Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4448 5 пікір 30 Мамыр, 2017 сағат 10:36

Атыраудың абақтысында ораза ұстауға тыйым салынды

 

Атыраудағы УГ 157/9 колониясындағы жазасын өтеушілер мұсылмандар қасиетті санайтын Рамазан айында өздеріне ораза ұстауға тыйым салынғанына шағымданды деп хабарлады құқық қорғаушы Әсел Нұрғазиева.

- Бүгін ораза тұтқан төрт сотталушыны ішкі тәртіпті сақтамады деп карцерге отырғызған. Бірақ олар оразаларын жалғастырып жатыр. Колонияның қатаң режимінде жүріп ораза ұстау оңай емес, - дейді Әсел Нұрғазиева.

Оның сөзінше, сотталушылар шағымын жеткізген туыстары "мұсылмандар үшін қасиетті айда олардың мұсылмандық парызына түсіністікпен қарауға болар еді" деп ренішін білдірген.

Құқық қорғаушы бұл тыйымды азаматтардың дін еркіндігі мен ар-ұждан бостандығы құқын шектеу деп санайды.

УГ 157/9 колониясында оразаға тыйым салынғанын Атырау облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары Жасталап Басаров та растады. Оның сөзінше, сотталушылардың орындауға тиісті күн тәртібі, жаттығулар жасау, әлеуметтік тұрмыстық шаралар атқару сияқты міндеттері болғандықтан ораза ұстауға колониялардағы ішкі тәртіп ережесі мүмкіндік бермейді.

- Ол жерде карцерге қамалғандар туралы ақпарат келіп түскен жоқ, біз оны тексереміз. Сотталушының бәрі бірдей мұсылман емес. Оразаға байланысты 8 сағаттық ұйқының сақталмауының өзі басқалардың конституциялық құқығын бұзады, - дейді подполковник Жасталап Басаров.

Халық арасында "66-зона" деп аталып кеткен бұл колонияда департаменттің мәліметінше 412 адам жазасын өтеп жатыр.

Абай-ақпарат

5 пікір