Жұма, 19 Сәуір 2024
Әттең... 4170 3 пікір 19 Сәуір, 2017 сағат 23:10

Ақын Бас прокурорға хат жазды

Қазақстан Республикасының
Бас прокуроры
Ж.Асанов мырзаның назарына!

Қазақта «Айтайын деп айтқам жоқ, Айташымнан обал-ды» деп келетін көне өлең бар. Сол айтпақшы, менің де айтпасыма болмайтын мәселе туындап тұр. Туындап емес, бұл мәселе соңғы кезде балалап, көбейіп, дерттеп, балақтан басқа шығып кеткелі қашан?! Сондағы айтпағымыз төмендегіше:
Былтыр ғана өзінің табандылығымен, қабілетімен, соңғы кезде жұрт шулай жөнеліп, шұбыртпалататын «шымкенттік вариант» жасамай, өз күшімен, маңдай терімен Сарыағаш аудандық білім бөліміне әділ конкурс арқылы басшылыққа тағайындалған Мұрат Маханов жазықсыздан жазықсыз істі болып жатқанынан қалың жұрт хабардар.

Мен Мұрат мырзаның аудан халқына, аудандық білім саласына сіңірген еңбектерін тізбелеп жатпаймын. Себебі, ол туралы толық мәліметтер Сіздерге жетіп те үлгерген болуы керек. Егер аса мәртебелі назарларыңызды салсаңыздар. Менің айтпағым басқа...

Мен сонау алты атадан жалғыз кіндік боп келе жатқан, өзінің де жалғыз тал он-ақ жасар бүлдіршін ұлы бар (оны да жалғыз өзі тәрбиелеп отырған), осы қазір пәлен айдан бері тергеу изоляторында жазықсыздан жазықсыз темір торға телміріп отырған Мұраттың жеке басына тоқталмақпын.

Мен сол Мұратпен Шымкент педагогикалық институтының филиология факультетінде төрт жыл бірге оқып, бір жатақханада жатқан, жарты құртты бөліп жеген адаммын. Оның мінез-құлқын, азаматтығын, жан баласына жанын қия салуға дайын тұратын жанашырлығын жақсы білемін. Жалғыз ананың қолында жалбырап жалғыз өскен ұл екенін, қиналып жүріп жетілгенін, оқуға да жоғарыда айтылған «шымкенттік вариантпен» емес, құрылыста жұмыс істеп, одан әскер қатарына барып кеп, ес жиып түскенін де беске танимын.

Біздің дамыған, толыққанды қоғам боламыз, пәлен елдің қатарынан көрінеміз деп кеуде қағып, шіренгенде үзеңгімізді үзіп жібере жаздайтынымыз өтірік емес. Ал енді мынандай сорақылықтан соң, көрер көзге әділ жолмен жүріп, кісі ақысын жеуге арланған, адалдыққа ғана адымдаған азаматты қорлап, жаптым жала, жақтым күйе деп жүріп қайда барамыз?! Қай жерлерге жете аламыз?!

Мен 111 жас ғұмыр кешкен, екі соғысқа куә болған қарияның баласымын. Ілгеріде қарттар бар болатын. Қазір ше?! Сол Махановтың жаңашылдығы мен жанашырлығына, соңғы кезде беделі әбден түсіп бара жатқан МҰҒАЛІМ, ҰСТАЗ атаулының беделін қайта көтеріп, еңсесін тіктеуге атсалысқан тірлігіне Сарыағаш ауданындағы бірер «топтардың» қарсы әрекет еткенінен бүкіл аудан хабардар. Олар қарттар емес. Олар «дежурный шалдар» ғана. Ия, олар ШАЛДАР ғана. Алаш баласына аталы сөз айтып, аузына қаратып, қара қылды қақ жаратын жасқа жеткенде нәпсісі таза адамның артына шала байлап, жала жабатын жасқа келген кісі қария яки қарт бола алушы ма еді?! Жоқ!

Өз басым суды да, отты да, оқты да, сотты да көп көрген адаммын. Сондықтан, ештеңеден һәм ешкімнен (егер ол адамзат баласы болса) қорықпайтыным өзіме аян. Кім не десе о десін, дегенмен менің өзімнің азаматтық ұстанымым, ақындық көзқарасым мен даусым бар. Ендеше, мен Мұрат Маханаовтың жазықсыздан жазықсыз істі болып, жабылып жатқанын өте үлкен саяси және қоғамдық, әлеуметтік қателік деп есептеймін. Кезінде талыстай ғып сұлатып, атып тастаған арысымыз Ахмет Байтұрсынұлы «Маған қатты бататыны бәрінен, Өз ауылымның иттері үріп, қапқаны» демеп пе еді?! Онда неге ары таза, жаны жұмсақ, пейілі періште азаматтың артынан бірер шәуілдектерді шәу-шәу үргізіп, жалған жала жаптырып, қарап отыруымыз керек?!

Қасиетті Құранда «Әсілінде біреудің артынан жалған сөз айтып, наһақ жала жапқан пенденің күнәсі дуа жасаған пенденің күнәсімен бірдей» деген сөз бар. Ал, дуа жасау дегеніңіз ең ауыр, кешірілмес күнә. Оны ойлайтын пенде, санасы құлдықтан азат ҚАРИЯ әз-әзірге табылмай тұрғаны өте өкінішті. Бұдан да көп жазуға, құлаш-құлаш, бет-бет етіп шимайлауға мүмкіндігім баршылық. Бірақ, мынандай әділетсіздікке, мисыздыққа, арсыз әрекетке ызасы кеп отырған адамның жүрегі шыдамайды екен.

Аса қадірлі Жақып деп аса ұлы пайғамбарымыздың (Ғ.С) есімін берген ел ағасы, қалың қазақтың қазылық таразысы!

Сізді жұртшылық тек қана әділдікке жүретін, адалдықты ту еткен азамат деп баға беретінін талай естідік. Көріп те жүрміз. Сондықтан, осы мәселеге соңғы әрі әділ нүктені Өзіңіз қойып, істің ақ шешілуіне, арлы азаматтың нәпсіге құл болып жүрген бірер мүдделі «топтың» құрбаны болып кетпей, қоғамдағы өзінің әділ әрі таза орнына қайта орнығуына ықпал жасайтыныңызға сенім артамын. Тәмат-тәмәм!!!

Өзіңізге деген үлкен құрметпен және үкілі үмітпен,
Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Қазақстан Жазушылар одағы Оңтүстік Қазақстан
облыстық филиалының директоры,
көптеген халықаралық, республикалық сыйлықтардың,
Ресей Федерациясы Қарулы күштерінің ең жоғарғы
«Слава Россий» орденінің ең соңғы алтыншы толық
кавалері, басқа да көптеген орден-медальдардың иегері
Бақытжан АЛДИЯР

Abai.kz

3 пікір