Жұма, 29 Наурыз 2024
Адасқандар 5648 7 пікір 13 Сәуір, 2017 сағат 12:43

Діни сауаттың төмендігі діни экстремизмге жол ашады

Діни сауатының кемшіндігінен кейбір жастардың қазір әр түрлі теріс ағымдардың шырмауына түсіп, күңгірт келешекке қадам басуы – қоғамдық мәселеге айналған ащы шындық. Білім мен тәрбиені ұштастырудың ұшан-теңіз маңызы жөнінде ғұлама бабамыз Әл-Фараби «тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп құнды ой айтып кеткен.

Адам жоғары білімді, жан-жақты сауатты, бірақ адамгершілік қасиеттерден, имандылықтан жұрдай болса, оның пайдасынан зияны басым, қоғамның тұрақтылығына селкеу түсіретін пенде болатыны айтпаса да түсінікті. Мұндай өрескелдік кейбір білімді адамдардың ядролық қару, зиянды заттар жасау секілді әрекеттерге барып, қоғамда түрлі алауыздық тудыруға себепкер болғанынан байқалады. Тіпті, білімдерін харизматикалық топ құруға, діни сауаты төмен адамдарды арбауға жұмсап, қатарларына қосып алған көшбасшылар тарихта жоқ емес.

Мемлекетімізді, ата заңымызды құрметтейтін нағыз ел азаматы болып қалыптасу үшін де баланың діни сауатын ашып, имандылыққа баулудың маңызы зор. Ата-анасынан, мектептен алғашқы діни білім алған бала есейе келе басқалардың құрығына түспейтін болады. Сондықтан тәрбие тал бесіктен басталатынын ескеріп, діни сауаттандыруға да бей-жайқарауға болмайды. Қазіргі таңдақоғамның теріс діни ағымдарға қарсы төтеп бере алмауының басты себептерінің бірі – ұрпақ тәрбиесінде жіберіп жатқан осы олқылықтың салдары.

Әлеуметтанушылардың статистикалық мәліметтері бойынша көп жағдайда теріс діни ағымдардың арбауына түсіп, солардың қатарын толтыратын белсенді топ 17-29 жас аралықтарындағы жастардан құралған. Білім орнында тиісті дәрежеде діни білім берілмеуінің немесе оған ұмтылмауының салдарынан теріс діни ағымның жетегінде кетіп, діни экстремизмге дейін жол тартқан жағдайлар болғаны қазір жасырын емес.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары. Мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады» деген сөздері ұстаздың жастарға білім берумен шектелмей, қоғамымыздың азаматы ретінде қалыптасуынаөлшеусіз үлес қосатынын меңзейді. Өскелең ұрпақтың рухани қажеттілігін өтеу үшін дәстүрлі дін мен ұлттық идеологияны күшейтіп, оларды білім ошақтары мен ғаламтор кеңістігінде жан-жақты дәріптеу – уақыт талабы.

Қоғамда кездесіп жатқан түрлі теріс діни ағымдардан жастарды сақтандыруды мектеп қабырғасынан бастаған маңызды. Өздерін қызықтыратын сан қилы сұрақтардың жауабын іздейтін жасөспірімдік кезең мектептен басталатындықтан, оқушының рухани сұранысына дер кезінде кәсіби мамандардың толымды жауап беруі келеңсіздіктің алдын-алуға сөзсіз жәрдемдеседі.

Осы саланы дамыту мақсатымен мемлекет 2009 жылдан бастап орта мектептерге алғашында «Дінтану негіздерін», 2016 жылдан бастап «Зайырлылық және дінтану негіздері» болып өзгертілген факультативтік пән енгізгені белгілі. Діни экстремизммен және терроризммен күрес жөніндегі мемлекеттік бағдарламаға сәйкес, 2017 жылы жаңа оқу жылынан бастап еліміздің барлық мектептерінде 9-сынып оқушыларына осы пәнді міндетті түрде оқытылатын болады. Осы пән арқылы оқушылар әлемдік, дәстүрлі және дәстүрлі емес діндердің негіздерімен, олардың Қазақстанда таралу тарихымен танысып, дін туралы жалпылама білім деңгейлерін зайырлылық қағидаттары шеңберінде кеңейтеді.

Бүгінгі оқушы – ертеңгі студент, сондықтан да мектептен кейінгі оқу орындарында да діни сауаттылығын арттырғаны орынды. Жоғары немесе орта оқу орындарына таңдау пәні ретінде енгізілген «Дінтану» пәні жалпы білім беру курсы пәндері қатарына қосылса, студенттердің бұл пәнге жауапкершілікпен қарауына септігін тигізіп, жастар арасында діни сауаттылықты арттырып, нәтиже берер еді...

Өйткені діни сауаттылықтың төмендігінен немесе оның мүлде болмауының салдарынан жастар діни экстремистік қауымдардың қатарын көбейтіп, айтуға ауыз бармайтын қатерлі індет діни экстремизмге бет бұруда. Ал теріс діни ағым өкілдерінің дәл осындай ақ пен қараны әлі айыра алмайтын жастармен өз қатарларын көбейтуі олардың саяси мүдделері мен арам пиғылдарын жүзеге асыруда таптырмас тиімді әдіс болып отыр.

Діни экстремизмнен сақтандырудың тағы бір жолы – жастарды діни сауаттандырумен қатар әлеуметтік тұрғыдан қолдау да өзекті мәселе.

Жастарды әлеуметтік қамсыздандыру мақсатында мемлекет тарапынан белгіленген «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020», «Жасыл ел», «Бизнестің жол картасы – 2020» секілді түрлі бағдарламалардың елімізде белсенді түрде жүзеге асырылып жатқаны мәлім. Алайда, кейбір жастардың әлі де бұл бағдарламалардан бейхабар екендігі байқалады. Жастар аудиторияларында діни экстремизм мен терроризмді алдын-алу, діни сауаттылықты арттыру мақсатында өтетін шараларда арнайы қатысушы мамандар, дәріскерлер мемлекеттің жастарға ұсынған тиімді бағдарламалары жөнінде айтып түсіндіргені жөн. Өйткені теріс діни ағымдарға тосқауыл қою жолында діни сауаттылықты арттыру мен әлеуметтік мәселелер бойынша қамсыздандыру төңірегіндегі ақпараттарды білу жастар үшін өзекті.

Елбасы 2017 жылдың 31 қаңтарындағы Қазақстан халқына жолдауында «діни экстремизмді насихаттаудың алдын алу, әсіресе ғаламтор мен әлеуметтік желіде оның жолын кесуде жұмыс жүргізу керек...және өскелең ұрпақты рухани-адамгершілік рухында тәрбиелеу үшін қосымша қадамдар жасау керек», - деп айтқан.

Жастардың діни сауаттылығын жетілдіру арқылы оларды теріс діни ағымдардың арбауынан, ал қоғамды діни алауыздықтан, діни экстремизмнен арашалауға болады. Жан-жақты дамыған, діни сауаты жеткілікті жастар сонда ғана ертеңгі қауіпсіз қоғамның кепілі болмақ.

Қалабай Гүлназ Болатқызы, ҚР ДІАҚМ ДІК Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы Діни бірлестіктерді зерттеу бөлімінің ғылыми қызметкері

Abai.kz

 

7 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1569
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2265
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3563