Жұма, 29 Наурыз 2024
Әлеумет 16595 4 пікір 15 Мамыр, 2017 сағат 17:45

Си Цзиньпиннің «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасының мақсаты не?

ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің «Бір белдеу – бір жол» атты бағдарламасының қазақ еліне экономикалық ықпалы аз болмайтыны белгілі. Десе де, қазақстандық БАҚ бұл бағдарламаның қазаққа берері мен зарарына қатысты ләм деп, жақ аша қойған жоқ. Осы орайда біз белгілі экономист-сарапшы Жанкелді Ерденұлы Шымшықов мырзамен  (суретте) сұхбаттасып, аталған бағдарламаның мақсаты мен мүддесіне қатысты әңгімелескен едік. 

 

- «Жібек жолы» экономикалық белдеу» жобасы жайлы сізге не мәлім?

- 2013 жылдың күзінде ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Орталық және Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне жасаған іс сапары барысында өзара бірігіп Жібек жолының экономикалық белдеуімен Жібек жолының  ХХI ғасырдағы теңіз жолын жасау жөніндегі ұсынысан жариялаған болатын. Ол өз идеясын алғаш Қазақстанда ортаға салып, ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев тарапынан қолдау тапқаны белгілі. Осыдан бері 3 жылдан астам мерзім ішінде «Бір белдеу, бір жол» идеясы кең етек алып, 100 ел қуаттап, ал 40-тан астамы Қытаймен ынтымақтастаққа қол қойды, - деп мәлімдеді ҚХР мемлекеттік кеңесінің мүщесі Ян Цзечи.

Биылғы Давоста 17 қаңтарда өткен Бүкіләлемдік экономикалық форумда ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин өзінің бағдарлы сөзінде көпшілікті 2017 жыл 14-15 мамырда Пекинде өтетін «Бір белдеу, бір жол» атты Халықаралық ынтымақтастық форумына (BRF) қатысуға шақырды. Форумның мақсаты - халықаралық ынтымақтастықты тереңдету үшін өзара қарым-қатнастарды реттеу, жеткен жетістектерді қортындалап, бұдан кейінгі іс-шараларды жоспарлау, заманауи Жібек жолын жасауды жалғастыру тетігін өзара жан-жақты кеңесіп жүргізу арқылы құру, Жібек жолы бойы елдерінің әрекеттерінің жоспары мен стандарттарын бір жүйеге келтіру.

2015 жылдың 16-сәуірінде ҚХР мемлекеттік кеңесінің нұсқауымен 16 беттік «ХХІ ғасырдағы Жібек жолының экономикалық белдеуін бірлесе жасаудың іс-әрекетімен тамаша келешегі» жайлы буклет шықты. Біз осы буклеттен  «Бір белдеу, бір жол» жобасы жайлы біраз дерек алған сияқтымыз. Биыл  «Караван» мен «АиФ» газеттерінде ҚХР өкілдерімен сұхбат жарияланды. Алайда, Қазақстанда бұл жоба туралы бұқаралық ақпарат құралдарында мәліметтің тым аз екендігін мойындауға тура келеді.

- Осы экономикалық жобадағы Қазақстанға белгіленген рөл қандай?

- Ең бірінші кезекте «Жібек жолының» құрлықпен өтетін Батыс Қытай мен Батыс Еуропаны Ресей арқылы жалғайтын көлік-өтпелі дәліз рөлін атап өту керек. Бұдан 2000 жыл бұрын Ұлы Дала арқылы өтетін Жібек жолының осы тұсы қауіп-қатерсіз болмағаны тарихтан белгілі. Жібек, форфор ыдыс, қағаз, бағалы зергерлік бұйымдар артқан сауда керуендерін қай жерде қай тонаушының қарақшылық жасап тонап кететіні оңай болмаған. Бүгін Ұлы Даланың бұл тұсындағы теміржол, автокөлік өтетін Жібек жолы - ең қауіпсіз ғана емес, ең ыңғайлы да, тиімді жол.

Жібек жолындағы Қазақстанның екінші рөлі мұнай-газ құбыр көлігінің дәлізі ғана емес, Батыс Қытайға осы құбыр арқылы тасымалданатын энергетикалық ресурстарды табиғаттан шығарып жөнелтуші, ұсынушы рөлі. Бұл, әрине, ұтымды рөл емес, өйткені, ол біздің елімізді Қытайдың шикізат алатын базасына айналдырады. Әрине, егер Қазақстан өз экономикасын «Бір белдеу, бір жол» жобасы толық жүзеге асқанға дейін 3-і жаңғыртудан өткізсе, сонда құбыр көлігімен дайын өнім: жанар-жағар май айдаса, онда шикізат базасы емес, толыққанды серіктес ел болар едік. Бұл біздің Үкіметтің осы бағыттағы экономикалық саясатының басты шарты болмақ.

Қазақстанның үшінші рөлі - экологиялық зардаптардан әбден титықтаған Қытай өнеркәсібі мен химиялық және дамылсыз қолданудан қаусыраған ауыл щаруашылығы үшін тыныстауға қажет табиғаты бұзылмаған таза өкпедей өңір. ҚХР-дың ҚР-дағы төтенше және өкілетті елшісі Чжан Ханьуэй Қытайдан көшірілетін 51 кәсіпорын жайлы былай деп ағынан жарылды: «Бұл ешқандай көшіру емес, барлық кәсіпорындар жаңа, ешқандай ескірген қоңдырғылар мен технологиялар болмайды. Барша өндірістер өзара тиімділік негізінде құрылады. Бірінші кезекте мұнай-химия, тау-кен, тамақ, қайта өңдеу, автоқұрыстыру т.б.» Уәде әдемі, бірақ оны біздің тарпымыздан бақылаудың жолдары қалай болар екен? Қазіргі қазақ қауымын ойландырып отырған да осы мәселе...

Т Қазақстанның төртінші рөлі, әрине, органикалық табиғи таза азық-түлік өнім өндіретін, ауылшаруашылығының мүмкіндігі 1 млрд адамды асырауға қабілетті ел екендігін пайдаланып іс қылуы дер едік. Бұл біз үшін өте ұтымды рөль. Мәселен, АҚШ азық-түлік өндірісі мен экспортын экономиканың сыртқы саясаттағы стратегиялық саласы деп танып, шет елдегі тұтынушыларына саяси қысым жасаудан ешбір тартынбай келеді.

- Бұл жоба Қазақстан экономикасына қалай әсер етеді?

- Егер ҚХР жауапты қызметкерлерінің теңмүдделі, өзара келісім, өзара тиімділік, ынтымақтастық пен достық және БҰҰ-ның қауіпсіздік кеңесінің т.б. халықаралық ұйыдардың қолдауын тапқан жоба, өз билігіміздің ымырашылдықтан аулақ, ұлтжанды, қауқарлы, табанды әрекеттіне сүйенсе, әрине, оң әсер ететін жоба екені сөзсіз.

Әсіресе, ішкі тар шеңберлі нарық қысып отырған ауыл шаруашылығы ұзақ мерзімдік ауқымды сыртқы нарықтықта сұранысқа ие болса, Қытай жағы біздің органикалық өнімді қымбатқа алса, қуанбасқа шара жоқ. Жоғарыда атап өткен ҚХР-дың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі: «Сіздердің азық-түліктеріңіз: бидай, ұн, бал, өсімдік майы, әсіресе, ет Қытайда өте тапшы, өйткені оған сұраныс зор. Еске салып өтейік: 2010 жылы Ресеймен кедендік одаққа мүшелікке өткенде сыртқы нарық 150 млн. адамға өседі деп бөркімізді аспанға аттық. Алайда Ресей экономикасымен біз бәсекелес екенімізді әдейі ойлағымыз келмеді. Өткен алты жылдың нәтижесі мардымсыз. Ал Қытайдың ауыл шаруашылығы бізбен мүлдем бәсекелес емес, сондықтан ауыл-шаруашылығы үшін жобаның пайдасы мол.

- Бұл жоба Еуразия өңірінің саяси, әлеуметтік және геосаяси жағдайына қандай әсер етеді?

- Еуразия өңірінде бұл жоба толық құрылып іске асырылған жағдайда орасан зор өзгерістер орын алуы мүмкін. Инфақұрылымның өзгеруі Еуропа мен Азия арасындағы қатынастар мерзімін мейлінше қысқартып, шығындарды азайтары сөзсіз. Соңғы кезде саясатта орын алып отырған санкция соқтығыстары, оқшаулану (изоляционистік) саясаттың орнын шынайы жаһандану үдерістері жеңсе, өзара тиімді халықаралық еңбек бөлісі негізінде әр ел өз экономикасының абсолюттік, салыстырмалы және бәсекелестік артықшылықтарын толық пайдаланар болса, онда саясатта өктемдік, таптаурындылық, заңсыздық жойылары хақ. Көбінесе экономикалық қанағат таппаған мүдде саяси қақтығыс тудыратыны белгілі.

«Жібек жолы» экономикалық белдеу бойында жаңа  елді мекендер бой көтеріп, қосымша жұмыс орындары ашылады, әртүрлі мекемелер жұмыс істеп әлеуметтік мәселелер шешімін табады. Геосаяси арасалмақ АҚШ, Еуропа құрлығынан Еуразия құрлығына ойысады. «Бір белдеу, бір жол» жобасына топтасқан елдер Еуразия өңірінің саяси, әлеуметтік геосаясатын өздері өзара кеңес, өзара татулық, түсіністік пен теңқабырғалы қатынас арқылы шешетін болады.

- Бұл жоба Еуразиялық экономикалық Одақ пен РФ қатынасына қандай да бір әсер етуі мүмкін бе?

- «Бір белдеу, бір жол» атты «Жібек жолы», экономикалық белдеуін  Ресей де қолдап отыр. Әрине, РФ әрқашанда КСРО кезінде уысында болған елдердің сыртқы «тартылыстарына» қызғаныш пен алаңдаушылық танытып отыратыны белгілі. Алайда бұл жолы бұл жобаға бірлесе кіріп отырмыз ғой. Бұған дейін РФ-мен  ШНОС, ОДКБ, ДСҰ сияқты ұйымдарға бірге мүше болып келеміз ғой. Оның үстіне «Бір белдеу, бір жол» ХХІ ғасырдағы "Жібек жолының" экономикалық нәтижелері ЕЭО мүдделерін жоққа шығарып жатқан жоқ. Олардың мақсаттары мен міндеттері бірін-бірі толықтырып, АҚШ, ЕО-ның және басқа да саяси шиеленіс тудыратын бірлестіктер мен блоктардың саяси ұстанымдарынан оқшуаланып келеді.

 

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1570
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2265
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3564