдың көлеңкесі деп аталады.

Шыңғыс ханның ең бастапқы жорықта­рының бә­рінде Қоңыраттар соның жағында соғысады. 1220 жылы Нишапурды қоршағанда Шыңғыс ханның қызына үйленген қоңырат Тоғышар қайтыс болады. Ол өлген соң әйе­лі дереу шабуылды басқарып, қаланы алған­да барлық тұрғындарды қыруға бұйрық бе­­ре­ді. Жошының ұлдарына берілген біздің қоңыраттардың бабалары 4000 таза моңғол­дардың санатына кіреді. Шамасы, қоңыраттар Шайбақтың (Көк Орда) құзырында болып, Сырдарияның төменгі жағына орналасқан сияқты. 1360 жылы қоңырат Құсайын сопы Хорезмге ие болып, Алтын

Орданың вассалы саналса да елдің тәуелсіз билеушісі сияқты өмір сүрген. 1371 жылы Хиуаны Ақсақ Темір басып алады, ал Құсайын сопы қалаға шабуыл кезінде

қайтыс болады. Оның орнын бауыры Жүсіп сопы басып,

Темірмен бейбіт келісімге келеді. Темір кеткен соң Жүсіп оған қарсы шығады. 1379 ж. Темір Хорезмді қайта шаба­ды, ал Жү­сіп алғашқы шайқаста қаза табады. 1420 ж. қоңыраттар Еділдің төменгі жағына қо­ныс ау­­­­­да­­рады. Мұнда қоңырат билеушісі Хайдар мыр­за әуелде Ұлық Мұхаметті қолдайды. Ке­йін Кіші Мұхаметтің жағына

шығып, ұр­ысқа араласады және соңғы шайқаста Ұлық Мұха­мет орыстың Белев қаласына қашып кетеді. Хайдар мырзаның үш түмен (30000) қоңыраты болған. Соның қолдауымен Тоқтамыстың не­ме­ресі Сейіт Ахмет Қырымға орнығады. Хай­дар мырза өлген соң қоңыраттардың недәуір бөлігі Еділге кетеді, ол жерден, шамасы, өзбек ханы Әбілхайырдың жағына шығады. Қазіргі қырымдық қоңыраттар - сонда қалған қоңы­раттардың (1449 ж. кейін) ұрпақтары.

«Шайбани-наменің» авторы Мұхамет-Са­лық­тың куәлік етуінше, Мұхамет Шайбани Түр­кістанды басып алғанда оның қасында қоңыраттар көп болған. Шамасы қоңыраттар Бұхарадан солтүстік батысқа дейінгі кең жа­зықты мекендесе керек. Әбілғазының куәлік етуінше, 1533 жылы қоңырат батырлары Ха­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­физ бен Күнтуар Хорезмге жорыққа аттанады. Он­­да қақпанға түсіп, Дінмұхамет Хорезми тарапы­­­­­­­нан өлтіріледі. 1690 жылы қоңырат Мұхамет би ата­лық Балықты биледі. 1702 жылы Сыбан­­құл хан өлгенде Бұхарада екі партия пайда бо­ла­ды: аталған Мұхамет би басқарған қоңыраттар және Мұхамет Рахым би (Марайым) басқарған маңғыттар. Маңғыттар жеңіске жетіп, осыдан соң бірнеше қуыршақ хандарды таққа отыр­ғызып, түсіреді. Марайымнан жеңілген қоңы­раттар Шығыс Бұхараға, Үргенішке және Сыр­дариядағы қазақтарға кетеді. 1800 жылдардың ба­сында Үргеніште қоңырат Ел-Түзер Инақ өзін хан деп жариялап, оның әулеті 1919 жылы тақтан тайдырылады.

Қазақ қоңыраттары 1723 жылы Сырда­рияның баты-сын мекендеп, жоңғарлардың шабуылынан мүлдем дерлік зардап шекпейді. Олар шамасы 1725-1726 жылдары және кейінгі (1750-1758) әскери шабуылдарға қатыспаған сияқ-ты. Ал Сырдарияның оң жағалауына 1760 жылдары өтеді.

9. Қыпшақтар

Қыпшақтар - түркі тайпасы. ІХ ғасырға дейін олар Жайық өзенінің шығысын ме­кендеді. Ахмет-Зәки Уәлидидің айтуынша, олар Ертіс өзенінің батысын қоныстанған. 890 жылы қыпшақтар Жайық өзенінен өтіп, печенектерге шабуыл жасап, оларды екіге бөл­ді: шығысқа (қазіргі қарақалпақтардың бабала­ры) және батысқа («қара қалпақтар» деген атпен белгілі, яғни олар да қарақалпақтар). 900-1200 жылдары қыпшақтар Еділ мен Днепрдің арасын мекендеп, оңтүстік Ресейге шабуыл жасады. 1222 жылы Кавказ таулары­ның солтүстігінде оларды моңғол қолбасшы­сы Сүбедей (дұрысы Сыпатай) мен Жебенің қалың қолы талқандайды. 1223 жылы Қалқа өзенінің жағалауында моңғолдар қыпшақтар мен оңтүстік орыс княздарының біріккен әс­керін талқандайды. Алғашында моңғолдар осы жеңістерімен шектеліп, шығысқа кетеді. 1237 жылы Бату Ресейдің шығыс және оңтүстік бөлігін бағындырып, қыпшақтарға шабуыл­дап, оларды талқандайды. Араб тарихшысы Рухнаддиннің (2) куәлік етуінше, моңғолдардың оңай жеңісіне қыпшақтардың екі тобының арасындағы араздық себеп болған. Олардың бір тобы бағынып, екінші тобы батысқа кетеді де, Венгрияға орнығады. Тұтқынға түскен қыпшақтарды венециялық көпестер сатып алып, Египетке апарып сатады.

Уақыт өте келе Египетте қыпшақтар мүл­­дем көбейіп кетеді де, Мысыр сұлтаны олар­дан айрықша жасақ құрады. Бұл сарбаздар мәмлүктер (яғни құлдар) деп аталады. 1259 жылы мәмлүктер көтеріліс жасап, сұлтанды өлтіреді де, оның орнына өздерінің қыпшағы Ибақты қояды.

Моңғолдар келгенге дейін қазіргі оң­түстік-шығыс Ресейде ең көп санды тайпа қыпшақтар болған. Сондықтан көршілері Ал­тын Орданы «Қыпшақ елі», ал Түркістанды «Дешті-Қыпшақ» (яғни Қыпшақ даласы) деп атаған. ХІV ғасырда қыпшақтар Еділдің орта ағысын және Сырдарияның төменгі жағын ме­кендеген. XV ғасырда қыпшақтар Әбілқа­йыр хандығының негізін құраған. Олар Қаратауда (сондай-ақ ол «Қараспан» деп те аталған) көшіп-қонып жүрген, қазақ қыпшақтарының арасында қараспан тармағы бар. Олардың бұл жерді мекендегені «Қобыланды батыр» жырында да нақты айтылады. Қо­быланды жырының қаһарманы Әбілқайырдың сенімді се­рігі болған, ол арғындардың билеушісі Дайырқожаны (Ақжолды) өлтіріп, сол үшін арғындар Әбілқайырды тас­тап, Жәнібекпен бірге Моғолстанға кетеді. Қобыланды­ның мазары Ақтөбе уезінде Қарақобда өзенінің жаға­сын­да, Илецкіден 40 верст жерде. Алтын Орда хандарының ішіндегі ең күштісі болған Әбілқайырдың хандығы оның өмірінің соңы­на қарай әлсірейді. Едіге бидің немерелері, ноғай мырзалары Қожас пен Уақас бір-біріне қас жау еді, Уақасты Қожас өлтірген дейді Әбілғазы. Уақастың ұлдары Мұса мен Жаңбыршы Әбілқайырдан көңілі қалған соң оның туысқаны Бөрке сұлтанмен тіл табысып, Қожасты өлтіреді де қарауындағы көп елді бастап Еділдің төменгі жағына кетеді.

Әбілқайыр өлген соң оның ұлысына қазақтар мен ноғайлар шабуыл жасайды. Ша­масы, бұл кезеңде қыпшақтар да алауыздыққа ұшырап, бір бөлігі Әбілқайырмен қалып, ке­йінірек Мұхамет Шайбанидың Түркістанды басып алу жорығына қатысады да, екінші бөлігі қазақтарға, үшінші бөлігі ноғайларға қосы­лады. Бәлкім, олар бұған дейін де бір-бірінен ажыраған сияқты: Еділ татарлары ең әуелі сол жерге ертерек орныққан қыпшақтардың ұрпақтары деп санауға толық негіз бар. Қырымға ноғай қыпшақтары, ал Башқұрт­станға ноғай және қазақ қыпшақтарының ұрпақтары барған. Біздің қыпшақтармен башқұрт қыпшақтарының негізгі таңбасы біреу-ақ («ІІ»)**.

Осыдан соң қазақ қыпшақтары, сірә, халықтың өмірінде маңызды рөл атқармаған сияқты. Қазан мен Қырымда қыпшақтар үнемі билеуші таптың құрамына жатқан. Өйткені олар мұрагерлік жолымен қарашылар (уәзір­лер сияқты) болған (3).

Ал өзбектің қыпшақтары, мәселен, Қоқан хан­дығында билеуші тапқа жатқан. Худояр ханды және қала тұрғындарын қорқытып ұстаған әйгілі регент Мұсылманқұл, оның ұлы Әбдірахман-Автобачи және Ташкенттің қорғаушысы Әлімқұл молда - осылардың бәрі қыпшақтар.

В. Кіші жүз. 10. Алшындар

Ұлы жүз бен Орта жүздің жекелеген рулары туралы мағлұматтарды біз қытай, араб, парсы, византия, орыс және жергілікті тарихшылар еңбектерінен тап­тық. Алшындар туралы мұндай тарихи мәліметтер кезікпеді. Алшынның кейбір рулары Қырым және Қазан татарларында, башқұрттарда, ноғайларда және Кавказда кезігеді. Орыстар 1552 жылы Қазанды, 1554 жылы Астраханды жаулап алған соң тайпалардың топ-тобымен қоныс аударуы тоқтады деуге болады. Ал алшындардың жекелеген түркі халықтарына бөлінуі ХVI ғасырдың ортасынан кешікпей жүзеге асты деп санаймыз. Оған дейін алшындар бөлшектенбей өмір сүрген сияқты.

Қазіргі күні бүкіл қазақтардың шамамен 2/5-сін құрайтын Кіші жүз тек қана алшындардан тұрады. Қазақтың ең ұсақ рулары тарихының өзі милади жыл санауынан ары кететіндіктен, алаштың ең ірі тайпасы - алшындардың тарихы да ғасырлар қойнауына ұласуға тиіс. Ендеше оның іздерін географиялық атаулар мен тарихи деректерден іздестіріп көрейік.

 

а) Солтүстік Алтай (4)

Кенді Алтай Об өзенінің екі саласының суайрығы болып табылады: шығыста - Чұлым, батыста - Томи. Чұлымның сол саласының бірі Беріш деп аталады, оның батысында 40 верст жерде Берішкөл (Берчикуль) бар. Олардан 70-80 верст жерде Томи өзенінде көктемдегі жайылмада кемелер мен салдарға зор қауіп туғызатын су асты жартастары - Беріш (Буриш) кезігеді. Берішкөлдің 50 верст батысынан Алшыдат (Алчедат) өзені басталады. Обқа құятын Қатын өзенінің оң салаларының бірі Черкеш (Черкиш) деп аталады. Ашынның (Ачинск) солтүстігіндегі 100 верст жерден Үлкен және Кіші Кет (мұнда ХVІІ ғ. Кеттің остяктары тұрған) өзендері бастау алады.

Чұлым өзенінің бойы мен Томи өзенінің батысында, жоғарыда аталған Беріш, Алшыдат өзендері, Берішкөл, Беріш жартастарын түгел қамтыған ауданда Қызыл деп аталатын түркі тайпасы тұрады. Оның құрамында Үлкен ашын, Кіші ашын деген рулар бар, Ашын қаласының атауы осыдан шыққан. Беріш, Берішкөл атаулары біздің Алшынның құрамындағы етекті ел Берішті, Үлкен және Кіші ашын рулары «л» әрпі түсіп қалған алшынды еске салады. Бірер әріптің түсіп қалуы қазақ тілінде де кездеседі. Мысалы, «алшы», «алшын» деудің орнына «ашы», «алып кел» деудің орнына «әкел» және т.б.

Егер «Алшыдат» атауынан көптік жалғауы «т»-ны алып

тастасақ, біздің алшынға жақын «алшыд» сөзі шығады. «Черкеш» біздің алшынның құрамындағы черкешті, «кет» кетені еске түсіреді.

Аталған аудандарда «алтын» атауы бірнеше рет кезігеді. Бірқатар географиялық атаулар біздің руларды еске салатындықтан, мұны алшынның құрамындағы алтынмен теңестіруге болады. Ең қызығы бұл жерлерде қазақтың Ұлы немесе Орта жүздерінің (тек арғыннан басқа) руларын еске түсіретін атаулар мүлдем жоқ, бұл жер-су аттарының бәрі тек Кіші жүз руларының атымен ұқсас.

 

ә) Оңтүстік және оңтүстік-шығыс Ресей (5)

Киев-Полтава темір жолында Киевтен 60 верст жер­де Барышевка бекеті және осы аттас село бар. Осы жол­дан 210 верст жерде Ромодан қаласы кезігеді. Киевтен 200 верст жерде Днепрден төмен оң жағалауда Черкасы қаласы бар. Ал Киев-Мәскеу темір жолында Киевтен 230 верст жерде Алтын бекеті мен соған жақын Алтын ауылы орналасқан. Киев-Полтава темір жолында Удай саласы бар Сула өзені кезігеді. Курск губерниясының (Рыльск үйезі) Ахматовка селосының тұрғындары ХІІІ ғасырда казактар деп аталған черкестер болған деп жазады Карамзин (ІV томға ескертпелер). Туланың оңтүстігіндегі 70 верст жерде Одоев деген үйездік қала бар. Харьков-Пенза темір жолында Харьковтан 240 верст қашықтықта Бирюч деген үйездік қала кезігеді. ХІV ғасырда Дон өзені Танаис деп аталғаны мәлім. Мұндағы «ис» таза грек жұрнағы. Азов теңізі мен Азов (Азаулы - ауд.) қаласы бірдей Тана деп аталғаны аян. Бұл өзеннің (Танаис, Дон) жағасында Көне Черкасск және Новочеркасск қалалары орналасқан. Перекоп мойнағына қарсы шығыс тарапта Бирючий аралы жатыр. Кубань өзенінің теңізге құйылысы Тама түбегі (Таманский полуостров) деп аталады. Пенза губерниясында (Симбирск және Нижегород шекараларының тұсы) Рамадан қаласы тұр. Симбирск губерниясында оң жағынан Барыш саласы келіп құятын Сура өзені, өзеннің темір жолмен қиылысында Барыш бекеті, Барыш өзенінің сағасында Барышовка слободасы бар. Сол тұстан шығысқа қарай 30 верст жерден екі өзен басталады: Бирюч және Сухой Бирюч, соңғысының бойында Бирючевка деревнясы бар. Саратов қаласының оңтүстік-батысында Алтын тауы, Епотаевск қаласынан 30-40 верст төменде Еділ өзені бойында «Золотой бугор», яғни Алтын төбе орналасқан. Еділдің оң жағалауында Астраханның қарсысында Төрт Алтын шатқалы және сол маңда Бирюч мүйісі бар. Профессор Хвольсон (6) ежелгі Хазарияда Бараиш қаласы бар деп жазады. Голубовский (7) 1055 жылы «Қыпшақ елінен Болуш келді және Всеволод онымен бейбіт келісім жасады» деп жазды.

1095 жылы Владимир Мономах тұтқындар Бурчаұлдары Иглар, Китан және Акланды өлтіреді. Смирнов (8) 1232 жылғы (Батудың шабуылына 5 жыл қалғанда) жылнамадан мынадай мысал келтіреді: «Пурышев сын с Половцы избил Мордву всю и Русь Пургасскую, а Пургас едва в мале утече» - «Қыпшақ еліндегі Пұрыштың ұлы бүкіл Мордва мен Русьтегі Пургасты талқандады, ал Пургас әупіріммен ғана аман

қалды». Ал 1126 және 1174 жылдары қыпшақтар Баруч қаласына шабуыл жасаған. Карамзин (9) «түріктер мен беренділер және қазақтар [казаки] да черкастар [черкасами] деп аталған» деп жазады. Тағы бір жерінде  аталған деп қайталайды. Сол Карамзин өз заманында

осетиндердің черкестерді қазақтар деп атағанын айтады. Ал Семенов-Тяньшанский (10) черкестердің руын тарата келіп, оның қылыш деген тармағы барын айтады. Біздің черкештердің де қылыш тармағы бар. Жоғарыда аталған Бараш-Бараиш, Барышовка, Баруч, Бирюч, Бирючевка, Бирючей, Бурч, Пурыш, Болуш деген географиялық және тарихи атаулар алшынның беріш руын еске түсіреді. Ал Удай және Одоев - адайларды, Черкас пен Черкасск - черкештерді еске салады. Г.Эверс (11) Черкасының негізін черкестер (ал Кавказдың черкестері де, біздің черкештердің де «қылыш» деген тармағы бар) салған дейді. Ромодан мен Рамадан біздің рамаданды, Тана - тананы, Алтын - алтынды, Таман - таманы еске түсіреді. Бір қызығы бұл аудандарда моңғол шапқыншылығына дейінгі кезеңде (тіпті ХІV ғасырда) қыпшақтардан басқа Ұлы жүз бен Орта жүздің руларын еске түсіретін географиялық және тарихи атаулар кездеспейді. Біздің ру-тайпалар мен олардың тармақтарының атауындағы біраз айырмашылықтарға келсек, түрік (қаз) сөздерін жазбаларда, әсіресе, жылнамаларда дәл берудің орыстарға қиын соққанымен түсіндіреміз. Мысалы, оларда мұсылманды «бусурман», тіпті «бесермян», Өзбектi - «Авзяк» не «Изябяк», Жәнібекті - «Джелебек», «Зенебек», Жалаладдинді - «Зеледин», Жошыны - «Ючи», Махмұдты - «Бахмет», Сарытауды - «Саратов» және т.б. бұрмалап жазған.

Жылнамаларда былай көрсетілген: Всеволодқа Қыпшақ елінен Болуш келеді (1055 ж.), Владимир өлтірген Аклан да Бұрышұлы (1095), орыстарға шабуыл жасаған да Пұрыштың ұлы (1232 ж.). 1055 жылы Болуш немесе Бұрыштың өзі келді, 40 жылдан соң оның ұлын Владимир өлтірді, ал ағасы өлтірілгеннен кейін 137 жыл өткен соң оның екінші ұлы шабуыл жасады деу, әрине, қисынсыз.

Түркі халықтарында біреудің ұлы деген сөз тікелей мағынасында емес, тұқымы, ұрпағы немесе сол тайпадан шыққан өкіл деген мағынасында да айтыла береді. Мысалы, ән-жырларда Кенесары Абылайдың ұлы делінеді, шынында ол немересі. Сондықтан, меніңше, қыпшақтармен келген -  беріштер, өлген Аклан беріш руынан, 1232 ж. қыпшақтармен бірге шабуыл жасағандар - беріштер.

Араб жазушысы Әл-Айни (12) египеттік сұлтандар (мәмлүктер) Бейбарыс (1260-1279) пен Қалауын (1279-1290) «Брж-оглы руынан шыққан қыпшақтар еді» дейді.

Лен-Пуль-Стенли (13) египеттік мәмлүктердің екі әулетін атайды - «бахри» («өзендер» әулеті - 1250-1390 жылдар), «бурджи» («қамалдар» әулеті - 1390-1517 жж.).

Л.Будаговтың сөздігінде «берж» - тобылдық та­тарлардың тілінде - мықты, сынбайтын, ал «бурдж» - мұнара, қамалдың үйіндісі. Қазақша «беріш» - дененің қатты бөлігі.

Жоғарыда біз Томи өзеніндегі жартастың «буриш» деп аталғанын көрдік. Сондай-ақ шығыстағы түріктердің сөздеріндегі «ш» әрпі батыстағы түріктерде (мысалы осман түріктерінде) «дж»-ға айналатынын ұмытпайық.

Аталған сөздерді салыстырудан ұғатынымыз -

«бурджи» әулетінің атауы «мұнара» сөзінен емес, «бердж» немесе «беріш» руынан шыққан. Бұл жоғарыда көрсетілген сұлтан «брж немесе «берш» руынан шыққан қыпшақ еді» деген мәліметке толық сәйкес келеді.

Ақыр соңында энциклопедиялық сөздіктен (36-том) Египетте «брж-оглы» әулетінен кейін олармен туыстас черкес руының мәмлүктері болды дегенді оқимыз.

Геродот (14) Днепрдің батысын, яғни шамамен біз сөз еткен жерді мекендеген Алазон деген (б.д.д. V ғасыр) бір халық туралы айтады. Алазондарды Страбон (15) да атап өтеді (б.д. І ғасыры). Беріш, черкеш, алшын атаулары Алтайда да, оңтүстік орыс далаларында да кезігеді. Алтайлық ачын, алчид алазондарға недәуір жақындайды және олардың бәрі біздің алшындарды еске түсіреді. Сондай-ақ грек және басқа да көне тілдерде «ч» әрпі жоқ екенін, сондықтан бұл әріптің не түсіп қалатынын (онда алын болады) (16), не «с»-ға ауысып, екі дауысты дыбыстың ортасында «з» болып оқыларын ескерген жөн. Беріш пен черкеш атаулары Алтай мен оңтүстік орыс далаларында бірдей кезігетіндіктен, бұлар туысқан рулар деп түсіну керек және қазақта да бұл рулар байұлы тармағының құрамында.

Антропологиялық зерттеулер алшындардың арий­лық төркіні бар халықтармен қаны араласқанын көрсетті. Аристов пен басқалар алшындардың динлиндермен қаны араласқан және бұл оқиға Алтай тауларының маңында болған деп санайды. Ал жоғарыда алшынның кейбір тармақтарының бірнеше ғасыр бойы орыстармен қоңсы қонып, отырықшы ғұмыр кешкеніне, қалалары болғанына көз жеткіздік. Сондықтан алшындарды динлиндермен емес, орыстармен оңтүстік-орыс далаларында қан араластырған деп санаймыз.

б) Қаракесек тобы (Әлімұлы, Шөмекей, Кете)

VI ғасырда Жетісуды Алтайдан шыққан түріктер басып алады. Қытай деректерінде VIІ ғасырда Шу өзені­нің батысын Чумынь, Чумугунь тайпалары мекендегені айтылады. 654 жылы қытайлар чумугуньдерге ша­буылдап, олардың астанасын талқандайды, 30 мың чумугуньді өлтіріп, құлағын кесіп алады (өлгендерді санау үшін). 700 жылдар шамасында батыс түріктердің ханында чумугуйлерден құралған 40 мың әскер болған.

742-744 жылдары ұйғырлар мен қарлұқтардың біріккен күшінен жеңіліс тапқан чумугуйлер батысқа қашады.

«Құтты білікпен» (1069) бір мезгілде дерлік 1073 жылы жазылған «Диуан лұғат ат-түрік» кітабында (17) Шу өзенінің жағасындағы чеклы тайпасы аталады.

Қаракесек тобының (әлімұлы, шөмекей және кете) ежелдегі ұраны - дөйт, әлімнің тағы бір тармағы - шекті (немесе шеклі). Қашғардың оңтүстік батысында Алай тауларының шығыс бөлігінде қазіргі таңда қырғыздардың қаракесек және тойт рулары тұрады, бұлар әлімсақтан бері көрші және аңыз бойынша туысқан.

Осылайша, қаракесек пен дөйт (тойт) қазақтардың Кіші жүзі мен қырғыздарда бірдей кезігеді. Сондай-ақ

бұл атаулар онда да, мұнда да тығыз байланысты. Бұдан мынадай қорытынды жасауға болады: VI ғасырдың ортасында Алтайдан Шу өзеніне келген түріктердің арасында шүмен немесе шөмекейлер болған, Шу өзенінің атауы осыдан шығуы да мүмкін (Алтайда Телец көлінің оңтүстігінде Шу немесе Шуя өзені, Шу даласы және Шу тиіндері бар. Бұл географиялық атаулар жоғарыда аталған Черкиш өзеніне жақын орналасқан).

Екі ғасыр бойы (550-740) олар Шу бойындағы батыс түрік мемлекетінің негізін құрады және 742-744 жылдары ұйғырлар мен қарлұқтар оларды екіге бөліп тастады: көп бөлігі батысқа қашты, аз бөлігі Қашқарияға кетті. Қырғыз тобы, сірә, үнемі Сырдарияның төменгі жағында және Арал теңізінің шығысын мекендеген сияқты. Қаракесектердің Қырымда, Қазанда және башқұрттардың ортасында жоқ болуы осыған байланысты. Тек кетелер астрахандық ноғайлар мен түрікмендердің арасында кезігеді. Әлім атауы кейін шыққаны күмәнсіз, ол руға берілген қандай да бір қожаның немесе діни пірдің құрметіне қойылған сияқты.

в) Жетіру тобы

Жетірудың тама және рамадан тармақтары жоғарыда айтылды. Табын жоғарыда аталған Шу тиіндері (Чуйских белков) және Шу даласының оңтүстігіндегі Табын богдо-оло тауларының атауын еске түсіреді. Табын моңғолша бес дегенді білдіреді, бұл атаудың бес рудың біріккенінен шығуы мүмкін. Ал керейттер туралы Шыңғыс хан заманында керейлерден бөлінген және меркіттермен бірге кеткен керейіттер болуы мүмкіндігін айттық. Барлық ежелгі және кейінгі зерттеушілердің (18) пікірінше, кердерілер ІІ ғасырда ғұндар мен үйсіндер тарапынан қуылған юечжилердің (немесе жүз) ұрпақтары. Веселовскийден кердерілер туралы өте қысқа мәлімет келтірейік. Қытайлардың мәліметінше, б.д.д. І ғасырда юечжилер Хорезмге ие болады. Б.д. V ғасырында олар сол жерді мекендеген. Византиялық жазушылар оларды гун ефталиттер (Прокопий Кесарийский), ғұндар, кидариттер немесе ақтар (Прииск Панийский) деп атаған. Сен-Мартен (1849 ж.) ефталиттер немесе кидариттер - юечжилердің ұрпақтары деп дәлелдейді. Земархтың (567-569) сапары кезінде эфталиттер басқа халықтардың арасында ықпалды рөл атқарған. 1000-жылдары Арал теңізі Кердері теңізі деп аталған, сондай-ақ Хорезмнің бір бөлігі, Әмударияның оң жағы Кердері деп аталған. Кердері атауымен екі қала өмір сүрген: бірі Әмударияның оң жағында, екіншісі сол жағында.

Жағалбайлы руы бір кездері шамасы Хорезмнің маңында өмір сүрген. Олар Қырымда, Хорезмде, но­ғайларда, қарақалпақтарда, бұқарлық және фер­ға­­­налық өзбектерде және құрамаларда аз-аздан кезіге­ді. Шамасы, жағалбайлылар қандай да бір үлкен соқ­қы алған сияқты (1625 жылы Хорезмнен жан-жақ­қа бытырай қашқан наймандар сияқты). Телеу тар­ма­ғы тарихи деректерде кезікпейді, олардың ежелгі мекен­дері оңтүстік (телеулер өзбектердің және құ­ра­­малар­­дың арасында кезігеді; ноғайларда және бұ­дан әрі батыс пен солтүстікте кезікпейді) болған.

Қазақ шежіресінде Тәуке хан орта жүздің әлсіз жеті руын бір одаққа біріктіріп, кіші жүзге қосты делінген.

Олардың шығу тегі бұл шежіреге қайшы келеді.

г) Моңғол шапқыншылығынан

кейінгі алшындар

ХІІ-ХІV ғғ. алшындардың негізгі тобы (байұлы) орыс далаларының оңтүстік және оңтүстік-шығыс бөлігін мекендеді. Олардан оңтүстік-шығысқа қарай тағы 2 топ (қаракесек пен жетіру) орналасты. Жо­ғарыда келтірілген жылнамалық даталар ХV ғ. соңында алшындардың шыңғыс тұқымы Ноғайдың жар­тылай тәуелсіз ордасының өзегін құрағанын көрсетеді. Олардан оңтүстік Русь, Литва, Польша, Болгария, Сербия және тіпті біраз алысырақ орналасқан Византия да қалтырайтын. Ол кезде Ұлы жүз қазақтары Алтын Орданы мүлдем білмеген, ал Орта жүзде ол туралы қыпшақтар мен арғындар аз-маз бірдеңе білетін, алшындардың барлық жыр-аңыздары Алтын Орда мен ноғайлардың өткен өмірі туралы айтады. Кіші жүздің ноғайлардың құрамында болғаны ешқандай күмән келтірмейді. Алайда бұл қызықты да күрделі мәселе айрықша зерттеуді қажет етеді. Алшындардың жадында Тоқтамыс, Едіге, оның ұрпақтары Исмайыл, Қазы, Мұса, Орақ, Шах-мамай, алшындардың ноғайлардың құрамынан шығуына себеп болған Ормамбет туралы жыр-аңыздар сақталған. Өткен ғасырда қазақ жыршылары домбыраның сүйемелдеуімен ноғайлардың арасындағы бітпейтін қанды қырғындар туралы жырлайтын. Бұл қырғындар «сыңсыған ормандар өртеніп, 100 мың ноғайдың бытырауымен» аяқталғаны мәлім. Бұл жыр туралы Шоқан Уәлиханов (19): «ноғайлар мен қазақтардың қақ айырылуы туралы жоқтауды естігенде ақсақалдардың көзіне жас үйіріледі» деген еді. 1906 ж. қайтыс болған әйгілі ақын - Мұрат Мөңкеұлы «Үш қиян» (20) деген ерекше бейнелі өлеңінде Алтын Орданың күйреуі мен ноғайлардың ұлттық қасіреті туралы жырлайды. XV ғ. ортасында алшындардың недәуір бөлігі Әбілқайырдың құзырында болған, бірақ Едіге ұрпақтарының арасындағы өзара қырқыстың салдарынан оның қарауынан көзі тірісінде-ақ кеткен.

XVI ғ. ортасында алшындар «көп ноғай­лардың» құрамында болған. Ноғайлардың бір бөлігі (біздің алшындар) қазақтарға 1555 жылы орыстарды жақтайтын Исмайыл өз бауыры Юсуфты өлтіргенде кеткен деп жазады Соловьев (21). Ақыры соңғы топ (недәуір көп бөлігі) қазақтарға Ормамбет хан өлгенде (1600 жылдар шамасы) кетеді. Осыдан 10-20 жыл өткен соң шығыстан жаңа жау жоңғарлар пайда болады. Олар Сібір арқылы жылжи отырып, 1643 ж. Еділге жетеді.

Алшындар Ембінің оңтүстік-шығысына кетеді. XVI және XVIII ғғ. бірінші ширегінде осы жерді мекендейді. Алшындардың жадында қалмақтардың қырғыны дәл осы кезге байланысты «Сауран айналған»*** деген сөзбен сақталған.

1725-1726 жылдардағы азаттық соғысында алшындар ерекше рөл атқарады. Бұл бүкіл қазақтардың бас қолбасшысы болып солардың ханы жасамыс Әбілқайырдың сайлануынан-ақ байқалады. Алайда жоңғарларға қарсы қазақ қолының жеңімпаз шеруі кезінде қазақ хандары өзара араздасып, Әбілқайыр хан Кіші жүзді басқарып және Сәмеке хан қыпшақтарды, наймандарды және арғындардың бір бөлігін бастап, орыс шекарасына кетеді де, сол жерде орыстардың бодандығын қабылдайды.

 

Шежіреге қосымша

І Басқа туыстас халықтардың құрамында кездесетін қазақтың басты рулары

Үйсіндер - қырғыздарда, қарақалпақтарда, өзбектерде, түрікмендерде, Қырымда, Қашқарияда, Шығыс Ауғанстанда.

Қаңлылар - қырғыздарда, қарақалпақтарда, өзбектерде (парсы елінде), (Кіші Азияда).

Жалайырлар - Моңғолияда, Парсы елінде, қара­қалпақтар мен өзбектер арасында.

Арғындар - Алтайда, Қырымда, Кавказда, Қазан татарлары мен түрікмендер арасында.

Керейлер - Алтайда, Моңғолияда, қарақалпақтар, өзбектер, түрікмендер, башқұрттар арасында, Қырымда.

Наймандар - Моңғолияда, қырғыздар, қарақалпақтар, ноғайлар, өзбектер арасында, Қырымда.

Қоңыраттар - Моңғолияда, қырғыздар, қарақалпақтар, өзбектер арасында, Қырымда.

Қыпшақтар - қырғыздар, қарақалпақтар, өзбектер, түрікмендер, ноғайлар, башқұрттар, Еділ татарлары, Қазан татарлары арасында, Қырымда, Ауғанстанда.

Алшындар - қырғыздар, қарақалпақтар, түрікмендер, өзбектер, ноғайлар, башқұрттар, Қазан татарлары арасында, Қырымда, Кавказда, Ауғанстанда.

ІІ Басты қазақ руларының өкілдері бар қазаққа туыстас халықтар

Қырғыздар - найман, қоңырат (құлжығаш), қыпшақ, алшын, қаракесек (Кіші жүз), арғын, қаңлы, тама, алаша.

Қарақалпақтар - үйсін, балғалы және қайшылы (жалайырлар), қаңлы, қарамойын (қыпшақ), ашамайлы және шеруші (керей), бағаналы, терістаңбалы, қаракерей және садыр (төртеуі де наймандар), байбақты, адай, сумұрын, беріш және таз (бесеуі де алшындар).

Өзбектер - үйсін, қаңлы, жалайыр (тармақтарымен), сіргелі, ошақты, қыпшақ, найман, қоңырат, ашамайлы және шеруші (керей), алшынның барлық тармағы дерлік.

Түрікмендер - үйсін, керей, арғын, қыпшақ және алшын рулары.

Ноғайлар - найман, қыпшақ және алшынның барлық тармақтары дерлік.

Башқұрттар - керей, қыпшақтар (бүкіл башқұрттың 25-33 % пайызын құрайды), алшын.

Қазан татарлары - арғын, қыпшақ, алшын.

Қырым татарлары - үйсін, қаңлы, арғын, керей, найман, қыпшақ, қоңырат, алшын, алаш, алаша.

Кавказдың мұсылман халықтары - алшын (шеркеш), арғын, тама.

 

«Қазақ тарихы» журналынан

 

0 пікір