Жексенбі, 22 Қыркүйек 2019
Бұ не мазақ? 2261 14 пікір 9 Сәуір, 2017 сағат 21:45

Телеарналарымыз 25 жыл бойы қазақты жоюға қызмет етті

Айналайын Алты алаш! Алла кешірсін, бүгінгі қазақ өзінің жойылып бара жатқанын байқамай, ішкен-жегенге мәз болып, қысы-жазы, күндіз-түні той тойлауды ғана білетін санасыз ұлтқа айналып барады.

Қазақтың ұлттық намысты, ұлттық сананы ойламай, 25 жылдан бері ең болмаса орыс тілінен, өз тіліне тәуелсіздік әпере алмағанын байқамайтын күйге түсуіне де телеарналардан қазақты санасыздандыру саясаты басты себеп болып отыр. Елді басқарудың "народу хлеба и зрелища", яғни халыққа қарнын тойғызып, ойын-сауық көрсете берсең болады деген сұмдық саяси тәсілі бар. Сол тәсіл телеарналар арқылы 25 жылдан бері жүргізіліп келеді.

Телевизия - XXI ғасырдың ең қуатты қаруы. Біз тәуелсіздік алдық деп өзімізді өзіміз жұбатып, 25 жыл шуылдап жүргенде ғасырлар бойы әуелі патшалық Ресейдің, сосын Кеңестік Ресейдің шовинистік, империалистік, колониалистік-отаршылдық құрсауында сөніп қалған ұлттық рухымызды көтеріп, ұлттық санамызды оятатын бірде-бір телеарна түгіл тележоба болған жоқ. Керісінше телеарналарды басып алған әнші емес әншілер,сазгер емес сазгерлер, КВН-шылар қазақ тілін орысшаның аудармасына айналдырды. Моральдік жағынан азғындаған әйелді қыздарымызға үлгі етіп көрсетті. Қысқасы ұлт ретінде жойылмайық десек,телеарналарымызды сайқымазақтардан, әншісымақтардан, КВН-шылардан тазартып, қазақтың ұлттық рухын, отарланған санасынан оятатын жобалар жасайтын ұлтжанды, білімді журналист азаматтардың қолына тапсырайық. Әйтпесе, мына түрімізбен ұлт ретінде жойылып кетеміз.

Оянайық, оянайық!

Жұмаш Көкбөрі

Abai.kz

14 пікір