Сенбі, 20 Сәуір 2024
«Соқыр» Фемида 11530 2 пікір 8 Маусым, 2017 сағат 12:36

Жерсіз қазақ - жетім қазақ

Бұрынғысы бұрынғы ма, жаз шыққалы жер мәселесі ушығып кетті. Жердің мәселесін ушықтырып отырған тіпті де қара халық емес, ушығуды шегіне жеткізіп отырған біздің билік!

Аяғыңды қия бассаң, алдыңнан жерді саудаға салғандардың мәселесі шыға келеді. 24 мамыр күні Павлодар қаласынан Серікбай Әлібаев, Астанадан Қайырлы Омар жолшыбай маған соғып, Көкшетау арқылы Солтүстік Қазақстан облысындағы Ақжар ауданына жолсапарға шықтық. Ақжар ауданындағы Бостандық ауылында сол күні ауыл тұрғындарының, яғни шаруашылық қожалықтарының уәкілдерінің аудан басшыларымен отырысы өтпекші болып белгіленген екен. Күн тәртібінде – жер мәселесі. «Аудан орталығынан келеді» деген басшыларды кешке дейін күтіп-күтіп, келмеген соң, ауылдық әкімшіліктің ғимаратына жиналған жұртшылықтың көкейтесті шағымдарын тыңдадық.

Кеңестер үкіметі кезінде, егемендігімізді алғанға дейін Бостандық ауылындағы үйлер саны – 560, ал орта мектепте оқитын балалар саны да сол шамада болған дейді. Көшелерінде тас жолы және ауылды қоршаған қалың орманы болыпты. Ал қазір олай деп айта алмайсың: 560 үйден қалғаны 200-дей ғана үй. Көптеген үйлер қиратылып, көңілге үрей үйіріп, қаңқиған қабырғалары ғана тұр. Тап бір соғыс болып өткендей. Бір кездергі ауылдың көркі – Мәдениет сарайы да қирап біткен. Бүкіл ауылды жылумен қамтамасыз ететін екі қазандық бар екен, оны да құртып тыныпты. Көмірдің бағасы мен тасымалдауы ондаған есеге көбейіп, тұрғындары ауылды айнала өскен ағашты отап тастаған көрінеді... Қыстың күнгі борандарда аудан орталығы Ақжар мен екі ортадағы жол жабылып қалып, ауруханаға жете алмай, бақилық болып кеткендер де бар екен. Жолды аршиын десе, жол тазалайтын техника аудан орталығында ғана бар және жанармай қат, жоқтың қасы дейді.

Бұл ауыл кезінде бұрынғы Көкшетау облысына қараған екен. Көкшетау – Омбы тас жолының бойынан Дәуіт теміржол бекетінен солға бұрылғанда, 30 шақырым қашықтықта орналасқан. Маңайының бәрі егістік жерлер және 7 шақырым жерде Кіші Қарой үлкен көлі бар. «Балығы жылқы жусатпас, бақасы кісі ұйықтатпас» дейтіндей, айдын шалқар көлді де келімсектер иеленіп алыпты. Сол көлдің белсіздікті емдеуге дәрі жасалынатын қызыл құртын бәлен долларға Қытайға сатып, пайдаға шаш-етектен батып жатса керек. Ал ауыл тұрғындары болса, ит мініп, ирек қамшылап, ақшаның жоқтығының тауқыметін тартып отыр.

Бостандық ауылының жері 23 000 гектар да, «Бостандық» ЖШС-нің егістік жерінің аумағы 6214 гектар, шабындық жері 4000 гектардың ар жақ-бер жағында. Егемендікті алғанға дейін ауылда лимонад, шұжық жасау, нан-тоқаш пісіретін және тағы басқа тамақ өнімдерін шығаратын шағын цехтары ауылдың адамдары түгілі, көрші Омбы қаласының тұрғындарына дейін азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырыпты.

Ал енді егемендігімізді алдық деп, бөркімізді аспанға атып, шексіз шаттықтан есіміз ауысып жатқан мезгілде, Бостандық ауылы күйреп, 560 үйден 200-дей ғана үй қалған екен. Орта мектепте оқитын 500-ден астам оқушы балалардың саны күрт кеміп, осы күнде небәрі 150 ғана оқушы мектепке барады.

3000-нан астам ірі қара малы, 1 мың басқа таяу жылқысы, 1 мың бас шошқа фермасы егемендікті алғаннан кейін көп ұзамай жаппай «жан тапсырыпты». Мал қоралардың қабырғасы да қалмаған, тып-типыл, жермен-жексен болған. Ауылдың шетінде орналасқан астық қабылдау қоймасының да жағдайы адам жыларлық, тоналып біткен. Ауылда жұмыс болмай қалған соң, тұрғындары «балапан – басына, тұрымтай – тұсына» дегендей, тоз-тоздары шығып, күнкөріс үшін қалаларға қаңғырып кетіпті.

Жиналған ауылдың тұрғындары бізге: «Осы біздерді, яғни қазақ жеріндегі халықты құрдымға тіреп қойған кісінің атын атай аласыздар ма?» – деп сұрақ қойды. Сұрақтарының жауаптарын өздері де біліп отырған жұртшылыққа не дейік – иығымызды қиқаңдаттық та қойдық... Егер құрдымның иегерінің атын атасақ, сол күні-ақ ауыл әкімінің тағдыры жаһаннәмға кетейін деп тұрған соң, қалай оны жамандыққа итерерсің?

 

Ауылдың күйреуіне басты себеп – «нарықтық экономика» («әуелі – экономика, сосын – саясат») дегені екенін әлгі ауылдағы еңкейген қариядан еңбектеген балаға дейін біліп алыпты. «Бартер деген пәлесі шығып, Омбыдан жанармай-жағармайға айырбастауға совхоздың малы жаппай сойылып, Ресей мен Қазақстанның екі арасы қан сасыды», – дейді Кіші Қарой (Бостандық ауылының) ауылдық округінің әкімі Ермек Қайыржановтың кабинетіне жиналған ауылдықтар.

«Совхоздың малы жаппай пышаққа ілініп, көктемде егін егуге жанармай болмай, сепкен күннің өзінде егін орағы кезінде тағы да жанармай-жағармай жетпей, тарығуға ұшыраған кезімізде аспанға өрмелеп шыққан күніміздей болып, Виктор Богданец дегені пайда болды көкжиектен. «Жарылқаймын, қайыршылықтан құтқарамын, ауылдарыңды гүлдетемін!» – деп, әлгі «Богви» деген шаруашылықтың қожайыны Богданец 2007–2008 жж. 51 пайыз жерімізге ие болып, Мұстар Арынғазин деген қызыл директоры 44 пайыздың құрылтайшысы болды. Ал нақты жер иесі Бостандық ауылының тұрғындары 5 пайызға «риза» болдық. Содан басталды ғой жынойнағымыз! Жалпы аумағы 23 мың гектар жерімізді кепілдікке қойып, Богданец дегені «Бостандық» ЖШС-нің 12 миллион салық төлемеген қарызына қарамай, банктерден миллиардтап қарызға қаражат ала бастады. Ол ақшалардың қайда кетіп жатқанын бір Құдай біледі, еміс-еміс еститінбіз «Бурабайда шипажай, демалыс орындарын салып алыпты» деп.

Басында аздаған бидай, жем-шөп алып тұрушы едік, бара-бара одан да қағыла бастадық. Қаншама жыл істеп келген қитұрқылықтары үшін түрмеге отырарының алдында 2009 жылы шаруашылық қожайыны Богданец біздің жеріміздің 51 пайызын қайдағы бір Виктор Галин дегенге шарт жасасып, сыйлап жіберді. Ал «Бостандық» ЖШС-нің жарғысы әлі күнге дейін өзгерген жоқ, сол күйінде тұр. Жалпы, Ақжар ауданының 163 мың гектар жері «Богви», яғни Богданецтің иелігінде. Ал оның үстінен қарайтын қожайындары – Москва қаласының экс-мэрі Лужков пен оның қатыны екені де ешкімге де құпия емес. Алдыңғы жылдары Ақмола облысына 80 мың гектар жердің иесі Кулагин мырза әкім болып тағайындалған күннің ертеңіне түрмеде отырған Богданецті ештеңе болмағандай түрмеден шығарып жіберіп, құқық қорғау орындары онымен қимай-қимай, жылап-сықтап қоштасқан еді. Содан бері «шықпа, жаным, шықпа» деп күн көріп келе жатыр едік, «жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» дегендей, Көкшетаудың қалталысы Ибрагим Саттыбаев дегені шықты: «Бостандықтың жерін түгелдей сатып аламын» деп. 2016 жылы 5 мамырда шыққан президент Назарбаевтың Жер кодексіне енгізілген жер сатуға, жерімізді жалға беруді тоқтатуға жариялаған мораторийіне қарамай, 31 мамыр күні 6214 гектар жеріміздің мүлкі кепілдікте тұрғанымен тағы жұмысы жоқ, ауылды алдымен қоғамдық мүлкінен айырған соң, 19 миллион теңгеге Саттыбаевқа сот орындаушылары арқылы жерімізді сатып жіберді.

Ал осы кезде көрші Кузбас ауылының «Восходский» ЖШС-нің 6000 гектардай жері 112 миллион теңгеге сатылып кетті. Сонда Бостандық ауылы жерінің 1 гектары 3166 теңгеге сатылса, Кузбас ауылы жерінің әрбір гектары 18 666 теңгеге сатылған. Екеуінің бағасының айырмашылығын түсініп отырған шығарсыздар? Жаңадан пайда болған бастығымыз Саттыбаев мырза: «5 пайыз үлестеріңді тек ауылда тұрып жатқан тұрғындарға ғана беремін, сыртта жүрген пайшыларға түк те жоқ!» – деп, бүйректен сирақ шығарып отыр. Біз: «Онда, жарайды, біз саған сатып алған жеріңнің ақшасын, 19 миллион теңгені қайтарайық, ал сен бізге жерімізді өзімізге қайтарып бер», – десек, «6214 гектар жерді сатып алған екенмін, енді оны не үшін сатуға тиістімін? Тіпті ерегестірсеңдер, 5 пайыз пайларыңды да бермеймін!» – дейді шіреніп.

Жалпы, Саттыбаев Ибрагим дегеніңіз осы біздің ауылдың тумасы, ал бірақ ондай ағайынның барынан жоғы жақсы еді. Және бір ғажабы, жерімізге толық ие бола алмай тұрып, Саттыбаев мырза егін егіп те тастады! Біздің ойымызша, бұның да Астанада мықты «крышасы» болуы тиіс?.. Жоғарыда отырған жарты құдайлармен құдандалы дегенді де естідік, өтірік болмаса?..

Осының алдында жеріміздің кенеттен пайда болған «қожайындарына» 80 пайыз үлескерлер болып, арыз жазып, серіктестіктен шығуға шешім қабылдаған едік. Ал енді қазіргі таңда өзіміздің жерлерімізді өздерімізге қалай қайтарамыз, осы сұрақтың жауабын таба алмай, билікпен арамыз күн сайын ушығуда», – дейді Бостандық ауылының тұрғындары.

 

Біз халық өкілдері ретінде президент өзі тағайындаған халық қызметшісі – аудан әкіміне таң атпай барсақ, «комиссия келіп қалып еді, қолым тимейді» деп, көмекшісі арқылы жеткізген дұғай сәлеміне қанағаттанбай, «тым болмаса, жүзіңізді көрейік, 5 минут уақытыңызды бөліңіз» деп, жалынып-жалпайған соң, көңілі түссе керек, көмекшісі арқылы кездесуге келісімін берді-ау ақыры. «Біз» дегенде, мені, мәжілістің экс-депутаты Серікбай Әлібаевты, Қайырлы Омар мен «Бостандық» ЖШС жер қожалығының уәкілі Қайрат Қалиевті жиналыс залына кіргізді. Жеркомның бастығы Мұратбек Мұқанов пен аудан әкімінің орынбасары Жастілек Сыздықовпен сұхбаттасып отырған кезімізде аяғын ширақ басып, аудан әкімі Серікбай Туралинов кіріп келді. Амандық-саулық сұрасу жоқ, төрдегі мінберіне жайғасып алып, бірден біздің қайдан пайда болғанымызды сұрады. Серікбай Әлібаев ақсақалдың: «Осы Қазақстанның азаматтарымыз» дегеніне қанағаттанбай: «Сіз кімсіз?» деп, маған шүйлікті. «ДАТ» газетінің тілшісімін» дегенім сол екен: «Мынаны көрмей, кім жіберген, КНБ, полиция не қарап жүр?» деп, кіруінен шығуы тез болып, орнынан атып тұрып, қақшаңдап, шығатын есікке қарай тұра ұмтылды. «Апыр-ай, ә?!» деп аңтарылып, біз қала бердік. Секең мұндайда қалай сөйлемей тұра алады, әкімнің соңынан естірте: «Мынау түріңмен, інім, алысқа барады екенсің», – деп, шығарып салды...

Бірақ, он минут өтпей жатып, өзінің орынбасары Жастілекке телефон соғып, біздің кетіп қалмауымызды өтініп, «түс кезінде Бостандық ауылынан келген жер қожалығының иелерімен отырыс жасап, шай ішеміз» деген сәлемдемесін жеткізді. Біздің ешқандай асқа да, шайға да қарамайтынымыз басынан белгілі еді. Жеркомның бастығынан «Бостандық» ЖШС-нің 6014 гектар жері кепілдікте тұрғандықтан, «19 миллион теңгеге сатылып кеткені – Саттыбаев Ибрагим тарапынан нағыз басып алу (самозахват). Жерді Саттыбаев «иемдендім» десе де, осы күнге дейін жер ЖШС «Бостандықтың» атында юстицияда кадастр №15-167-038-064 және №15-167-038-065 тіркеліп тұр» екенін өз құлағымызбен естіген соң, тағы қандай әңгіме болуы мүмкін: әкімшіліктен шығып, Көкшетауға қарай ат басын бұрдық.

Ақжар ауданынан еңсеміз түсіп, жанымыз күйзеліп келе жатсақ та, жолда Кенесары (Жамантұз) ауылына соғып, 70-тен асып кеткен Амангелді Ахметжан ақсақалмен кездестік. Айтуы бойынша, бұл кісінің де 88 гектар жері 2008 жылы алдау-арбаумен Богданецтің қолына өтіп кетіпті. Бұл жерлерді де кепілдікке қойып, әлгі алаяқ банктерден миллиардтаған қаржы алыпты. Богданецтен запа шеккен сол маңайдағы Октябрь, Шағалалы, Ескі Жамантұз, т.б. ауылдарының тұрғындары Жоғарғы сот орындары мен прокурорларға шағымданғанмен, ешқандай нәтиже шығара алмапты. «Жер де жоқ, жердің пайы да жоқ, отырмыз саусағымызды мұрнымызға тығып... Жер де жоқ деп отырғанымыз, естуіміз бойынша, Богданец жерлерімізді Тимур Құлыбаевқа, ал Құлыбаев басқа біреулерге сатып жіберген. Енді осының анық-қанығын қалай білуге болады? Президенттің әкімшілігіне шағымданып едік, «Сіздердікі жөн, тиісті орындарға құжаттарыңызды жіберіп, тексертеміз» деген тілдей қағаз алдық. Ал енді осы істің анық-танығын жақсы білетін заңгеріміз бар, аты-жөні Қозыбаев Амангелді деген», – деп, ақсақал оның телефонына қоңырау шалып, жауап болмаған соң, телефонының нөмірін бізге жазып берді.

Осы жерде тағы да мынандай сұрақ туындайды. Ақжар ауданының бәлен мың гектар жері Тимур Құлыбаевқа сатылып, ал ол өз кезегінде басқаға сатып жіберген жоқ па екен?.. Біз бұл сұрақтың түп-тамырын қазбалайтын боламыз.

Қуаныш МҰҚТАЙ, ақын, қоғам қайраткері

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №21 (385) от 1 июня 2017 г.

2 пікір