Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Ақмылтық 6541 14 пікір 4 Сәуір, 2017 сағат 15:18

ЕАЭО – өлі одақ

Орыстың "Газета.ru" сайтында ресейлік саясаткер Збигнев Бжезинский эксклюзивті сұхбат беріпті. Збигнев Еуразиялық экономикалық одақтың келешегі мен Ресейдің сыртқы саясаты туралы кеңінен көсіле келіп, ЕАЭО-ті – өлі  одаққа теңейді.

Обаманың билік құрған тұсында АҚШ Президенті әкімшілігінің Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі болған Бзежинскийдің болжамын сараптап көрдік.

ЕАЭО-ның түкке керегі болмай қалады

«Мен Еуразиялық экономикалық одақ 10-20 жыл өмір сүреді дегенге сенбеймін. Қазірдің өзінде оның лидерлерінің көзқарастары өзгере бастады. Ресей Еуропаның батыс бөлігіндегі елдермен қарым-қатынасын ретке келтіргеннен кейін және Ресей өзінің Еуразиялық емес, Еуропалық мемлекет екенін мойындағаннан кейін бұл одақтың түкке де керегі болмай қалады. Бұл өлі одақ», - дейді саясаткер.

Бжезинский бұндай болжамды бірінші рет айтып отырған жоқ. Бұл жолы да басшылары бірде тату , бірде араз одақтың болашағынан қайран жоқ екенін ашық айтты.

Құрылмаған жаңа ССР қалай тарайды?

«ЕАЭО-ға кім қосылғысы кеп, құлшынып отыр? Ұзын сонар тізім бар деген қисынсыз. Мүмкін гүржілер? Қайдам...» дегенді Бжезинский сонау 2012 жылы АҚШ конгресінде айтқан.

Қазір көріп отырғанымыздай, Гүржістан «жаңа ССР-ға»  қосылмады. Молдова парламенті Мәскеу мен Кишинев келісімін ратификациялаған жоқ. Украина еуро таңдау жасады.

Бжезинскийді орыс саясатындағы классиктердің бірі дейді. Айтқаны айнымай келетін саясаткердің сөздері сұйық емес. «ЕАЭО басшыларының бағыты өзгереді» деген Бжезинскийдің сөзін тарқатайық.

Басқасы басқа, Президент Назарбаев бұл одақтан қалай бас тартады? Біздің білуімізше, ЕАЭО – Президент Назарбаевтың идеясы. Ол 1994 жылы Мәскеудегі ММУ қабырғасынла лекция оқыған.

«Бірақ Назарбаев үшін ЕАЭО-да Қазақстанның суверенитеті маңызды. Кедендік одаққа мүшелікте Астананың ұтқанынан ұтылғаны көп. Қиындық көп. Қазақстандық тауарлар, ет, ет өнімдері, электрэнергиясы транзитін Ресей нарығына кіргізуде кедергілер көп. Оның үстіне Қытай бар. Ресейден гөрі Қытай Қазақстанға көп инвестиция салуда», - дейді басылым.

Алғашқы үштіктегі Лукашенко да Ресейге арқасын бере бастады. Ресей газынан 15 миллиард ұтылған соң, Белоруссия басшысы Батыспен бірлесе жұмыс жасауға ниет білдірді. Сөйтті де, Ресеймен байланысты толық үзуге бекіді.

ЕАЭО қып-қызыл шығынға батырып отыр

Айтпақшы, Еуразиялық экономикалық одақтағы Ресейден өзге төрт мемлекеттің де қып-қызыл шығынға батып отырғанын бірнеше мәрте жаздық.

ЕАЭО нарығындағы монополия – Ресей мүддесіне жұмыс жасап отырғанын статистика көрсетіп отыр.

Одаққа кеш қосылған Қырғызстан мен Армения да бұл одақтан оңдып пайда таппай отрығанын айтқан.

Бжезинскийдің болжамынша, Ресей ең ақырында өзінің Еуропалық мемлекет екенін мойындау тиіс. Расында Ресей географиялық картада Еуропаға тән аймақта орналасқан. Алайда ЕО-ның өзге мүшелерімен ырду-дырду болып отырған Ресей бір-ақ күнде ЕАЭО-дан бас тартады дегенге сену қиын. Қазірге Ресейдің батыстан гөрі шығысқа бағыт алуы – Қытайдың «Жібек жолы» жобасына иек артуы болса керек. Оны уақыт көрсетер.

Путиннің талқармасынан қайыр бар ма?

Путин одақты өлтірмеудің жолын іздестіруге көшкен.

Апта басына Қазақстан Президенті Әзірбайжанға барды. Президент Әлиевпен кездесті. Бұл кезде Владимир Путин өзінің қыңыр мінез әріптесі Александр Лукашенкомен Петерборда кездесті. Неге Мәскеуде емес? Осыған дейін таласып қалған екеуі жеке қарым-қатынасты тасада реттеп алуды жөн көргендей.

Лукашенко мен Путин кездесіп жатқанда Петерборда теракт болды. Күдіктінің әуелі Қазақстан азаматы деді. Кейін Қырғызстанда тұратын өзбек азаматы деп таныды. Естеріңізде болса, Ресейде бұған дейін болған террористік актілерді көбіне-көп қапқаздық нәсілдің өкілдері жасайтын. Бұл жолы таяқ біздің ауламызға тасталды.

Мәскеу күткен Мирзияев Астанаға бекер келмеді

Себебі, Путин Орта Азия басшыларын уысынан шығарып алмауды көздейді. Бұған қам жейтін жөні бар. Өзбекстанның жап-жаңа Президенті өзінің басшылық қызметтегі алғашқы ресми іс-сапарын Астанаға жасады. Бұл кезде Мәскеу Мирзияев келеді деп алашапқын болып жатқан-тын.

Ал Қазақстан Президенті Әзірбайжанға барып, екі ел арасындағы қарым-қатынас мәселесін талқылады. Мұндағы мүдде – «Жібек жолы» жобасындағы Қазақстанның позициясын нықтап бекіту болатын.

Демек, Бжезинский айтқандай, Қазақстан Қытаймен байланысын нығайтудың бір қадамын осылай жасады.

Батыс пен АҚШ санкциялары әм ішкі мүдде қайшылығы – ЕАЭО-ты көпке жібермейтінін Бжезинский осылай болжапты. Сіз не дейсіз?

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

14 пікір