Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Бетбұрыс 9116 11 пікір 17 Мамыр, 2017 сағат 11:37

Астана айшықтары: Елордамыздың ендігі даму жоспары

 

Астана – орындалған армандар қаласы. Еуразия жүрегінде бой көтерген әсем шаһарымыз бүгінде барша Қазақстан халқының ортақ мақтанышына айналды.

Елімізде орын алатын өзгерістер Астана қаласынан басталады. Олай болса, төмендегі материалдан Бас қаламыздың бүгінгі тыныс-тіршілігі мен болашаққа бағдарланған іргелі жобалар туралы тереңірек танысуларыңызға болады.

 

Астана қаласының даму қарқыны. Негізгі экономикалық көрсеткіштер туралы  

Астана – бұл еліміздің ресми орталығы. Сондықтан оны дамыту бойынша үздіксіз жұмыстар жасалуда. Елорда жылдан-жылға емес, күннен-күнге көркейгенін көруге болады. Дәл осы шаһарда ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Өйткені шаһардың басты стратег-урбанисті, бас сәулетшісі Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.

Елбасы ұсынған инфрақұрылымды дамытуға арналған «Нұрлы жол» бағдарламасының арқасында Астанада шағын және орта бизнесті қолдау және технологиялық индустриаландыруды жүргізу арқылы дамудың оң динамикасы сақталды. Оған дәлел ретінде бір-екі мысал келтіре кетуге болады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, жалпы аймақтық өнім көлемі 3,7%-ға өсіп, 5 трлн. теңгеге жетті. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 426 млрд. теңгеге дейін ұлғайды, қалаға тартылған инвестиция көлемі 840 млрд.теңгені құрады, оның 74% – жеке сектордың үлесінде. Бүгінде шағын және орта бизнестің 100 мыңға жуық жұмыс істеп тұрған субъектісі бар. Былтырғы жылмен салыстырғанда өсім байқалады. Осы сектор жалпы аймақтық өнімнің жартысына жуығын құрайды және 70%-ға жуық жаңа жұмыс орындары құрылуда.

 

Қаладағы жұмыс орындарының қызмет кестесіне жасалған өзгерістер, қала көшелеріндегі кептелісті азайту жұмыстары туралы

Бұл елордадағы инфрақұрылымды дамыту кешенді жоспарын іске асырудың бір көрінісі. Қарқынды дамыған қалалар үшін көлік қозғалысы мәселесін реттеу аса маңызды. Қазіргі таңда Астана қаласында ресми 350 мың көлік құралы тіркелген. Оған қоса 100 мың транзиттік және өзге қалалардан келетін көліктер бар. Барлығы 400-450 мың көлік қала ішінде жүр. Бұл жағдайды өзгерту үшін қазіргі таңда қоғамдық көлікпен қатынайтын тұрғындар үлесін 33%-дан 45%-ға дейін ұлғайту міндеті қойылып отыр. Ол үшін 380 жаңа автобус сатып алынды. Мамыр айының соңына дейін олар жеткізіледі. Сонымен бірге, жаңа тұрғын үй алабтарында жүргізілетін жол құрылысымен қатар, автобус бағыттарының саны мен ұзақтығы да ұлғайтылады.

Кешенді жоспар 2019 жылдың соңына дейін іске асырылады. Онда қысқа мерзімді, орта мерзімді және ұзақ мерзімді шаралар белгіленген. Мәселен, ұзақ мерзімді жұмыс ретінде 2019 жылы аяқталатын  жеңілрельсті трамвай жолының құрылысын айтуға болады. Жаңа вокзалдан халықаралық әуежайға дейін 18 бекет салынады. Жол жүйелерін дамыту бағытында атқарылатын жұмыстар мұнымен шектелмейді. Қазіргі таңда жаңа темір жол вокзалын, әуежайды, ботаникалық бақ және ЭКСПО аумағы маңын байланыстыратын, жалпы 13 жолдың құрылысы жүріп жатыр. Жоспар бойынша бұл жұмыстар 2017 жылдың 1 маусымына дейін тәмамдалады.

Шағын айналмалы жолдың 47 шақырымын қайта қалыпқа келтіру жұмыстары жалғасуда. Бүгінде оның 22,8 шақырымы жөнделді немесе 48,5 % аяқталды. Жоспардағы он төрт жолайрық, көпір, өтпежолдың тоғызы салынды.

Маусым айынын бастап жаңа вокзал бағытына қарай Ұлы Дала Елі көшесінің құрылысы басталады. Онда екі көпір тұрғызылмақ. Қазіргі уақытта Ш.Қалдаяқов көшесінен Ұлы Дала Елі көшесіне дейінгі Тәуелсіздік даңғылы құрылысының жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Бұл Мәңгілік Ел көшесі мен Тәуелсіздік даңғылындағы көлік кептелісін азайтады.

Сондай-ақ, Сарайшық көшесін одан әрі созу және Бейсекова көшесін жалғастыру Тұран, Қабанбай батыр, Орынбор көшелеріндегі көлік қозғалысын азайтуға мүмкіндік береді.

Шағын айналмалы жол құрылысы аяқталған соң 90 мыңнан астам көлік орталық көшеге соқпай өте алады. Бұл кем дегенде 2 жылды қажет ететін құрылыс жобалары.

Орта мерзімді жобалар да бар. Қазір10-нан астам жолайрықты жобалау жұмыстары басталды. 2018-2019 жылдары 4 жерүсті және жерасты өткелдері бар 4 жолайрықтың құрылысы қолға алынады. 12 жаяу жүргінші жолының құрылысы жүргізіледі. Негізінен бұл – «Керуен Сити» сауда-сауық орталығы (бұрынғы «Мега-Астана» ССО), Министрліктер үйі, Кенесары мен Республика даңғылының қиылысы аймағына тиесілі.

«Ақылды бағдаршамдар» орнату бойынша жұмыстар басталды. Олар биыл негізгі 90 қиылыста іске қосылады. Бұл жол уақытын басқаруға мүмкіндік тудырады. Адамдардың қауіпсіздігі үшін жанатын жаяу жүргіншілер жолын жасау жоспарда бар. Сонымен қатар, өзге де бірқатар жобалар арқылы қаладағы көлік кептілісі мәселесі шешілетін болады.

Жұмыс кестесін өзгерту туралы айтатын болсақ, бұл – кешенді жоспарлардың бір бөлігі ғана. Бұл әлемнің барлық мегаполистерінде бар проблема. Мысалы, Минскіде әр мекеменің өз кестесі бар, Пекинде көлігіңіздің нөмірі қандай да бір санға аяқталса, сіз белгілі бір күндерде қала ішінде жүре алмайсыз. Бұдан да қатал шаралар бар. Сингапурда жолдардың барлығы ақылы. Қаланың орталығында ақысы өте қымбат жолдар бар, сондықтан ол көшелерге адамдар мүлде кірмейді.

Бізде қазір қалай? Трафиктің 45%-ы таңертеңгі уақытқа келеді. Себебі  барлығы сағат 9.00-да шығады, біреуі жұмысқа, оқуға, енді бірі сауда үйіне немесе ХҚКО т.б. асығады.

Сондықтан, халық легін екіге бөлу ұсынылуда. Қазір көптеген тұрғындар осы кестемен жұмыс істейді. Мысалы, құрылысшылар таңғы сағат 7-де жұмысқа шығады. Ал, әкімдік пен қалалық қызмет 8:30-дан бастап кіріседі. Полицейлер 6:00-ден бастап жұмыста болады. Мектептер мен балабақшаларға бару уақытын біз өзгертпейміз. Қазіргі уақытта қалада 130 мың оқушы, 85 мың студент бар. Студенттердің оқу кестесі Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігімен бірлесе талқылануда. Сабақты сағат 9:30-дан немесе 10:00-ден бастау ұсынылуда. ХҚКО, банктердің  жұмысын 10:00-ден бастауға болады. Сонда қалың лек қысқарып, қала ішіндегі көлік қысымы 45 %-дан 36%-ға азаятын болады.

 

Екінші шара – ауыр жүк көліктерінің қозғалысына шектеу қою. Бұл да көптеген елдерде қолданылады және нәтижесі жақсы. Яғни барлық ауыр машиналар, барлық коммуналдық техникалар да 23:00-ден таңғы 06:00-ге дейін ғана жүре алады.

Сондықтан барынша үздік тәжірибелер мен таразыланған шаралар қолданылуда.

 

Қоғамдық көлік мәселесіне қатысты шешімдер

Қазір қоғамдық транспорттың барлық жүйесі өзгертілуде. Жарты жыл ішінде Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Парламентінің қолдауымен әкімдікке жолаушыларды тасымалдауда жақсы мәдениетті қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін жаңа механизмді енгізу үшін Заң өзгерді. Қала ішінде бір-бірімен жарысу секілді заңбұзушылықтарға, кондукторлар мен жүргізушілер тарапынан мәдениетсіздікке жол берілмейді. Қала жаңа принципке көшуде. Әкімдік жолаушыларға қызмет көрсету үшін автопаркті алғанда кестенің орындалуын, уақыт пен қызмет көрсету мәдениетін талап етеді. Егер талап үдесінен шықпаса, жауапкершілікке тартылып, санкция қолданылады, келісімшарт бұзылады. Осылайша, жұмыс форматы өзгеруде. Бұл көптеген дамыған елдердің тәжірибесі.

Билетсіз жолақы жүйесі енгізілуде. Бұл өзге қалалардың тәжірибелері мен кемшіліктерін ескеріле отырып, тамыз айынан бастап жүзеге асырылады.

Автобустардың арасындағы қозғалыс уақытының сақталмауына байланысты шағымдар көп.  Негізгі себеп – кептеліс. Өркениетті елдерде мұндай мәселелер туындамас үшін жағдай жасалады. Қоғамдық көліктерге басымдық беріліп, автобус, тролейбустар үшін бөлек жол бөлігі қарастырылады. Сөйте тұра, жеке транспорттарға қосымша салмақ салады. Орталық көшемен жүру үшін және арнайы орындарға қою үшін ақы төлейді, жүруге кедергі жасайтын жерлерден паркингтерді алып тастайды және оларды ғимараттардың астына ауыстырады. Еуропа елдерінде машинамен жүру ыңғайсыз. Өйткені олар алдымен жаяу жүргіншіге, сосын, велосипедшілер, үшінші автобусқа мән береді, содан кейін барып қана жеке көлік бағаланады.

Қазір Астанада қоғамдық кеңістік пен жаяу жүргіншілер бағытын құрып, велосипед жолдарын салуға көңіл бөлінуде. Осы жылы велосипедшілерге 37 шақырым жол салынбақ, ал келесі жылы оны 200 шақырымға дейін ұлғайту жоспарда бар.

Тағы бір мәселе – заман талабына сай 400-ден астам ыңғайлы аялдамалар орнату. Бұл мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында салынады. Желден пана болатын осындай аялдамалар әсіресе емханалар мен мектептердің маңына орнатылатын болады.

Такси қызметіне наразылық танытатындар аз емес. Сондықтан, МЖС негізінде барлық таксопарктерді біріктіріп, «Астана-такси» қызметі іске қосылды.

Бұл тұрғындардың өмір сүру сапасын 3 жыл ішінде жақсартуға бағытталған «20 қадамның» 3 қадамы ғана. Әлбетте, бағдарламаның өзге де бөлімдері бойынша да тұрақты жұмыстар жүргізіледі.

 

 

Жолдарды жөндеу мәселесі туралы

Соңғы уақыттарда тұрғындар жолдарда ыңғайсыз жағдайларға тап болуда. Бірақ бұл – Астана. Біріншіден, EXPO-ға дайындық жасалуда. Өздеріңіз білесіздер, Астанада тек сәуірдің екінші жартысында ғана күн жылынып, асфальт төсеп, көріктендіру, абаттандыру жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік туады. Асфальт салу үшін ауа райы +15 градус болу керек. Қазір жаңа теміржол вокзалы, әуежай салынып жатыр. 24, 26, 31, Түркістан, Ақмешіт жаңа көшелері тұрғызылып, осы тұста жолдар салуға мүмкіндік береді. Көгалдандыру шаралары жалғасып, тротуарлар төселуде, әртүрлі шағын архитектуралық формалар қойылуда. Сондықтан желілерді барынша тиянақты, еш кедергісіз жүргізуге күш салынып жатыр. Жол жөндеу жұмыстары 1 маусымға дейін аяқталуы керек. Кей көшелерде ыңғайсыздық туып отырғаны рас. Алайда бұл жұмыстар аяқталған соң қаламыз одан сайын әсемдене түсетінін ұмытпайық.

EXPO Қазақстан үшін, Астана үшін маңызды, себебі бұл біздің туристік мүмкіндігімізді көрсетеді. Бізге 3 ай ішінде 2 миллионнан астам адам келеді. Өткен жылы 1 миллионға жуық саяхатшы Астанада болған. Сондықтан бұл туристердің келесі жылы да елімізге қайта оралғаны аса маңызды. Туристер экономиканың негізгі бөлігі екені белгілі. Сондықтан біздің қызмет көрсету нысандарымыз, шағын бизнес, мейманханалар, кафелер, театрлар жұмысы қыза түседі.

Елімізге, қаламызға қыдырып келген адамдарға бар жағдайды жасау мақсатын алдымызға қойып отырмыз. Бұл әуежай, кеден қызметі, мейрамханалар, саябақтар, полиция және өзге де қызметтердің жұмысына қатысты.

Тағы бір маңызды тұс, қала билігі мен тұрғындар бір арнада болса, түсіністікпен қарап, қолдаса нұр үстіне нұр. ЕХРО-ға дайындық жұмыстары қызу жүргізілуде. Себебі әр ұсақ мәселе де рөл ойнайды, әр бағыт бойынша дұрыс атқарылмаған істер бар. Олар да түзетіліп жатыр.

Барлық қалалық қызметтер тәулік бойғы жұмыс режиміне көшті. Бұл қала өмірінің тоқтаусыз, барынша нәтижелі болуына жағдай жасайтын болады.

 

Елбасының Астананы дамыту жөніндегі сынына қатысты жасалып жатқан жұмыстар туралы

Президент берген тапсырмалар бойынша үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Әр қыс мезгілінен кейін пайда болатын рұқсат етілмеген жерге тасталған қоқыстарды тазалап, үйлердің сыртқы келбеттері талапқа сай ретке келтірілуде. Қазір жолдарды жөндеудің жаңа регламенті әзірленуде.

Негізінен құрылыс мәдениетін өзгерту керек. Яғни сапасын қамтамасыз ету қажет. Жол сапасын жақсарту мақсатында Канада, Швеция секілді өзге елдердің тәжірибесі қарастырылуда. Жол салуды жоспарлаудың, сапасын бақылаудың жаңа жүйесін енгізу жоспарда бар. Енді бізде жаңа классификатор және құрылыс пен жол жөндеу алгоритмі болады.

 

Қала тұрғындарымен тығыз қарым-қатынасты дамыту туралы

Кемшіліктер әр қалада болады. Бастысы, қала қарқынды дамып келеді. Мұнда еліміздің әр бұрышынан адамдар келуге асығады. Сол арқылы Астананың ерекше субмәдениеті қалыптасады. Президент «100 нақты қадам» бағдарламасында Астананың Еуразия кеңістігінде көшбасшы орталықтың бірі болуы керек деген міндет қойды. Әкімдік қаланың таза, көрікті, қонақжай, қауіпсіз, өмір сүруге барлық жағынан қолайлы болуына мүмкіндікті жасап жатыр. Отбасымен демалатын, жаяу серуендеп, велосипедпен жүретін қоғамдық орындарды дамыту жоспарлануда.

«Адамдардың берекелі өмір сүруі деген не?» дейтін сұраққа жауап іздеу үшін арнайы әлеуметтік зерттеу жүргізілді. Былайша айтқанда, астаналықтардың «бақыт формуласын» білу. Сонымен қатар, 109 қызметіне күн сайын әртүрлі өтініш, шағымдар келіп жатады. Біреулер құдықтың қақпағы ашық жатыр деп дабыл қақса, біреулер кондуктор жолаушыға өктем сөйледі деп хабарласады, енді бірі басшылардың бюрократизміне шағымданады. Жолдың сапасы мен ПИК-тердің жыры да бітпейді. Қалалық әкімдік үшін байланыс маңызды. Сондықтан серіктестік жүйесі дамытылуда. Сол қозғалған проблемаларды тыңдап, қандай да бір әрекет ету арқылы «белсенді азамат» мәдениеті қалыптасады. Қалалық биліктің құлақ асатынын, сол себепті мәселені шешуге сеп бола алатынын түсінеді, сол арқылы жауапкершілік артады. Осының барлығы ескеріліп, Астананы 2020 жылға дейін дамыту бағдарламасы жасалды. Оның мақсаты – тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту.

Тұрғындардың тұрмысын одан сайын арттырудың екі міндеті бар. Бірінші – өмір сапасын жақсарту. Бұл дегеніңіз – баспана, қоғамдық көлік, экология, денсаулық сақтау, білім, адамдардың қауіпсіздігі, балабақшалар, спорт, т.б.

Екінші міндет – шағын және орта бизнесті дамыту арқылы халықтың кірісін жақсарту, жаңа жұмыс орындарын құру.

 

Елорданы дамыту бағдарламалары және қалада жасалып жатқан жаңашылдықтар

Елбасы өзінің халыққа Жолдауында да, Ұлт жоспарында да барлық министрлер, әкімдер тұрғындарға деген қарым-қатынасын өзгертуі туралы тапсырма берген болатын. Сондықтан, сарапшылармен, мамандармен біріге отырып, қаланы дамытудың және қала тұрғындарының тілектерін ескере отырып, халықпен қарым-қатынас орнатудың үлгісі қайта қарастырылуда.

Ең бастысы, алға қойған сол мақсаттар іске асатындай болуы керек. Қазіргі таңда қолда бар ресурстарға сүйене отырып, «20 қадам» қаланы дамыту бағдарламасын жүзеге асыру механизмдерімен жұмыс атқарылады.

Оның шеңберінде қаржылай мүмкіндіктер мен кезең-кезеңмен жүзеге асыру мүмкіндіктері ескеріле отырып, алдағы үш жылда шеше алатын негізгі міндеттер анықталды. Әлемдік тәжірибелерді алсақ, мысалы, Нью-Йорк, Лондон, Сингапур. Бұл мегаполистердің әрқайсысында басым мақсаттар мен екінші кезекте қарастырылатын мәселелер бар. Барлығын бір мезгілде қарастыру мүмкін емес. Қолда бар ресурстар мен күшті құр босқа жұмсамау керек. Мысалы, 20 қадамның бірі – қаланың әлеуметтік дамуы. Бұл ретте 32 әлеуметтік стандарт бекітілді. Олар әрбір қала тұрғынына қол жетімді болуы тиіс. Және де шаһар шартты түрде 129 секторға бөлінді, әрқайсысында шамамен 10 мың адамнан. Әрбір секторда емханалар, мектептер, аялдамалар, азық-түлік дүкендері, спорт секциялары, балалар алаңқайлары болуы керек. Мұның барлығы текке жасалмайды, ол көлік ағымын сирету үшін жүзеге асырылғалы отыр. Егер әрбір секторда тұрғындарға қажеттінің барлығы болса, оларға рөлге отырып, басқа жаққа барудың қажеті жоқ. Сонымен қатар әрбір секторға не қажет екені белгілі. Кейбір аудандарда емхана ашып, саябақтар мен гүлзарлар салу, сауда алаңдарын, дәріханалар және т.б. ашу керек.

Қазіргі таңда қала тұрғындарының наразылығын тудырып отырған өзекті мәселе – жолдар.  Мысалы, Оңтүстік-Шығыс ауданында 127 жолдың 60-ына асфальт төселмеген. Тек қала орталығында ғана емес, шеткері көшелердегі жолдардың да жақсы болғаны, жарықтандырылғаны, аялдамалар орнатылғаны, қоғамдық көліктер жүріп тұрғаны керек.

Тағы бір айта кететін жайт – мектептердегі бала санының көптігі мәселесін шешіп, білім сапасын жақсарту. Өткен жылы қала мектептерінде 117 мың бала оқыды. Жаңа оқу жылына дайындық жасалып, оқулықтар сатып алынады. Ал 1 қыркүйекте мектептерге 130 мың бала келеді. Жарайды, бала санының өсуі болжанды дейік. Бірақ ол 7-8 мыңға жуықталған болатын. Алайда қалған 5-6 мың бала қайдан келді? Мектеп оқушыларының контингенті өткен жылдың өзінде-ақ 13,5 мыңға өсті, оның ішінде 5 мың бала ата-аналарымен Астанаға жазда көшіп келген. Біреулері жұмыс бабы бойынша келсе, кейбірі жай қоныс аударуды ұйғарған. Сонан соң «Балаларымызды мектепке алыңыздаршы» деп келеді. 5 мың бала дегеніміз, ол 4 үлкен мектеппен тең. Біздің ол мектептерді дереу салып тастауымыз мүмкін емес. Оның барлығын жоспарлау керек.

Бала санының көптігін шешу үшін биылғы жылы 27 мектептің жанынан 2600 бала сыйдыратын 5 қосымша ғимарат салынбақшы. Сонымен қатар, 9000 орындық 10 жаңа мектеп құрылысы басталады.

Тағы бір қадам – мектептердегі білім сапасы. Бүгінгі күні қала деңгейінде астаналық білім деңгейін қалайша көтеруге болатыны, материалды-техникалық базаны қалай жақсарту қажеттігі қарастырылып жатыр. Қазіргі таңда білім ІТ-технологиялармен тығыз байланысты. Сондықтан барлық жерлерде ішкі Wi-Fi өткізіледі. Сонымен қатар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, электронды білім беру формасын енгізуге септігін тигізетін «Смарт мектеп» жобасы бар.

Маңызды басымдылық – салауатты өмір салты мен бұқаралық спортты дамыту. Әдетте біз денсаулық сақтауды ауруханалар мен емханалардың жұмысымен ғана байланыстырамыз. Мұндай форма дұрыс емес. Шындығына келсек, ол – салауатты өмір салты, дұрыс тамақтану, су, спортпен шұғылдану, экология. Мектептер базасында дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін құру жоспарлануда, қажет болса, кейбір мектептерде қосымша ғимараттар құрылысы қарастырылатын болады, әсіресе МЖС-пен (мемлекеттік-жекеменшік серіктестік). Қоғамдық кеңістіктерді кеңейту жоспарда бар. Гүлзарларда жаттығу құрылғылары орнатылып, қарт адамдарға серуендеу алаңқайлары салынады. Осының барлығы адамдардың көбірек спортпен айналысып, барынша жиірек серуендеуі үшін жасалып отыр.

Астанада 24 пайыз қала тұрғындары бұқаралық спортпен айналысады, бұл сан бұдан да жоғары көрсеткіштерге дейін өсуі тиіс.

 

ЭКСПО көрмесі қарсаңында қаланы ұлттық нақышта безендіру, дәстүрлі құндылықтарымызды дәріптеу мәселесі туралы

Қалалық әкімдіктің ұйытқы болуымен Елорданы ұлттық нақышта безендіру жұмыстары жүргізілуде. Осы мақсатта қаладағы көп қабатты үйлердің сыртқы жақтаулары, құрылыс нысандарының қоршаулары қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері, мақал-мәтелдердің мәтіндері, ұлттық тағам түрлері, еліміздің мақтанышына айналған маңызды орындар туралы суреттермен безендірілетін болады.

Сонымен бірге қаладағы билбордтар мен пилондарға ұлттың мақтаныш тұлғалары туралы қысқаша анықтамалық мәліметтер орналастырылады. Бұл ақпараттар қаланың адамдар ең көп жүретін орындарына қойылады. Осы арқылы қалаға келген қонақтар тек зәулім ғимараттар емес, біздің өткен тарихымыз, халықтың мақтаныштары туралы кеңірек білетін болады.

Алдымызда ЭКСПО көрмесі келе жатыр. Осыған орай, Елорда әкімдігі ауқымды мәдени-бұқаралық бағдарлама дайындады. Оның ішінде, халықаралық фестивальдер мен көрмелер, отандық және әлемдік эстрада жұлдыздарының концерттері, классикалық және халық музыкасының концерттері, премьералар, цирктік қойылымдар, «Бәйтерек» монументі алаңындағы және қалалық алаңдағы, барлық саябақтардағы халықтық серуен форматындағы шаралар бар.

Шара аясында халықаралық қоғамдастық өкілдеріне еліміздің басты жетістіктері мен даму перспективалары көрсетіледі. Қазақ халқының басты жетістіктерінің бірі – бай мәдени мұра, тарих пен ұрпақтан ұрпаққа жалғасын тауып келе жатқан салт-дәстүрлер. Дамыған өркениетті қоғам жергілікті мәдениетке және қазақ фольклорына асқан қызығушылық танытуда, көрме өтетін кезеңде елорда аумағында ұйымдастырылатын мәдени-бұқаралық шаралар бағдарламасын жасауға басты негіз болған да осы.

Бірінші кезекте ұйымдастырушылар қазақ халқының жарқын туристік көрінісін жеткізетін шараларды ескерді, оның ішінде «Астанаға тарту» дәстүрлі қазақ музыкасының концерті, «Мүшәйра» республикалық ақындар конкурсы, «Шашу» халық биінің халықаралық фестивалі, «Серпер» халық аспаптары оркестрлерінің фестивалі және «Астана самалы» үрмелі аспаптар оркестрі, қазақ халқының дәстүрлі сусыны – қымызға арналған Қымызмұрындық мерекесі, «Астана Арқау» түркі музыка фестивалі, биыл Әзірбайжан Мәмбетовке арналған V «Сахнадан сәлем» халықаралық театр фестивалі және т.б. бар.

Мәдени-бұқаралық бағдарламалардың басым бөлігі елорда тұрғындары мен қонақтарына ыңғайлы болуы үшін ашық алаңдарда өтеді. Мысалы, Сулы-жасыл желекжолда креативті идеялардың заманауи алаңы Astana Art Fest фестивалі өтеді. Қалалық саябақтарда демалыс сайын отбасылық демалысқа арналған Astana Park Land шарасы өткізіледі, Есіл өзенінің жағасында лазерлік шоу мен субұрқақтар шоуын, сондай-ақ, «Есіл кештері» концерттерін тамашалауға болады.

Оқиғалар тізімін отандық эстраданың еңбек сіңірген қайраткерлерінің концерттері қорытындылайды – Әлібек Дінішев, Секен Тұрысбек, Алтынбек Қоразбаев, сондай-ақ, биыл құрылғанына 15 жыл болатын «Музарт» ансамблі, Тұрсынбек Қабатовтың әзіл-сықақ кеші.

Сонымен бірге, көрме аясында Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп, бәйге, аударыспақ, тоғызқұмалақ, қазақ күресі, көкпар, жамбы ату т.б. ұлттық спорт ойын түрлерінен сайыс өткізіледі. Жыл сайын өтетін дүбірлі «Қазақстан барысы» турнирін де ерекше атап өтуге болады. Әкімдік ұлттық спорт ойындарынан саятшылық, тоғызқұмалақ, қазақ күресі, асық атуға ерекше көңіл бөліп келеді. Спортқа жасалған қолдау алдағы уақытта да жалғасатын болады.

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2253
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3510