Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4980 0 пікір 27 Сәуір, 2017 сағат 15:25

ІV Республикалық «Алтын таяқша» дирижерлер, «Кестелі орамал» вокалистер байқауы жеңімпазы анықталды

М.Төлебаев атындағы ІV Республикалық «Алтын таяқша» дирижерлер, «Кестелі орамал» вокалистер байқауы жеңімпазы анықталды, - деп хабарлайды Абай-ақпарат.

Талдықорған қаласы, І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен М.Төлебаев атындағы ІV Республикалық «Алтын таяқша» дирижерлер, «Кестелі орамал» вокалистер байқауы өз мәресіне жетіп, гала-концерт өтті.

Шараға екі аталым бойынша 29 үміткер қатысты.

Байқау қорытындысы бойынша дирижерліктен астаналық Ернар Нұртазин лауреат атанып, бас жүлде алды. Ал дәл осындай аталымның вокал номинациясы бойынша жеңімпаз атанған Азат Мәлік есімді қызылордалық өнерпаз болды. Сонымен қатар, байқауға қатысқан барша өнерпаздарға  арнайы диплом мен ақшалай сый-сияпат табысталды.

Дирижерлер арасында арнайы жүлдемен (20 000 теңгені) Алматы облысынан  Жексембаев Самат, Астана қаласынан Сарыбай Берік пен Атырау облысынан Джумашева Сая жеңіп алды. Дәл осы номинация бойынша жүлдені астаналық вокалистер арасында Избамбетов Алмат пен Жетісу жерінен Мырзабеков Бауыржан да марапатталды.

ІІІ орын мен 50 000 теңге көлеміндегі жүлдені дирижерлер арасында Маңғыстау облысынан Мұратов Әлібек пен алматылық Мендалиев Айдос жеңді. Вокалистердің ішінен осы марапатпен павлодарлық Сабиров Нұрсұлтан, Алматы облысынан Такебаев Жомарт пен астаналық Абдуллаева Жадыра иеленді.

Ал, жүлделі 100 000 теңге сыйапатымен ІІ орынды вокалистер арасында Алматы қаласынан Жармағамбетов Расул мен Оңтүстік Қазақстан облысынан Қаңтарбаев Жұмабек жеңіп алды. Дирижерлер арасынан алматылықтар  Тойболдиев Мадияр мен Тлепбергенов Абылай иеленді.

І дәрежелі диплом мен 400 000 тенгені дирижерлер арасынан Оңтүстік Қазақстан облысынан келген  Исмаилов Қуаныш  алса,  вокалистерден  астаналық Тыныштық Шахризада иеленді.

Байқау қорытындысында Алматы облысы әкімінің  бірінші орынбасары Ләззат Тұрлашов жүлдегерлерді марапаттап тұрып: «Бұл байқауға қатысқан өнерпаздардың қай-қайсысы да өз мықтылығын көрсетті. Солардың ішіндегі бағы мен бабы қатар келген қатысушылар өз марапаттарын алып жатыр. Келесі жылы сіздерді байқауға келіп, қайтадан бақтарыңызды сынауға шақырамыз», - деп сөзін аяқтады.

Республика дирижерлерінің кәсіби шеберлігін арттыру, пікір алмасу, қазақ халқының ән, күй туындыларының бәсекелестік әлеуетін арттыру мақсатында ұйымдастырылған бұл шара өнерпаздардың ән өнерін дамыту, жас талант иелерін іздеу, жастар арасында әншілік өнердің  кәсіби деңгейге көтерілуіне жол ашуға септігін тигізеді.

Абай-ақпарат

 

0 пікір