Жұма, 19 Сәуір 2024
Құйылсын көшің 7167 6 пікір 30 Мамыр, 2017 сағат 23:34

Үш жылға берілетін визаны барлық этникалық қазаққа ортақ етуді сұраймын!

Қазақстанның Сыртқы істер министрі

Қ.Қ. Әбдірахмановқа

 2016 жылдың 01 қарашасында Қазақстанның Қытайдағы Төтенше және өкілетті елшісі Шахрат Нұрышев астанада баспасөз мәсилихатын өткізіп, «қандастарымызға бұған дейін виза 1 жылға ғана беріліп келсе, енді 3 жыл уақытпен беруге оң шешімін тапты» (http://www.old.inform.kz/rus/article/2952218) - деп, қуанышты хабар таратқан еді.

Шынымен де, сол виза кезегінің азабын бір кісідей тартқан қазақтар болса, ол – Қытайда тұратын қандастарымыз екені анық.

Шахрат Нұрышевтың мәліметі бойынша "Қытайдан өзге мемлекетке шығуға құжаттары толық 800 мыңнан астам қандасымыз бар екен. Ал, қолда бар мәлімет бойынша, Қытайда 1 542 600 қазақ тұрады. ҚХР-дан Атажұртқа көшіп келгісі келетін қандастарымыздың көптігінің сыртында, ТМД-ның ең дамыған мемлекеттерінің қатарындағы Ұлы Дала Еліне іскерлік, саяхат, сауда-саттық сынды толып жатқан себеппен өзге ұлт өкілдерінің де ағылып жатқанын, оларға виза рәсімдейтін Консулдық қызметкерлердің санының тым шекті екенін ескерсек, әрине, виза кезегінің ұзаққа созылуы қалыпты құбылыс.

Демек, осындай қиын жағдайда ҚР Сыртқы істер министрлігінің Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи, стратегиялық маңызы төтенше зор Көші-қон саясатының астарын терең түсініп, шеттегі қандастарымыздың Отанына көптеп оралуына бұлай жағадай жасауы, шын мәнінде, үлкен көрегендік!

Өкінішке орай, Қытайдан келіп-кетіп жатқан қазақтардан жеткен мәлімет бойынша, үш жылға көп мәртелі виза бірден берілмей, тек екіші мәрте виза алуға өтініш берген қандастарымызға ғана беріледі екен. Ал, енді бір хабарға қарағанда, жасы алпыстан асқан адамдарға ғана рәсімделеді дейді...

Қысқасы, үш жылға көп мәрте сұрап арыз берген қандастарымыздың бәрі бұл жеңілдікке ие бола бермейтіні анық болды.

Сыртқы істер министрлігінен Қазақстан Республикасына келуге виза сұраған этникалық қазақтардың бәрін қанағаттандыруларыңызды сұраймын.

Сондай-ақ, осы мәселені анықтап, ол жақта тұратын қандастарымызға толық ақпарат берулеріңізді үміт етемін.

Құрметпен, Ауыт Мұқибек

Abai.kz

6 пікір