Жұма, 19 Сәуір 2024
Сатира 6289 0 пікір 4 Маусым, 2017 сағат 22:33

Әкім мен алтын балық

«Елдің жақсысы елімен ойласады» 

мақал

«Қасқыр мен тілшіні аяғы асырайды», - дейді ме? Ауыл-аймақты аралап көп жүреміз. Бірде ел аузынан жаңа аңыз-әңгіме естіп қалдым. Естіген құлақта жазық жоқ. Тілімнің жеткенінше баяндап көрейін. «Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов қызыл су жүріп өткен елді-мекендерді аралап жүріп, айдаладағы көлшікте күннің көзіне шағылысып жатқан жарықты көріп қалып бұрылыпты. Барса, шағын көлшіктің жағасында шоршып жатқан алтын балық екен. Сонда, алтын балық:

- Мен, Нұра өзені тасығанда, ағын сумен ағып келіп, осы шағын көлшікке тап болдым. Біздің біраз балықтар жылда өзен тасығанда осылай ағып барып, шалшықта қалып қойғандықтан, тұрғындар қолмен аулап алады. Судың көбейгенінің жақсы-жаманы екеумізге бірдей. Сенің қарамағыңа қарасты біраз елді-мекеннің үстінен су жүріп өтті. Ал, менің балықтарым әр шалшықта шашылып қалды. Екеумізді сын сәтте жолықтырған Алланың әмірі шығар. Әйтпесе, балықтарға ғана емес, біраз дүниені өзгертуге шамам келетін патша едім. Әрбір ханзаданың патшалыққа жетуіне дейін қаншама өткелден өтіп, көп уақыт пен үлкен күш-қайрат жұмсауы қажет болғанымен, патшаның мүсәпірге айналуы әп-сәтте екен. Оны өзің де қазіргі таңдағы саяси оқиғалардан көріп жатырсың. Саған көмектесіп, қалағаныңды орындайын, мені Нұра өзеніне апарып тасташы. Ақпайтын сасық судан демала алмай өлетін болдым. Ағын суға жетсем, өзімді еркін сезініп, күшімді қайта жинаймын. Қазір ештеңеге шамам жоқ.

- Сен алтын балық болсаң, алып мұхит, телегей теңізде емес, шағын ғана Нұра өзенінде не істеп жүрсің, - дейді әкім. Алтын балық:

- Нұра өзеніне Кеңес үкіметі кезінен бастап, өндірістік қалдықтар төгіліп келеді. Нұраның түбінде сандаған улы, ауыр металлдар жатыр. Орман елі жер асты байлығыңды алып, «Күл болмаса, бүл болсын» деп жергілікті жұрттың жағдайын ескермеді. Алайда, Қазақ елі Тәуелсіздік алғанымен, Нұраға бәрібір де өндірістік қоқыстар тасталып жатыр. Мен, сол металдардың бағалы тастарынан Алланың қалауымен жаратылдым. Осы өзенді сақтап, тазарту үшін жанымды салып бақтым. Бірақ, дүниеге көзі тоймастар, табиғаттың қасиетін түсінбей қоршаған ортаны ластады. Олар обал-сауапқа қарамайды да. Адамның, ел басқарушыларының пейілі түзелмей, мемлекеттің әлеуеті көтерілмейді.

- Жарайды, солай дейік. Сені Нұраға апарып тастасам, бар әлемді өзгертіп жіберер ме едің?

- Жоқ, ғаламды өзгерту бір Алланың еркінде. Он сегіз мың ғалам  физикалық, математикалық, биологиялық т.б. адамның санасы жете қоймайтын түрлі ғылыми дәлдікпен жаратылған. Оның бәрі де сол тәртіппен өзгереді. Мен, тірі пенделерге ғана көмектесе аламын. Ал, өзің не сұрайсың? Маған Қарағандыда әкім болғандардың барлығы да келген. Бәріне көмектестім.

- Сонда кімге көмектестің? Оларға көмектессең, Қарағанды бүгінгідей дағдарыста қалар ма еді? - дейді әкім.

- Мен әркімге сұрағанын бердім. Мысалы, билікке қызыққандарына қызмет тауып бердім. Кейбірінің айлығын млн-ға дейін көтердім. Зейнетке шыққандарының өзі осы елдің қазынасын шетінен кертіп жеп жатыр. Жалпы алдыңғы басшылар туралы өзіңе қажетін ғана білгенің жақсы. Ұйқың тыныш болады.

- Маған әзірге ақша да, мансап та керегі жоқ. Қызметке енді кірістім. Мені мазалайтын басқа мәселелер. Бұған дейін жылдағы жауатын, ел мен жердің ырысы саналатын қардың суы көктемде еріп, халықты әбігерге түсірді. Елді-мекендер судың астында қалып, адам өліміне дейін жетті. Мұхиттың жағасындағы елдер кемемен серуендеп пайдасын көріп отыр. Қазақстанда шағын өзен-көлдерді айтпағанда, Каспий теңізінің бір бөлігінен басқа мұхит та, теңіз де жоқ. Арал мен Балқаштың суы тартылып, Құдайдың өзі көмектескен болар. Әйтпесе, кім біледі, бүкіл елді су шайып кетер ме еді?! Осынау дүрбелеңнің салдары да оңай болмайын деп тұр. Қаншама отбасының баспанасын жөндеп, шыққан шығынын өтеу керек. Осы келеңсіздіктерді жоюдың жолы бар ма? Енді қандай амал жасасам болады?

Алтын балық: - Мың тоғыз жүз сексенінші жылдардың аяғында Қеңес үкіметі құлдырап, ақыры тарап тынды. Сексенінші жылдардың соңы мен екі мыңыншы жылдардың ортасына  дейін жергілікті авторитеттер (кейін, біразы авторитетті шенеунік болып кетті) биліктегілердің аузын алып, полициямен бірге суағар, бөгеттердің темір-терсек құралдарын ұрлап-сатты, қалғанын халықтың өзі бұзып-қиратты. Бұзылған бөгеттер мен көпірлер жөнделген жоқ. Ал, кейін атқарушы билік құрылыс жұмыстарын жүргізіп, жолдарды жөндегенде су ағар жасаудың орнына бұрынғыларын жауып тастады. Көпірлерде су ағатын жолдар қосымша кеңейтілмеді. Жылдағыдай сала басшылары мен әкімдер немқұрайдылықпен өзен-көлдердің су ағарларын да толық тазалаған жоқ. Байтал түгіл бас қайғы болып жатқанда, ел-жұрттың қауіпсіздігі де қиындады. Сондай-ақ, Кеңес үкіметі кезінде, егіс алқаптарында даланың қалың қары арнайы тоқтатылатын. Өзендердің арнасы бұрылып, тоған жасалатын. Сонда, өзен-көлдерден артылған және еріген қар суы шаруашылықтардың шабындықтары мен егістіктеріне жіберілетін. Қазір, ондай суармалы егістік те, шабындықтар да жоққа тән. Құдайдың күніне ештеңе жасай алмайсың. Сен бар мүмкіндікті пайдалан. Баспанасын, шаруашылығын су шайып кеткен халыққа көмектес. Көктемгі су апатының алдын-алу шараларын былтыр жасау керек еді. Сен келесі жылға дайындал депті.

- Екінші өзекті мәселе, халық екіге жарылып жатыр... Бұрынғы әкім «Октябрь ауданының атын Әлихан Бөкейханға беруге және Қарағанды қаласына Алаш көсеміне ескерткіш орнатуға» уәде беріп, орындай алмай, маған аударып кетті. Осы мәселенің шешімін қалай тапсам екен? – дейді әкім.

- Бұрынғы әкім ел ішіндегі азғантай шовинистерден қорқып, басқа әкімдердей қолайлы сәтінде батыл қадам жасай алмады. Өзі жоғары жақтың қалыбынан шықпай қасындағыларды ғана тыңдады. Алайда, халықты тыңдаған жоқ. «Бидің айтқанын құл да айтады, бірақ, аузының дуасы жоқ» деген. Тек серкелердің айтқанына ғана құлақ асып, көпшіліктің пікірін ескермесең қателесесің. Сен халықпен, ел азаматтарымен ақылдассаң демеуші де, қиын істің шешімі де табылады, - дейді алтын балық.

- Келесі сұрағым: әкімдікте өңкей орыс тілділер. Орталық Қазақстан еліміздің орталығы бола тұра, мұндағы шенеуніктер қазақша сұрасаң, орысша жауап береді. Кейбіреуі тіпті, Елбасының саясатына қарсы ма деп ойлап қаласың, көпшілігі әлі де мемлекеттік тілді үйренбеген. Қазақша тіл қатсаң, мәңгіріп тұрады. Қазіргі жергілікті халықтың өрекпіп тұрғанына қарамай, идеологтардың өздері де қазақтың тілін, дінін, дәстүрін, тарихын, мәдениетін білмейді. Осылардан қалай құтыламын?

- Қазақстанда, мемлекеттік тіл деп шулағанмен, мән беріп жатқан шенеуніктерді көріп тұрғаным жоқ. Түбі тіл үшін халық арасында дүмпу болуы да ғажап емес. Осынау дүмпудің алдын алудың да түрлі жолдары бар. Ең бастысы шенеуніктерге өз саласын, жергілікті халықтың тілін, салт-дәстүрін жақсы білетіндей дәрежеге жеткіз әрі кәсіби мамандарды көтермеле. Ал, иісалмастардан біртіндеп құтылғаның дұрыс.

- Өзің алтын балықсың. Елдің ығырын шығармай, неге осыларды баратын жеріне жібермейсің?

- Ереке, өзің де біліп тұрсың. Бәріңнің шатырың бір ғой, белгілі. Ал, сол  шатырдың астында қалай бөлінесіңдер - білмеймін... Дегенмен, мен бұл жақтағы поштабайларды бықпырт тигендей қуып шығар едім. Бірақ, жоғарыдағы ояздарға шамам келмейді. Олар үлкен кісінің ығына жасырынған.

- Қап, екеуміздің де шамамыз шамалы екен-ау. (Әкім ішінен): сені ұстап алғандар, қуырып жегісі келетіні осы екен ғой. Бірақ, сені қуырып жесем, саяси шиеленістердің кесірінен істі болған Әбдішев пен Ахметовтар сияқты күйіп кетпеймін бе?... Онда, басқа түйткілдерді қозғамай-ақ қояйын. Әкім бұрылып кетіп бара жатқанда, алтын балық:

- Ау, Ереке, тоқта! Сенің не ойлап бара жатқаныңды сезіп тұрмын. Қарағандының дамуына еңбек сіңірген үш әкім бар. Олар, Камалтин Мұхаметжанов, Серік Ахметов, Бауыржан Әбдішев. Оларға дейін де, кейін де өңірді басқарған әкімдердің ішінде халықты қан қақсатқандары да, жоғарыдағыларға ұсынысын жеткізбек түгілі, қарамағындағыларға сөзі өтпейтіндері де болды. Бірақ, осы үшеуі халықтың есінде қалды. Шоқтығы биігі Мұхаметжанов пен Ахметов еді. Бүгінгідей заман құбылып тұрғанда, өздерінің қалауына орай, билікке жаққандар билікке кетті. Халыққа жаққандар, халықтың ортасында қалды. Бір Құдайдан басқа, мәңгілік ештеңе жоқ. Қызмет қолдың кірі, осыны ескер.

- Ал, халықшыл әкімдердің ешқандай кінәсі жоқ па?

(Алтын балық сәл кідіріп, жаман сөз айтып жіберуден сақтанып):

- Қазіргі қоғамда кінәсіз адам бар деп ойлайсың ба? Қарапайым ғана оқуға түсіп, бітіру үшін де, жұмысқа тұрып, сол жұмыстан кір жұқтырмай сытылып шығу үшін де пара беру керек. Сонда, осындай қоғамды басқаратын адам қалай пәк болады? Жемқорлық шенеуніктердің қанына сіңіп, қоғамды жаппай жайлап кеткен. Балық басынан шіріп жатқан соң, төмендегілер де қарпып қалғысы келетін шығар. Бұл жүйе өзіңе де түсінікті...

- Иә, түсінікті. Жарайды, сенің ешқандай көмегің болмаса мен кете берейін, - деп әкім бұрыла бергенде, алтын балық:

- Тоқта, енді кездесеміз бе, кездеспейміз бе - белгісіз. Ең бастысын айтайын. Қазіргі кезеңде өз жасағыңды жинамай ел басқару мүмкін емес. Сенімді серіктерің болмаса, далада қаласың. Әр басшы өз құрамасын жинаған. Сен де жоғарыдағы көкелеріңнің аузын алып, өзіңнің жақындарың мен пікірлестеріңді емес, өзіңмен көзқарастары қарама-қайшы болса да, халыққа жаны ашитын кәсіби кадрларды жина және жас мамандарды дайында. Қарағанды қолында көзірі бар мырзалардың ойнайтын саяси ойын алаңы емес. Сарыарқа – қасиетті өңір, қастерлі өлке. Ол шіркіндер осыны түсінуі тиіс. Қарағандыға келген, Тоқтар батырдың өзі (Т. Әубәкіров)  туған жеріне тәу етеді, қалың елге тағзым жасайды. Алайда, мұнда келіп, жалпақ жұртты менсінбей тұратын шертиген шенеуніктер қара жер түгілі көк жүзін шарлаған батырдан артық емес. Ұлы халықтан өзін кішік санаған Тоқтардан сол мырзалар неге имандылық пен ізгілікті үйренбейді екен?! Қасиетті өлкеге әмірін жүргізгісі келетін осындай ұры-қарылардан халықты сақтап – қорға. Сөзімді тұздықтайтын болсам, Қарағанды – Қазақстанның кіндігі, ядросы. Репрессия жылдары Карлагқа Қазақстанның жарты халқы, Кеңес үкіметінің атақты дөкейлерімен және өзге елдерден келген босқындармен қосылып бәрі сиып кеткен. Аталмыш лагерлердің орталықта неге құрылғанын түсінетін шығарсың? Ресей орталықтағы  есейКарлаг пен Алжир (авт. Алжир - Ақмолада) арқылы бар қазақты уысында ұстады. Бұл аймақтағы әрбір саланың өзі бір облысқа жүк боларлық. Қарағандыны дұрыс басқарған адам, мемлекетті де басқара алады. Орталық өңір өндірісті, барлық сала дамыған, елдің орталығында орналасқандықтан, білікті мамандар көп шығады. Билікке қазір де барып жатыр. Сол жастарды өз халқын сүйетін, патриот қылып қылып тәрбиеле. Жемқорларды, жағымпаздарды бірден маңайыңнан аласта. Олар ешкімге де жақсылық әкелмейді. Әр ісіңе жауапкершілікпен қарап, қарамағыңдағыларға қатал, әрі әділ, халыққа жайлы бол. Түбінде, өкінбейсің» - деген екен. Әрбір аңыздың түбінде ақиқат жататыны анық. Бұл әңгіменің неге, қалай туындағанын білмеймін. Ал, бұл ертегінің өмірдегі шындығы мен алтын балықтың ескертуі орындала ма, жоқ па оны уақыт көрсетер.

Жаңабек Наров

Abai.kz

 

 

0 пікір