Сенбі, 20 Сәуір 2024
Әттең... 6270 1 пікір 27 Сәуір, 2017 сағат 09:10

Досым Сәтпаев зейнетақы қорының жанынан құрылған қоғамдық кеңестен кетті

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының жанынан құрылған қоғамдық кеңесті басқарған саясаттанушы Досым Сәтпаев орыннан кетті, - деп хабарлайды 31 арна тілшісі Жанар Жолтаева.

Зейнетақы жүйесінің олқылықтарын тізбектеп, қоғамдық талқылау ұйымдастырып, халық қаражатының тағдырына жауаптыларды іздеген төрағаның қандай себептермен бұндай қадамға барды?

Зейнетақы қоры жанынан құрылған қоғамдық кеңеске 3 ай бойы төрағалық еткен саясаттанушы шенділерге шегелеп сұрақ қойып, сауал хаттар жаудырып, зейнетақы жүйесі жараларының бетін тырмалай бастаған еді. Досым Сәтпаев "басшылар қоғамдық кеңес қор жұмысын реттеу үшін ғана құрылғанын айтып, зейнетақы жүйесінің кем-кетіктеріне араласуымызды шектемек болды. Сол себептен өз еркіммен кеңестен шығып кеттім" - дейді.

Досым Сәтпаев, саясаттанушы телеарнаға берген сұхбатында "Бүкіл ағза науқас болса, бір қолды емдегеннен не пайда? Яғни зейнетақы жүйесі күйреп жатқанда, қордың мәселелерімен ғана шектелу дұрыс емес. Мен үшін қор ақшасына жауапты мемлекеттік құрылымдардың жұмыс жасау жүйесі қағидасын жасап шығару маңызды еді. Мысалы Ұлттық банк қандай шарттарды негізге ала отырып біздің жинақтарымызды банктерге үлестіреді? Үкімет біздің жинақтарымызды қандай критерилер бойынша нендей бір мемлекеттік жобаларды қаржыландыруға береді? Оның келім-кетім пайдасы қандай? Бұны халық ашық көріп отыру керек" деген.

Досым қоғамдық кеңестен кеткен жалғыз адам емес. Онымен бірге экс вице-министр Рахым Ошақбаев, экономист Ғалым Құсайынов пен сараптамашы Бота Жұманова да бірге кетті. Алайда Зейнетақы қорының басқарма төрайымы Нұрбибі Наурызбаева бірді-екілі адамның кеткенін үлкен мәселе санамайтынын ашық айтты.

НҰРБИБІ НАУРЫЗБАЕВА, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ басқармасының төрайымы:

- Қазіргі кезде 29 адам бар. Екі-үш адамның шыққаны менің ойымша қоғамдық кеңестің жұмысқа кері әсерін тигізбес. Біз осы уақытқа дейін қалай қоғамдық кеңеспен жұмыс істесек, қолғабыс көрсетсек сол жағдайымызда ары қарай жұмыс істей береміз.

Саясаттанушы темір жолды қолдау үшін зейнетақы қаражатынан 50 миллиард теңге бөлу мәселесін көтеріп, зейнетақы ақшасына емделу, пәтер алу мақсаттарына бөлшектеп алу жөнінде айтқан еді. Ол ұсыныстардың ендігі тағдыры белгісіз.

Abai.kz

1 пікір