Жұма, 29 Наурыз 2024
Деп жатыр 10869 22 пікір 8 Мамыр, 2017 сағат 09:56

Айбалта

Айбалтадай жарқылдап жүретін азаматтар бар қазақта.

Соның бірі – Иманғали Тасмағамбетов.

Күлкісі жайдары, сөзі нық, ісі тыңғылықты, кей-кейде мінезі тік көрінетін қара баланың болашақта ел басқаратыны жалпақ жұрт түгілі, ағайын-туыстарының да ойына келмеген болар-ау.

Келсін-келмесін, қара баланың ойы озық шықты, қатарынан озып шықты. Мұғалімдікті місе тұтпай, комсомол басқарды. Кандидаттықты місе тұтпай, докторлық қорғады. Мінезіндегі осы талапшылдық оны жастардың көсемі етті.

Сөйтіп, отызында орда бұзған ол, қырықтың қырқасына енді шыға бере, ел ағаларына қолбала болудан да қорықпады. Мінезіндегі осы өжеттік оны биік шыңға көтерді. Қолбаладан қолбасы өсіп шықты.

Елуінде ел ағасы атанып, ел басқарған оның алпысты алқымдаған шағында атқармаған қызметі қалмағандай көрінді жұртқа. Алайда, кәнігі саясаттанушылар "Иманғалидың енді баратын жері елшілік" деп кесті.

Араға көп уақыт салмай, саясаттың майын шайқап ішкендердің айтқаны айдай келді. Иманғали Тасмағамбетов Ресейге елші боп кете барды. Жұрт аң-таң. «Өзі сұранды» деп түсіндірді Елбасы. Қош делік.

Көкейге түрлі ой келеді. «Орыспен дос болсаң, жаныңда айбалтаң болсын» деген көне тәмсіл бар қазақта. Орыспен одақ құра отырып, бұлай деуіміз обал-дағы...

«Елдестірмек – елшіден, жауластырмақ – жаушыдан» демей ме қазақ? Ендеше алпауыт көрші елдің де шамына тимей, ежелден еркіндік аңсаған еліміздің де намысына дақ түсірмей, даңқымызды асыра білу – елші үшін орасан зор міндет һәм асқақ абырой. Олжас Сүлейменовтің «Тауларды аласартпай, даланы асқақтатайық» деген қағидасын берік ұстанатын Тасмағамбетовтің мұндай міндетті атқара алатынына, абыройлы болатынына ел де, Елбасы да кәміл сенімде.

Айбалтаң аман болсын, қазақ!

Жан Тілеу

Abai.kz 

22 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1567
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2261
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3544