Сенбі, 20 Сәуір 2024
«Соқыр» Фемида 6643 14 пікір 2 Маусым, 2017 сағат 14:53

Ватиканға барып қайтсақ қайтеді?

Жақында белгілі қоғам және мемлекет қайраткері болған, ел басқарған Нұртас Оңдасыновтың өзі туралы жазғандарының ішінен мына бір жолдарды көшіріп алдым:

Біріншіден – қиын кездерде (1938-1951) ел басқардым, бірақ ешкімнің жаны мен қаны мойнымда жоқ. Арым таза!

Екіншіден – ешкімнен пара алған емеспін. Қолым таза!

Үшіншіден – ешкімді де руға, жүзге бөлген емеспін. Жүзім таза!

Пейіште нұрың шалқығыр асыл азаматтың өзі туралы ант суын ішіп тұрғанда айтылар ақиқат сөздерін осы күнгі әкім-қаралардан бастап бүгінгі биліктің шырқау шыңына шыққан дөкейлердің ешқайсысы айта алады деп ойлайсыз? Айта алмайды, айтса солардың ішіндегі ең имансызы айтады.

Нұр-ағамыздың (...Нұртас Оңдасыновты айтып тұрмын, ойбай!) бұл сөздерін есіме алып отырғаныма және бір себеп бар: Осыдан біраз бұрын (28.04.2017) «Қазақ әдебиеті» газетіне «Маған жолап нең бар еді, құлыным?!» деген әлде мақала, әлде жанжалнама (әйтеуір журналистиканың еш жанрына жатқызу оңайға түспейтін) жарияланды. Мені Қобыландының қолынан қаза тапқан Ақжол биге теңеді ме, әлде мен бәле қуған адаммын, маған неге жолайсың деді ме қайдам әйтеуір, жазған дүниесіне атақты жырдағы «Қарақыпшақ Қобыландыда» деген сөзді «маған жолап» деп өзгертіпті. Осы жанжалманы оқып болғасын шынында да азды-көпті пікір айтсаң ешнәрсенің парық-парасатына түсінбей, жатып кеп тулайтын осындайларға жолап нем бар еді, деп өзіме-өзім ренжігенім де рас. Жанжалнама авторы К.Панзабековке менің мақаламда бір кезде обкомды басқарған Асанбай Асқаровтың атын атағаным неге ұнамай қалғаны да түсінікті. Ал Қонаевқа арнап, Б. Момышұлына арнап жүздеген өлең жаздым деп мақтану шын ақын адамның сөзі емес деген пікіріммен Көпбосын деген айтқан екен деп қайта алмаймын. Осы Көпбосын Панзабек А.Асқаровты көптеген қала, аудан, ауылда көше, мектептерге аты берілген, қалың қазақ алақанға сап ардақтайтын адам дейді. Бүгінде көше мен мектепке кімнің аты берілмей жатыр, бірақ А. Асқаров дегеннің өзі басқарып тұрған жылдары Шымкент облысының қазақтарының арасына дулат, қоңырат деген қос сына қағып, бір аймақтың қазағын екіге жарып кеткенін сол маңайдың тұрғындары әлі зар илеп айтады ғой деймін іштей. Көпбосын Панзабек деген ағатайым үшін А.Асқаровтың қайта-қайта Ленин орденін алғаны да Аллатағаланың мейірім-шапағатынан кем емес сияқты. Ал со заманда Кремльде отырғандар өз ұлтына, оның ішінде қазаққа қыруар жақсылық жасаған адамға бес қайтара Ленин орденін бермейді. Көпбосынекемнің мұнысы Сталинді мақтауға сөз таппай «қиналған Жамбыл жері осының» кері сияқты екен,! –Апыр-ау, қазақты қынадай қырған Голощекиннің де Кремльден алмаған ордені жоқ еді ғой,-деймін  тағы да.

Болмайтынын білсең де жаза жеңіл, Айтқызбасты айтқызар нала көңіл» деп едім өзім бір өлеңімде. Көпбосын көкем Балғабек Қыдырбекұлына, оның «Түп-тұқиян...» кітабына неге жармасасың деп айтпасты айтқызғалы отыр. Әйтпесе, сол Балғабек Қыдырбекұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін» деп аталатын, не естелік, не эссе, не роман, не басқа деуге келмейтін, басы мен аяғы түгіл ортасы да жоқ, ақ  қағаз байғұстың бетіне аяусыз салған шимайы туралы не айтылмады?! Тіпті, ондағы жазылғандардың көбі өтірік екені де, оны Қазбек  бек Тауасарұлы емес осы өзіміздің замандастың бірі ойдан жазып шыққаны, бұл кітаптың бүгінгі сөз саптауымен (стилімен) жазылғанынан-ақ көрініп тұрғаны талай рет баспасөзде жазылды да. «Егер сен Балғабектей белгілі қайраткер, көрнекті жазушы болсаң, Құдайы тамақ берер ең» дейді Көпбосекең. Өз басым марқұм Балғабек Қыдырбекұлының керемет белгілі қайраткер болды дегенді естіген емеспін. Болса компартияның сойылын соғып сөйлейтін редактор болғанын ғана білемін. Ал өз басым Б.Қыдырбекұлы сияқты жазушы болғанша Шалқарыма барып тепловоздың қарамайын сүрткенім дұрыстау болатын шығар деген де ойға кетіп отырмын. Көпбосын көкемнің мына сөздерін оқып отырып. Журналистикаға сіңірген еңбегіне келер болсақ, Б.Қыдырбекұлы ағамыздың ұзақ жылдық тәрбиесі мен тәжірибесінен өткен «Егемен Қазақстан» газеті 1986 жылғы желтоқсан көтерілісіне қатысқаны үшін қазақ қыз-жігіттері сотталып, ату жазасына бұйырылып жатқанда соның бәрін «Әділ жаза» деген (әлде «Әділ сот») айдармен желпілдетіп беріп отырғанын қалың қазақ біледі. Ол кісінің сатирасы да осы Көпбосын Панзабек ағамдікінің о жақ, бұ жағы ғана болатын. Панзабеков ағамыз бірнәрсені өте рас айтқан: Мен ол кісіге мына Жазушылар Одағының басшысы Нұрлан Оразалиннің осында отырғанына 20 жылдан асып барады. Ау, әдебиеттегі азуы алты қарыс Ғабең, Сәбең, Ілиястар да 3-4 жылдан артық отырған жоқ еді ғой. Ал Нұрлан Оразалин осыған қатысты талай-талай ауыр сөздерді естіді. Қаншама мақалалар жазылды, соның біреуіне де селт ететін емес. Міне, бір топ жазушы тағы хат жазып жатырмыз дегенімде екіұштылау жауап беріп кеткені бар. Соны айтып отырған Көпекеңнің мақаласын «Қазақ әдебиеті» баспағанда кім басады.

Ал «Түп-тұқияндағы» Тауасарұлының біресе Меккеде, біресе Ватиканда неғып жүргенін білмейтінім рас. Бірақ қазір Құдайға шүкір Әуе жолы дейсіз бе, теміржол дейсіз бе, не көп жол қатынасы көп. Және Қазақстан әлемнің барлық елдерімен тату-тәтті қарым-қатынаста. Тарихымызды  түгендеп жатырмыз дейміз. Бұдан да жаманымда тойға барғанмын дегендей, сонау 1990 жылдары әлі де ішер ас, киер киімге жарымай отырғанда да белгілі жазушы, ғалым Қ.Салғаринді Қытайға ұзақ уақытқа іссапарға жіберіп тарихымыздың тұманды тұстарына сәуле түсіртіп алғанбыз. Ендеше, менің Қазбек би Таусарұлы Ватиканда болғанына келтірген күмәнім сейілту үшін Ватиканға бір-екі зерттеуші ғалымды жіберіп, ол кісінің сонда болғанын растап алуға Қазақстанның қаржысы жететін шығар деп ойлаймын. Тіпті, әнебір жолы Астанаға Рим папасы келіп, ұл-қыздарымызға соның саусақтарын сүйгізіп жатқанда да  «Сіз Қазбек бек Тауасарұлы туралы бірнәрсе естіп көріп пе едіңіз?» деп сұрау да есімізге келмеген екен (папаның өзі де Тауасарұлы туралы бірнәрсе білсе айта қоюы керек еді, өйтпеді). Қалай байқамағанымды қайдам, жақында бір ақын азамат «Ерінбесең ашып қара онда ұйғыр деп аталатын үлкен бір ұлттың атына айтылмаған тұрпайы сөз қалмаған»-деді. «Қойшы, сол «Түп-тұқияныңды қолыма ұстауға жиренемін. Оны айтасың-ау, осы бір Көпбосын деген ағатайымның өзінше мені қатырдым деп ойлайтын әр нәрсенің басын шалған шатпағына жауап жазуға да ерінемін. Құдай-ау, дүниеде ең болмаса не ақындығы, не журналистігі, не басқа бір нәрсесі  өзіңмен деңгейлес адаммен дауласқанға не жетсін»-дедім де осы мақалама нүкте қойдым.

Мырзан КЕНЖЕБАЙ, ақын

Abai.kz

14 пікір