Жұма, 6 Желтоқсан 2019
Ел іші... 4325 19 пікір 26 Мамыр, 2017 сағат 10:11

Қуаныш Сұлтанов сын көтермей ме?

Елордаға Елбасының есімін беруді ұсынып, елдің есінде қалған Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов  сөзінен таймапты. Депутат Астанаға президент есімінің берілуі орынды деп жүр. Кеше «Nur.kz» жазған материалда Сұлтанов солай деген екен.

«Кім не десе, о десін, Астанаға қатысты өз пікірімде қаламын. Өйткені ел Астананың тарихын біліп жүруі керек», - дейді 72 жастағы Мәжіліс депутаты.

Айтпақшы, депутат Қуаныш Сұлтанов қоғам қайраткері Амангелді Айталының сын сөзіне шамданып қалған көрінеді. Жарамсақтанды деген сынның көңіліне тигенін айтыпты.

 

Естеріңізге сала кетейік, Амангелді Айталы Қуаныш Сұлтановқа қарата «сынауды білмейтін адамдардың мақтауға да хақысы жоқ» дегенді айтқан.

«Құлдардың мақтағаны ештеңені де білдірмейді» деген осы емес пе? Қазақстандықтар Нұрсұлтан Әбішұлының еңбегіне шын бағасын береді, бірақ жарамсақтардың мақтауын халық қабылдамайды. Президент те қабылдамас деймін. Мақтау психологиялық шегінен шыққанда мадақтаған тұлғаға да жағымсыз пікір тудырады, мақтатып отыр дегендей ой қалдырады, айналып келгенде беделіне де көлеңке түсіреді. Осыдан табынусыз мәдениет болмайды, ал мәдениетсіз табыну қауіп деген сөз шыққан»,- деген болатын профессор Амангелді Айталы .

Ал айтқаным айтқан деген депутат Сұлтанов бұл пікірдің өзіне жасалған қиянат екенін айтуда. Бірақ, сол сөзі үшін Амангелді Айталыны сотқа бермейді. Ал көңіліне тигенін жасырмады.

«Мен ол Амангелдінің пікіріне ештеңе де айтпаймын. Айтатын әңгімені сол кісіден сұраңыз. Оның сөздері маған жасалған үлкен қиянат», - дейді Сұлтанов.

Abai.kz

19 пікір