Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 5987 0 пікір 26 Қыркүйек, 2010 сағат 16:10

М.Тасыбекова. Патша үкіметінің Жетісуды отарлауы

Орталық Ресейден шаруалардың қоныс ау­да­­руы ХІХ ғ. 70-80 жж. аграрлық дағдарыс пен кре­постниктік правоның жойылуына байланысты үл­­кен масштабта жүрді. Патша үкіметі шаруаларды шет аймақтарға қоныстандыру арқылы халық тығыз қоныстанған Еуропалық Ресейдің губер­нияларындағы аграрлық қайшылықтарды басу­ға тырысты. Шаруаларды қарқынды түрде қоныс­тандырған аймағы Қазақстан еді.

Қазақ жерлеріне келімсектерді қоныстандыру мақсатында «артық» жер көлемін анықтау үшін пат­шалық Ресей Далалық облыстарға 1896-1903 жылдары Ф.Щербина бастаған, кейіннен 1907-1909 жылдары аралығында қайтадан Ақмола облысының 5 уезіне В.Кузнецов бастаған экспедиция, ал 1906-1913  жж. Сыр-Дария облыстарына В.Скрыплев, ал 1909-1913 жж. Жетісу облысына П.П.Румянцев бас­шылығымен зерттеу экспедицияларын жіберді.

Жалпы «артық» жер жөніндегі мәселе патша өкіметінің отаршылдық саясатының мәнін ашып, осыған сәйкес үш бағытта жүзеге асты: 1) «Ерекше ережелер» қабылдау арқылы қазақ жерлеріне орыс шаруаларын қоныстандыруға жол ашты; 2) Қазақ даласына «артық» жерлерді табу үшін экспедиция­лар жіберіп, қазақтардың көшпелі шаруашылығы үш­ін жер үлесінің мөлшерін «ғылыми» негіздеу; 3) «ар­тық» жерлерді тауып, орыс шаруаларын қоныс­тандырды. Отаршылық саясаттың осы бағыттары бір-бірімен тығыз байланыста болып, бір уақытта жүзеге асқаны тарихтан белгілі.

Орталық Ресейден шаруалардың қоныс ау­да­­руы ХІХ ғ. 70-80 жж. аграрлық дағдарыс пен кре­постниктік правоның жойылуына байланысты үл­­кен масштабта жүрді. Патша үкіметі шаруаларды шет аймақтарға қоныстандыру арқылы халық тығыз қоныстанған Еуропалық Ресейдің губер­нияларындағы аграрлық қайшылықтарды басу­ға тырысты. Шаруаларды қарқынды түрде қоныс­тандырған аймағы Қазақстан еді.

Қазақ жерлеріне келімсектерді қоныстандыру мақсатында «артық» жер көлемін анықтау үшін пат­шалық Ресей Далалық облыстарға 1896-1903 жылдары Ф.Щербина бастаған, кейіннен 1907-1909 жылдары аралығында қайтадан Ақмола облысының 5 уезіне В.Кузнецов бастаған экспедиция, ал 1906-1913  жж. Сыр-Дария облыстарына В.Скрыплев, ал 1909-1913 жж. Жетісу облысына П.П.Румянцев бас­шылығымен зерттеу экспедицияларын жіберді.

Жалпы «артық» жер жөніндегі мәселе патша өкіметінің отаршылдық саясатының мәнін ашып, осыған сәйкес үш бағытта жүзеге асты: 1) «Ерекше ережелер» қабылдау арқылы қазақ жерлеріне орыс шаруаларын қоныстандыруға жол ашты; 2) Қазақ даласына «артық» жерлерді табу үшін экспедиция­лар жіберіп, қазақтардың көшпелі шаруашылығы үш­ін жер үлесінің мөлшерін «ғылыми» негіздеу; 3) «ар­тық» жерлерді тауып, орыс шаруаларын қоныс­тандырды. Отаршылық саясаттың осы бағыттары бір-бірімен тығыз байланыста болып, бір уақытта жүзеге асқаны тарихтан белгілі.

Экспедициялардың алдына қойған мақсаты - «артық жер» көлемін анықтап, переселендерге ке­сіп беру. Бұл мәселе туралы Ф.Щербина өз еңбе­гін­де: «Зерттеудің негізгі міндетіне бір жағынан қырғыз халқының табиғи және шаруашылық жағдайына қажеттілігін қанағаттандыратын жер көлемін анықтау болса, екінші жағынан сол артық жерлерді переселендердің қажеттілігіне беру» - деп жазды (1). Айтылғандарды іске асыру үшін экспедиция мынандай мәселелерді зерттеп, анықтап алуы қажет еді:

Біріншіден, көшпелі шаруашылық және тұр­­ғылықты халық санын; екіншіден, олардың қажет­тілігін қанағаттан­дыру үшін, орташа қазақ отбасына қажетті азық-түлік заттардың және т.б. мөлшерін; үшіншіден, көшпелі тұрғындардың басты кә­сібіне айналған мал басының санын; төртіншіден, қа­зақ­тардың жер пайдалануы, тұр­ғылықты халық­тың жерге қатынасын; бесін­ші­ден, мал бағатын түрлі жерлердің сапа­лық ерекшеліктерін анықтау.

Экспедиция бағдарламасы 17 тараудан және кішігірім 93 тараушадан тұрды. Онда: Рулық бас­тама; Шаруашылық ауылдардың тарихы; Жер өң­деу; Бақшашылық және бау егіп өсіру; Орман және тоғайлы жерлер; Жерді жалға беру (аренда); Өнер­кәсіп және жалақы; Алым-салық және бо­ры­шы; Қазақ отбасының ерекшелігі; Ортақ шаруашылық істер; Сауда; Несие; Халықтың қажеттілігі; Табиғат-жаратылыс жағдайы.

Зерттеулердің басты міндеті тұрғындарға жер нормасын және артық жер мөлшерін анық­тап, оларды еуропалық Ресейден келетін келімсек­тер­ге беру болған деп жасырмай жазады (2). Ста­тис­тикалық зерттеу отарлау, жерді тартып алу мақ­сатында бол­ғанымен заңды негізі болмаған. Оған себепті ережелердегі баптардан көруге болады.

Шын мәнінде кез келген дерек белгілі бір тари­хи оқиғаның, құбылыстың немесе қоғамдық процестің салдарынан пайда болады. Ал бұлар нақты тарихи деректерде бейнеленіп, ол туралы мәліметтерді сақтайды (3). Деректермен жұмыс жүргізгенде тарихилық принципті басшылыққа алып, деректі өзінің пайда болған уақыты контексінде зерттеу қажет. Өйткені, деректің жасалған уақыты, оның ерекшелігі, нақты кезеңде қалыптасқан тарихи жағдай, үстемдік еткен саяси құрылыс, т.б. деректің пайда болуына, ішкі мазмұны мен бағытына, мақсаты мен міндетіне әсер ететіні анық.

Ресей империясының зерттеу жұмыстарының негізгі мақсаттарына жетуіне қазақ қоғамының өзіне тән ерекшеліктерімен қалыптасқан ішкі және сыртқы жағдайлары кедергі жасап, бұл үдеріс өте ұзақ жылдарға созылды.

«Қазақтар орыс билігіне «өз еркімен кірді деп шартты түрде ғана айта аламыз, - деп жазды П.П.Румянцев, - Тек орыстар қазақ даласына бірне­ше әскери жорықтар жасап, онда берік орналас­қаннан кейін ғана, қазақтардың Ресей билігін мойын­дауы шындыққа айналды» (4). Патша өкіме­ті Жетісу өлкесінде бірнеше әскери-әкімшілік ша­раларды жүзеге асырып, Аягөз, Қапал сияқты мықты бекіністерін тұрғызып, оған қару-жарағы мол әскерлерін орналастырды. Ондағы мақсаты Іле­нің арғы бетіне өтіп, тәуелсіз көшіп-қонып жүр­ген қазақ руларын қарудың күшімен Қоқан хан­дығының ығынан айырып, онда орыс билігін орнату болды. «Іленің арғы бетіне бекініс салмай, өлкедегі қазақтарды бағындыру мүмкін емес, - деді орыстың генералы И.Ф.Бабков, - оларға билігімізді мойындату оңай, бірақ оларды сол билікте ұстап тұру өте қиын» (5).

Бұған наразы болған Ұлы жүз қазақтары Қоқан қыпшақтарымен бірігіп, орыстардың әскерлеріне төтеп беру үшін бекіністер сала бастайды. Ресей әске­рі Бас штабының штаб капитаны Померанцев­тің 1851 жылы жасаған картасы бойынша, Той­шыбек бекінісі Қарасу өзенінің құйғанынан 8 верст төменде орналасқан. Бекіністі күзетуге 150-ге жуық Ұлы жүз қазақтары мен қыпшақ қазақтарын орналастырады.

Қазақтардың бекіністер салып, Ресей империя­­сының басқыншылық саясатына қарсы қоқандық­тармен бірігіп кетуінен қауіптенген орыстар, оларға қарсы әскерін жөнелтеді. «Тойшыбек бекінісінің салынуы, - деп жазады өз естелігінде И.Ф. Бабков, - саяси жағынан алғанда Ұлы жүз қазақтарының арасында Қоқан хандығы беделінің өсуі, Ресей билігінің әлсіреуіне әкеп соқтырды. Сондықтан Іле алқабына жіберілген әскери экспедицияның алдына Тойшыбек бекінісін қиратып, ол жақтан қоқандықтарды қуып жіберіп, орыс билігін қалпына келтіру қойылды».

Бұл әскердің міндетіне Тойшыбек бекінісін тал­қандап қана қоймай, Іле қазақтарын «тәртіпке» салу жүктеледі. 1850 жылы 15 сәуірде Ұлы жүз қазақтарының приставы Врангельдің орнына келген капитан Гутковскийдің басқаруындағы казактардың жүздігі мен бір жаяу әскер екі зеңбірегі бар әскери экспедиция Іле өзенінен өтіп, Ұлы жүз қазақтарының бекінісіне қарай бағыт ұстайды. Гутковскийдің Же­ке Сібір корпусының командирі Горчаковқа жіберген 252-нші мәліметінде: «Опасыз қазақтар мені өздерін Ресейге адалмыз деп сендірумен қатар, жасырын түрде көтеріліске дайындалып жатты. ...көмектесеуге тиісті құрметті қазақтар, ешқандай мәліметтер жеткізген жоқ. ...кейбіреуі бекініске жақындағанда бізді тастап кетіп қалды» - депті.

Бекініс түбінде қазақтар мен қоқандықтар біріге отырып, өздерінің ортақ жауы патша өкіметінің әскеріне қарсы азаттық үшін шайқасқа түседі. «...зеңбіректен жауған оққа қарамастан қазақтардың салт аттылары оларды қоршауға алды.Олар батырлары мен атақты адамдарының әруақтарын шақырып, руларының туы мен жалауын көтеріп шықты (6). Тойшыбек бекінісінің түбінде қатты қарсылыққа тап болған Гутковский келесі күні ше­гі­нуге мәжбүр болады. Ресей империясының Ұлы жүз қазақтарын күшпен бағындырмақ болған алғашқы әрекетінің толық сәтсіздікке ұшырауына бірден-бір себеп, қазақ халқының тәуелсіздігі үшін азаттық күресі еді. Орыс генералы И.Ф.Бабков былай деп жазады: «Капитан Гутковскийдің әскери экспедициясы көрсеткендей, Кенесары кезінде болған Ұлы жүздегі толқулар әлі басылмапты, қайта соңғы уақытта күшейіп кеткені соншалық, олар біздің әскерге қарсы қоқандықтармен бірігіп соғысты».

Тойшыбек түбіндегі жеңіліс халықаралық жағ­дайда патша өкіметінің беделіне үлкен нұқсан келтіргені соншалық, сол жылы патша жарлығы­мен Батыс Сібір генерал-губернаторы Горчаков пен Ұлы жүз қазақтарының Приставы Гутковский орнынан алынады (10). Ал келесі жылы тікелей орыс пат­шасының бақылауымен Тойшыбек бекіні­сіне қар­сы қайтадан мол әскер жасақталады. Орыс пат­ша­сы­ның қаһарлы мол әскери күшті Ұлы жүз қа­зақ­­та­рына қарсы жіберудегі мақсаты Тойшыбек бекінісін талқандап қана қоймай, көтеріліс жасаған қазақтарды жазалап, орыс қаруының беделін қа­зақтардың арасында көтеру болды.

Патша өкіметі жазалаушы жасақтың бастығына қазақтарды жазалауда талай рет сыннан өткен, қазақ даласы мен тілін, дәстүрін жақсы білетін подполковник Карбышевты тағайындайды. Іленің арғы бетіне аттанатын әскерді жорыққа даярлау туралы бұйрық 1851 жылы 7 наурызда беріледі. Ал әскер 1851 жылы 18 мамырда Қапалдан аттанады. Тойшыбек бекінісіне жеткен орыс әскері бекіністің бос тұрғанын көреді. Құпия түрде жасақталғанына қарамастан орыстардың мол әскермен шығайын деп жатқанынан хабардар болған рубасылары, жақсы қаруланған басқыншыларға төтеп бере алмасын біліп, бүкіл елін жинап, Шудың арғы бетіндегі қоқандықтардың иелігіне көшіп кетеді.

Жетісуда орыс үстемдігін нығайтып, Ұлы жүз қазақтарына бақылауды күшейту және оларды қо­қан­дықтардың ықпалынан айыруды көздеген Ресей империясы Тойшыбек бекінісі алынысымен, Ресей сыртқы істер министрі Нессельрод Батыс Сібір генерал-губернаторына Іленің арғы бетіне өз бекіністерін салып, орыс билігін баянды ететін шаралар жасауды бұйырады.

Ресейдің Жетісу өлкесін ірі шайқастармен басып алды. Өйткені, ол жерді мекендеген Ұлы жүз қазақтары мен қырғыздардың Қоқан хандығымен әдет-ғұрып, салт-дәстүр және тілдерімен қатар мем­лекеттік саяси өмірі де етене жақын еді. Н.Леденов былай дейді: «Іле өлкесіндегі қазақтар қоқандықтарға үміт артып, солардың көмегімен өздеріне жеккөрінішті орыстардың билігіне қарсы шықты. Басқыншыларға деген жаулықтары ерекше болды. Қазақтар казактарға тұтқиылдан тап беріп, өлтіретін немесе тұтқынға айдап кететін. 1860 жылы жағдайдың шиеленіскені соншалықты казактар тек қарулы топ болып қана жұмыс істей алатын дәрежеге жетті»/11/.

Соған қарамастан Қырым соғысындағы одақ­тастар жеңілісінен кейін Шығыстың маңы­зының күрт өсуі әскери күшпен бағындыру жос­парына көшірді. 1859 жылы штабс-капитан М.И.Веню­ковтың 40-ншы мәліметінде әскери бекіністердің қа­рулы шайқасқа дайындығы туралы айтылады. Онда: «Қоқан хандығының Пішкек және оған жақын орналасқан басқа да бекіністердің қорғаныс қабілеті және ондағы әскери күштердің құрамын білу үшін барлық амалдарды қолдана отырып, сауда керуендерінен мәліметтер жинап қана қоймай, маған белгілі адамдарды осы мақсатпен Қоқанның бекіністеріне жібердім». Одан әрі билердің бір-бірі­мен байланысын және олардың сыртқы бай­ланыстарын егжей-тегжейлі баяндап көп күш керектігіне тоқталады. Ұлы жүз қазақтарын Шу қыр­ғыздарымен жалғастыратын жолда Қастек бекінісін салады. Бекініске 1 рота жаяу әскер, 40 казак және 5 зеңбірегін орналастырады. 1860 жы­лы құрамында 1750 адамы және 15 зеңбірегі бар полковник Циммерман басқарған орыс әскері Шудан өтіп, 70 әскерден тұратын Тоқмақ пен 500 әскері бар Пішкек бекіністерін қоршайды. Орыстар 26 тамызда Тоқмақты, ал 4 қыркүйекте 5 күндік қоршаудан кейін Пішкекті басып алады. Орыстар бұл жорықтарға ерекше маңыз беріп, зеңбіректерді Санкт-Петербургтегі қару қоймасынан жібереді. Күші тең емес жергілікті халықтың ерлікпен шайқасының жеңілісі, олардың дер кезінде келісім бойынша бір-біріне көмекке келе алмауы, бірлесе қимыл жасай алмауы салдарынан еді.

Ұлы жүз қазақтарының көптеген рубасы­лары тұтқындалып, елдің ойраны шығып талқан­далғанына қарамастан, Қоқан хандығының күші­мен бірлесіп қазақ қолдарының басшылары Ба­тыр­бек, Байзақ, Момынбек, Қожабек, Сұраншы, Андас, Байсейіт, т.б. бастап, шешуші шайқасқа шығады. Бұл шайқастың орыс империясының ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағытында зор маңызы бар еді. Жетісудағы Қоқан хандығы мен Ресей патшалығының 1860 жылғы 21 қазандағы Ұзынағашқа таяу Қара Қастек өзенінің бойындағы шайқасы орыстардың жеңісімен аяқталды. Бұл шай­қастың тағдырын орыс зеңбіректерінің күші мен ұзақ жылдар бойғы дайындығы шешті. Бұл шайқасқа Кенесарының үш ұлы - Тайшық, Ахмет, Сыздық та қатысады. Қазақтарға қатысты Кол­паковский былайша мәлімдейді: «..Сұраншы, Андас, Диқанбай, Шаян, Керім бізге қарсы болды, ал бізге тілектес болмаса да Әли, Тоғанбай сияқты билер біз жақта қалғанымен қоқандықтардың әскери күшіне сеніп, олардың жеңетініне үміт артты. Сондықтан сатқындық әрекеттердің алдын алу істерінде оларды бір-біріне жақындатпауға әрекет еттік. Бөлек би мен Бекдайыр 60 жігітімен ұрыс біткен кезде келді, ал 30 жігітпен Тезек төре мен Атамқұлдың ерте келмегеніне қатты қуандым, олар біздің осындай ма­ңыз­ды ісімізді жүзеге асыртпай тастар ма еді», - дейді.

Шайқаста мешеу экономика мен қоғамдық қа­ты­настарға негізделген отаншылдық рух емес, сол заман­ға сай жетілген соғыс қаруларына сүйенген орыс әскери күшінің басымдылығы жеңіп, Іле өлкесіне табан тіреп, Іленің оңтүстігіндегі қоқандық күшке, түркі-мұсылмандардың біріккен күшіне қат­ты соққы берді. Сөйтіп, Жетісу өлкесінде 1860 жылдан бастап орыс ықпалы біржола орнады.

Патша өкіметі Ұлы жүз қазақтарын бағындыру үшін ерекше әскерлер құрып, көп мөлшерде қаржы жұмсаған. Сондай-ақ бұл шайқас Ресей империясының қазақ халқын өктем күшпен бағындырғанын және қазақтар кез-келген уақытта мүмкіндік туа қалса, орыстардың озбырлығына қарсы қару алып, соғысуға дайын екендігін көрсетті. «Ерен ерлікті, елдік пен тәуелсіздікті жоғары ұстаған қазақтар қай кезеңде де, дала төсінде атқа қонған батырлар туы астында жиналуға дайын» тұратынына көздері жеткен.

Батыс Сібір генерал- губернаторы Г.Х.Гасфорд Алатау дуандығының бастығы Колпаковскийге қазақтар одан кейін шабуыл жасамас үшін олардың бүкіл дүние-мүлкі мен малдарын тартып алып, ең басты сұлтандары мен билерін жазаға тарту туралы нұсқау береді. Бұл нұсқаумен қоса Гасфордтың Калпаковскийге жөнелтілген келесі бір нұсқауы орыстардың «бүлікшіл» қазақтарды жазалауда аяусыз қатыгездікке барғанын көрсетеді. Онда: «...кез-келген қару ұстаған қазақты жою керек. Егер де қазақтар Ресей билігіне наразы болып, аздап болса да сатқындық жасайтын болса, онда оларды табан астында атып тастап, ауылдарын өртеп және дүние-мүліктері мен малдарын талаңдар, ...біз олардың батылдығын басып, бізден сақтануға үйретеміз. ...және де «қарақшыларды» жойып отыратын мықты әскер ұстау қажет. Казактардың қазақтарды атқан кезде бірде-бір оғы босқа кетпесін», - делінген. Патша өкіметі көтеріліске шыққан Ұлы жүз қазақтарын жазалау үшін ерекше әскерлер құрып, әскери қару күштерін толықтырып, мол қаржы жұмсап отырған.

 

«Қазақ тарихы» журналынан

 

0 пікір